
Келер жылдан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Елдегі кәсіпкерлерді автоматты шот бұғаттаудың қысқаруы, арнаулы салық режимдерінің оңтайлануы, шағын бизнеске бақылаудың жеңілдеуі секілді ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Бұл реформа, әсіресе, Түркістан облысы сияқты қарқынды дамып келе жатқан өңірлер үшін маңызды.
Jas Qazaq тілшісі Салық кодексіндегі өзгерістер туралы Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбекпен сұхбат құрды.
— Қанат Әбдіразақұлы, жаңа Салық кодексінің жаңашылдығы неде?
— Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметтеріне сәйкес, жаңа Салық кодексіндегі маңызды өзгерістің бірі болып, банк есепшоттарын автоматты түрде бұғаттаудан бас тартуы. Қазір салық берешегі 6 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асатын болса немесе салық есебі мерзімінен кеш тапсырылған жағдайда, салық төлеушінің барлық банк есепшоты бұғатталып, салық төлеушінің әрі қарай кәсіпкерлігін жүргізуге кедергі туындайтын. Ал келесі жылдан бастап, банк шоттары 20 АЕК-тен асқан салық берешегі бойынша ғана бұғатталады. Сонымен бірге салық есебін кешіктірсе, салық төлеушілердің банктегі есепшотына бұғат қойылмайды. Себебі, салық төлеуші белгіленген мерзімде салықтық есептілік тапсыруды ұмытып кеткен жағдайда, салық органның жүйесімен автоматты түрде есептілікті салық төлеуші орнына тапсыруы көзделген. Тағы да басты жаңалық – арнаулы салық режимдерінің 7-ден 3-ке дейін төмендеуі. Олар:
1) Өзін-өзі қамтитындар;
2) Оңайлатылған декларация;
3) Шаруа және фермер қожалықтары.
Өзін-өзі қамтитындарға жеке кәсіпкер ретінде салық органына тіркелудің қажеті жоқ және салық мөлшерлемесі — 0 пайыз. Тек 4 пайыз әлеуметтік төлемдер төлейді. Басты шарты айлық табысы 300 АЕК-тен аспауы қажет. Ешқандай салық есебін де тапсырмайды, яғни банктегі есепшоттарына салық органы тарапынан шектеу қою қаупі туындамайды.
— Жаңа Салық кодексі облыстың шағын және орта бизнесіне қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
— Алдыңғы жылдары салық төлеушілер жиі қолданатын оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режиімінің шарттарының бірі болып жарты жылдық табысының 24038 АЕК-тен аспауы болатын (2025 жылы – 94,5 млн теңге, бір жылда 189 млн теңге). Асып кеткен жағдайда, басқа режимге ауысу қажеттігі туындайтын. Мәселен, жалпыға бірдей режимге, ал бұл режимде салық мөлшерлемесі жоғары, яғни 3 пайыз салық төлейтін салық төлеушілер 10 пайыз салық төлеуге мәжбүр болатын. Келесі жылдан бастап, оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимі бойынша бір жыл аралығында 600 000 АЕК-ке дейін табысы бар тұлғалар қолдануға құқығы бар, яғни, 2 млрд теңгеден жоғары. Салық мөлшерлемесі 4 пайыз, жергілікті өкілетті органдардың 2 пайызға дейін ұлғайту немесе азайтуға құқығы көзделген. Сонымен қатар, арнаулы салық режимін қолданушылардың табысы тиісті мөлшерден асқан жағдайда, қосымша құн салығын (ҚҚС) төлеуші ретінде есепке тұру міндеті туындамайды, яғни 16 пайыздық қосылған құн салығын төлеуден босатылады. Бұған дейін оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданушылар босатылмайтын. Демек салық төлеуден босаған қаржы салық төлеушімен өз кәсіпкерлігін әрі қарай дамытуға жұмсалады. Осындай өзгерістер салық төлеушінің есеп толтырып, оны тапсыруға кететін уақытын үнемдейді. Сонымен қатар, келесі жылдан бастап, микро және шағын бизнеске қатысты келесі өзгерістер көзделуде: камералдық бақылау алынытып тасталады, салық тексерулері жүргізілмейді, салықтар мен төлемдер бойынша салынған өсімпұлдар мен айыппұлдар 2026 жылдың 1-сәуіріне дейін негізгі қарыз өтелген жағдайда жойылады. Қосымша құн салығы бойынша есепке қою шегінен асып кеткен салық төлеушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Осы өзгерістің барлығы салық төлеушілердің кәсіпкерлігінің дамуына әсерін тигізеді деп санаймыз. Өз кезегінде облыстық салық органдары тарапынан түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Ресми парақшаларда тұрақты түрде тиісті материалдар жарияланады.
— Аймақ бойынша шағын және орта кәсіп иелеріне жаңа Салық кодексі туралы ақпараттандыру жұмыстары әкімдік тарапынан қалай жүргізілуде?
— Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментімен облыстық «Атамекен» ҰКП қолдауымен 2026 жылы күшіне енетін Салық кодексінің ережелерін түсіндіруге арналған көшпелі семинарлар, ашық есіктер, дөңгелек үстелдер өткізіліп, салық төлеушілермен бизнес өкілдеріне кеңінен түсіндірме жұмыстар жүргізу үшін арнайы жұмыс жоспары бекітілді. Түсіндірме жұмыстары аудан қала деңгейінде жылжымалы семинар кеңестер бағытында өткізілуде. Орындалу мерзімі ағымдағы жылдың соңына дейін. Жалпы қаңтар-қазан айлары аралығында салық заңнамасын түсіндіру бағытында 4341 жаппай түсіндіру жұмыстары жүргізілді, оның ішінде интернет-ресурстарда 2821 материал жарық көрді. Баспа басылымдарында 142 мақала жарияланды.
Телеарна мен радио арқылы да кеңінен түсіндіріліп жатыр.
Оған қоса, ашық есік күндері, дөңгелек үстелдер, семинарлар, вебинарлар 1308 рет өткізілді. Ағымдағы жылдың қазан айында еліміздің барлық облыстарында қаржы министрлігі басшылығының қатысуымен кәсіпкерлік, мәслихат, әкімдік және басқа да облыстық билік өкілдерімен экономикалық саясатты, оның ішінде жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіру мақсатында іс-шара өткізілді. Айта кетейік, Түркістан облысында бұл іс-шара 16 қазан күні Түркістан қаласында Конгресс Холл ғимаратында өтті.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық