Кәсіпкерлікті қолдау экономиканы нығайтады

26 қыркүйек, 14:24

Ел экономикасын өрге бастыратын саланың бірі – шағын және орта кәсіпкерлік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, мемлекеттің қамқорлығы қашанда бола беретінін қаперге салады. 2029 жылға қарай шағын және орта бизнестің ел экономикасына қосар үлесін 15 пайызға жеткізу жүктеліп отыр.

Былтыр қыркүйек айында Ақордада отандық бизнес өкілдерімен кездескен Мемлекет басшысы жеке бастамаларға қолдау көрсетіле беретінін атап өткен еді. Сонымен қатар Президент мемлекет пен билік арасында «қоғамдық шарт» жасаудың да маңызы жоғары екенін атап өтті. Мемлекет қашанда отандық кәсіпкерлікті дамытуға қамқорлық танытады, жеке меншіктің құқығы қорғалуына кепілдік береді. Ал бұның өтеуіне салық төлеп, экономиканы өрістеуге инвестиция құйып, жұмыс орындарын ашып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуі тиіс. Шағын және орта бизнесті дамыту арқылы отандық кәсіпкерліктің күре тамырына қан жүгірте аламыз. Статистикалық зерттеудің нәтижесіне сүйенсек, кейінгі жеті жылдың ішінде елдегі жалпы ішкі өнімнің артуына шағын және орта бизнес өкілдерінің қосқан үлесі жоғары екенін аңғарамыз.

Сондай-ақ елімізде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба жүзеге асырылып келеді. Осы атаулы жоба шеңберінде жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында яғни 21-35 жас аралығындағы жастарға конкурстық негізде микрокредит беру қолға алынды. Одан бөлек, былтырдан бастап кәсіп ашамын деген жандар үшін болмаса ашқан кәсібінің іргесін кеңейтіп, шаруасын дөңгелетем деген жандарды қолдау бағытында 2,5 пайызбен де несие беріледі. Мұның барлығы да мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдауға деген қамқорлығы.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда, әсіресе, шалғайдағы халықтың әл-ауқатын көтеру ісінде қола алынған ауқымды жобалар өзінің ілкімділігін дәлелдеуде. Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Сарыбел ауылының тұрғыны Ерік Құсайынов — аталған жобаның шарапатын көріп отырған кәсіпкер. «Былтыр осы отандық кәсіпкерлік қолдау жобасына қатысып, төмендетілген пайызбен 6 млн 500 мың теңге мөлшерінде несие рәсімдедік. Екі жыл каникул берілді. Бүгінгі күнде ауылдан 4 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отырмыз. Негізінен көрпе жастық, төсеніш өндіреміз. Шүкіршілік, ауданнан алғаш болып осы тігін цехын ашқандықтан да басқа облыстардан, тіпті Қырғызстаннан келіп біздің ісмерлеріміздің қолынан шыққан өнімдерге тапсырыс беріп алып кетіп жатыр. Қыз жасауынан бастап, үйге қажетті көрпе, жастыққа сұраныс жоғары, себебі бәрі табиғи материалдан жасалады. Кәсіп бастаймын деген жанға мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлық көп, тек жүрексінбей тәуекел етіп бастап кету керек. Біз де осы тігін цехын ашарда ұзақ ойландық. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылына Қытайдан көшіп келген қандас бауырларымызбен танысып, солардан тігін цехының қыр-сырын меңгердім. Жалпы Атажұртқа оралған қандастарымыздың арасында осы қолөнер шеберлігін атадан балаға мирас етіп сақтап келе жатқан жандар жетерлік. Сол азаматтардың қол еңбегі жоғары бағаланып, жасаған бұйымдары қашанда сұранысқа ие», — дейді.

Кәсіпкердің жұбайы Минура Қасымжанқызы «Бастау бизнес» жобасы бойынша арнайы тағылымдамадан өтіп, сертификат алған. Сөйтіп өз қаражатымен басталған шаруаға мемлекет тарапынан 2,5 пайызбен несие берілуі орасан қолдау болған. Ерік Нұрмұқайұлы несие қаржысына «Giu jing» автоматтандырылған аппаратын сатып алыпты.

Өзін-өзі жұмыспен қамтитын жандар біртіндеп қосымша жұмыс көзін ашып, тұрғындарды да тұрақты жұмысқа қабылдап, әлеуметтік ахуалын жақсартуға септігін тигізетіні сөзсіз. Ерік ауылдағы үйінің ауласынан салған шағын цехын ұлғайтуға да ықыласты. Бұл жөнінде аудандық әкімдікке де барып кеңестер алыпты. «Біздің үйіміз ауылдың ортасында болғандықтан, жүн жуып, кептіретін, тазалайтын цех салуға мүмкіндік болмай отыр. Сондықтан шикізатты яғни түтіліп, тазартылған жүнді Талдықорған, Алматы қалаларынан сатып аламыз. Келешекте кәсібіміздің ауқымын кеңейтсек дейміз. Замандастарымызға да, кейінгі толқын жастарға да айтарым кәсіп бастаймын деген азаматқа мемлекет әрқашан қолдау көрсетеді. Біз көбінесе бейхабар болып, тереңдей білмегендіктен де жүрексіне береміз», — дейді кәсіпкер.

Ерік Құсайынов сынды істің қырын білетін, шаруаның көзін таба алатын жандардың еңбегі әрқашанда еленіп, бағалануы тиіс. Өйткені отандық кәсіпкерлікті дамыту шағын және орта бизнес өкілдеріне қолайлы жағдай туғызып, қамқорлық көрсетуден бастау алады.

Айта кетейік, отандық кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жобалар негізінен өңдеу саласын, өсімдік шаруашылығын, ауыл шаруашылығы кооперативін жабдықтау, мал шаруашылығын дамыту сынды бизнес жобаларды қаржыландыруға бағытталған. Шағын несие мерзімі 5 жылға дейін берілсе, мал шаруашылығын өрістетемін деген жандарға 7 жылға дейін 2,5 пайызбен беріледі. Шағын несиенің ең жоғары сомасы — 8,6 миллион теңге. Ал зәкірлік кооперация, шағын және орта шаруа қожалықтары, ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін 27,6 миллион теңгеге дейін несие беріледі.

Ерік Нұрмұқайұлы мал шаруашылығын жандандыруға ұмтылғандарға да айрықша қолдау көрсетілетінін, ол үшін істің тетігін тауып, білек түріне еңбек ету қажет екенін атап өтті.

Қуан Көшек

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?