Көкқасқаның басы (экспедиция жазбаларынан)

09 қыркүйек 2016, 16:56

 

__ara__aj__a-l-ngen-t__lpardy__-bas-s__jeg-n-__-__aldy__y-foto-oshanov-o-zh

Заманында Жетісуға аты шыққан қас жүйріктің бірі – Қожамқұлдың көкқасқасы деген желқанат пырақ болыпты. Көкқасқа Алматы облысының Таушелек, Жіңішке бойындағы қызылбөрік руының басына көтерген мақтанышы екен. Далашық жайлауы шоқ-шоқ тоғайлы болып келеді. Бұл тоғайлар қарағайдан тұрады. Осындай тоғайдың бірін жергілікті халық қас жүйріктің құрметіне «Көкқасқаның қарағайы» деп атап кеткен. Негізгі атауы «Табанқарағай» болған дейді. Көкқасқаның ажалы осы қарағайда жетіп, содан оның атымен аталып кеткен. Жергілікті халық көкқасқаның өлімі жайлы әртүрлі пікір айтады. Бірі – «осы тоғайдың тұсында астан қайтып келе жатып, жүруге шамасы келмеген соң қалдырып, ертесіне келсе қасқыр жеп кетіпті» десе, енді бірі «осы тоғайдың тұсына келгенде әлі бітіп өліпті» – дейді. Бір анығы – көкқасқаның өлімі осы тоғайда болғаны. Елдің арасынан ұшыратқан әңгіменің бірі келесідей:

 «Қожамқұлдың «көкқасқасы» деген бәйгі ат болған. Талай жерден орын алып келіп жүрген. Қожамқұл қайтыс болып, баласы Мақсұт оған Далашықта ас береді. Аттар Торайғырдың етегінен Далашыққа дейінгі аралыққа жіберіліпті. Соған осы Көкқасқа да қосылып бірінші келген. Бәйгеге қосылған аттардың ішінде сырттан келген бір торы ат болыпты. Қырғыздың сыншысы торы атты көріп, Мақсұтқа «бәйгіні бүгін жібер, мына аттың сууы бір күнге кем болып тұр. Ертең жіберсең, бізге бас бәйге жоқ» депті де, сол күні ат шаптырыпты. Айтқанындай көкқасқа бәйгеден бірінші болып келіпті. Торы аттың иесі астан ренжіп кетіпті. Көкқасқа қартайып, алжып өлген. Басы Далашықтағы Табанқарағай деген жерде әлі күнге сақтаулы. Басын балашықтың басына іле салса керек. Қазір ол қарағай үлкен болып кеткен. Бастың қуыс-қуысынан бұталар шығып тұрады. Мақсұт болыс болған адам».

Бұл тұста аттар жіберілген Торайғырдың етегі деп отырғаны қазіргі Алғабас ауылы орналасқан тұс. Бәйгенің басталған жері, негізі, Торайғыр жотасы басталатын жерге қарсы бет болуы керек. Өйткені ортада Шелек өзені бар. Сондықтан аттар жіберетін ыңғайлы жер Шелекке Жіңішке өзені қосылатын саға. Ал көмбе Далашық жайлауында болған. Яғни аттарды тау етегінен өрге қарай шаптырған.

Егер бәйгеге қосылған аттардың көтерілген биіктігін есептейтін болсақ, Алғабаста ат қосылған жердің теңіз деңгейінен биіктігі жобамен 1400 метрді құраса, Далашықта (көмбеде) бұл көрсеткіш 2600-2700 метрді көрсетеді. Екі арадағы айырмашылықты есептесек, 1200-1300 метр шығады. Аттар үнемі өрге шапқан. Бұл сынға тек таулы жердің жүйрігі ғана шыдары сөзсіз. Арқа секілді жазықтан келген тұлпардың бұл сында өкпесі күйіп кетері анық.

