«Адамның әуелден тоқымашы немесе хатшы болып тумайтыны сияқты, қайырылымдылық пен жаман қылықтылық та адамға әуел бастан жаратылысынан дарымайды», — деп әл-Фараби айтып кеткен екен. Қайырымдылықтың мән-мағынасы мен әрекет етудің өзіндік орнын жіте түсіне бермейтіндер де қоғамымызда жоқ емес. Адам мен өзге де барлық қоршаған жандарға білдіретін сүйіспеншілік арқылы нақты көмекті талап ететін ізгіліктің анық көрінісі қайырымдылықтың толық мағынасын ашары анық.
Қоғамымызда материалдық, қаржылай көмекті қажет ететіндермен қатар адами ізгілік пен мейірімділікке зәрі жандарда жетерлік. «Қайырлы іс» дегеннің өзі адамға рухани көмек беруде орасан зор маңызды екені де бүгінгі күні жасырын емес.
Әл-Фараби ат. Қазақ ұлттық университеті филология және әлем тілдері факультетінің «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығының 4 курс студенттері мен жалпы тіл білімі кафедрасы оқытушыларының ұйымдастыруымен Назарбаев зияткерлік мектебінің 9 сынып оқушыларының қатысуымен өткен тәрбиелік сағаттың мақсаты осы тақырыпты жете түсініп, келешек жастарға қандайда бір ой салу, өз ойларымен бөлісу болатын.
Батаева Индира (4 к. студенті) тақырып аясында қысқаша баяндама жасап, қатысушы оқушылардан «Қайырымдылық» сөзі туралы ойларын анықтауға тырысты. «Көмекке зәру жандар» туралы, оларға қандай көмек көрсету керек. Жас ерекшеліктеріне байланысты көмектің түрлерін анықтауға тырысып, осы жайында бейнебаян арқылы ойларын тереңдетуге ықпал жасады. Тақырып та, тәрбиелік сағаттың барысы да оқушылардың қызығушылықтарын арттырып, артынан осыған орай өз тараптарынан қандай көмекке дайын екенін анықтауға мүмкіндік берді. Сөз жүзінде айтылғандарды іс жүзінде қалай орын алу керек екенін түсінген оқушылар өз пікірлерін ортаға салып, саралап, ой бөлісті. Осыған орай, қайырымдылық жобасы бойынша:
1. Кімге қайырымдылық жасаймын?
2. Қандай жолмен жүзеге асырамын?
3. Мен бұл іс-шарадан нені үйренемін? жоспары құрылып, оқушылар төрт топқа бөлініп, осы сұрақтарға жауап беру арқылы жобаны қорғады.
Олардың айтуынша, қайырымдылық тек адамдарға қаржылай көмектесу деген емес, адамгершілік, кең жүректілік, мейірімділік, сүйіспеншілік арқылы бастау алатынын түсіндірді. Өздерінің қазіргі таңда қайырымдылық жасауға мүмкіндіктерін тізіп берді. Яғни бүгінгі күні нан тауып жеу кез келгеннің қолынан келеді, қолжетпес құндылық бір-біріне деген сыйластық пен сүйіспеншілік екенін түсіндірді.
Студенттер мен оқушылардың тәрбие сағатынан түйгендері бойынша «қайырымдылық» деген кез-келген адамның отбасынан, қоршаған ортасынан бастау алатыны, үлкенге – құрмет, кішіге – ізеттілік таныту, табиғатты аялау, т.б. адамның асыл қасиеттері арқылы қоғамда орын алатын түсінуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, қайрымдылықтың этикалық пен интеллектуалдылық қажеттіліктері жайында ой бөлісті.
«Жақсылыққа – қайырымдылықпен, мейірімділікке – ізгілікпен, достыққа – адалдықпен жауап беру керек» деп бекер айтпаса керек.
Ұстаздар студенттеріне, ал студенттер оқушыларға тәрбиеші, ақылшы болып жатса, демек қоғамымызда жаман болмасы анық.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушылары: Медетбекова П.Т., Рақымбаев А. және 4 курс студенті Батаева И.