
Еліміздің экономикалық әл-ауқаты мығым болмағы ішкі нарыққа, өнеркәсіпке тікелей байланысты. Сондықтан Үкімет кәсіпкерлікті қолдау шараларына бей-жай қараған емес. Мысалы, былтыр жеңілдікпен қаржыландыру шараларымен 26 мыңнан астам бизнес жоба қамтылса, оның жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге жуықтаған.
Биыл кәсіпкерлерді жеңілдетілген несиемен қамту тетіктері тағы көбейді. Мысалы, микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне уәкілетті операторды («Даму» қоры) қатыстырмай-ақ несие беру мүмкіндігі туды. Мұнда несие кәсіпкерге екінші деңгейлі банктерге субсидия беру лимиттерін портфельдік әдіспен айқындау арқылы беріледі. Субсидияланатын кредит сомасы 200 млн теңгеден аспайды. Сыйақы мөлшерлемесі – 12,3 %. Несие беру мерзімі – 3 жылға дейін.
Негізі елімізде шағын және орта бизнесті қолдаудың басты тетігі – «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Даму» қоры арқылы үйлеседі. Қор арқылы кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиеден бөлек, кепілдік және субсидия түрінде қолдау қарастырылған. Жеңілдетілген несие беретін бағдарламалардың негізгі операторының ішінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ бөлек, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бар. Олар қаржыландыруды екінші деңгейлі банктер арқылы іске асырады. Ал бұл банктер қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылау және мониторинг жүргізу функцияларын орындайды. Қаражат ең алдымен, нақты сектор кәсіпкерлеріне және қолдауға ең мұқтаж деген өңірлерге бағытталады.
Осылайша, мемлекеттік көмектің нақты мұқтаж жандарға жетуін қамтамасыз етеді. Ендігі кезекте несие көбіне қай саладағы кәсіпкерлерге тиеді, деген сауал көпке қызық болар. Бұл сұраққа Экономикалық зерттеулер институты Бәсекелес ортаны зерттеу орталығының бас сарапшысы Нұрбай Батырбек былай жауап берді:
«Жеңілдетілген несиелеу экономиканың басым секторларын қамтиды. Атап айтқанда өңдеуші өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, туризм және басқа да салалар бар. Оның ішінде жұмыс орындарын құруға және отандық өнім өндіру көлемін арттыруға бағытталған жобаларға ерекше назар аударылады. Мұндай қолдауға сұраныс ауылдық жерлерде жоғары. Себебі кәсіпкерлер көбіне кепілзат пен қаржыландыруға қолжетімділіктің тапшылығын сезінеді. Әрине, бұл ретте қала кәсіпкерлері несиелендіруден тыс қалып қойды деп айта алмаймыз. Мәселен, қазір қалаларда бизнесті жаңғырту мен цифрландыруға арналған жеңілдетілген несиелерге қызығушылық артып келеді»,– дейді сарапшы.

«Даму» қорынан сұраған ақпаратты басшылыққа алсақ, маусым айынан іске аса басталған «Өрлеу» бағдарламасы кәсіпкерлерді қолдаудың тағы бір үлкен мүкіндігіне айналып үлгерген. Бағдарлама аясында инвестициялық жобалар мен айналым қаражатын толықтыру үшін 10 жылға дейінгі мерзімге 12,6 % мөлшерлемемен несие алуға болады. Несиелендіру соммасы – 7 млрд теңгеге дейін. Осы уақытқа дейін, нақтыласақ, санаулы айда «Өрлеу» бағдарламасы бойынша 392 млрд теңгеге кәсіпкерлік субъектілерінің 1 095 жобасы қаржыландырылған. Тағы бір жаңалық, бүгінде «Даму» қорының базасында екі кепілдік беру қоры құрылған. Олардың негізгі бағыттары – өңдеу өнеркәсібі, көлік, қоймаға жинау және білім беру қызметтерімен байланысты. Шын мәнінде кепілдік беру қорлары мемлекеттік қаражатқа тәуелділікті біршама төмендетуге және банктердің өтімді құралдарын тарту есебінен қаржыландыруды қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Биыл 9 қазанға дейінгі жағдай бойынша 1-ші кепілдік беру қоры шеңберінде құны 281 млрд теңге болатын 1 618 жобаға қолдау көрсетілген. Оның ішінде кепілдіктер сомасы 154,4 млрд теңгені құрады. Ал 2-ші кепілдік беру қоры бойынша құны 7,1 млрд теңге болатын жобаға қолдау көрсетілсе, оның ішінде кепілдіктер сомасы 2,8 млрд теңгені құраған.
Бүгінде жеке кәсіпкерлікке 117 мемлекеттік қолдау шарасы көрсетіледі екен. Оның ішінде 76 қаржылық шара, 3 мүліктік қолдау шарасы және 38 қаржылық емес қолдау шарасы қамтылған. Байқасаңыздар, шағын және орта бизнесті қолдаудың бір емес, бірнеше тетігі бар. Олардың шарттарын бір мақалада түгел қамти алмасымыз анық. Егер кәсібіңізді кеңейтуді ойлап, жеңілдетілген несие алуды көздесеңіз «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ жүгіне аласыздар. Әрине, қыруар қаражат жүрген жерде жұмыстың барынша ашық болғаны, неселенің шын мұқтаж жандарға тигені маңызды. Бұл ретте кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын жүйелеу және ашықтығын арттыру мақсатында мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай тізілімі құрылғанын айта кеткеніміз жөн. Тізілім «Baqylauda» ақпараттық платформасында орналасқан. Бұл құрал кәсіпкерлерге қолжетімді қолдау нысандарын оңай анықтауға және бір цифрлық терезеде ақпарат алуға мүмкіндік береді. Ал Үкімет мұны іске асырылатын шаралардың тиімділігін бағалау үшін қолданады.
Арман Ибрагим