Jas qazaq «Латын әліпбиінің соңғы нұсқасының ерекшелігі мен оңтайлы тұсы қандай?» деген тақырыппен дөңгелек үстел өткізді. Басқосуға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас маманы, филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдерина мен сол институттың PhD докторы Ермұхамет Маралбек, сондай-ақ түрік тілінің маманы, аудармашы Нұргүл Жамбылқызы қатысты.
Jas qazaq: Латын әліпбиінің соңғы нұсқасы қаншалықты кемелді? Әлі де толықтыратын тұсы бар ма? Жалпы, әліпби ауыстыру бізге не үшін қажет болды?
Құралай Күдерина: Бұл нұсқаны соңғы нұсқа деп жатырмыз. Ал әліпби ауыстыру қаншалықты қажет болды деген сауалыңызға жауап беру үшін, мұны ең алдымен, ақыл-ойдың, рух пен сананың жаңғыруымен байланыстыратын едім. Басында түркі елдерімен жақындастыру, ағылшын тілін жылдам меңгеру сияқты түрлі себептер айтылды. Шындығына келгенде, сананың жаңғыруы деген ықтимал себебі бар. Бұл әліпби – мемлекеттің туы, елтаңбасы сияқты өзінің ерекшелігін көрсететін таңба. Кез келген тілді, ұлтты айтатын болсақ, оның қандай графика қолданатыны міндетті түрде айтылады. Мысалы, Моңғолия кирилл графикасын қолданады. Бірақ моңғол деген атаудың өзі кирилл графикасына томпақтау. Тәуелсіздік ұғымын біз әлі толық түсінбейміз. «Әліпбиді латынмен жазып, санамыз тәуелсіз болды» деп айту қиын. Оны 20 жылдан кейінгі ұрпақ сезінеді. Қазіргі 5-7 жастағы баланың 20 жылдан кейін санасында жаңа қазақ жаңғырып өседі. Жаңа қазақтың тұлғасы пайда болады. Ол тарихтан белгілі. Мысалы, 1940 жылы біз кирилл әліпбиіне көшетін кезде, бүкіл терминдерді қалай жазамыз деген ой болды. Бір ел, бір астана, бір басқарушы. Бізге ортақ жазу, ортақ тіл керек болды. Сол ортақ тілді қалай жасады? Әліпби ауыстыру арқылы жасады. Бізге орыстың 33 әрпі кірді. Оған біз ақырын ғана өз әріптерімізді қостық. Біз оларды именіп барып қостық. Әліпбиде бірінші 33 әріп тұрды. Одан кейін ә, ө, ү, ұ, қ, ғ, ң деп кете береді. Біздің Сәрсен Аманжолов сияқты тілші-ғалымдарымыз, атылып кеткен алашшыл ғалымдарымыз: «Ә» деген әріп «а»-ның қасында, «ө» деген әріп «о» -ның қасында болуы керек!» деп айқасып жүріп жасады.
Қазақты кирилл қарпіне көшіргенде «орыс тілін меңгеріп кетеді» десті. Ол кездегі қазақтар орыс тілін білмейтін. Сонда бәрі «Қалайша біз әліпби ауыстыра салып, орысша сайрап кетеміз?» деп ойлады. 1957 жылы емле ережеміз бекіді. Байқасақ, 1960-70 жылдан бері ақырын-ақырын біз орыстанып бара жатыр екенбіз. Міне, қараңыздар, 20 жылдан кейін сондай нәтиже берді. Сол саясат өз нәтижесін берді. Жиырма жылдан кейін Алматыда бір ғана қазақ мектебі қалды. Міне, әліпбидің ұлттық санаға калай әсер еткенін көрдіңіз бе? Жазу санамызды жаулап алады. Қазір қазақтар өте сауатты. Сондықтан бұл ұлттың жаңғыруына оңтайлы әсер ететін саяси шешім деп ашық айта аламын.
Jas qazaq: Бұл енді соңғы нұсқа деп жатырсыздар. Әлі де жетілдіретін тұстары бар шығар?
Ермұхамет Маралтай: Меніңше, бұл нұсқа өзгермейді деп айту дұрыс емес. Бұл – қаншама ғалымның, орфографиялық жұмыс тобының сараптамасынан өткен жоба. Бұған дейінгі нұсқаларға қарағанда, тұңғыш рет тіл мамандары қатысып жасаған жоба. Бүгінде ең тиімді нұсқа осы болып тұр. Кемшіліктер қашан көрінеді дейсіз ғой? Ертең қолданғанда, жаза бастаған кезде байқалады. Техника тіліне икемделе бастаған кезде көрінеді. Сонда барып олқылықты байқауға болады. Белгілі бір ыңғайсыздықтар туындаса ғана өзгертуге болады. Алайда бұл соңғы нұсқа!
