Кеңшілік ақын

23 желтоқсан 2016, 13:02

Адам тағдырындағы келеңсіздіктің көбі, әдетте, әр пенденің мамандық пен жар таңдауындағы қателіктерінен басталады деп жатады. Ал осы екеуінен жолы болған кісінің алдағы өмірінде айы – оңынан, жұлдызы солынан тумақшы…
Бірақ қалай болғанда да, таланттың Тәңірден екені белгілі. Сондықтан, біз әңгіме еткелі отырған шаһбаз шайыр Кеңшілік Мырзабеков кәсіп таңдауда көп бас қатыра қоймаған болу керек. Оның қаламға бейімділігін Алла тағаланың өзі-ақ ерте аңдатқан.

kenshilik-aga-1

 

«Кездейсоқ жерде көктеммен бүгін кездестім, екеуміз ғана – көрген жоқ оны өзге ешкім. Қаншама көктем шуағын бұрын көрсем де, қызуын бұлай сезбеппін бұрын. Сезбеспін»… Немесе: «Құлындай ғана шағыңда сенің, тұлымдай ғана шашың бар еді-ау. Қатар ойнаған қарындас едің, әлі бір гүлің ашылмап еді-ау», – деген ырғақтағы жырларды бозбала шақта-ақ жаза бастаған албырт мінезді, әсершіл жан Зинура жеңгеміздей асыл жарды қалайша дәл тапты екен? Бір қарасаң, қазақтың Зәкеңдей жарқыл-жұрқылы жоқ құба төбел ғана қызы аса сезімтал, талғампаз жігітті нендей сиқырымен баураған? Нендей қасиетімен ынтызар еткен? Біз осы сұрақты, көп қиналмай, Зинура тәтеміздің өзіне қоюды ұйғардық.
– Өзі де айтатын еді, «ел сені өте бір сұлуға санай қоймағанымен, ерекше тартымдылығың да жоқ емес қой. Кей жігіттердің қатты ынтыққанын да білемін; бекер қызғанбаған шығармын» деп. Базбір құрбыларым да: «осы саған Кеңшілік неге қызықты екен, тегінде, қарапайымдығыңды, беттен алып, төске шаппайтын жайлылығыңды жаратқан-ау» деуші еді. Расында да, көбінесе, біртоғалығым мен орнықтылығымды ұнатқан шығар. Шын жақсы көргені де рас. Негізінде, бүкіл ЖенПИ-дің қыздарының ішінен мені таңдап алғаны өтірік емес енді…
Жеңгей сыңғырлай күледі. Жайдарлығы, ақпейілдігі аңғарылып-ақ тұр.
– Бірақ маған өлең арнауға асыға қоймапты. Кейде айтатынмын ғой: «ана өзіңдей Серікбай (бір кездегі көршілері ақын Серікбай Оспанов. Қ.М.), бұрқыратып, Райханға күнде өлең жазып жатады. Сен маған арнап бір өлең жазбадың ғой» деп. Сонда: «Сен қалай түсінбейсің, менің өлеңдерімнің бәрі тек саған арналған емес пе!» деп ыржиятын. Соған кәдімгідей малданып, мәз болып жүре беретінбіз. Менің атымды атап жазған бір ғана өлеңі бар. «Зинураға» деген…
Айрықша дарын иесіне серік болып, оның ыстық-суығына төзудің өзі ерекше бір «өнер» болуы мүмкін.

Ақын Кеңшілік Мырзабеков 1946 жылы туған.
С.М.Киров (қазіргі әл Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
«Іңкәр дүние» атты тұңғыш өлеңдер жинағы 1972 жылы жарық көрді.
1987 жылы «Балалық шақ балладалары» атты өлеңдер жинағы үшін Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлықтың лауреаты атағы берілді.
Кеңшілік орыс ақыны Евгений Евтушенконың «Менің шешем және нейтрон бомбасы», «Фуку» атты көлемді поэмаларын қазақ тіліне аударды. Бұлар 1989 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді.
Кеңшілік Ағытайұлы 1989 жылы қайтыс болды.
Өлең жинақтары: «Іңкәр дүние» (1972), «Дүбірлі дәурен» (1976), «Көктем көкжиегі» (1978), «Сәруар» (1980), «Революция перзенттері» (1980), «Замандас сыры» (1982), «Ауыл мен астана» (1984), «Қасиетті қас-қағым» (1985), «Балалық шақ балладалары» (1986),«Дәуір – дастан» (1988),«Бір мысқал». Аталған жинақтар «Жалын», «Жазушы» баспаларынан шықты.
Таңдамалы өлеңдер жинағы: «Іңкәр дүние» – Алматы, «Жазушы» баспасы, 1989), «Жолға салдым көшімді» – Астана, «Елорда» баспасы, 2002), «Менің мұңым – махаббат» – Алматы, «Атамұра» баспасы, 2003).

