jasqazaq.kz

Италия: Giornalisti Di Benvenuto

01 сәуiр 2016, 12:58

Өндіріс ошақтарын күрт азайтқан кәрі құрлықтың көзқарасы қызық. Бір қарағанда түсініксіздеу. Әсіресе, кәсіпорынсыз қандай да бір жұмысты елестете алмайтын бізге. Еуропа тау мен тас, ауа мен күннің екі қолға бір күрек іздеген пендеге таптырмас мүмкіндік екенін дәлелдеп қойған. Мысал керек пе? Жетіп артылады. 8 миллион тұрғыны бар Австрияға жыл сайын 20 миллионнан астам саяхатшы келеді. Солардың әрбірі бір апта демалысына 500 еуро жұмсасын делік. Соның өзінде бұл елге 10 млрд еуро әкеледі. Туристердің дені шаңғы тебуге келетіндіктен жұмсалатын шығын көлемі, әрине, бұдан көбірек. Сол себепті, Альпі тауының етегіндегі кішкентай мемлекетке әлемдік биржадағы өзгерістің ықпалы да шамалы.

IMG-20160328-WA0010

Кәрі құрлықтағы кішкентай елдер ғана емес, ауыр индустрия алыптарының ендігі үміті осы туризм. Соның бірі – Италия. Жуырда бұған өзіміз куә болып қайттық. Халықаралық шаңғышы – журналистер ұйымына (SCIJ) мүше тілші қауым бұл жолы Турин маңында басқосты. Нақтырақ айтқанда, 2006 жылы қысқы Олимпиада ойындары өткен Систриерде. Асылы, биылғы жиын Сербиядағы Копаоник шаңғы және демалыс орталығында өтуі тиіс-тұғын. Сол елдің өкілдері шведтермен бәсекеге түсіп, мерейі үстем болған. Бірақ өткен жылдың аяғында кенеттен қаржы дағдарысын көлденең тартып, кездесуді өткізе алмайтынын хабарлады. Бір жақсысы, Италиядағы шаңғышы журналистердің беделі жоғары екен. Олар аз уақыттың ішінде көп іс тындырып, 41 елдегі әріптестерін елге шақырды.
Итальяндықтар «Торино» (Өгіз. Қаланың символы) деп атайтын шаһар бір кезде автокөлік отаны еді. Бірақ дауыл сияқты жапырып өтетін дағдарыс пен аяусыз бәсеке бұл саланы тұралатып тастады. Тығырықтан шығар жол іздеген қала басшылығы транзиттік тасымалды құп көрді. Турин мен Милан арасында жүйткіп жүретін теміржол жобасын іске қосты. Енді оның бір тармағын француздың Лион қаласына тартпақшы. Журналистермен кеңседе емес, саяхатшылардан арылмайтын музейде кездескен мэр Пиеро Фассини туризмнің бизнесті өркендетудегі әлеуетіне көбірек тоқталды. Жыл сайын осынау тарихи шаһарға әлемнің әр түкпірінен 9 миллионнан астам саяхатшы келеді. Үлкен жетістік. П.Фассини мырза мұны тым көп демейді. Қала әлгі транзиттің әлеуетін пайдаланбақшы. Сол мақсатпен күзде «Жаңа Жібек Жолы метросы» жобасына қатысушы қала басшыларының кездесуі осы Туринде өтеді. Жиында Еуразия кеңістігінде теміржол қатынасы арқылы барыс-келісті жандандыру жайы талқыланады.

a5e5de898e

Систриерге дейін біраз жер. Автобуспен екі жарым сағатта жетесің. Бұрнағы жиындардан көзтаныс литвалық әріптесім Стасис «Қалаға жақын екен ғой» деп қояды. Мен оған біздің Шымбұлаққа шаһардың орталығынан 40 минутта жетуге болатынын айттым. «О, қандай тамаша! Бүкіл Алматы сонда шығар?» дейді қызығып.
Турин Олимпиадасы осы аймақтағы инфрақұрылымды заманауи деңгейге көтерді. Систриер тілші қауымды Giornalisti Di Benvenuto (журналистер, қош келдіңіздер!) деген ұранмен құшақ жая қарсы алды. Біз орналасқан қонақүй қысы-жазы келушіден босамайды. Қар жоқ кезде мұнда велосипед пен мотоцикл шабандоздары жарысқа түседі. Қабырғадағы суреттен «Астана» велокомандасының шабандоздарын көзіміз шалып қалды. Таудағы соқпақпен жаяу серуен құруға құштар жандар да баршылық. Бұлар көбіне қарттыққа бой алдырмаған егде жастағылар. Қалай десек те, бұл жердің басты байлығы – қар туризмі. Қыс алты айға дейін созылады. Еуропаның қайсыбір елінде көктемде жасанды қар төсеп жатса, мұнда ондай қиындық жоқ. Наурыздың соңына таман жарты метр қар жауғанын көрдік. Қанша қалың болса да, жұрттың меселін қайтара алмайды. Төменгі сынып оқушылары шаңғы тебу сабағын жалғастыра береді. Өйткені, бұл – мектепте міндетті пән.
Альпі баурайындағы өзге өңірлер секілді мұнда да шаңғы тебу шағын және орта бизнесті қамтитын тұтас бір индустрия. Сырғанақ жолының жалпы ұзындығы 400 шақырымды алып жатыр. Электр қуатымен, күн сәулесімен жұмыс істейтін аспалы жол. Таудың әр жерінде орналасқан тамақтандыру орындары. Айналадағы жүзімдіктер мен шарап жасайтын кәсіпорындарға саяхат ұйымдастыру. Спорт киімі мен жабдығын сататын немесе жалға беру. Туристер алдында музыка шеберлерінің өнер көрсетуі.

11

SCIJ мүшелері осымен 63-рет басқосты. Жиынның ашылу рәсімінде теңіз деңгейінен 2,5 мың метр биіктікке жиналған журналистер шаңғы шеруін өткізді. Көк туымыздың Альпі тауының баурайында желбірегенін көріп, кеудемізді қуаныш кернеді. Бір жеті бойы жергілікті спорт жұлдыздары, танымал кәсіпкерлермен кездесу, әлемді толғандырған босқындар мәселесі бойынша пікір алмасу ұйымдастырылды.
Әртүрлі жастағы қаламгерлер, әдеттегідей, слалом және кросс-кантри бойынша сайысқа түсті. Биылғы ерекшелік – қашықтық ұзартылып, гигант-слалом жүйесі енгізілді. Елдегі журналистер арасында жарыс өткізіп, мықтыларды іріктеп алған итальяндық әріптестеріміз ешкімге дес бермеді. Ең бастысы, SCIJ президенті Фредерико Валлас атап өткендей, бұл жолы да әлем журналистерінің ынтымақтастығы мен достығы бәрінен жоғары тұратынын паш етті.

Срайыл Смайыл,
Torino – Sestriere

20 маусым, 13:08
Түркістан: Бос орындар жәрмеңкесі мен форум өтті
20 маусым, 12:52
Түркістан: Балалар суицидіне түрткі болатын жағымсыз факторларға қарсы күрес жалғасады
20 маусым, 11:59
Түркістан: Жеті жылда тұрғын үй құрылысы үш есе өсті
20 маусым, 11:34
Кибербуллингтің алдын алу – суицидке жол бермеу
19 маусым, 16:05
Түркістан: Жеті жылда индустриалдық аймақтардың жұмысы өрледі
19 маусым, 15:22
Рухани құндылық: «Дәстүрін дәріптеген әз Түркістан» өнер фестивалі өтті
19 маусым, 14:41
Түркістан: Жеті жылда жалпы өңірлік өнім көлемі 4, трлн теңгеге жетті
18 маусым, 16:26
Шара Әбдірахманова: Бала ештеңе айтпаса да, іштей көмек сұрап тұруы мүмкін
18 маусым, 15:10
Түркістан: Келес ауданында газ тартылып, жол жөнделіп, ауыз сумен қамтылуда