«Келешек» жобасы жайлы білеміз бе?

12 қыркүйек, 14:41

Елімізде өскелең ұрпақтың жан-жақты білім алуына барлық жағдай жасалып жатыр. Осы мақсатта биыл «Келешек» жинақтау жүйесі іске қосылады. Бұл жүйе туралы алғаш Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында айтқан болатын. Мемлекет басшысы: «Бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуы тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады», — деп атап көрсетті.

Кейбіреулер «Ұлттық қор – балаларға» мен «Келешек» бағдарламасын шатастырып жатады. Бірақ бұл екеуі мүлде бөлек бағдарлама.

«Ұлттық қор» бағдарламасы биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылды. Бағдарлама шартына сәйкес, 2006 жылдан бері қарай елімізде дүниеге келген әр балаға арнайы жинақтау шотына жылына 100 доллар түседі. Бұл қаржы бала 18 жасқа толғанша жинақталып, кейін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе оқу ақысын төлеуге жұмсауға болады. Биыл бұл бағдарламаға 6,9 миллион бала тартылды.

Ал «Келешек» жинақ жүйесі қалай жұмыс істейді? Ғылым және білім министрі Саясат Нұрбек түсіндіргендей, ата-аналар ол үшін арнайы шот ашуы керек.
Еске түсірсек, маусым айында министр «Келешек» жинақ жүйесі туралы заң жобасы әзірленіп, Мәжіліске жіберілгенін айтты. Жоба операторы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты қаржы орталығы болады. Бірақ мұнда арнайы шотты кез-келген банкте аша бермейтінін есте сақтаған жөн.

Бұл туралы Саясат Нұрбек: «Келешекте жоғары білім алу үшін балаға арнайы шот ашып қоюға болады. Оған мемлекет 60 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде бастапқы білім беру капиталын енгізеді. Одан кейін жыл сайын 5-7 пайыз мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс аударып отырады. Ата-аналар өздері де шотты толықтыра алады», — деді.
Министрдің айтуынша, құжат күзде дайын болады. Сонда шотты биылғы жылдың соңына дейін ашуға болады. Мемлекеттік сыйақы, өзге де тетіктері дайын, тек заң күшіне енуі керек.
«Келешек» бағдарламасына қай банктер қатысатыны әлі нақты емес. Бұл туралы ғылым және білім министрі: «Тәуекелі төмен және ең мықты банктерді анықтау үшін біз Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын дамыту агенттігімен бірлесіп жұмыс істейміз. Іріктеу қатаң болады», – деді.

«Келешек» бағдарламасында бір баланың жинақ ақшасын екіншісіне беру мүмкіндігі де қарастырылған. Мәселен, бала грантқа оқуға түссе, депозитте осы жүйе арқылы жиналған ақшаны баспана алуға жұмсауға болады. Сондай-ақ отбасында басқа балалары болса, әлгі шотты соларға да аударуға мүмкіндік беріледі. Әлбетте, «Келешек» жүйесінің мұндай икемді болуы тартымды ете түседі.
Оған қоса, «Келешек» жинақтау жүйесі мен Ұлттық қорда балаға жиналатын қаржыны да біріктіруге болады.
Түсінікті болуы үшін, «Келешек» біріңғай ерікті жинақтаушы жүйесі туралы тағы бір пысықтай кетейік.
* Бес жасқа толған балаға арнайы шот ашылады. Ол шотқа мемлекет 60 АЕК (биыл 1 АЕК – 3692 теңге, жыл сайын өсіп отырады) мөлшерінде бастапқы капитал салады.
* Ата-ана тарапынан шотқа ерікті жарна құйылып, оған 5-7 пайыз мөлшерінде мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс есебінен ақша жиналады. Мәселен, айына 1 АЕК мөлшеріндегі ең төменгі жарна салынса, бала кәмелетке толғанға дейін шотында 3,3 млн теңгеден астам қаржы жиналады.
Қазір «Келешек» жүйесін қолдап, іске қосылуын асыға күтетін ата-аналар көп. Jas Qazaq сондай ата-аналардың пікірін жариялауды жөн көрді.

Айгүл Жұмабек, сатушы:

«Келешек» жүйесі жайында естуім бар. Бұл болашақта балаларымыздың білім алуына даңғыл жол болады деп ойлаймын. Менің екі қызым бар. Үлкені мектеп бітіріп, студент атанды. Екінші қызым мектепте оқиды. Алдағы уақытта қызыма шот ашамын деп отырмын. Мектеп бітіргенше біраз қаржы жиналады. Ол қаржыны білім алуға немесе бастапқы жарнасын құйып, баспана алуға жұмсайды. Бұл бағдарлама балаларымыздың болашағына арналғаны қуантады. Жүйенің тиімділігі жыл сайын мемлекеттен сыйақы қосылып отырады, ата-ана да шамасына қарай үзбей құйып отыруы тиіс. Баласының келешегінен үміт күткен әрбір ата-анаға мемлекет тарапынан жасалып жатқан зор мүмкіндік деп білемін. Жобаның «Келешек» деп аталуы да көп нәрсені білдіріп тұр. Бұл — балаларымыздың келешегіне бағытталған қаржы».

Жадыра Ерболатқызы, эколог:

«Үш бала тәрбиелеп отырған ана ретінде «Келешек» жүйесінің іске қосылатынына қуаныштымын. Өйткені әрбір ата-ана баласының болашағынан зор үміт күтеді. Менің үш балам да мектепте оқиды. Олардың болашағы үшін үшеуіне де осы жүйе бойынша шот ашып қоюға ниеттеніп отырмын. Бағдарлама туралы оқып, ережелерімен таныстым. Әне -міне дегенше, балалардың есейіп кеткенін байқамай қаламыз. Сондықтан олардың келешегі үшін қаржының жиналып тұрғаны дұрыс. Ұрпағымыздың сапалы білім алуына, оған қоса, баспаналы болуына бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асып жатқаны, мемлекетіміздің болашақтың қамын ойлағаны. Сондықтан «Келешек» жобасының маңызы зор дегім келеді».

Дайындаған Мақпал Ноғайбаева

Сурет: Freepik

19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген
15 қазан, 14:20
Армения - уақыт сынынан өткен жақын серіктес
30 қыркүйек, 23:28
Жұлдыз Сүлейменова: Жайбасарлыққа жол беруге болмайды!
30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс