Қайран Шәке!..

25 наурыз 2022, 12:14

«Әдебиет ауылымыздың» дәмі тартып, 1966 жылы Өскемен қаласынан көшіп келіп, «Қазақ әдебиеті» гәзетінің редакциясына жұмысқа орналастым. «Қол жетпес армандай» ортаға баруыма сазгер Шәмші Қалдаяқов пен ақын құрдасым Жұмекен Нәжімеденов себепші болды.

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай оқып жүрген кезім. 1966 жылы көктемде кезекті сессияға келгенбіз. Бір күні старостамыз газеттің техникалық көркемделуінен лекция болатынын, сонсоң одан сынақ тапсыратынымызды ескертті. Лекция оқуға келген қараторы жігіт: «Аты-жөнім – Кәкімжан Қазыбаев. Алматы облыстық «Жетісу» газетінің редакциясында редактордың орынбасарымын», – деп танысты. Қоңыр үнмен ақырын сөйлейді екен. Лекциясын үш күн оқып, соңында сынақ алды. Бізбен қоштасып тұрып, маған иегін ұмсынта қарап:


– Сіз, Ғаббас жолдас, макеттің мастері екенсіз, қай гәзеттен келдіңіз? – деді.
– Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» гәзетінен, – дедім.
– Ә, Мұқан Әбуғалиевтың кадры екенсіз ғой?
– Иә, сол кісінің кадрымын.
– Қызметіңіз?
– Жауапты хатшымын.
– Мені сыртта тоса тұрсаңыз, әңгімелеселік, – деді.
Екеуіміздің әңгімеміз «Жетісу» газеті редакциясына, жауапты хатшының орынбасарлығына шақырылуыммен аяқталды.

– Әзірше, бірер ай орынбасар боласыз, содан кейін жауапты хатшылыққа тағайындаймыз, бізге бір тиянақты жауапты хатшы керек болып жүр, – деді Кәкең.
– Алматыда журналист көп емес пе? – дедім.
– Журналистің кез келгені жауапты хатшы бола ала ма? – деп қарсы сұрақ қойды.
Мен үндемедім. Көкейімнің сонау да сонау түкпірінде «Шіркін, Алматыда тұрсам ғой!» – деген бір арман бұғып жатушы еді, сол пақыр ұшып тұрып, қуаныш биін билей жөнелгендей күй кештім.
– Ертең редакцияға келіңіз, сағат 10 шамасында, жарай ма? – деді Кәкең.
– Жарайды, – дедім.
Ертеңінде «Жетісу», қайдасың?!» деп жедел келе жатыр едім, Панфилов көшесінен Совет көшесіне бұрылар бұрышта Шәмші мен Жұмекен кездесе қалды. 1963 жылы университеттегі бір жиында балпиған сары жігіт Сабырхан Асанов деген ақынмен қатар отырып, танысқанбыз. Кейінде ол мені Шәмшімен, Жұмекенмен, Әсет Бейсековпен таныстырған.
– Ғаба-Ғабеке, қайнына ұрын аттанған күйеудей қайда асығып барасың? – деді Шәмші мәз болып.
– Уәй, бір қызық бар! – деп қайда, неге кетіп бара жатқанымды баяндап бердім.
– Дұрыс, дұрыс, Алматыға келгенің дұрыс. Астананың аты – астана. Оспанханға сарбаз боласың, кітаптарыңды шығарасың, – деп Шәмші шын қуана құптады.
– Дұрысы дұрыс қой, тек пәтер жағы қинап жүрмесе, – деп Жұмекен сабыр сақтай пікір қосты…
Кәкең редакторлары Әбдуәли Карағұловқа алып барды. Әңгімелестік. «Ойланайын, үй-ішіммен ақылдасайын, хабарласамын», – деп шықтым. Дәлізде Жұмекен тұр екен.
– Иә, қалай? – деді ол, көзі жылтырай жымыңдап. Айттым. Екеуіміз сыртқа шықтық.
– Дұрыс па? – дедім.
–«Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында бір орын бос көрінеді, сен мынаны қой да, соған бар.
– Мені не қылады олар? Мен жазушы емеспін ғой?
– Барып көрсеңші, тоныңды шешіп алмас. Бар, редакторы Нығмет Ғабдуллин деген жазушы, жақсы адам, тура өзіне барып сөйлес, мен де сөйлесейін.
– Жұмекен, ей, сен қызық екенсің? – дедім шын таңдаңып.
– Ғабекесі, ей, сен де қызық екенсің, облыстық гәзеттер аптасына бес рет, ал «Қазақ әдебиет» бір рет шығады, жан тыныштығыңды білмейтін! – деді. Үнінен реніш табы аңғарылды.
– Жарайды, барып көрейін, – дедім.
– Сөйт, молодец! – деп Жұмекен жайдарылана қалды…
Әдеби апталығымызға бардық. Бас редакторы жазушы Нығмет Ғабдуллин жайдары жан екен. Қысқасы: «Қай күні келесіз, сол күні жұмысқа алынасыз, тезірек келерсіз», – деді.
Сөйтіп алматылық болдым. Екі сазгер, екі ақын достарыммен табысып, небір сәулелі сәттерімізге сүйініп, мәре-сәре болып жүрдік. Мені: Шәмші «Ғаба-Ғабеке», Жұмекен «Ғабекесі», Әсет «Ғаб-аға», Сабырхан «Шал» дейтін…