zinura-7
– Ақын адамға жар болу жеңіл нәрсе емес. «Табиғи апат» деген ұғым бар ғой; тәрізі, ақын жаратылысы да осыған ұқсас құбылыс. Шығармашылық адамының от пен судың сұрапыл ағыны іспеттес аумалы-төкпелі мінезіне шыдау, діттеген ойынан шығу, бабын таба қою деген оңайға соқпайды. Оның үстіне сегіз жылдай пәтерде тұрдық. Қиындықты бір кісідей көріппіз. Кеңшілік сері жігіт болған соң тұрмыс тауқыметін бәлендей сезіне де қоймаған болар. Ал маған ауырлау соққаны рас. Үй шаруашылығының салмағы, негізінен, өзіме түсті. Және де пәтер таңдап жүруге уақыты да болған жоқ. Ондай іске мүлде қырсыз да еді ғой. Баспана туралы жағдайын айтып ешкімнің алдына бармады да…
Әрине, үйсіздік-күйсіздік Кеңкеңді де іштей күйзелткен шығар. Оңашада мұңайған, торыққан сәттері де кездесуі заңды. Әйтсе де, қиналғанын білдіре қоймаған. Және о заманда кезегің жетсе, баспаналы болу үміті бар-тын. Кейінірек Алматының қақ төрінен кең сарайдай сол үйді алды да. Бірақ бұдан шеберлік шыңына құлшынған ақынның жұмыс ырғағы ширай түспесе бәсеңсімейді. Бұл тұста әбден шыңдалған қаламгер белгілеген асулар бұрынғыдан да биіктей береді. Күнделікті газет-журналдардағы алашапқын қызметі де шығармашылық күшті сүлікше сорады-ау. Сол себептен, «Муза-арумен» тек түнделетіп қана «мұңдасып, сырласып» тұруға тура келген.
– О кезде күндіз жағдайы бола бермейтін. Баспасөз саласындағы жұмысы да ауыр. Сондықтан, жеке шығармашылықпен кешкі сегізден бастап түнгі екі, үшке дейін айналысу – дағдысына айналған. Кейде бір сәтті дүниелері туған кезде рахаттанады да: «Міне, бір тәуір өлең жазып бітірдім. Қарашы!» деп үш болсын, төрт болсын, оятып алады. Қалғып, шұлғып отырып тыңдайсың. «Қалай екен?» деп сұрайды. – «Жақсы екен. Керемет!» дейсің. Расында да, тамаша. Кемшілігі жоқ сияқтанады. Жарасқанмен көрші тұрдық. Шөмішбай Сариевпен етене араластық. Соларға да қоңырау шалып, сиясы кеппеген жырын оқуға кіріседі. Немесе кейде: «Үйіңде 100 грамм бар ма? Қазір барып өлең оқып беремін» деп солардың үйлеріне кетіп қалады. Достары да бұл әдетіне үйренген. Кейде өздері де топырлап бізге келеді. Ас үйде отырып, таң атқанша күркіреп өлең оқып, сол жерден жұмыстарына жөнелуші еді…
Бұл ретте бізді ақынның шығармашылық лабораториясы да қызықтырмай қоймайды.
– Өлеңді бір жазса, тоқтамайды. Әсіресе, баллада жанрындағы дүниелерін аяғына шыққанша тыпыр етпей ұзақ отыратын. Бір күні көршіміз қонаққа шақырды. О кезде «Тастақ» жақта пәтерде тұратын едік. Ертеңгісін Кеңшіліктің әлдебір шығармасына кіріскенін аңдағанмын. Жолдасыңның ойланған-толғанғанын, әлдебір қиялдың терең иіріміне түскенін анадайдан-ақ аңғарасың ғой. Әлден уақытта үйден шығатын шақ та таянған. Қонаққа барарда аздап болсын жуынып-шайынып, айнаға қарауға да уақыт керек емес пе. Мен де тықыршып, қайта-қайта сағатқа қарағыштап, мазам кетуге айналды. Күйеуімнің қозғалар түрі жоқ. Есі-дерті – өлеңінде. Жазу үстелінің басында қағазына шұқшиып әлі отыр, әлі отыр. Бір мезгілде шақырған кісі өзі кіріп шықты. Бөгелгенімізге шыдамаған сияқты. Сіздерді ғана күтіп отырмыз дейді. Қатты ыңғайсызданамын. «Қазір, қазір» деген Кеңшілігім және жылжымайды. Әлден уақытта әлгі адамның балалары келіп кетті. Кеңкең қозғалмады. «Қазір, қазір…». Өлеңімді тез бітіре қояйын деп ойлаған шығар. Қысқасы, екі сағаттай кешігіп бардық. Үй иелерінен: «Осындай өлең жазып ем, кішкене отырыңқырап қалыппын, сөге-жамандай көрмеңіздер» деп кешірім сұрап жатыр. Жиналған жұрттың ренжудің орнына: «Ойбай-ау, оқысайшы!» деп серпіліп, дуылдай жөнелгені де таңырқатты. «Әубәкір туралы элегия» деген өлеңі екен. Өзіне тән мәнерімен рухтанып, қанаттанып оқыған сәтінде айнала төңірек асқақтап, жарқырап кеткендей әсер туды. Әне, сондай-сондай шабыттанатын кездері жиі болып тұратын еді. Кейде айтатын: «Өлең өзінен-өзі құйылып, жазылып кетті» деп…
Ақындардың әдетте арындылау, асаулау келетіні белгілі. Кеңшілік ақынның «Мінезім» деген өлеңінде:

