400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грант берудің, үшінші легінің комиссия өз жұмысын бастады. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыратын үміткерлер 12-23 қыркүйек аралығында арнайы комиссия құрамының алдында өз жобаларын қорғап шығуы тиіс. Алғашқы күні комиссия отырысына келгендер –134 азамат. Олар кәсіпкерліктің түрлі бағыттары бойынша бизнес-жобаларын таныстырды.
Комиссия мүшелері жобаны бағалауда бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігіне, үміткердің кәсіпкерлік дағдыларын меңгеру деңгейіне, бизнес-жобаның қаржылық мүмкіншілігіне, жаңа жұмыс орындарын құру сынды критерийлерге басымдық беруде.
Ұлттық жоба шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант мөлшері – 400 АЕК. Бұл дегеніміз – 1 225 200 тг. Қайтарымсыз грантқа бөлінген қаржы – шикізат пен материалдарды, техникаларды сатып алуға байланысты шығындарға пайдалынылады. Ал, жалпы жыл соңына дейін 1150 азаматқа қайтарымсыз мемлекеттік грант беру жоспарланған.
Тиісті жұмыстар екі күн бойы жүргізіледі. Айта кету керек, 2019, 2020, 2021 жылдары «Атамекен» палатасының «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқып, сертификат алған азаматтар busines.enbek.kz порталы арқылы тиісті құжаттарын онлайн тапсырған. Өткен жылы 700-ден астам шымкенттік осы грантқа ие болған.
Айта кетсек, грантқа төмендегі санаттағы жұмыссыз азаматтар өтінім бере алады:
– Жеке кәсіпкерлер (мерзімі бір жылдан кем);
– Жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын тұлғалар;
– Атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
– Көп балалы отбасы мүшелері;
– Кандастар, қоныс аударғандар;
– Мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатын адамдар және (немесе) мүгедектер;
–Жұмыссыз жастар (29 жасқа дейін) қатыса алады. Айта кетейік, өзгерістерге байланысты, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыту курстары уақытша тоқтатылды.
Курс жөнінде толық ақпарат халықты жұмыспен қамту орталығының ресми парақшаларына жарияланады.
Тоқтар Жақаш