Бір күні, 1973 жылдың маусымы, Шәмші екеуіміз Жазушылар одағының ғимаратына кіре бергенімізде Сыр-аға, ақын Сырбай Мәуленов, қарсы ұшырасты. Біз жарыса сәлем бердік. Сыр-аға:
– Ұзынды-қысқалы боп екеуің қайда келе жатырсыңдар? – деп кеңкілдеп күлді.
– Сыра-аға, біз сияқты есті жігіттер мұнда талтүсте қыз-қырқын іздеуге келмейді ғой, біз одан гөрі маңызды бір шаруамен «Қазақ әдебиетіне» келе жатырмыз, – деді Шәмші ойнақы үнмен.
– Солай ма? Дұрыс! Айтпақшы, сен ішкенді қойғаннан кейін жақсы әнді сиреттің, шабыт шақыру үшін анда-санда жүз грамды қағып тастап жүрсеңші! – деді Сыр-аға, тағы кеңкілдеп күліп, қолын Шәмшінің иығына артып. Шәмші маған қарап:
– Ғаба-Ғабеке, өзім періштедей көретін Сыр-ағаның азғырғанына иліксем бе екен, илікпесем бе екен? – деп көзін қысып қалды.
– Құрысын! Илікпе! Көнбе! Қалжыңдағаным ғой! – деп Сыр-аға Шәмшіні құшақтай алды…
Бірде Шәмшіге:
– Шәке, гәзет тілшілеріне ұқсап бір сұрайыншы, әдемі әндерді қалай шығарасың? Нендей құпияң бар? – дедім. Ол қырылдаңқырап сылқ-сылқ күлді де:
– Ғаба-Ғабеке, бұл… композитор дегендерің, менің бірдеңе білуімше, білуімше емес-ау, басымнан өткеріп жүрмін ғой, егер мені бөтен біреу көше бойында көре қалса: «Мынау жігіттің есі дұрыс емес шығар, күбірлеп, ыңылдап, қолын тербелтіп барады» деп ойлар еді. Мен ондай ештеңемді сезбеймін. Жолдастарым айтады. Бұл әуен іздеу дегенің, «бақсы жынын шақырады» сияқты бірдеңе шығар, ал арғы жағын өзің жобалай бер, – деді…

Бір жолы: Шәмші, Әсет, Сабырхан төртеуіміз әдетімізше әзіл-қалжыңымызды жарыстырып, күлкінің түндігін желпілдетіп отырған кезіміздің бір сәтінде сөз ыңғайына қарай мен:
– Әй, данышпандар, қайсысыңа қандай орден, медаль қажет, кәне, айта қойыңдар! – дедім.
– Ғаба-Ғабеке, бір тақыр кедей шал өзіндей пақыр құрдасы үйіне келе қалғанда: «Саған тайлақ сойып берсем қайтеді?» деген екен, сен соған ұқсадың, – деп Шәмші әзілге шапшаң да жүйріктігіне бізді тағы бір тәнді етіп ду күлдірді де, сылқылын тежеп: – Сол пәлелердің маған көк тиынға керегі жоқ, дипломсыз да тірі жүрмін ғой? – деп және күлдірді.
– Бергенін алуға болады, а што, онда тұрған не бар, тек өзің сұрама, – деді Әсет, көзі алайып.
– Өзім қатарлыларға бірдеңе беріліп жатқанда «не үшін берді екен?» деп сол кезде еріксіз ойланатын иттігім бар, бірақ артынша ұмытып кетем, оллаһи, қызықпаймын, қызғанбаймын, – деді Сабырхан қоңқақ мұрынын бір көтеріп қойып.

– Ғаба-Ғабеке, сен ше, өзің ше? Осы отырғанымыздың арасында атқа да, атанға да мініп жүрген сенсің, иә, сен ше? – деп Шәмші мені тақымдай қалды.


– Шәке, жаңа өзің айтқандай, мен де «сол пәлелер» үшін тумаған қазақпын. Шынында кәперіме кіріп шықпайды, сап-сары божбан Сабырханша ойланбаймын да, – дедім.
Шәмші қызыл-қоңыр тақиясын оң қолымен бірер қозғап қойып, жымың-жымың етіп, маған қуақылана қарады да:
– Менің мына жеріме, – деп омырауын сипалады, – шірегенде бес-алты орден-медаль сияды, оның өзін де асты-үстілі етіп тақсаң, ал сен үшеуіңнің омырауларыңа бір-бір шелек орден еркін сияр еді, амал не, кім беріп жатыр! – деді. Сол сәтте төртеуіміздің қарқылымыздан төңірек теңселіп кеткен шығар-ау!..
Ай, аруақтарыңнан айналарындарым-ай!..

Мына фотосуреттің сыры былайша: бір күні Шәмші, Жұмекен үшеуіміз қаланың (Алматының) Мәдениет және демалыс саябағында серуен құрып жүрдік. Бір мезетте Шәмші тоқтай қалды да, жанымыздан қиыс өте берген бозбала қазаққа:


– Әй, інішек, тым асығыс емессің бе, бері келші! – деді. Жігіт жалт қарап тоқтап, бізге келіп сәлем берді. Шәкең мен Жұмекеңе сәл таңданыспен кезек-кезек қарады. Танығаны.
Шәкең мен ұстап жүрген фотоаппаратты нұсқай сөйлеп, жігітке:
– Мына ойыншықпен әуестігің бар ма? – деді.
– Бар, – деді жігіт сыпайы жымиып.
– Ендеше, Ғаба-Ғабеке, бере ғой. Үшеуіміздің сурет-бейнеміз тарихта қалмаса да, үйдегі фотоальбомда қалсын, – деді.
– Шәкең тарихи пікір айтты, – деп Жұмекен жымыңдады.
Шәмшіні ортаға ала суретке түстік. Бейтаныс інімізге рахмет айттық.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ
(14. 08. 2020 ж.)

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды