Карантиндегі қақпан

07 тамыз 2020, 9:51

Тоқсаныншы жылдардың аяғына дейін елдің қай ауылында болмасын, жарық жөнді берілмейтін. Әсіресе, қыстың боранды күндері жиі өшеді. Амал жоқ, әсіресе, біз балалар, май шамға телміреміз. Одан жалыққан соң ханталапай, тығылмақ ойнайсың. Тіпті болмаса ертегі тыңдайсың. Осылайша, жарық қайта жанғанша іш пыстырмаудың жолын іздейсің.

Қазіргі қатаң карантин де маған сол жылдардың көрінісін көз алдыма әкелгендей. Қайтерін білмей қажыған көпшілік қал-қадерінше, шектеу шеңберінде бірнәрсе істеуге тырысып бағуда. Әрине, құптарлық қадам. Бірақ осы кезеңнің өзінде жұртты ұршықша иіріп, өзіне имандай сендіріп, қарыз ұйығына батыратындар қаптап кетті. Ең сорақысы — онлайн түрде. Тіпті түрін көрмеген адамға кейін шағымданып, зая кеткен ақшаңызды даулау мүмкін емес. Түсінікті болу үшін бәрін басынан баяндайын.

Қайбір күні дүкенде ескі танысыммен жолығып қалдым. Көптен көрмегесін әлеуметтік ара қашықтықты бір сәтке ұмытып, құшақтаса амандасып, жөн сұрастық. Әңгіменің «әлқиссасын» карантиннен қажығанынан бастады. «Бірақ соңғы апта дәл осындай қаржы қолбайлау кезде ақша табудың көзін таптым» деп көсілді. Өзі сауда орталықтарының бірінде сатушы болып жұмыс істейтін. Пандемия кезінде жұмысы уақытша тұралаған. Мен де не кәсіп екенін білгім келіп қызығушылық таныттым. Сөйтсем, кәдімгі ватсап желісінде ақша еселеуге үгіттейтін топтар бар екен. Танысым сол жақта белсенді. Қаржы табудың құрылымы бір қарағанда қарапайым. Чаттардың біріне қосыласың. Өздері құрған тізімге тіркелесің. Алғышарт сол тізімнің басында тұрған адамға орташа 3000, болмаса 5000 теңге (әр чаттың бәсі әртүрлі) аударасың. Бірінші тұрған клиент бес адамның ақшасын жинағасын тізімнен ығысып, екіншісіне ақша аудару басталады. Осылай кете береді. Өз кезегің келгенде саған да басқалар қаржысын құяды. Сайып келгенде 5000 теңгемен тіркеліп, 25 мың теңгені қалтаңа басасың. Бір қарағанда не деген батпан құйрық деген ойға кетесің. Бұлай оңай ақша еселеуге дәніккендер ал келіп, дос-жаран, туған-туыстарын чатқа қосылуға үгіттейді. «Құр жатпай ақша табайық», «қашанғы айлыққа қараймыз» деген секілді ұрандарымен тіптен кімді де болса сендіретіндей. Жастықтан басын көтермей «алма піс, аузыма түс» дейтіндерге бұл таптырмас кәсіп сияқты боп көрінеді. Чаттың қанатын кеңге жаюы артынан еретіндердің неғұрлым көп болуына тікелей байланысты. Тура талайды зар жылатқан пирамида жүйесі айна-қатесіз қайталанып тұр. Оны қаперіне алып жатқандар болса қане? Байыбына бармай, «байимын» дегендерге қолындағы тиынын еселеу басты орында. Ал соңынан ергендердің ертең сан соғып қалуы мүмкін-ау деген ой еш мазаламайды.

Күмәнді чаттың жұмысы, ақша қалай еселенетінін, оған ерген адамдардың психологиясын түсіну үшін мен де клиент ретінде тіркелдім. Чатқа қосылғаным сол, құдды туысым, досымдай «қош келдің» деп жылы лебіздерін жаудырды. Тіпті «осы жүйеге кірген сендей бақытты адам жоқ, кейін басқалары уақытында қосылмағандарына өкінеді» деген сыңайда әңгімені өрбітті. Дым білмегендей мен де жайлап сұрақтарымды қойдым. «Ақшаның еселенетініне кім кепіл береді?», «Бір жағдай болса оған кім жауап береді?» «Нақты қанша уақытта ақшамды еселеймін?» деген негізгі сұрақтарды төтесінен қойдым. Сөйтсе, ешкім ешқандай кепілдік бермейді. Бұл жерде қаржының көбеюі мұндағы клиенттердің күн сайын қосылуына байланысты. Қандай да бір жағдай болса оған да ешкім жауапты емес. Оны ақшаны әртүрлі есепшотқа аударумен байланыстырды. Ал ақшаның қанша уақытта еселенетініне де қатысты нақты дедлайн жоқ. Ол да клиенттердің белсенділігіне қарай. Сонда мұндай күмәнді болса да чаттарға жұрттың жаппай тіркелуін қалай түсінуге болады?

Инстаграмдағы парақшамда «осындай топқа қаржысын құйып, алданғандар бар ма» деген сауалнама жүргіздім. Жауабы көп күттірмеді. Елдің, әсіресе, батыс өңірінен аузы күйгендер лек-легімен жазып жатты. Бірнешеуіне қоңырау шалып тілдестім. Біреуі басында 3000 мың теңгесін 15 мың етіп көбейткенін айтты. Кейін делебесі қозып, қолындағы барын салған. Бірақ күтпеген жерден оны чаттан шығарып жіберіпті. Содан кейін барып алданғанын түсінген. Шағымданайын десе кімге арыз жазарын, олардың нақты кім екенін де білмейді. Екінші бір зейнеткер келінімен ақылдасып, жаңа теледидар алу үшін зейнетақысын толығымен ватсап топтағы есепшоттарға аударған. «Түк жоқ. Жиырма төртінші желтоқсанда салғам 20 мың теңгені, квитанциям қолымда тұр бәрі. Сендім де салып жібердім. Чатқа жаздым да талай жеріне. Қарағым-ау сонда мына халықты, қарт адамдарды алдай беруге рұқсат па бұл қалай?» деп мұңын шақты. Қартты жұбатуға сөз табылмады. Үнсіз қалдым. Салдары түсінікті. Ол да опық жеді. Бұл зейнеткердей күйінгендер көп. Аңқаулық жасап, алданғандар жүзін көрсетуден қашады. Аузы күйгендердің бірсыпырасы ақшасын қайтару үшін өзі түскен орға өзгелерді сендіріп сүйрейді. Чатта орташа жиырма админ болады. Жаңадан кіргендерді ауыз аштырмай иландырып, көз жұмып қаржысын беруі үшін жан-жақтан үгіттейді. Қазір мұндай чаттардың санында есеп жоқ. Көрпесіне қарай көсілетіндер шамасына қарап біреуіне кіреді. Ақшасын береді. Еселенгенін күтеді. Бірақ Балқантауда алтын түгілі, бақыр да жоғын тек соңында біледі. Әттең, кеш.

Айта берсе, мұндай мысалдар жетіп артылады. Електен өткізсе, шаң қапқандардың дені – тұрмыстық жағдайы ортадан төмендер. Алданғандардың арасында ауқаттылар жоқтың қасы. Олар мұндай күдікті қаржы көлшігіне аяғын аттап баспайды да. Айналып келгенде, бұл жүйені бүге-шігесіне дейін зерттеп, ұйымдастырғандардың көздегені бес теңгесін жүз теңге етем деген айлығы шайлығына жетпейтін халықтың бір тобы.

Чатта отырып, сондағы адамдардың бірімен бейнебайланысқа шығуға келістім. Ә дегеннен, «еш ойланба», «менде де сендей күдік болған», «бәрі жақсы болады» деген жылы сөздерін жаудырды. Бұл жүйенің басында кім тұр деген сұрағыма жауап бере алмады. Қайта «басыңды қатырмай іске кіріссей, нең бар онда» деп өзіме ұрсып салмасы бар ма. Өзі осыған дейін тапқан табысын жіпке тізді. Сөзіне сенсем, үш айда жинаған қаржысы миллионға жуықтаған.

Тек соқыр сенімге негізделген мұндай топтың табыс табу тәсілі пирамидаға ұқсас. Бір адам тағы төрт клиент табуға міндетті. Ол төртеудің артынан он алтысы келеді. Осылайша кете береді. Бірақ түптеп келгенде басында тұрғандар қаржыға қарқ болып, соңындағылар опық жеп, құйған ақшасы күйіп кетеді. Бұл ойымды экономист Мақсат Халық та құптады: «Дағдарыс басталған кезде елдің, халықтың жағдайы нашарлай бастаған кезде бұндай алаяқтық жолмен ақша табатындардың қатары артады. Сондықтан да бірден айту керек, ақшаны беріп жатқан кезде ол екі есе, үш есе қайтарып береміз деген сөз болса, демек одан міндетті түрде сақтанған дұрыс».
Құзырлы органдар күмәнді чаттардың жұмысын бақылауға алғанын жеткізді. Кінәсі айқындалғандар жазадан құтылмайды. Қанша адамды қан қақсатқан «Гарант Ломбард-24» көбін ойландырғандай еді. Алайда сабақ болмаған секілді…

Асқарбек Қазанғап

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген