Қағазсыз аурухана

07 маусым 2018, 14:50

Соңғы жылдары еліміздегі медицина саласының дамуы жақсы көрсеткіштерімен көзге түсуде. Әсіресе, бұрын дамыған елдерде ғана жасалатын ем-дом, ота қазір өз елімізде бар. Әр түрлі медициналық бағдарламалар қолға алынды. Мәселен, медициналық цифрландыру, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы, оның ішіндегі «Сақтандыру» – бәрі отандық медицина үшін жасалып жатқан жаңашыл реформа.

Біз осы аталған бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстарды білу үшін, Алматы қалалық №7 клиникалық аурухананың бас дәрігері Манас Рамазановтан сұхбат алдық.

Jas qazaq: Манас мырза, еліміздегі медицина саласының дамуы қай деңгейде? Ғылымы мен техникасы, медицинасы дамыған өркениетті елдермен салыстырып айтып беріңізші.

М.Рамазанов: Қазір медицина саласында жасалып жатқан бағдарламалар өте көп. Мәселен, Елбасының Жолдауында айтылған бағдарламалар еліміздің денсаулық сақтау саласын биікке көтеруге арналған жаңа бастама деуге болады. Сонымен бірге, денсаулық сақтау министрлігінің төрт жылға, яғни 2016-2019 жылдарға жоспарлаған «Денсаулық» бағдарламасы бар. 2019 жылдан бастап «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» бағдарламасы қолға толықтай алынатын болады. Жалпы медицина саласында шешім күтіп тұрған мәселелер де бар. Бірақ жалпы дұрыс бағытта, дұрыс жолмен келе жатырмыз деп ойлаймын.

Мәселен, «Денсаулық» бағдарламасында 7 жоспар бар. Оның ішінде, медициналық сақтандыру, цифрландыру, адам ресурстарын дұрыс пайдалану, медицина ғылымын дамыту, дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту сияқты бірнеше жоспар құрылған. Ұсыныс бар. Соның бәрі ақырын-ақырын шешіледі деп ойлаймын. Кешенді бағдарламалардың аясында бірнеше кіші жоспарларымыз бар еді. Соның бәрі рет-ретімен жүріп жатыр деп айта аламын.

Салыстырмалы түрде айтсақ, еліміздің медицина саласындағы қазіргі даму мен жетістік көңіл қуантады. Көрші елдермен салыстырғанда, бірінші орында тұрмаса да, кейін қалып қойған жоқ.

Jas qazaq: «Денсаулық» бағдарламасында цифрландыру мәселесі қарастырылған. Медицина саласын цифрландырудың қандай артықшылықтары бар?

М.Рамазанов: Цифрландыру медицина саласын ғана емес, барлық саланы қамтып отырған жаңа бағдарлама. Қазір бүкіл әлем цифрландыруға көшкен. 1 шілдеден бастап Алматыдағы барлық медицина саласы осы цифрландыруға өтеді. Цифрландыру ең алдымен қағазбастылықтан құтқарады. Дәрігерлер науқасқа қарауға уақытын көбірек бөле алады. Сондай-ақ жемқорлық дерегі азаяр еді. Биыл қанша дәрі-дәрмек келді? Оның қаншасын пайдаландық? Қай ауруға қандай дәрі бердік, қандай вакцина салынды? Осының бәрі базада көрініп тұрады.

Jas qazaq: Өзіңіз басқарып отырған аурухана да цифрландыруға көшіп жатқан шығар?

М.Рамазанов: Біздің №7 қалалық клиникалық ауруханасында медициналық құжаттарды қағазсыз жүргізуге көшу бойынша нақты жұмыс жүріп жатыр. 2018 жылдың 1 тамызынан бастап клиника электрондық құжат айналымына көшіп, «қағазсыз аурухана» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Қазіргі кезде №7 қалалық аурухана 100 пайыз компьютерлік техника, кеңсе техникасы, қажетті жылдамдықтағы ғаламтор желісімен жабдықталды. Жыл басынан аурухана бөлімшелерінде қосымша 184 дербес компьютер орнатылып, барлығының саны 420-дан асты. Жұмыстың сандық форматына көшу аясында барлық мәлімет базасы бірыңғай ақпараттық жүйеге біріктіріледі. Бұл кең ауқымды жоба мемлекеттік «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде іске асырылып жатыр.

Бүгінгі таңда медицинаны цифрландыру – басты міндеттердің бірі. Ол заман талабына, азаматтардың сапалы медициналық қызмет көрсету туралы талаптарына сай қолға алынып отыр. Денсаулық сақтау саласын цифрландыруға көшіру Елбасының халыққа арнаған соңғы Жолдауында қойылған міндеттерінің бестігіне кіреді. Цифрландыру денсаулық сақтаудың тек нақты бір саласын дамыту үшін ғана емес, сонымен бірге экономикалық және қоғамдық алға ілгерілеуге қажетті шарт болып табылады. Цифрландыру көптеген үрдістерді, соның ішінде сандық технологияларды енгізуді жеделдете түседі. Цифрландыру арқылы медицина саласына электрондық денсаулық төлқұжаты, мобильді цифрлық қосымша, диагностиканың қашықтықтан басқарылатын тәсілі енгізіледі. Менің ойымша, қазір сандық технологиялар жылдам дамып жатыр. Бір-екі жылдан кейін бұл да кез келген медициналық ұйымда күнделікті үрдіске айналады.

Медицинадағы цифрландыруға біз мақсатты түрде, шамамен 10 жыл бойы біртіндеп келе жатырмыз. Отандық денсаулық сақтау саласында ақпараттық және цифрлық технологияларды енгізуге, жұмыстың цифрлық форматына көшуге алғышарттар жасалған. 2010 жылдан бастап электрондық порталдар мен тіркелімдер дайындалды. «Ауруханаға жатқызу бюросы» парақшасы ашылды. Бұл арқылы елдің кез келген түкпіріндегі науқастар өзі қалаған медициналық мекемені таңдап, ауруханаға жату үшін кезекке тұра алады. Стационарлық науқастар, онкологиялық науқастар, жүкті әйелдер, орфандық ауруларға шалдыққан адамдарды электрондық тіркеуге алынады. Денсаулық сақтау саласындағы жаңа форматтағы цифрландыру ауқымдырақ міндеттерді шешуі тиіс. Бұл тек Қазақстанның ішіндегі ғана емес, сонымен бірге өзге де дамушы елдердің мәселелерін шешуге арналған. Цифрландыру денсаулық сақтау саласын электрондық құжат айналымына көшіруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қағаз, рентген бейнесіне арналған таспа, қағаз қыстырғыш, кеңсе желімін қолдануға қатысты барлық шығындарды азайту мен үнемдеуге әкеледі. Бейнеқорды реттейтін, ауру тарихын жинайтын қызметкерлердің жұмысын да жеңілдете түседі. Ауру тарихын электронды форматта жүргізу диагноздарды қайта жазу мен өзгертуге жол бермейді. Цифрландыру қаржылық операцияларды толық бақылауды, дәрілік заттар мен жұмсалатын материалдардың түсуі, шығындалуы мен сақталуын толық қамтамасыз етеді. Яғни дәрілік препараттың әрбір ампуласы немесе таблетка науқасқа жетеді. Коррупциялық заңбұзушылықтар, көлеңкелі төлемдер болмайды. Әлбетте, мемлекеттік қызмет көрсету тізімі де кеңейе түседі. Бір сөзбен айтқанда, бәрі науқастың, қарапайым халықтың қамы үшін жасалады. Қазіргі уақытта біздің клиникада ІТ-мамандармен келіссөздер өтіп, мән-жайы келісіліп жатыр.

Jas qazaq: Ал осы цифрландыру жүйесі ауылдық жерлерде жүргізіле ме?

М.Рамазанов: Әрине, жүргізіледі. Қазір еліміздің бес аймағы: Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары цифрландыру жүйесіне көшті. Келер жылдың 1-ші қаңтарынан бастап еліміздің барлық аймағы цифрландырылады. Қазір біздің ауруханада жаппай цифрландыру процесіне қызу дайындық жүріп жатыр.

Цифрландырудан кейін ауруханада барлық заманауи құрал-жабдық цифрлық технологиялармен жабдықталады. Операциялық араласу электронды цифрлық мазмұны бар компьютерлік томограф, нейронавигациялық құрал-жабдық арқылы орындалады. «Ақылды операция» деген ұғым бар. Цифрландыру аясында қымбат құрал-жабдықтары бар ауруханалардың түрлі бөлімдерінен келген мәліметті бір компьютерге түсіретін жүйе орнатылуы тиіс.

Қағазсыз құжат айналымына көшу аясында науқастар мен дәрігерлердің денсаулық төлқұжаттары мен жеке кабинеттері жасалады. Кабинеттен шықпай-ақ тексеру мен анализдің барлық мәліметі, ауру тарихы, екпе мен вакциналауға қатысты ақпаратты, аллергиялық реакция мен жасалған операция туралы дерекке қол жеткізіп, консилиум мен телемедициналық қашықтықтан басқарылатын кеңес өткізуге болады. Бұлардың барлығы цифрлық тасымалдағыштарда болады. Науқастарға құжаттарын, суреттерін өздерімен бірге алып жүру қажетсіз болып қалады. 2019 жылдан бастап Қазақстанның әр азаматының өз электронды денсаулық төлқұжаты болады.

Қазір қаламыздағы ересек адамдардың өмір жасының ұзарғаны да қуантады. Дүниеге келген сәбидің де көптігі де көңілге медеу. Шетелдерді алып қарасақ, медицинаны дамытуға 9 пайыздан астам қаржы бөледі. Ал бізде мемлекеттен бөлінетін қаржы – 2,8 пайыз. Оның 1,5 пайызын біз өзіміздің қалтамыздан төлейміз. Қарап тұрсақ, мемлекет бөлген төрт теңгенің 2,5 пайызын мемлекет төлесе, 1,5 пайызын өзіміз төлейміз. Оның пропорциясы осындай. Мысалы, Шығыс Еуропа елдерін қарасақ, Польшаның өзінде медицинаға 9 пайыз қаржы бөлінеді. Қазір заманауи неше түрлі құрылғы шығып жатыр. Компьютерлік томография, УДЗ пайдалану үшін біраз қаражат керек. Болашақта медициналық сақтандыру жүйесін бастасақ, медицинаға бөлінетін қаржы көбейеді. Болжам бойынша, 2 жылдың ішінде енгізілетін болса, бөлінген қаржы 30-40 пайызға көбейеді. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан 1 триллион теңге тегін медициналық көмек алу үшін бөлінеді. Ал сақтандыру жүйесін енгізгеннен кейін, шамамен 3-4 жыл ішінде 350-450 млрд теңгеден қосылуы мүмкін.

Jas qazaq: Медициналық сақтандыруды уақытылы төлеп отырған азамат өзі таңдаған кез келген ауруханаға барып емделе ала ма?

М.Рамазанов: Емделе алады. Дәрігерге тіркелгеннен кейін, төлқұжатындағы ЖСН бойынша, таңдаған емхана, ауруханаға барып қарала алады. Бұдан былай цифрландыру арқылы әр адамда электронды паспорт жасалады. Онда науқас туралы мәліметтің барлығы жазылады. Еліміздің қай аймағында болсаңыз, төлқұжаттағы куәлік арқылы кез келген аймақта жүріп, медициналық көмекке жүгіне аласыз. Сіздің денсаулығыңыз туралы ақпарат та сол құжатқа жазылады.

Jas qazaq: Мысалы, бір отандасымыз ауыр дертке шалдықты дейік. Елімізде оны емдей алмайды. Ал медициналық сақтандыруға жинаған ақшасы шетелге шығып емделуге жетпейді. Осы кезде мәселе қалай шешіледі?

М.Рамазанов: Қазіргі таңда кез келген науқасты шетелге жібермей-ақ, өзімізде емдеуге мүмкіндігіміз жеткілікті. Себебі алғашқы көмекті өз елімізде де көрсете аламыз. Қандай күрделі ота болса да, елімізде жасауға жағдай бар. Медициналық сақтандыру жүйесі дамитын болса, мемлекеттен бөлінетін ақшаға біз кез келген қажетті құрылғыны сатып алатын едік. Тіпті тәжірибе алмасуға дәрігерлерді шетелге жіберуге де мүмкіндік туар еді. Ал медицина ғылымы одан әрі дами түспек. Технологияға сәйкес, бізде де медицинаға ақша құйылмаса, артта қалып қоямыз. Медицинада 1-3 жыл ішінде протокол да ескіріп, технология да көнереді. Қазіргі УДЗ аппараты 3 жылда ескіріп кетеді. Қазіргі қабылданып жүрген дәрілердің атауы да 3 жылда өзгеріп кетеді.

Jas qazaq: Иә, осы дәрі-дәрмекке тоқтала кетсек. Сақтандыру бағдарламасында дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі қалай?

М.Рамазанов: Дәрі-дәрмек қазіргі маңызды мәселенің бірі дер едім. Былтырдан бастап қазірге дейін дәрі-дәрмек төңірегінде әлі де шешілмеген түйін көп. Бізде диспансерлік тіркеуде тұрған, созылмалы аурулармен ауыратын біраз науқас бар. Оларға мемлекеттік бюджеттен тегін дәрі бөлінеді. Қант диабеті болсын, қан қысымы жоғары адамдар болсын, жүрек созылмалы аурулары бар науқастар болсын, олардың бәріне дәрі тегін берілуі тиіс.

Jas qazaq: Елімізде адам ағзасын ауыстыруға байланысты көптеген түсініспеушілік болып жатады. Жалпы сіздің трансплантацияға қатысты пікіріңіз қалай?

М.Рамазанов: Көп жылдар бойы хирургия саласында жұмыс істедім. Ең алғаш бауырға жасалған отаға қатысқан болатынмын. Трансплантацияның 3 шарты бар. Біріншісі – заң, екіншісі- медициналық жағы. Үшіншісі, яғни ең қиыны – моральдық-этикалық мәселесі. Трансплантация дұрыс дамуы үшін донор мәселесін де ұмытпаған жөн. Отаға зәру адамдар көп. Діни басқарма мен басқа да дін өкілдерімен ағза ауыстыру туралы сөйлескен болатынбыз. Сөзге келгенде барлығы мақұл болады. Ал іске келгенде көбі қарсы шығады.

Трансплантация туралы заң бар. Медициналық жағынан маман да, құрал-жабдық та, біліктілігіміз де жеткілікті. Тек моральдық-этикалық жағынан түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Қазірше туыстық қарым-қатынасы бар адамдар ғана донор болуда.

Сұхбаттасқан

Жарас Кемелжан

 

Цифрлық Қазақстан жобасы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының қолдауымен «Коммуникативтік бастамалар және стратегиялар» Жеке қорымен іске асырылады.

26 желтоқсан, 17:55
Пәлен жерде алтын бар. Барса...
23 желтоқсан, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?