– Өзімді-өзім жеңе алмай
жүрген бір кезім,
Жеңе алмауыма себепші –
бірден-бір өзім.
Өзімді-өзім кінәлап
салыстырамын,
Қабілетім кімнен кем еді,
кімнен мінезім?

Бойымда барды ұқсатып
жарата алмаған,
Өзім ғой, өзім,
дұшпан жоқ оқ атар маған.
Дұшпаным жоқ деу, әрине,
аңғалдық болар,
Тышқанның мұрнын адалмын қаната
алмаған.
Адалдығыңнан не пайда?
Әрекет етер – қаракет жасай
алмаса қара көтерер.
Ақ көңіл сенің айтқыштық
мінезіңді де,
Астарлап алып біреулер пәлеге теңер.

Еркелігіңді біреулер есерлік дей ме,
Өзіңе сену өзіңе кесел жүктей ме?
Ығына қарай уақыттың иіле берсе,
Біреулер соны заманға
төселдік дей ме?

Заманға сонда жаялық,
төсеніш болса,
Есебін білсе, ешкімнен есеп ашпаса,
Өзгерсе заман біз-дағы
жалт береміз бе,
Бүгін басқаша едік қой,
кеше басқаша…

Заманға менің өкпем жоқ,
қоғамға тағы,
Өкпемнің бәрін таңбаймын
адамға тағы.
Жеңе алмай жүрген өз-өзін мен бе
екем жалғыз,
Білмейді-ау көбі, сол мені
алаңдатады.

Өзімді-өзім жеңе алмай
жүрген бір кезім,
Іздеймін кейде мен сондай
күндердің өзін.
Өзімді-өзім жеңемін,
өлемін бір күн, –
өлтіре жаздап жүр ғой мені
құрғыр мінезім, –

деген жолдар бар.
Әйткенмен де, Кеңшілік ағаны біз де көргенбіз, соншама адуын мінезді емес сияқты еді. Әлде кішіпейіл ақын өлең буған кездегі алып-ұшқан, алабұртқан, буырқанған, бұрқанған, толқып-тасыған құдіретті сәттерін байқатпай ма…
– Мінезді болмаса болмайды ғой ақынға. Әрине, аса бір асаулыққа, шектен тыс қиғаштыққа бара қоймайтын. Десек те, әлдекімнің біреуге көлгірсігенін, жағымпазданғанын, не болмаса өтірік айтқаны сияқты жағымсыз әдеттерін көргенде шыдамай кететін. Әлгінің бетіне айтып тастайды. Ел ішіне, ауылға барғанда да, егер біреу ұнамаса, мейлі, ол қандай лауазым иесі болсын, өрескел ісін сол жерде айта салатын. Еш уақытта ертеңгі күнім қалай болады деп жалпақтамайтын. Сондай-ақ біреуге барып аға, көке деп жалынған кездерін де көрген емеспін…
Сөйткен өркеуделеу, тәкаппарлау келетін ақындар ел-жұрты, атамекені дегенде ет-жүрегі елжіреп, жайылып сала беретіні де қызық.

