Кәсіби журналистика. Нақты қадам

20 ақпан 2023, 16:19

Сөзден іске көшу. Әріптестеріміздің біліктілігін арттыратын орталықтың құрылуын осылай бағалаған абзал. Өйткені тілші қауымның шеберлігін шыңдау, сауатын арттыру, ақпарат кеңістігіндегі бәсекеге төтеп беру, тақырыпқа тереңдей алмай, әр нәрсенің басын үстірт шалатын дилетанттықтан арылып, шынайы әрі нағыз салалық журналистикаға бет бұру, медиа саласына маман дайындауда саннан сапаға көшу қажеттігі көптен бері айтылып та, жазылып та келеді. Біз де пікірімізді білдіріп, ұсынымызды ортаға тастағанбыз.

Міне, кеше төл министрлігіміздің мұрындық болуымен бұл істе алғашқы қадам жасалды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек Қазақстан қоғамдық даму институтында MediaLab журналистика орталығын ашты.

Министрлік былтыр күзде өткен Astana Media Week форумында білім мен тәжірибені бір арнада тоғыстыратын әмбебап медиа ордасының ашылатынын жария еткен. Осыны еске салған Дархан Қыдырәлі аталған орталықтың медиа тұтыну паттерндеріне (үлгі) ғылыми тұрғыда зерттеу жүргізу, журналистердің, әсіресе аймақтағы журналистердің біліктілігін арттыру, сондай-ақ, салалық журналистиканы жетілдіру, баспасөз хатшыларының кәсіби дағдыларын дамыту сияқты шаруамен айналысатынын атап өтті.

Бұған қоса, орталық жұмысына студенттерді де тарту, ең үздік кітаптар мен оқулықтарды қазақ тіліне аудару көзделіп отыр.
Қазақ баспасөзінің (журналистика) бағын жандыруы тиіс бәтуалы бастаманы қызу қолдай отырып, бір-екі ауыз пікірімізді білдірсек дейміз.

«Бөдене сойса да, қасапшы сойсын» дейтін нақыл бар,  яғни кез келген іске білгірлер келуі тиіс. Сол сияқты кәсіби шеберлерді шыңдайтын медиа ұстаханасына біздің кәсіптің қазанында қайнаған практик-журналистер көбірек тартылса, құба-құп. Бұл, әсіресе, отандық БАҚ-тың осал тұсына айналып бара жатқан ақпарат, сарапамалық мақала, журналистік зерттеу, репортаж сияқты жанрлардың жандануына ықпал етеді. Осылардың арасында бүгінгі медиаға ең көп қолданылатын, қысқа да нұсқа, сауатты да жатық тілмен жазылатын ақпаратқа сұраныс көп. Баяғыда бірге жұмыс істеген жазушы ағамыз «Бірнеше роман, талай повесть жазып едім. Хабарды он жолға сыйғыза алмай, дәл бұлай қиналмап едім» деген-тұғын.
Бүгінгі жас тілші қиналып жатпайды. Баспасөз хабарламасын (пресс-релизді) алып, сол күйінде бере салады. Содан болар, сайт пен телеарнадағы ақпарат пен сюжеттің мазмұны да, үтір-нүктесі де бірдей. Ал әлемдік тәжірибеде, медиасы ілгері кеткен елде хабар (ақпарат) дайындаудың өз дәстүрі, өз қалыбы бар. Кім? Не? Қашан? Қайдан? Не үшін? Неліктен? – деген секілді бірнеше сауалға жауап береді. Міндетті түрде дерек көзі көрсетіледі. Мәліметтің қайнар көзі болса, әрі ол расталса, журналисті ешкім жауапқа тарта алмайды. Әрі шындыққа сүйенген ақпарат өтірікке (fake news) тосқауыл қояды. Көп мағлұматтан қысқа ақпарат жасау оңай емес. Сондықтан жанрдың осы түріне машықтануды нақты мысалдармен үйрететін оқулықтар бар. Ғаламның түкпір-түкпіріне хабар тарататын Түркияның «Анадолу» ақпарат агенттігіне жұмысқа тұрғанда сондай «киіз кітапты» бізге де берген. Мұндай нұсқаулықтың тек теорияға, нақты практикадан қол үзіп қалған журналистика факультетіндегі ұстазға да, шәкіртке де пайдасы зор.

Жалпы, жоғары білім және ғылым министрлігі болашақ журналистерге арналған оқу бағдарламасын електен өткізіп, бүгінгі медианың талабына бейімдеуге, өндірістік тәжірибеге басымдық беріп, сол арқылы толыққанды маман дайындауға мән бергені жөн. Әйтпесе, мемлекет пен ата-анадан (ақылы бөлім) қыруар қаржы алып отырған жоғары оқу орындары саны көп, сапасы жоқ «дипломхана» болып қала беруі мүмкін.
Кәсібімізге дендеп еніп жатқан әлгі «паттерн» сияқты халықаралық терминдердің мағынасын қарапайым тілмен, мысалмен түсіндіріп беретін сөздік те ауадай қажет. Сондай-ақ шетел авторларының кітабын аударғанда ақпарат құралында жұмыс істегендердің еңбегіне басымдық берілсе. Бұлай дейтініміз, Америкада ең мәртебелі Пулитцер сыйлығы иегерлерінің көбі журналистік зерттеу жанрында қалам тербегендер.

Ақпарат кеңістігінде өршіген бәсекеге төтеп береміз десек, алддымен ұлттық қайнардан нәр алуға тиіспіз. Сондықтан әлемдік тәжірибемен бірге отандық журналистика мектебін терең зерттеу керек. Бұл орайда баспасөз, телевизия және радиода өшпес із қалдырған саңлақтардың жазу мен сөйлеу өнері бүгінгі тілшіге таптырмас үлгі -өнеге. Қайталанбас қолтаңбасымен әрқайсысы шеберлік мектебіне айналған Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Марат Қабанбай, Диас Омаров, Нұртілеу Иманғалиұлы, Бейсен Құранбек сықылды журналистика алыптарының тұтас бір шоғыры бар. Солардың мақаласын, телевизиялық хабарын немесе радио очеркін талдап, стилі мен ерекшелігін сипаттап беретін оқулық пен көрнекі құрал көптеп шығарылса ғой, шіркін.

Отандық журналистикада қордаланған түйін көп. Бір жақсысы, сөзден іске көшіп жатқан жайымыз бар. Күмәнсіз, «MediaLab» бұл бағыттағы нақты қадамның бірі.
«Шеберлікті шыңдайтын мектеп һәм зертхананың шапағаты көпке тисін!» деп тілейік.

Срайыл Смайыл

30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс
30 қыркүйек, 19:47
Мал шаруашылығы – өрісті сала
30 қыркүйек, 16:35
Қазақстан - АҚШ: Инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары
30 қыркүйек, 16:04
Түркістан: Жастарға заңгерлік кеңес берілді
30 қыркүйек, 16:03
Түркістан: Қылмыс пен жаза
30 қыркүйек, 13:20
Түркістан: Полиция жастар мен жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді
30 қыркүйек, 12:55
Назерке Тәнекеева: Қолдау бар. Тек тәуекел етіп, кәсіп бастау керек
29 қыркүйек, 22:52
Су үнемдеудің сәтті тәжірибесі
27 қыркүйек, 16:46
Түркістан: Жан-жақты іс-қимыл - мал ұрлығына тосқауыл