Ақтөбеде сегіз баланың анасы екенін айтқан Зоя Алмашева елден көмек сұрайды. Сексенге шыққан кейуана ұлының алдап кеткенін айтты, деп хабарлайды NUR.KZ.
«Біз отбасымызбен мұнайшымыз. Мұнайдың шыққанына қарай бізге жылына миллиондап ақша береді. Жылына екі-үш миллиондап алған кезіміз болды. Банке салуға қорқып, ақшаны өзімде ұстадым. Кеңқияқта қолымда тұрған балам 2013 жылы «Машина алайын деп едім, мама, сенде тиын бар, мен кейін қайтарамын» деп төрт миллион теңге ақша сұрады. Бердім. Кейін 2015 жылы тағы бес мың доллар сұрады. Өткен жылдан бастап сол баладан мен ақшаларды сұрай бастадым. Себебі, мен қалғандарына да бөліп беруім керек емес пе?», — дейді Зоя Алмашева.
Кейуананың айтуынша, баласы қарызын қайтармақ түгілі үйдің тіркеуінен шығарып жіберген.
«Қарызын беретінін айтып жүріп, мені үйдің тіркеуінен шығарып жіберіпті. Мен қазір қаладағы балаларыммен тұрамын. «Құдайыңа бар, ақша туралы ешқандай қолхат жоқ» деп балам өзіме жекіп жіберді. Қорғаушыға да бардым. Алаяқтық бойынша іс қозғауға болатынын айтып отыр. Қазақстанда баласы алдаған ана мен бірінші емес шығармын»,- дейді ол.
Қария отбасындағы түсініспеушілікті басқа балаларына БАҚ өкілдері арқылы жеткізгісі келетінін айтты.
«Басқа балаларыма ештеңе айтқан жоқпын. Бәрі білсін осы сендер арқылы. Баламның алды алпыс жастан кетіп барады. Жаман пальтомның үстімнен түсетін күні бар ма? Жаман орамалды алмастыратын күнім бар ма? Балаларымның барлығы мұнайшы, Астанада екі балам отыр. Олар да мұнай саласында жұмыс істейді. Мен бір баламнан қарызымды қайтара алмай жүрген жүрісім мынау», — деп күйінді Зоя Алмашева.