Құралай Күдерина: Бұл жазу тәжірибесінде бар нәрсе. Мысалы, 1940 жылдары кирилл әліпбиін қабылдадық. Бірақ 1952 жылы шамалы өзгеріс енгізілді. Мысалы, «ұ» таңбасы басқаша болған. Одан кейін «қыйын», «кіиім» деп жазып жүрдік. Артынан оның қиындықтары көрінді. Бұларды бір таңбаға түсірдік. Сол сияқты кете береді. Сондықтан әліпбидегі қиындықтар 1-2 жылда байқалуы тиіс. Осы аралықта қатесі түзелсе, түзеледі. Түзелмесе, сол күйі кетеді. Мысалы, түріктер 1929 жылы латынның 29 әрпін алды. Бірақ оларда қателік болды. Мысалы, «қ» әрпі оларда болды. Бірақ олар оны «к» әрпімен жаза берді. «І» дыбысы бар, бірақ олар «и» мен жаза берді. Қателік ұзақ уақыт өткеннен кейін дағдыға айналып кетті. Жазу деген шартты таңба. Ол дағдыға айналады. Ал қате дағдыға айналғаннан кейін, сол күйінде қалып қояды. Біздегі нұсқаға өзгеріс енетін болса, 1-2 жылдың көлемінде енуі тиіс. Енбесе, қате болса да солай кетіп қалады.
Jas qazaq: Түріктер өзінің кейбір ұлттық төл дыбысынан айырылып қалды. Сонда 1-2 жылда түзету енбесе, біз де кейбір қазақша үнімізден айырылуымыз мүмкін бе? Сондықтан әлі де кемелдендіру керек сияқты. Маман ретінде бұған не айтасыздар?
Ермұхамет Маралтай: Бұл нұсқада қазақтың төл дыбыстарының барлығы қамтылған. Айта кетейін, тарихта ешкім бірден дұрыс нұсқаны ұсынған емес. А.Байтұрсынұлының әліпбиі де 4 рет реформаланған. Ол бастапқыда 1 таңбамен 5 дыбысты белгілеген. Кейін қиындық тудырғаннан кейін өзгертті. Біздің дыбыстарымыз айқын. Латын графикасын қатесіз енгізуіміз керек еді. Мысалы, 1926 жылғы нұсқада дәйекше енгізілді. Ол болмады. Содан кейін 30 таңбамен енгізді, ол да болмады. Кейін бас әріптердің бәрін алып тастады да, кіші әріппен жазатын болды. Ол да болмады. Әліпби ауыстыру оңай шаруа емес. Оған көп жылдық тәжірибе керек.
Jas qazaq: Түрік киноларында халықтың төл дыбысы, ұлттық үні кинода қалай көрініс табады?
Нұргүл Жамбылқызы: Осында отырған тіл мамандары айтпақшы, әліпби ауыстыру – жай ғана таңба ауыстыру емес. Осы орайда, өзге де түркі елдерінің әліпби ауыстырудағы тәжірибесі де бізге көп бағыт-бағдар бермек. Соның ішінде, сіздің түрік тілінің қазіргі таңдағы фонетикалық құрылымы туралы сұрағыңызға келер болсақ, кезінде кейбір әріптердің жаңа әліпбиге енгізілмеуінің нәтижесінде түріктер бірлі-жарым төл дыбыстарынан «айырылып қалған». Мәселен, бізде де бар «қ», «і» дыбыстары кейбір шеткері аймақтарда ғана сақталған. Соның бәрі – жаңа әліпби құрастыруда тілдік ерекшелікті айқындайтын таңбаларға салғырт қараудың нәтижесі деп ойлаймын. Міне, біздің осыдан да сабақ алуымыз керек шығар. Түркияда сонау 1928 жылдың 28 маусымында «Алфавит жөніндегі комиссия» құрылып, сол жылы аталған комиссияның кезекті отырысында осы күнгі әліпбиінің негізі қаланған ғой. М.К.Ататүріктің бастамасымен құрылған сол латын әліпбиіне өту кезеңі 1-2 жылды ғана қамтыды. Осы уақыттан бастап қарқынды түрде түрік тіліне, түрік әліпбиіне қатысты заңдар шығарылды. Жаңа әліпби шыққаннан кейін, бір жылдан соң соған дейін қатар қолданылып келген ескі әліпбиді пайдалануға үзілді-кесілді тыйым салынды. Осындай қатаң талаптардың нәтижесінде, жаңа әліпбиге өту кезеңі оларда қысқа болған. Жаңа әліпбиді үйрететін мектептер мен курстар ашылған. Тағы да осы түрік халқының тәжірибесіне сүйеніп айтар болсақ, олар да кезінде араб-парсы тілдерінің дыбыстарын белгілейтін әріптерден «қашқан». Біз де осы орайда орыс тілінен енген әріптерден құтылсақ, тіліміз үшін үлкен олжа болар еді деп ойлаймын.
