Күләш Сығай: «Әшекең романтик емес еді…»

11 наурыз 2017, 10:07

Оның жүрегі театрмен егіз болатын. Талай дүлдүл оның сынынан қорқып, сөзінен сескенетін. Ол өмірден өткен кезде қазақ театр өнері сын сардарынан айырылды. Тірі болғанында биыл 70 жылдық мерейтойын тойлайтын еді. Десе де өзі кеткенімен, көзін көрген қауым оның еңбегін елеп жүр. Біздің әңгімеміз Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, театр сыншысы Әшірбек Сығай туралы екенін сезіп боларсыз. Мерейтой алдында жары Күләш апаймен сұқбаттасқан едік.

 Сәлеметсіз бе, апай! Қалыңыз қалай? Бүгін өзіңізбен ағамыз туралы әңгімелескіміз келеді. Әңгімені екеуіңіздің танысқан кездеріңізден бастасақ.

Күләш Сығай: Ағаң екеуміз студент кезімізде таныстық. Сол кезде достарымызбен жатақханада бір-бірімізді қонаққа шақырып тұратынбыз. Бір күні бізді физиктер шәйға шақырды. Сонда бір жігіт «Жерлестерім келді» деп, кетіп қалған екен. Ол жігіт біз шәй ішіп болған кезде келді. Қасында екі жігіт бар, соның бірі — Әшекең екен. Кіріп келген кезде маған қарап қалды. Оны бәрі байқап қойғасын, мен ыңғайсызданып бір қыздың артына тығылып қалдым. Содан қойшы, әйтеуір айырылмады менен.

 Әрі қарай қалай өрбіді. Ол кезде сіз студентсіз ғой, қайда оқитын едіңіз?

Күләш Сығай: Мен Абай атындағы педогикалық институтта 3 курс оқитынмын, ал ол кісі консерваторияда 4 курс оқиды екен. Маған жиі келіп тұратын болды. Содан кейін мен 4 курс оқып жүрген кезімде, ол кісі оқуын бітіріп, жақсы оқығанының арқасында сол жерде жұмысқа қалдырды. Сабақ беріп, арасында маған да жиі келіп жүретін. Бірақ менің ойымда күйеуге шығу туралы ой болған жоқ, әлі 1-2 жыл жұмыс істеймін деп ойлайтынмын. Себебі менің әкем кішкентай кезімде қайтыс болып кеткен. Ал ағам мен анам бізді жоғары білім алыңдар деп тәрбиеледі. Сондықтан оларға материалдық көмек көрсетсем деген ойым болған. Бірақ оған Әшекең көнбеді. Сосын анамның рұқсатын алып, екеуміз қосылдық.

IMG-20141206-WA0042

Негізі көпшілік Оңтүстікке келін болудан қашқақтап жатады ғой. Сізде ондай қорқыныш болмады ма?

Күләш Сығай: Иәәрине мен де жүрексіндім. Оңтүстік жақта анандай екен, мынанай екен дегенді естіп қорқып жүретінмін. Алғашында Кентауға алып кетті. Өзім Талдықорғаннанмын, мектепті де, жоғары оқу орнын да орысша оқығанмын. Ал Әшекең қазақша оқыған. Ол кезде оны тұлға болады деп ойламадым. Тек ұнаттым, ойымызда ештеңе жоқ еді. Бірақ тіл-көзден аулақ, бір үйдің жалғыз баласы екен, жақсы қарсы алды. Бірақ көп нәрсені білмегендіктен қиын болды. Ол жақта үлкен кісілерге сәлем салып, кете беру керек екен. Мен болсам барып амандасатынмын. Сол суға бара жатып шелектерімді қойып, барып амандасатынмын. Сол кезде «келін жақсы екен» деп айтсын деген ой ғой менде.

Ата-енеңіз қандай кісілер еді?

Күләш Сығай: Біршама уақыт ата-енеммен тұрдым, негізі басында осы Алматыда тұратынбыз. Кейін енем науқастанып ауруханаға түсіп қалыпты. Сосын ауылға баруға тура келді. Ал Әшекең Алматыда қалды. Ол кезде жолдама берген жеріңде 3 жыл жұмыс істеу міндетті еді ғой. Сосын ауылға өзім кетіп, енеме қарадым. Жалпы Оңтүстікке келін болу қиын болған жоқ. Мен жалғыз ұлдарының жары болғаннан кейін бе қатты еркелетті.

Ағамызды сізден жақсы білетін адам жоқ шығар. Мінезі қандай еді, қандай жар болды?

Күләш Сығай: Ол кісі шығармашылық адамы болғанымен, романтик емес еді. Байсалды, өз жөнін білетін кісі болды. Көп оқып, еңбектенді. Бүгінгі күнге жетуі сол еңбегінің арқасы. Кіммен қалай сөйлесу керек екенін білетін. Сөз саптауы да, ой толғауы да ерекше еді. Ағаларың менің палауымды ұнататын. «Осы өзбектер қазанына қарай береді. Біздің Күләнде қазанды жауып қойып керемет пісіреді» деп отыратын. Тұрмыста неше түрлі жағдайлар болады ғой, ренжісіп қалсақ үнемі ол бірінші сөйлеп кететін. Ашуы тез қайтатын, өзі жалғыз болғасын ба екен, балаларын қатты еркелететін. Бір ауыр сөз айтпайтын. Қатты сөйлеп қойса, түнімен сүйіп, жандарында жүретін. Жалпы Әшекең жақсы жар, жақсы әке болды.

IMG_20150320_165828

 Балаларыңыз туралы айтып беріңізші. Өнер саласында жүргендері бар ма?

Күләш Сығай: Үш ұлымыз бар. Ең үлкен ұлымыз Қазақфильмде продюсер, ортаншымыз «Норхоз» бітірген. Ал ең кенжеміз — дәрігер-нейрохирург. Асфендияровты бітіріп, қазір сонда қызмет етеді. Сол мамандыққа түсетін кезде біз біраз қарсылық танытқан едік. Ең қиын мамандық қой, күнде операция жасайды да жатады. Бірақ өзі өте жақсы оқыды. Сол кезде Өнер академиясына түсіп тұрған жерінен дәрігерлікті таңдап кеткен еді. Ұлдарымыздан немере сүйіп отырмыз. Әшекең немерелерін тіпті қатты жақсы көретін. Ол кісі қайтқасын жаныма немере қыздарым келген.

 Күләш апай, уақытыңызды бөліп, әңгімелескеніңіз үшін үлкен рақмет! 

ikerim.kz

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала