Елбасы Н.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында кәсіптік білім беру мәселесіне барынша басымдық беру қажеттігіне айрықша назар аударды. Осыған орай «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырылуда. Жоба еліміздің бірқатар аймағын қамтиды. Бүгінде арнайы бағдарлама бойынша республикамыздағы 800-ден астам колледжде 101 мыңға жуық жастар оқып жатыр. Бұған қоса қысқа мерзімді курстарда 61 мың адам алғашқы кәсіби білім алып жүр.
Осы аптада Орталық коммуникациялар қызметінде білім және ғылым министрінің орынбасары Асхат Аймағамбетов еліміздің 5 өңірінде тегін техникалық білім беруге арналған жылжымалы оқыту кешендері өз жұмысын бастағанын мәлім етті. Пилоттық жоба ретінде енгізілген жылжымалы оқыту құралы студенттерді 5 түрлі мамандыққа баулиды. Яғни ниет білдірген адам 6 айда аспаз, шаштараз, дәнекерлеуші сияқты жаңа мамандықты игеріп шығады. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде 1 мың 850 мобильді топ құрылып, олар түлектер арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Жоба ұзақ және қысқа мерзімді оқыту жүйесі бойынша жұмыс істейді. Ілкімді бастама нәтижелі болса, келер жылы барлық облысты қамтиды. Асхат Аймағамбетов «Біз уақытқа байланысты жаңа мамандықтарды классификаторға енгізіп отырамыз. Осы мақсатпен биылғы жылы оған 28 мамандық және 130 біліктілік бойынша өзгеріс енгіздік. Оның ішінде бұрын болмаған жаңа мамандықтар да бар», — деді. Бұдан бөлек еліміздің бірқатар өңірінде кәсіби-техникалық білім алуға мүмкіндік жасалған. Астана қаласы бойынша 1000-нан астам шәкірт тегін кәсіби-техникалық білім алуда. Жобаға 9-сыныптан кейін қатысуға болады. Бұдан бөлек жоғары оқу орнына түсе алмағандар үшін де мүмкіндік бар. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жоба талай талапкердің ынта-ықыласын арттырып, үкілі үмітін оятты. Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы Мұқасан Тілеуқұл елордадағы колледждің бірінде электр энергиясымен жабдықтау мамандығы бойынша білім алып жүр. Жалпы мұнда арнайы бағдарлама бойынша жолдамамен келген 50 бала білім алып жатыр. Оның 25-сі қазақ тобында қалғаны орыс бөлімінде оқиды. Олардың алаңсыз білім алуыма бар жағдай жасалған. Бір мезгіл ыстық тамақ беріледі. Баспана мәселесі де шешіліп қойған. Колледж директоры Зулфухар Гаиповтың айтуынша, оқу мерзімі 9-сыныптан кейін 2 жыл 10 ай. 11-сыныптан кейін 1 жылдан астам уақыт. Астанада бүгінде электр мамандары, дәнекерлеуші, құрылысшы, автомеханик, аспазшылар мен тау-кен саласындағы жұмысшыларға сұраныс жоғары. Мамандардың айтуынша, өндіріске, әсіресе инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін талабы таудай жастар ауадай қажет. «Тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы Атырауда да іске асырылып жатыр. Аймақта бәсекеге қабілетті жұмысшы мамандарды даярлау, өңірдегі еңбек нарығын толықтыруда техникалық кәсіптік білім беру саласына айрықша мән беріледі. Жалпы облыста кәсіби-техникалық білім берумен айналысатын мемлекеттік және жекеменшік негізде жұмыс істейтін 25 колледж бар. Бұл оқу орындарында 17 мың 200-ге жуық студент бала білім алып жатыр. Аймақтағы кәсіби-техникалық білім беру ұйымдарының ішінде ерекше мәртебе ие, облыс қана емес, республика көлемінде үлгі етуге болатын білім беру ұйымдарының бірі – Жоғары техникалық колледж. Білім беру жүйесі толықтай халықаралық оқу бағдарламасына негізделген колледжде 800-ге жуық студент білім алып жатыр. Қазіргі таңда отандық еңбек нарығында жұмысшы мамандықтар жетіспейді. Мемлекеттің баршаға бірдей алғашқы кәсіби білімді тегін беру жобасы осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жүзеге асырылып жатыр. Жұмыспен қамту мәселесі де оң шешімін табады деген жоспар бар. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарлама көршілес елдер немесе алыс шетелдерден келетін еңбек мигранттарының ағынын тоқтатуға да септігін тигізеді.
Зарина Кибаева