Қыз – жалғыз, біз екеуміз…

– Кеңшілік екеуміз бір қызға ғашық болыппыз. Тоғызыншы сыныпта жүрген кез-тін. Қызғаныш деген «қызыл иттің» әлегімен әлгі бойжеткенге бола қақтығысып та қалып жүрдік. Біз сүйген қыз өте әдемі, ибалы болатын. Және сабақты жақсы оқитын еді. Әке-шешесі мұғалім кісілер.
Күн сайын қас қарая сол үйдің қақпасын күзеткен сәттер есте. Қыз шықпайды. Бір жолы кезекті мәрте сенделіп бос қайттық. Түнде маған бір ой келді. Досым ұйықтап жатқан сәтті пайдаланып ғашығымды көріп қайтайын, мүмкін шығып қалар деп түйдім. Барсам, қақпа алдында селтиіп Кеңшілігім тұр. Тағы жұлқыластық.
Ертеңіне білдім, Кеңшілік сол күні таң атпай қайтадан барып, қызбен тілдесіп үлгеріпті. Үш рет қолын алып, өзін «мен – ақын Кеңшілік Мырзабековпін» таныстырыпты. Кейін сол қызға арнап «Махаббаттың күйі ұрланды» деген өлең жазды.
Әрине, бұл – бейкүнә балдәуреннің аяулы бір сәттері ғой. Сол кездің әсері ақын сезімін ұзақ әлдилеген де шығар. Дегенмен, тіршілік біздің

zinura-apaj

Сені сүйеді екенмін
(Зинураға)

Күнім шыққан сәскеге –
мезгіл шаңқан,
…Сені сүйеді екенмін, сездім, қалқам.
Мені сүйсең, «жоқ-барға» мойындамай,
Уайымдамай, уақытша,
төзгін, қалқам.

Төзгін, қалқам, шалғайда,
шетте жүріп,
Сағынышқа сарғайма, көп беріліп.
Назырқасаң босатып буынымды,
Өкпек желдей жеткіз бір өкпелі үміт.

Өкпек желдей есілген сендегі үміт –
Өрге сүйреп шаршаған мендегі жүк.
Бөліп жұтқан бөлменің ауасындай,
Арқалаймыз екеуміз теңге бөліп.

Тағдыр бізге жазылып қойған жырдай,
Салдың ірге қанатын
жайған жылдай.
Қолаң желдей қазымыр үміттерің,
Қоймайды екен қазылтып ойландырмай.

Маған таудай үмітті кез қыл, қалқам,
…Сені сүйеді екенмін, сездім, қалқам.
Мені сүйсең, бір ауыз тәтті жырдың,
Толғағына бір ауық төзгін, қалқам!

