jasqazaq.kz

Каспийдің қос жағалауын тоғыстырған ырысты ынтымақ

21 қазан, 20:25

Осыдан тура жеті жыл бұрын Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі белгіленді. Талқылауы мен пысықталуы 20 жылдай уақыт алған осы құжаттың өмірге келуіне екі мемлекеттің сіңірген еңбегі ерен. Бұлар – ежелгі Хазардың екі жағасын жайлай қоныс тепкен Қазақ пен Әзірбайжан елдері. Тұйық теңіздің жаңа мәртебесі екі ел арасындағы байламы берік саяси, экономикалық және мәдени қарым-қатынастың жандануына ықпал етті. Әсіресе, ғаламдық геосаяси ушығып, оның зардабы сауда-экономикалық байланысқа соққы боп тигенде, әлгі құжат өзінің тиімділігін сан мәрте дәлелдеді. Бұл ретте баламалы һәм оңтайлы көлік дәлізіне айналған халықаралық ТрансКаспий бағытын айрықша атап өткен абзал. «Орта дәліз» деп те атайтын көлік-логистикалық күретамырға ілгеріде тоқталамыз.
Қазақ елі сыртқы саясатта Қап тауының күнгейіндегі осы елмен ырысты ынтымақтастықа жете мән береді. Бүгін Астанада бауырлас мемлекеттердің басшылары Стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынас туралы шарттың қол қойылғанына тура 20 жыл толуына орай Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сапар барысында екі ел президенттерінің төрағалығымен Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысы өтті. Жиында көлік, логистика, цифрландыру, отын-энергетика кешені мәдени-гуманитарлық ынтамақтастық мәселелері талқыланды. Келіссөздер қорытындысы бойынша, бірқатар саланы қамтитын 15 құжатқа қол қойылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Әзірбайжан президенті Илхам Әлиевпен жүргізген келіссөзде дос әрі бауырлас елдер арасындағы байланыстың түрлі салаларда серпінді дамып жатқанына тоқталды. Қ. Тоқаев, осы орайда, Әзірбайжанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты және саяси серіктестікті нығайту аса өзекті міндет екенін атап өтті.


«Бүгінде Қазақстан дамудың жоғары деңгейін көрсетіп отыр» — деп, еліміздегі реформаларға жоғары баға берген И. Әлиев ресми Бакудің барлық бағыттағы ықпалдастықты нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

Ғаламдық геосаясатта бағыты бағдарлас, ұстанымы ұқсас қос мемлекет басшыларының жүздесуінде сауда-экономикалық қарым-қатынастарды тереңдету жайы көбірек сөз болды. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев тараптардың өзара сауда айналымын жақын арада екі есе өсіріп, 1 млрд долларға жеткізу жөнінде уағдаласқанын хабарлады. Іскерлік қарым-қатынасты дамытуда бірлескен Инвестициялық қордың қосар үлесі қомақты болмақ. Тікелей инвестиция құюға мүмкіндік беретін осы қордың капиталы 300 млн долларды құрайды. Жоспарланған жобалар арасында бірлесіп трансформатор шығаруды көздейтін өндіріс ошағының құрылысы да бар. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастықтың келешегі зор. Әзірбайжандағы іскерлік басылым – trend.az сайты жазғандай, биылғы алғашқы бес айдың (қаңтар-мамыр өзінде) Қазақстаннан осы елге 450 мың тонна астық жөнелтілген. Бұл ақшаға шаққанда 95 млн долларды құрайды. Сондай-ақ Әзірбайжан өз аумағы арқылы көрші Арменияға тауар тасымалдауға қатысты барлық шектеулерді алып тастады. Іле-шала Армения экономика министрі Геворг Папоян Ақтау-Баку бағыты арқылы Қазақстан астығы өз еліне жеткізілетінін хабарлады.
Міне, осы Ақтаудан теңіздің арғы бетіндегі Бакуге жүк тасымалын қамтамасыз ететін Халықаралық Транскаспий теңіз бағыты (ХТТБ) Астанадағы келіссөзде басты тақырыптың біріне айналғаны анық. Екі ел басшыларына әлемдік инфрақұрылымдағы осы ғаламат жоба бойынша жан-жақты мағлұмат берілуі де бекер емес. Әлемдік дейтініміз, тасымал мерзімін анағұрлым қысқартып, шығынды да соғұрлым азайтатын «Орта дәлізге» көптеген мемлекеттер ықылас танытып отыр. Көрсеткіштерге сөз берсек, өткен жылы Шығыс пен Батысты бір-біріне жалғайтын осы бағытпен жүк тасу көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 млн тоннаға жетті. Сарапшылар ендігі меже 10 млн тонна дейді. Бұған Ақтауда құрылысы жүріп жатқан контейнер хабы мен Алят портында (Әзірбайжан) салынатын жүк терминалы да септігін тигізеді. Сонымен қатар, бүгінгі келіссөзде жүк экспортына арналған жаңа Транскаспий паром жүйесін құру мәселесі де талқыланды.
Ұлы Жібек жолын жаңғыртқан Транскаспий бағыты халықаралық саудада қазірдің өзінде тиімді дәліз екенін дәлелдеп үлгерді. Әзірбайжан Милли Межлиси (Ұлттық Мәжіліс) экономикалық саясат және кәсіпкерлік комитеті төрағасының орынбасары Әзер Бадамовтың айтуынша, күретамырдағы төрт мемлекеттегі (Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия, Түркия) 20 логистикалық және айлақтық оператордың бірігуі тасымал уақытын 38-ден 19 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Сарапшы қауым Орта дәліздің бір тармағына айналуы тиіс Зангезур өткелінің келешегі зор деген пікірде. Айта кету керек, биылғы тамызда АҚШ президентінің мұрындық болуымен Вашингтонда кездескен Әзірбауағдаласты.йжан мен Армения басшылары аталған бағытты ашу жөнінде уағдаласты. Ақ үй қожайынының есімі берілген «Трамп жолы» (The Trump route) атты бұл дәліз Арменияның Сюник облысындағы 40 шақырымдық өткел арқылы Әзірбайжанның Нахичеван өлкесіне, одан әрі Түркияға ұласуға болады. Жоба жүзеге асса, Орта дәліздің ұзындығы 600-700 шақырымға қысқарады. Шығын да 10-15 пайызға азаяды. Бұл, әсіресе, теңіздегі сауда жолдарынан жырақта жатқан Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін де тиімді болмақ.
Біз сан қырлы Қазақ-Әзірбайжан қарым-қатынасының бір парасына ғана тоқталдық. Осының өзі бауырлас екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың келешегі кемел, көкжиегі кең екенін көрсетеді.

Срайыл Смайыл

Сурет: aqorda_resmi

 

21 қазан, 20:25
Каспийдің қос жағалауын тоғыстырған ырысты ынтымақ
21 қазан, 18:34
Салық саясатындағы өзгерістің күнгей тұсы
21 қазан, 17:56
Қазақстанның бітімгершілік миссиясының шежіресі
21 қазан, 11:15
Агроөнеркәсіпті дамыту – мемлекетті нығайтудың көрінісі
20 қазан, 15:45
Уран өндірісінде заманауи технология мен инновацияның маңызы зор
17 қазан, 12:01
Алматыда «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша көше тазалаудың жаңа форматы енгізіледі
16 қазан, 18:24
Алматыда коммуналдық техника паркі жаңартылып, жаңа қар ерітетін кешендер ашылып жатыр
16 қазан, 16:33
Медеу ауданында тұрғындардың өтінішімен 280 метрден астам баспалдақ жаңартылды
16 қазан, 16:13
Дархан Сатыбалды ауа сапасын бақылау мен заңсыз қоқыс орындарын жоюды тапсырды