Шалғай орналасқан елдімекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі қала әкімі М. Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, Қайтпас- 1 және Құрсай да оптикалық желі арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бүгінде Құрсай шағын ауданы 100% оптика желісімен қамтылып, тұрғындар сапалы интернетті қолдануда. Қайтпас-1 шағынауданында да Академиялық, Ғалымдар,
Жаскент, Ақ қайнар көшелеріне оптика желісі тартылды. Сондай-ақ, Көркем және Али Түзелбаев, Астық көшелеріне магистралды желі кабельдері жүргізілді. Жуырда серверді порттарға қосу жұмыстары атқарылып, Wi-fi роутерлардың конфигурациялары жазылды.
Қыркүйек айына дейін жалпы 80 көше толық оптика желісімен қамтылып, аталған елдімекен тұрғындары сапалы интернетке қосылуға мүмкіндік алады.
Цифрландыру басқармасының мәліметінше, Шымкент қаласында биыл мобильді байланыс операторларымен интернет сапасы төмен 12 елді мекеннің координатасы келісілген. Сәулет қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы тарапынан жер телімдерін рәсімдеу жұмыстары атқарылып, инвесторға ұсынылды. Бүгінде инвестор тарапынан Ақниет, Қызылжар, Игілік, Жаңаталап, Тәуелсіздікке 20-жыл, Азат, Тұран, Асар елді мекендерінен анықталған жер телімдерін қазу, бетон құю және антенна-мачталық құрылғыларды орнату жұмыстары атқарылып жатыр. Ал, жеке нысан иелерімен келісу арқылы Елтай, Тоғыс, Маятас және Бозарық елді мекендеріне базалық станция орнатылып іске қосылды.
Одан бөлек, Қазақтелеком мекемесіне қарасты «Востоктелеком» ЖШС мен келіссөздер жүргізу нәтижесінде қосымша 20 елді мекенге базалық станция орнату үшін келіссөз жүргізілді. Бүгінде 20 елді мекеннен бос жер телімдері анықталуда. Осы жылы 15 елді мекенді талшықты оптика желісімен қамтамасыз ету жоспарға енгізілді. Бүгінде, инвестор тарапынан Самал-3, Забадам, Қазығұрт, Құрсай, Қарабастау, және Солтүстік – Батыс елді мекендерін толық талшықты оптика желісімен қамту жұмыстары атқарылды. Қазіргі таңда, инвестор тарапынан Қызылжар мен Ақниет елді мекендерін оптика желісімен қамту істеліп жатыр.Тиісті жұмыстар атқарылса жыл соңына дейін 165 303 қала тұрғынына сапалы интернет қолжетімді болады.
Шаһарда IT саласында адами капиталды дамыту бағыты бойынша 2 заманауи IT бағдарламалау мектептері ашылып, тұрақты түрде жұмыс жасауда. Олар «SIFRO» және «ROBOPARK» бағдарламалау мектептері. Қазіргі сәтте, бағдарламалау мектептерінде қала тұрғындары Web сайттарды әзірлеу, IOS және Android платформаларында бағдарлама әзірлеу сынды бағыттарда білім алып жатыр.
Тоқтар Жақаш