Табаны тек асфальтқа тиетін, қос-қос дипломы, лауазымды қызметі мен су жаңа көлігі бар. Бірақ қарапайым халықтың тыныс-тіршілігінен, әсіресе, ауыл өмірінен мүлде бейхабар. Егер әлдекім бүгінгі ірі шенеуніктің бет-бейнесін сипаттауға бел буса, осы теңеуге жүгінері анық. Бұл пікірдің жаны бар екеніне парламенттегі жиында көз жеткізетін болдық. Айта кеткен жөн, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин үкіметтен министр немесе оның орынбасары әкелген заң жобасын әбден електен өткізеді. Әр іске мемлекеттің, халықтың мүддесі тұрғысынан қарайды. Бір қайнауы кем, шикілігі көп құжатты «өткізе саламыз» деп келгендердің жолы болмайды. Шенеунік дайындықсыз келсе, өткір сұрақтарға жауап бере алмай, қара терге түседі.
Бұл жолы да солай болды. Спикер Мәжіліс отырысында талқыланған Экологиялық кодекс жобасының бірқатар нормаларын қатты сынға алып, қайта пысықтауды тапсырды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ұсынған кодекстің жаңа жобасында мал шаруашылығымен айналысатындар үшінші топқа жатқызылыпты. Олардың қолындағы төрт түлігі мен үй құсы 100 бастан кем болса, оны жариялауы тиіс. Қоршаған ортаға тигізетін зиянын көрсету үшін. Олай етпеген жағдайда, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қазіргі талап бойынша, мұндайлар рұқсат берілген санатқа жатады. Министрлік жаңа кодекс арқылы олардың жария етуін жоспарлапты.
Жобамен танысқан Нұрлан Нығматулин бұл талапты «ақылға қонымсыз» деп бағалады. Сөйтті де сұрапыл сұрақты жаудырып жіберді: «Егер мен сізді дұрыс түсінсем, бұл жерде әңгіме тек жеке кәсіпкер ғана емес, ірі қара немесе ұсақ бас малы немесе қорасында үй құсын ұстайтын ауылдың кез келген тұрғыны жөнінде болып тұр. Сондай қалай болады? Мәселен, Қарағанды облысындағы Ұлытау ауданының тұрғынының 5-10 тауығы бар делік. Ол соны жария ету үшін табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына баруы тиіс. Басқарма облыс орталығында, яғни ол 700 шақырым жерге сабылып, бес, тіпті бір тауығы болса да, көрсетуі керек. Солай ғой?».
Министр кодекс жобасында осындай талап бар екенін алға тартты. Мәжіліс төрағасының пікірінше, жобаны дайындағандар әлгі талапты нақтылап көрсете алмаған. Ол «100-ден кем дейді. Мұны 99 деп те, 1 деп те қабылдауға болады. Бір үйір жылқы мен бір тауық қоршаған ортаға қандай зиян тигізеді? Айырмашылығы бар ғой? Бұл жерде ірі қара, жылқы, үй құстары деп, әрқайсысына жеке-жеке тоқталу керек еді. Осындай норманы оқып отырғанда, амалсыз мынадай ойға келесің: жобаны дайындаған адам ауылда болды ма екен? Болмаған сияқты. Егер ондай маманды 2-3 айға ауылға жіберсе, ол тауықты сиырдан ажырата алар еді. Бұған не айтасыз, министр мырза?» деп сауалды төтесінен қойды. Мағзұм Мырзағалиев ауылға баруға дайын екенін білдірді.
– Дайынсыз ғой? Жақсы. Кодексті қабылдаған соң міндетті түрде ауылға барып қайтыңыз, Мағзұм Маратұлы. Сіздер ауыл шаруашылығы министрлігіндегі әріптестеріңізбен бірге бұл мәселені шешіп алыңыздар», – деді спикер.
Осыдан кейін ауыл шаруашылығы вице-министрі Руслан Манатаевтан білімі және агросектордағы жұмыс тәжірибесі туралы сұрады. Жауап таңқалдырған жоқ.
«Бәрі түсінікті. Егер ол (Руслан Манатаев – ред.) халықаралық қатынастар маманы болса, сиырды, жылқыны, тауықты қайда білсін. Құжатқа осындай талаптар жазылса, ауылда тұратындар қалай жұмыс істейді?».
Тым қиын сауал. Ауылдағылар ғана емес, барлық жұртты ойландыратын жәйт. Анау -мынау емес, білдей бір мекеменің тізгінін ұстап жүрген мақтаулы мамандарымыздың біліктілігі мен кәсіби деңгейі осылай күмән тудырып жатса, «көсегеміз қалай көгереді?» дейтін тағы бір сұрақтың құлағы көрінеді.
Талап Тілеген