Кәсібімен нәсібін тапқан

10 қыркүйек, 12:48

Әлфия Ғалижанқызы Бекчентаева өз кәсібін ашқанға дейін бес жыл бойы супермаркетте ет бөлімінде жұмыс істепті. Кейін жалдамалы жұмыстан жалығып, ет нарығын зерттей бастайды.

«Күндердің күнінде біреудің емес, өзімнің кассамдағы ақшаны санағым келетінін түсіндім. Ет өнімдерінің толық ассортименті бар өз дүкенімді ашуды армандап, тұтынушы мен нарықты ұзақ зерттедім. Супермаркеттің ет бөлімінде жұмыс істеп жүргенімде ет сүрлеуді, тұздауды, кәуап маринадтауды, шошқа майын баптауды, тұтынушылармен әңгімелесу тәсілдерін – бәрін-бәрін үйреніп алдым», — дейді кәсіпкер әйел.

2021 жылдан бері өз дүкенінде ет өнімдерін сатумен айналысатын Әлфия Бекчентаева «Қарызсыз қоғам» жобасы туралы әлеуметтік желі арқылы біліпті.
Оқу оқығанға дейін оның орташа айлық табысы 300 мың теңгенің ар жақ-бер жағы ғана болған екен. Үнемі ізденіс үстінде жүрсе де, сатып алушыларды қызықтыру үшін түрлі ет өнімдерін жасауды қолға алса да, тасы өрге бір домаламай-ақ қойыпты.

Мәселен, бұған дейін ол дүкен ашу үшін жалға алған ғимараттың төлемақысын, ай сайынғы шығындарын жаба алмай қаламын ба деп жиі алаңдайтын. Тауар жеткізіп берушілермен де есеп айырысу бір мұң еді. Сол үшін ол кәсіпкерге қажетті білімді әр жерден іздеп, оқудан еш жалыққан емес. Ал «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша оқи бастағанда, өзіне керегін бірден тапқанын айтады. Осының арқасында ол кәсібіндегі қиындықтардың көбі нақты талдаудың жоқтығынан екенін түсінген. Кәсіпкер әйел осы жоба арқылы өзін ұзақ жылдар бойы толғандырған сұрақтарға жауап тауып, бизнес жүргізудің қыр-сырын үйренді.
Табысты арттыру, ақшаны үнемдеу, кәсіпті кеңейту, өз дүкенін ашу жолдары туралы сұрақтарға дайын жауап көкейінде бірден сайрап сала берді. Кейін ол өзі құрған бизнес-жоспарын сәтті қорғап, теория жүзінде алған білімін іс жүзінде көрсете білді.

«Мен екі рет қаржы сарапшысының жеке консультациясын алдым. Содан кейін бизнестен түскен пайданың 20 пайызын айына екі рет депозитке салып отырамын деп шештім. Соның нәтижесінде кәсібім өрге қарай жүзе бастады. Мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы білдім. Кейін 5 миллион теңгелік грант алу үшін конкурсқа қатысуға шешім қабылдадым. Сарапшымен бірлесіп, бизнес-жоспар да құрдық. «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша оқуды мамыр айында оқығаныммен, әлі күнге дейін сарапшылармен байланыстамын. Олар өз тыңдаушыларына бір жыл бойы қолдау көрсетеді. Сол үшін алысым шексіз», — дейді кәсіпкер келіншек.

Арнайы оқуды аяқтаған соң Әлфия Ғалижанқызы өз кәсібінің күн сайынғы кірісі мен шығысын есептеуді қолға алғанын айтады. Оған, әсіресе, ақшаны ақылмен жұмсау, күн сайынғы сатып алуларды талдау тақырыбы ұнапты. Көптеген шығындар мағынасыз, тіпті зиянды екенін ұғыныпты. Алдына мақсат қойып, соған жету жолдарын ай сайынғы жоспарына енгізуге де мән берген. Бұған қоса, ол оқудан соң қарымы кеңейіп, тереңірек ойлау қабілеті ашылғанын айтады.
Сонымен қатар бизнесіне түрлі талдаулар жасап, күшті және әлсіз тұстарын, тәуекелдерін анықтап, нәтижесінде бүгінгі күні табысын екі есе арттыруға қол жеткізе білді. Бүгінде ол «Күміс жас» бағдарламасы бойынша қызметкерлерді жұмысқа қабылдап, еңбекақыдан үнемдеу арқылы өз ісін одан әрі дамыта түсті.
Жалпы курсты жүргізетін оқытушы-жаттықтырушы Дмитрий Шледевицтің айтуынша, биыл «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша 3800 солтүстікқазақстандық қаржылық сауатын арттырған. Жыл соңына дейін тағы 2 000 адам оқу курсына қатысып, заңгерлік және тәжірибелік ақы-кеңес алады деп жоспарланып отыр.
Аталған жоба аясында несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған ауыл тұрғындары, қарызы бар және оны төлеу мерзімін өткізіп алған азаматтар, мемлекеттен жеңілдікпен несие алуға үміткер кәсіпкерлер қаржылық сауатын арттыра алады. Сонымен қатар отбасы бюджетін жүргізу, шығындарды басқару, тиімді шарттармен несие алу, алаяқтардан қорғану жолдары үйретіледі. Бұған қоса қаржы сарапшылары тыңдаушыларға өз кәсібін ашу үшін бизнес-жоспар жасауға көмектеседі, жеке ақыл-кеңес береді.

Бұл жобаның қолға алуға тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыруға жәрдемдесу қажеттілігі түрткі болды. Қоғамда қалыптасқан жағдайды талдау көрсеткендей, бүгінде шамамен 1,5 миллион қазақстандық банкротқа ұшыраудың алдында тұр, 6 миллионнан астам адам өз несие қарыздарын уақтылы төлемейді. Сондықтан азаматтарды қолдау мәселесі мемлекеттің маңызды міндеті болып табылады. Оқуды оффлайн-форматта біліктілігі жоғары қаржы сарапшылары 5 күн бойы жүргізеді. Бір топқа 30-50 адам қабылданады. Бұл өз кезегінде қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқатына оң әсер етпек.

Роза ШӘКЕНОВА,
Солтүстік Қазақстан облысы

26 желтоқсан, 17:55
Пәлен жерде алтын бар. Барса...
23 желтоқсан, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?