Қайтқан малда қайыр бар

22 мамыр 2020, 10:48

Қараңғы батқан соң қалада көлік қоятын бос орын табылмайды. Кешкі сегізге дейін келіп үлгермесең, бітті.

Үш жыл бұрын солай үлгермей қалған бір інішегіміз мәшинесін жол бойындағы ең жарық шамның астына қоя салды. Ұры-қары жарыққа жолай қоймас деген. Бірақ тапа тал түсте біреудің айнасын шешіп алатын баукеспе шамнан қорықсын ба? Ертеңіне әлгі інішек темір тұлпарының орнын сипап қалды. Арыз-шағымын тіркеуге келген полиция қызметкері «күдеріңді үз» дегендей сыңай танытқан. Туған-туыс, жора-жолдас та жан-жақтан «күдеріңді үз» деп жамырастық. Қайтейік, ішіміз удай ашыса да «басың аман болсын» деген жұбатумен ол тақырыпты жылы жауып қойғанбыз.

Тұп-тура жарты жыл өткенде жақсы хабар келіп жетті. Көрші қырғыз елінен. Қолды болған мәшине сол жаққа өтіп кетіпті. Алты айдың ішінде екі адамға сатылып, үшіншісіне кідірген. Сатып алған көлігіне кілемін салып, жудыруға бара жатқан жерінен ұсталған әйел сорлағанын сонда білді. Сорламай қайтеді, 7000 долларды санап берсе. Біздің інішек сүйінші хабарды ести сала, қырғыз еліне алып-ұшып жетті. Мәшинесін сол жолы-ақ мініп қайтам деп үміттенген. Сөйтсе, көлік табылғанымен, иесіне «ала ғой» деп бірден ұстата салмайды екен. Ақыры не керек, бір жыл өткенде әрең алып қайтты. Жүйкенің жұқарғанын айтпағанда, оған қаншама қаржы жұмсалды. Туған-туыс, жолдас-жора әңгіме ғып армансыз «жырладық». Гомердің «Одиссейі» де дәл мұндай ұзақ емес. Әйтеуір, «қайтқан малда қайыр бар» деп қазір сол көлігін мініп жүр. Шекараға дейін шығарып салған қырғыз бауырлардың «жолың болды» деп бірге қуанысқанын әлі күнге дейін айтады.

Иә, осылайша жолы болған бір адамды білеміз. Сан соғып қалғандар қаншама? Депутат Василий Олейниктің келтірген дерегі бойынша, 1993 жылдан бері елімізде 75 мың автокөлік қолды болса, оның 14500-і ғана табылған. Ұрланған қымбат мәшинелер шекара асқан соң із-түзсіз жоғалады. Жыл өткен сайын көлік ұрлығы көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Оған министр Ерлан Тұрғамбаевтың өз уәжі бар. Оның айтуынша, соңғы 5 жылда автокөлік ұрлау 30 пайызға кеміген. Қайдам.
ТМД аумағында ұрланған автокөлікті қайтару туралы 2005 жылы қабылданған мүше мемлекеттер арасындағы Келісім бар. Осы аптада сол Келісімге өзгерістер енгізу протоколын ратификациялау туралы заң жобасы Мәжілісте мақұлданды. Ішкі істер министрінің айтуынша, мүше мемлекеттердегі құзырлы мекемелер жіберген сұрауға жауап қайтаруға асықпайды. 15 жылда елімізде ұрланған автокөліктің 30 пайызы ғана қайтарылды. Осыған орай әлгі келісімге сұрауды орындату мерзімін бір ай деп белгілеу нормасы енгізілді. Құжат іске қосылса (оған күмәніміз жоқ), ел аумағынан аулаққа әкетілген мәшинелерді қайтару жеңілдеуі тиіс. Әлбетте, бұл да керек. Алайда ұрлықтың алдын алған әлдеқайда тиімді емес пе?

Айтпақшы, Ерлан Тұрғамбаев автобазардағы ескі бөлшектер саудасына қатысты заң жобасы әзірленіп жатқанын жеткізді. Бұл да көлік иелері үшін жақсы хабар. Соңғы жылдары аула мен көшедегі көлік атаулының айнасынан бастап дөңгелегіне дейін үптеп кететіндер қаптады. Денис Теннің қазасынан кейін ескі автобөлшектер саудасы бақылауға алынғанымен, ұрлық азайған жоқ. Карантин біткеннен кейін ұры-қары «тіріліп», суық қолдар сумаңдайтын уақытты жұрт үрейлене күтеді. Сондықтан заң жобасы созбаққа салынбай қабылданса және осы істі орта жолда қалдырмай аяғына дейін жеткізсе, автокөлік иесі тыныш ұйықтар еді. Ал әзірге ол – арман.

Гүлнар Ахметова

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген