«Кәсіпкерлік — Қыранның жолы. Өйткені қыран бүркіт өзінің қалаған асын ғана жейді. Өмір несін ұсынады деп емес, өзіме не қажет соған жетемін деумен ғана өмір сүреді. Таңдауынан ешқашан бас тартпайды. Жолында кездескен қиындықтан да тайсалмақ емес. Кәсіпкерлікте дәл осы қасиетті қажет етеді» — деді Аманжол Рысмендиев өз кітабының тұсаукесерінде.
Сондай-ақ «Қыранның қайсарлығы қазақтың қанында ертеден келе жатқан іріліктің айқын дәлелі. Қайтпас мінезімен тіпті мемлекеттік туымыздан орын алған. Осылайша екеуі егіз ұғым іспеттес. Сізде өз ісіңізді өрге домалатқыңыз келсе, қыран секілді қалауыңызды қағуға ғана талпыныңыз, әрекет етіңіз, нәтиже шығарыңыз» -деген кәсіпкер бұл жолғы кездесуін де жалынды сөздерімен бастады.
«EST» корпорациясының президенті, халықаралық деңгейдегі трансформациялық бизнес-тренер, мотиваторлық оратор, бизнесмен Аманжол Рысмендиевтің кезекті еңбегі « Кәсіпкерлік құпиясы. Жетістікке бастар 7 нақты қадам» деп аталады. Бір қуантарлығы «Кәсіпкерлік құпиясы» –Қазақстандағы тұңғыш қазақ тілді бизнес-кітап. Бұл жетістікке жетіп, көшбасшы боламын деген әрбір жан үшін таптырмас оқу құралы болмақ.
Мотивацияға толы жиынға эстрада жұлдыздары, танымал кәсіпкерлер, БАҚ өкілдері және қонақтар қатысты. Жиылған жұртқа кезекті шығармашылығын таныстырған автор, кітап ішінде кәсіпкерлік жайында барлық сұрақтың жауабы жазылғанын жеткізді. Сондай-ақ дұрыс қолдануға тиіс ережесі мен қағидасын, құпиясын ашуға барынша тырысқандығын, адам бойындағы қателік пен жалқаулық, олқылықтарды жеңіп, өз-өзін реттеуге бағытталғандығын алға тартты.
Алғашқыда кәсіп дегенді «алып-сату» деп түсінген бизнесмен, арнайы сырын ұққысы келіп, түрлі айла-тәсілі мен түсіндірмесін көп іздегенін айтты. Барлық кәсіпкердің берген жауабы- берілмеу, еңбектену, армандау деген сөзге қанағаттанбаған Аманжол жұмысқа білек-сыбана кірісіп, жеке-жеке жүйелей түсіндіруді жөн көрген. Осылайша жетістіктің 7 нақты қадамын айшықтап, нұсқаулығы мен нақтылығын дәлелмен көрсете білген.
Атап айтар болсақ, Алғашқы қадам қалыптасу. Яғни кәсіпкердің тұлға болып қалыптасуы, әрекеті мен мінезін дайындай отырып, қабылетін шыңдай түсуі. Табу бөлімінде өзіңіздің жаныңыз қалаған іспен айналысуға жол ашу, яғни тауар мен қызмет түрін табу. Әріптес мен серіктес іздеу.
Келесісі, жарнама мен маркетингке назар аударып, клиент шақыру, барынша пиар жағын қадағалау. Бұған қоса, арнайы жасалатын жұмыстың жоспарын құрып, тауар мен қызметтің өтімділігін бақылау. Ары қарай дамыту және ұстау, қаржыландыру. Басқару және көшбасшылық жайында кітапта көптеген кеңестер айтылып, жігерлі сөздермен рухыңызды оятуға ықпал жасайды.
Бүгінде кәсібін нәсібіне айналдыра білген кәсіпкердің бұдан өзге «Өрлеу», «Өзіңді оят», «Кризистен шығудың 7 жолы» деген еңбектері жарық көрген. Бұлар да өмірдің түрлі қиындықтарын жеңіп, жетістікке жетуге көмектесетін мотивациялық кітаптар тобы. Әрине жас та болса бас болып жүрген Аманжол Рысмендиевтің бұл әрекеттері мақтауға тұрарлық дүние. Қазіргі уақытта «алма піс, аузыма түс» деп бос жүретін жастарымыз осындай ұлдардан үлгі алса дейміз ау. Өйткені елдің, ұлттың болашағы ой-сана мен білімнің ұлылығымен ғана өлшенетін заман.
Салтанат Шырынхан