«Нұрлы жер» бағдарламасына қатысты ақпараттың барлығы Baspana.kz интернет порталында шоғырланған. Бұл туралы «Бәйтерек» ҰБХ басқарушы директоры Қайырбек Өскенбаев «Нұрлы жер» бағдарламасына арналған дөңгелек үстел барысында айтты.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 2017 жылдың 1 тамызында бұған дейін қолданыста болған барлық тарифтік бағдарламаларды біріктірген «Баспана» бірыңғай тарифтік бағдарламасы іске қосылды. Ал бұған дейін 3, 5.5, 8.5, 15 жылдар кезеңіне бөлінген 4 тарифтік жоспар болған. Қазіргі уақытта адамның өзі қанша жыл жинайтынын, қаржылық мүмкіндігіне қарай тұрғын үй қарызын қандай пайызда алғысы келетінін өзі шешеді. Сонымен қатар, биылғы жылғы қыркүйекте өз платформасында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің барлық клиенттерін, құрылыс компанияларын және мемлекеттік органдарды біріктіретін «Баспана.kz» жылжымайтын мүлік интернет-порталы іске қосылды. Енді қазақстандықтар қашықтықтан «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру шарттары бойынша онлайн-консультация, дайын және салынып жатқан нысандар, шаршы метр және Банк өнімдері туралы ақпарат ала алады», — дейдi Өскенбаев Сенатта өткен жиында.
Еске салсақ, 2016 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінiң 200 мыңнан аса пайдаланушысы тіркелген онлайн-банкинг іске қосылған болатын. Олардың ішінде 70 мың адам мобильді нұсқасын пайдаланып отыр. Бұл қосымша өз салымдарын көріп қана қоймай, сонымен қатар есептелген сыйақы көлемін тексеруге, өзінің бағалау көрсеткішін бақылауға, депозит толтыруға және кредитті өтеуге мүмкіндік береді. Оның үстіне бұл кез келген банктің карточкасы арқылы комиссиясыз жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, Qiwi, Paypoint терминалдарының көмегімен шотты толықтыруға болады. Балама арналар бойынша банк төлемінің 30% өтеді. 2016 жылы 621 мың онлайн-төлем, 2017 жылғы қарашадағы жағдай бойынша 760 мың төлем жасалған.
Baq.kz хабарлағандай 2017 жылғы мамырдан бастап QR-код арқылы төлемнің жаңа тәсілі іске қосылды. Бұл клиенттерге мобильді телефон арқылы депозитті толықтыруға мүмкіндік береді. Барлық төлемдер клиенттер үшін 3 минут ішінде комиссиясыз өтеді. Бұл функция депозитті толтыру функциясына ғана қолданылады. Жақын уақытта ҚТҚЖБ QR-код арқылы қарызды өтеу функциясын енгізбек.