Jas qazaq: Біздің редакцияға келіп тәжірибеден өтіп жүрген студент жастардан байқағанымыз, олар мақала жазғанда «ң» әрпін пайдаланбайды. Тіпті сөз арасында сол дыбыстың бар екендігін де ескермейді. Тілінде «ң» жоқ па деп ойлаймын. Осы сияқты қазақы үнімізден айырылып қалмасақ болды… Енді келесі сұраққа көшсек. Латынға көшкендердің бірі – Өзбекстан. Оларда мұндай қателік болды ма?
Құралай Күдерина: Өздеріңіз білесіздер, латынға көшу үрдісі енді басталған кезде «өзбектердей болмайық» деген сөз көп айтылды. Олардың ең алғашқы әліпбиі түріктердің Анкарада өткен ортақ жобасындағы ұсынылған нұсқа болатын. Кейін олардың Түркияға қатысты саясаты өзгерді. Олар өздерінің нұсқасын жасады. Қосар дыбыс, төбесі түртілген аккорд, одан бөлек жазуға кедергі келтіретін таңбалары болды. Қазір оларда кирилл мен өзбек әліпбиі қатар қолданылады. Өзбектер қате әріптерге өзгеріс енгіземіз деді. Қазірше үнсіз отыр. Қате болса да, бұрынғы нұсқаны пайдалануда.
Jas qazaq: Өзбекстаннан келген кейбір азаматтарды байқаймыз, жазуға келгенде сауатты емес. Тіпті кириллицаның өзін қате жазып жатады… Жаңа нұсқадағы «и» мен «і» әріптері арасындағы пікірге тоқталсаңыздар.
Құралай Күдерина: Кириллицада дауыссыз «й» мен дауысты «и» бар. Бірақ оның бәрі жаңа әліпбиде реттелді. Әріптердің тіркесі деген дүние болады. Сол тіркестердегі қауіп, фонетикадағы қауіптің барлығы ескерілді.
Jas qazaq: Бұрынғы дауысты «и» мен дауыссыз «й»-ді латынмен жазғанда, кейбір атау, ұғым, сөздер өзгеріп кетпей ме?
Құралай Күдерина: Негізі, бұл әліпби бұрынғылардан көп ілгері, көп кемелденген. Біз акуттан (екпін) құтылдық. Оның мағынасы көп болатын. Мысалы, түріктірде кірме сөз екенін білдіру үшін апостроф (дауысты дыбыстың жіңішкеруі) қойылады. Акуттың жалпы әлемдік кеңістіктегі мағынасы 5-6 түрлі еді. Мысалы, Қазақстанға шетелден бір қонақ келді делік. «Абай» көшесі деген жазуда акут тұрса, ол оны түсінбейтін еді. Өйткені оның санасында акуттың бірнеше түрлі мағынасы бар. Қай акут екенін ол қайдан білсін? Алғашқы нұсқада акут 7 әріптің төбесіне қойылатын. Бір қарағанда сапасыз қойылатын. Бүгінде акуттың орнына умлауттың (әріптің төбесіне қойылатын жіңішке белгі) келгені көп нәрсені түсіндіреді. Дыбыстың айтылуын дұрыс береді және ол түсіп қалмайды. Айшық белгісі де дыбысты айқындай түседі. Қоғам тарапынан умлаут, сидиль көп деп айтылып жатыр. Бірақ дұрыстап қарасаңыздар, умлаут 3 таңбада, қалғаны бір-бір таңбада ғана бар. Болашақта ешкім мақаланы қолмен жазбайды, таңбаның бәрі компьютерде болады.
Ермұхамет Маралтай: «ң» дыбысының образдық мәнін түсінікті етуіміз керек. «Ы» мен «і»-ге бір таңба беру де дұрыс емес, екеуі екі бөлек таңба. Олар бөлек болғаны дұрыс. Сондықтан қазіргі нұсқа біраз зерттеліп жасалған.
Jas qazaq: Енді бұл әліпбиді қолданысқа енгізудің белгілі бір мерзімі бар ма?
Құралай Күдерина: Біз бұл нұсқаны әзірлеп, Қазақстан Президентіне ұсынып отырмыз. Ертеңгі күні қол қойылып, бекітілсе, алғашқы оқулық жазыла бастайды. Үкіметтің жоспары бойынша, латынша оқу 0-сыныптан басталады.
Ермұхамет Маралтай: Біз осы әліпбиді ауыстыру арқылы орыс тілінен енген қаншама әріптен құтыламыз. Біз одан таңба ауыстыру арқылы ғана құтыла аламыз. Емле ережелер осы таңбаларға арналған. Сондықтан грамматикамыз жеңілдейді. Соңғы нұсқамызда орыстың 9 таңбасынан құтылып отырмыз. Төтеден латынға өткенге қарағанда, кириллден латынға көшудің мәні бөлек. Кирилл біздің ұлттық әліпби емес. Ол бізге отарлау саясаты арқылы енген. Алда түрлі қиындықтар кездесуі мүмкін. Алайда біз оның бәрін еңсереміз.
Jas qazaq: Соңғы нұсқа А.Байтұрсынұлының төте жазуының негізінде жасалған сияқты ма, қалай? Өйткені, қарап отырсақ, барлық әріп Байтұрсынұлының емлесіне ұқсайды.
Ермұхамет Маралтай: Иә, дұрыс байқадыңыз. Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиінен көп ауытқымаған. Негізгі тіні – сол төте жазудан алынған. Әліпби дегеніміз – нота емес. Әліпби – құрал. Адамдардың коммуникациялық қарым-қатынасын жүзеге асыратын құрал.
Құралай Күдерина: Қазаққа ең жақыны – ноғай, қарақалпақ, содан кейін башқұрт тілі. Олардың тілдері ұқсас. Ал әліпбиіне келсек, айырмашылық көп. Сөйлескен кезде бір-бірімізді түсінеміз. Әліпбиіне қарасаңыз, бөтен ұлт сияқты. Ал мына әліпби түркі тілдес халықтарды біріктіреді. Оларда «қ», «ғ» деген дыбыс бар. Бірақ таңбалары жоқ. «Ө»-нің орнына «ю»-ды қолданады. Жазу қалай тілді өзгертеді? Біз Ыстамбұлдағы бір университеттің деканымен кездестік. Аудармашы келгенше бір-бірімізді түсіп отырдық. Бір уақытта хатшысы кіріп, әлгі деканмен сөйлесті. Деканға қыздың не айтып жатқан түсіне алмадық. Хатшысы кеткен соң «Ана қыз сізге қай тілде сөйледі?» деп сұрадық. «Түрік тілінде» дейді. Бірақ қыздың тілінде ағылшынға жақын акцент байқалды. Ол жазудың ықпалы. Жазудың ықпалы өте мықты. Түріктерде ң, ғ, қ деген дыбыстар бар болғанымен, әліпбиінде жоқ. Міне, әліпбидің құдыреті! Олар әліпбиге икемделеміз деп өздерінің ұлттық дыбыстарынан айырылып қалды. Өкінішті жағдай. Ал біздің нұсқада ондай кемшілік болмайды. Тіл мамандары бәрін зерттеп, зерделеп, қазақтың төл дыбысын сақтай отырып жасады.
Нұргүл Жамбылқызы: Өз басым латын әліпбиіне көшуді – әсіресе, түркі халықтарын бір-біріне одан сайын жақындастыратын таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын. Түбіміз бір түркі халықтары алдымен бір-біріміздің жазба тілімізді түсініп, жаза алатын болсақ, уақыт өте бір-бірімізбен аудармашысыз-ақ тілдесетін деңгейге тез-ақ жетуге болады ғой. Мәселен, оғыз тілдер тобына жатса да, әзірбайжан тіліне сәл тереңірек үңілсек, дыбыстық ерекшеліктері болмаса, оларды да түсінуге болады. Қалған өзімізге жақын татар, ноғай, башқұрт тілдерімен де ортақ болмаса да, ұқсас әліпбиіміз болса, бұл – түркологтар армандаған ортақ тілдік кеңістікті құруға тамаша мүмкіндік дер едім. Осы ретте, менің де арманым – түркі тілдері де халықаралық тілдердің қатарынан орын алса екен.
Jas qazaq: Редакциямызға келіп, пікір бөліскендеріңіз үшін рахмет!
Конференцияны жүргізген Жарас Кемелжан