– Кеңшіліктің көп өлеңі ел мен жер, халықтың тағдырына қатысты келеді. Соғыстан кейін туған ақын-жазушылар шығармаларының әсерлі келетіні бұлардың сол тұстағы өмір ауыртпалығын өз көздерімен көріп, өзі бастан кешкендіктен бе екен. Қаны сорғалаған шындықты ғажап жеткізеді ғой бұлар. Әйтеуір, ылғи да туған ауылын сағынып жүретін. Елге барып келгенде керемет көтеріліп, желпініп қалады. Жақсы туындылары да, бәлкім, сондай шақтарда жазылатын. Және бір ғажабы, арада төрт-бес ай өткеннен кейін ауылды қайта аңсай бастайды. Өмірі, сәл қалт еткенде, сол шалғайдағы жұртшылығының жырын айтып, тебіреніп отыратын…
Жан әлемі терең, бірде бала, бірде дана ақын өз перзенттерінің кәсіп таңдауына да көңіл бөлген болар. Кеңкең қандай әке еді өзі?..
– Отбасында да оғаш мінез көрсеткен емес. Балаларға ұрсу деген әдетінде жоқ. Тәрбиелеймін деп жөнді-жөнсіз әрі тұр, бері отыр дегендей қақпайлап, ұл-қызына жайсыз қарайтын адамдарды білеміз. Кеңшілік ондайға бармайтын. Көп жәйтті ақырын ғана, ретімен түсіндіреді. Балаларымен қалжыңдасуды ұнататын. Амангелді алтыншы-жетінші класқа келгенде бірдеңелерді жазуға ниеттенді. Орысша. Олжас Сүлейменовке еліктеді. Мектепте «Слово о полку Игорове» атты конференцияға арнап шағын баяндама дайындағаны есімде. Сонда әкесі: «Балам, сен енді, орыс әдебиетін дамытпай-ақ қойсайшы. О жағынан Олжас ағаң да бар ғой. Сен қазақша жазуға дағдылан!» – деп ескертті. Кейінірек ана тілінде түрлі мақалалар жаза бастаған баласына қатаң талап қойып, баулығаны бар. Амангелді мамандық таңдаған кезде: «Журналистика деген жақсы сала ғой. Өзің де бірталай нәрселер жазып көрдің. Қай қоғамда, қай заманда да тілшілер қажет. Сондықтан, осы бағытты таңдағаның жөн» деп ақыл қосты. Содан үлкен ұл КазГУ-ге түсті. Бірақ папасы Амангелдінің журналист болғанын көре алмай кетті. Екінші курстан Армия қатарына аттанған-ды. Сонда жүргенде әкесі қайтыс болды…
Кеңағамыздың кіші ұлының аты – Мағжан. Тәрізі, заңғар ақын құрметіне қойылған есім. Бұл баласы – сәулетші. Тегінде, бүкіл өмір, оның ішінде, Өлең әлемі де ғажайып сәулеттен тұрмай ма… Ол жағынан келгенде, кейде, Кеңшілік ақын алғашқы сыншысы, зайыбы Зинурамен ой бөлісіп отыруды ұнатқан.

kenshilik-aga-8
– Кеңшілік кейде алдағы уақытқа белгілеген үлкен жоспарларын айтатын. Әлі күнге дейін есімде, қайтыс болар қарсаңда: «Мен қазір өлеңді қалай жазуды білемін. Бірақ, негізінен, не туралы жазу керек екенін, қандай тақырып таңдау қажеттігін енді-енді ғана нақтылай бастағандаймын» деп ағынан жарылғаны бар. Амал не, өзінің керемет бір шарықтау шегіне жеткен тұста кенеттен үзіліп кетті. Қырық екі жасында дүниеден өтті…
Байқап жүретініміздей, базбір замандастары Кеңшілік өмірі келте болғандықтан да сүбелі тақырыптарға көп бара алмады, кең көсіліп жаза алмады деп мүсіркеуге бейімдік байқататындай. Ол рас, Кеңкең ерте кетті. Бірақ ол қысқа ғана ғұмырында айшықты мәнер, қайталанбас қолтаңбасы арқылы қазақ поэзиясы деңгейін жаңаша көркемдік белеске көтерген таңғажайып дарын иесі екенін дәлелдеп, артына мол мұра қалдырып үлгерген еді. Тұтас шығармашылығына талдау жасамай-ақ, ақынның жөппелдемеде есімізге түскен «Апа, сен ерте қартайма», «Төлеутайдың төрт қызы», «Шалғында», «Анар», «Көшу», «Жолда», «Ақ көйлек», «Түбіт бөкебай», «Боз бие немесе тың көтерілген жыл» сынды жекелеген жырларының өзінен керемет суреткерлік үлгісін көрер едік. Сол секілді «ФЗО-ға кеткен жеңешем», «Сарыөзек сағыныш», «Біржан сал, Қоянды жәрмеңкесі», «Иманжүсіп» секілді поэмаларынан да қазақтың бай тілі қанына сіңген шалқар шайырдың тосын әуен, бөлек ырғақ, айрықша тынысын аңдап, тамсанасыз. Әйткенмен, мұндай сәтте амалсыз күрсінеді де екенсің. Жеңгей де сәл жабырқап қалады:
– Бір күні, әлдебір жамандықты сезді ме екен, жазу үстелі мен қолжазбаларын, қабырға толы кітаптарын көрсетіп: «Ертең мен олай-бұлай болып кетсем, осыларға ие боласың» деді мұңайғандай кескінмен. Мен: «Неге олай дейсің?! Қырықтан жаңа ғана астың ғой. Жаман сөз айтпашы!» деп, біртүрлі тіксініңкіреп қалдым. Жайсыздау түс көрген сияқты. Бірақ оның не түс екенін маған ашып айтпай кетті…

Құлтөлеу МҰҚАШ

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала