Өткен жылы ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен, атап айтқанда, индустрия және инфрақұрылымдық даму, энергетика, сауда және интеграция, экология, геология, сондай-ақ табиғи ресурстар министрліктерімен бірлесіп, «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» ұлттық жобасын әзірлеген болатын. Бұл жоба жалпыұлттық басымдықтарды және елді дамытудың 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспарын іске асыруға арналды.
Ұлттық жобадағы бағыттардың ішінде отандық мұнайгазхимия кешенін дамытуға да маңыз берілген. Бұл бағытта сыртқы сұранысты қанағаттандыру үшін жоғары технологиялық мұнайгазхимия өндірістерін салу жоспарланған. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, мұнайгазхимиядағы жаңа жобалар елімізге 10,7 млрд доллар инвестиция әкеледі. Бүгінде ұлттық индустриалдық мұнайхимия технопаркінде 16 жоба тіркелген. Оның екеуі жұмыс істеп тұр. Екеуі салынып жатыр, 12 жоба дайындық үстінде. Министрдің сөзінше, мұнайгазхимияға жұмсалған 1 доллар 2-3 доллар болып қайтады. Мұндағы бір жұмыс орны қосалқы салаларда жеті жұмыс орнын құруға ықпал етеді.
Мұнайгазхимияны дамыту бағытында полипропилен өндірісі мен Қашаған кен орнының шикізатына негізделген газ өңдеу зауытын айрықша атауға болады. Атыраудағы газхимия кешені отандық мұнайхимия саласындағы жобалардың бірегейі саналады. Интеграцияланған бұл кешен бірнеше кәсіпорынның басын біріктіреді. Олар – полипропилен, полиэтилен, бутадиен мен синтетикалық каучук және полиэтилен пленка шығаратын зауыттар.
Таяу арада Атыраудағы полипропилен зауыты іске қосылғалы тұр. Еске түсірсек, өткен жылы кәсіпорынды шикізатпен тұрақты түрде қамтамасыз ету мәселесі түпкілікті шешіліп, «Теңізшевройл» компаниясы өндіріс ошағын пропанмен қамтамасыз ететін болған. Келісім бойынша, ТШО жыл сайын зауытқа 550 мың тонна пропан фракциясын теміржол арқылы жеткізіп тұрады.
Ал зауытта шикізатты пропанды сутексіздендіру қондырғысы арқылы пропилен шығара отырып өңдейді. Содан кейін полимерлендіру қондырғысында дайын өнім – түйіршіктелген полипропилен алынады. Айта кеткен жөн, бұл өндіріс ошағы елімізде толығымен цифрландырылған алғашқы кәсіпорын болмақ. Кешендегі барлық жұмыс процесі Атырау қаласында қашықтан басқарылады. Жұмыс ырғағын «ақылды» цифрлық бейнебақылау арқылы операторлардың басқаруына мүмкіндік бар. Ең бастысы, кешенде су үнемдеу технологиясы қолданылады. Мұнда суды салқындатудың тұйық циклы қолдынылады, яғни барлық ағын су тазартудан өтеді. Сөйтіп зауытқа тұшытылған, минералсыз, өртке қарсы пайдаланылатын су түрінде қайтарылады. Сол арқылы пайдаланылатын су мөлшерін едәуір азайтуға мүмкіндік туады.
Зауытта Теңіз кен орнынан жеткізілетін пропаннан полипропилен өндіріледі. Бұл – пластикалық жіптер, құбырлар, пленкалар, сөмкелер, медициналық және басқа да өнімдерді өндіруге арналған негізгі шикізат.
Отандық мұнайгазхимия саласындағы осынау алып кәсіпорын іске қосылған соң жыл сайын 629 мың тонна пропан өңдеп, 500 мың тонна полипропилен өндіреді. Күнделікті тұрмыста, сондай-ақ өндірістің көптеген салаларында қолданылатын отандық өнім ішкі сұранысты толығымен өтейді. Полипропиленге ішкі сұраныс 45-50 мың тонна. Өндірілген өнімнің қалған бөлігі сыртқа сатылады. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2030 жылға қарай әлем бойынша полипропиленге сұраныс жылына 100 млн тоннаға жетуі мүмкін. Полиэтиленге сұраныс жыл сайын орта есеппен 4 пайызға өсіп, жылына 160 млн тоннаны құрайды. Тек Қытайдың өзінде полипропилен мен полиэтиленге сұраныс 2037 жылға дейін 40 млн тоннаға жетеді деген болжам бар.
Зауыт іске қосылғаннан кейінгі бастапқы кезеңде полипропиленнің 11 маркасы шығарылады. Содан кейін біртіндеп өнім түрін 65-ке жеткізу көзделген. Полипропилен машина жасау, медицина, электротехника, құбыр, тұрмыстық техника өндірісінде кеңінен пайдаланылады. Жобаны іске асыру үшін Siemens, MAN, Mitsubishi, Honeywell сияқты әлемдік ірі компаниялар тартылып, құйылған инвестицияның жалпы көлемі 2,5 млрд доллардан асты.
Зауыттағы негізгі құрылыс былтырғы жылдың желтоқсан айында аяқталған болатын. Ал биылғы шілде айында Атырау қаласындағы біріккен газ-химиялық зауытында іске қосу-реттеу жұмыстарының бірінші кезеңінің біткені, зауытта технологиялық қондырғыларға пропан беру басталғаны хабарланды.
Қашағандағы газ өңдеу зауытының да құрылысы қарқынды. Бұл жобаға 1,25 млрд доллар жұмсалады. Кен орнындағы табиғи газды өңдеуге арналған зауытта жылына 1 млрд текше метр шикі күкірт газы өңделіп, одан 815 млн текше метр тауарлы газ және 212 мың тонна күкірт өндірілмек. Зауыт іске қосылған соң 1400 жұмыс орны құрылады.
Жаңа өндірістің артықшылығы көп. Біріншіден, елімізді газдандыру ісінде ресурстық базаны кеңейтуге септігін тигізеді. Екіншіден, отандық газхимия саласын дамытуға серпін береді. Үшіншіден, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосады. Сондай-ақ бірқатар технологиялық міндеттерді шешуге ықпал етеді. Өйткені ілеспелі газды кәдеге жарату мәселесі Қашағандағы мұнай өндірісін ұлғайтуға кедергі болып отыр.
Зауыт кен орнында шикізат қорын тиімді пайдалануға, сондай-ақ Атырау облысындағы экологиялық ахуалды жақсартуға септігін тигізеді.
Жыл соңына дейін Қашағанда екінші газ өңдеу зауытын салу туралы шешім қабылдануы мүмкін.
Гүлнар Ахметова