Жалпы Кеген, Нарынқол халқы таулы аймақта мекендегендіктен, осы таудың теріскейін қаптай өсетін қарағайды тұрмыс-тіршілігінде кеңінен пайдаланады. Осы себепті қарағайды жасына, бітіміне қарай жіктеудің, өңдеудің көптеген түрі қалыптасқан. Соның бірі – жергілікті халық арасында қарағайдың жас ерекшеліктеріне сай аталымдарынан көрінеді. Жоғарыда Көкқасқаның басын «балашыққа іліпті» дегендегі «балашық» сөзі қарағайдың енді бой көтеріп келе жатқан түрі. Қарағайдың «балашықтан» (1-1,5 м) кейінгі жетілуі «өрім» (3 м), одан кейінгілері «шанжа» (діңінің, яғни етегі мен жоғары жағы бірдей жуандықта болуы), «сілеген» (бұтақтарының жоғарыда орналасуы) және ең жетілген түрі «балқарағай» болып аталып кете береді. Қазақтың «өрімдей жас» деген теңеуі, осы жас қарағаймен адам жасының теңестіріле атауынан шыққан.

Осы тұста тоқтала кететін жайт, таулы елді мекендерде жүргізілген археологиялық қазба кезінде, Сақ қорымдарынан жиі шығатын бөренелерді көргенде, қазба жұмыстарына тартылған жергілікті ауыл жігіттерінің (біз байқай бермейтін жайттарды көріп) қызыға назар аударатындығы өз алдына бөлек әңгіме. Олар өңделген бөренені қарап, сақтардың таудан сүйреп түсіру үшін ағашты жону, өңдеу тәсілінің өздерінікімен бірдей деп, «бұларда біз сияқты шапқан екен-ау», «құлақшалары да дәл солай» деген секілді таңданыстарын білдіріп, салыстырып жатады. Ауыл жігіттерінің әңгімелеріне құлақ түріп, ата-бабаларының мыңдаған жыл бойы осы жерде өмір сүріп, осы табиғи ортада тіршілік кешіп келе жатқанын мойындағандай боласың.

Көкқасқаға байланысты кездестірген тағы бір мәліметтің сипаты мынадай:

«Қызылбөрік-құдагелді Дәулетбақ деген бай болған. Мың жылқы біткен кісі. Ел «Дәулетбақтың қарала жылқысы» дейді. Мың жылқы келіп су ішкенде Жіңішкенің өзені ақпай қалады екен. Асы жайлауында бір ас болатын болып соған ат қоспақ болғанда, Дәулетбақтың мың жылқысының ішінен бәйгеге қосар бір ат шықпапты. Сыншы жылқыларды аралып көріп, «Көкқасқадан басқа ат жоқ» – депті. Көкқасқа ол кезде қартайған кезі екен. Күнделікті ат жарату, оның терін алу кәрі атқа қиын тиетіндіктен, Табан деген (Шетенді жақ болуы керек) жерде тастан монша соғып «тас бұлау» арқылы аттың терін алыпты.

the-black-silhouette-of-a-horse-running_1920x1200

Осы Асы жайлауында болған аста Көкқасқа ат бәйгеден келіп, қызылбөріктердің мерейін тағы бір асырыпты. Қайтар жолда, осы басы қойылған жерде ажалы жетіпті. Көкқасқаны сойып, басын сол тұста тұрған балашыққа іліпті. Ертоқымын да бір бұтаққа жауып қойған екен. Әрлі-берлі өткен ел көкқасқаның басы ілінген қарағайға ақтық байлап, түбіне тиын-тебен тастайды екен. Ескі тиындар бертінге дейін жататын. Ел содан бері бұл жерді «Көкқасқа» деп, ал қалың орманды «Көкқасқаның қарағайы» деп атап кеткен. Бертінде бұл қарағай құлап, ел көкқасқаның басы ілінген тұсын кесіп алып, қасында тұрған жас қарағайдың (өрімге) діңіне троспен тартып қойыпты. Бүгінде көкқасқаның тек бұтаға ілінген басының шүйде тұсы ғана қалған.

Біз барып көз жеткізгендегі көкқасқаның басының сипаты, осы Садыров Айдардың сипаттағанындай. Тұлпардың тек бұтаққа ілінген бас сүйегінің шүйде тұсы ғана қалыпты. Жанашыр адамдар қарағайдың осы тұсын кесіп алып қасындағы жас қарағайға, адам бойынан биіктеу тұсқа тартып қойыпты.

Бұл Көкқасқаның басы бүтін тұрған кезде көрген адамның бірі – жазушы Тұрсын Жұртбаев ағамыз. Ол кісі көкқасқа жөнінде «Жіңішке өзенінен Далашыққа асатын асудың алқымында «Көкқасқа айғырдың басы» деген бір түптен өсіп шығып, үш сала боп бұтақ жайған қарағайды көрдім. Үш бұтақтың ортасында қарағайдың діңіне сіңісіп кеткен аттың қу басының маңдайы мен көз сүйегі көзге әрең ілінеді. Сөйтсем, бұл осы өңір дүлдүл атаған Көкқасқа аттың басы екен. Бәйгеге Асының алқымынан қосылып, Сатыдағы көмбеге жеке-дара жете бергенде өліп кетіпті. Бұл Алатаудың бергі қапталынан шығып қарлы шыңдарды, құзар шыңырауды басып өтіп, екінші шыңға қайта көтерілу деген сөз. Кемінде 70-80 шақырым. Талай рет сол сынақтан өткен Көкқасқа шауып келе жатып, шыңға иегін сүйеп барып, жантәсілім беріпті. Иесі Дәулетбақ байдың ағасы, не інісі екен. Анығын ұмытып қалыппын. Ат иесі қарағайды кесіп, Көкқасқаның басын соған тігіп кетіпті» деп жазады.

Көкқасқа аттың иесі Қожамқұлдың ата-тегіне тоқталар болсақ, Әжібай батырдың Жалбы деген ұрпағынан тарайды. Ел аузында «Жалбы жатқан адамның жамбасын кесіп алады» деген сөз бар. Барымтаға бейім болыпты. Бұл қасиет ұрпағына да берілген. Мақсұт малды болса да, маңайында қарулы жігіттер ұстаған. Жан-жақтан мал айдатып алады екен. Тіпті үйіне түскен қонақтың аты семіз болса, түнде бауыздап тастап, «әй, неге жатырсың, ана атың үйелеп өлейін деп жатыр екен. Арам кетпесін деп бауыздап қойдым» – деп, ертесіне қонаққа бір нашар ат мінгізіп жібереді екен.

Күрметіден төмен «Маман сазы» деген жер бар. Мақсұттың баласы Маман да елдің малын айдатып алып, осы сазға тығып ұстапты. Қолы жеткен, тілге шешен адамдар болмаса, былай ешкім батып келмепті. Осы Маман аумалы-төкпелі (жергілікті халықтың айтуында «үркіншілік») жылдары Қытайға өтіпті. Ол жақтада малмен ұсталған болу керек, содан өлім жазасына кесіліпті, атылуға кетіп бара жатып «Маман ұры емес, заман ұры» деген бір ауыз сөз айтыпты. Үкімнің орындалуын қадағалап отырған қытай офицері қасындағы тілмаштан «анау не деді?» деп сұрайды. Тілмаш Маманның сөзін аударып береді. Қытай офицері сөз бағалай білетін адам болуы керек, Маманның айтқан сөзін ұнатып қалып, сол жерде босатуға бұйрық береді. Осылайша Маман бір ауыз сөзбен өлім аузынан қалыпты.

Археологиялық экспедиция кезінде көкқасқа жөнінде ұшыратқан мәліметтерім осындай. Бұнымен көкқасқа жөнінде толыққанды мәлімет алдым деп айта алмаймын. Негізгі жұмысым – археологиялық қазба жұмыстары болғандықтан, ел арасына уақыт тауып шыға берудің мүмкіншілігі шектеулі. Осы мәліметті берген жігіт ағалары өздерінің әңгімесін шала деп мойындап, көкқасқа жөнінде негізгі білетін кісілер деп Алғабаста Құдайберген Сімтіков және Жалаңашта Медеу деген қарияны айтты. Өкінішке қарай, бұл кісілермен жолығудың сәті түспеді.

 

Орынбай ОШАНОВ,

тарихшы-археолог

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала