Ішімдікке қарсы күрес неден бастау керек? Бұл сауалға жауап беру үшін соңғы жылдары ел ішінде белең алған тамаша бастамаға назар аударған жөн. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында ащы судан бас тартып, саламатты өмір салтын ұстанған ауылдардың саны артып келеді. Соның нәтижесінде бұл ауылдарда қылмыс саны азайған.
Солтүстік Қазақстан облысында ең бірінші болып осыдан 5-7 жыл бұрын Айыртау ауданындағы Қарасай және Бірлестік ауылдарының тұрғындары ішімдіктен бас тартты.
Баталы ақсақалдар ұсынған бастама ауылдықтардың тарапынан бірден қолдау тапты. Тіпті дүкен иелері де еш қарсылық білдірмепті. Өйткені сатушылардың айтуынша, көптен бері алкоголь өнімдеріне аса сұраныс жоқ екен.
Арықбалық ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Абылайхан Рамазановтың айтуынша, Қарасай ауылында соңғы 7-8 жылдан бері қылмыс түгіл, отбасылық жанжалға байланысты да ешқандай шақырту жоқ. Тіпті дөрекі сөз, орынсыз айқай да естілмейді. Абылайханның жұмысы негізінен ауыл тұрғындарына интернет-алаяқтықтан қорғану жолдарын, абаттандыру ережелерін түсіндіру, құқықтық сауаттылығын арттыруға келіп саяды. Абылайхан көп уақытын профилактикалық әңгімеге арнайтын көрінеді. Жалпы ол жұмыс істеп жүргелі жеті жыл болыпты. 300-ге жуық адам түтін түтетіп отырған Қарасай — оған дейін де солтүстіктегі ең тыныш елді-мекендер ретінде танылған-тын.
Айта кету керек, осы жерде орналасқан атақты батырлар Қарасай мен Ағынтайдың ескерткішіне тәу етіп келушілердің қарасы қалың. Сондықтан да ауылдықтар жеке басының тәртібіне барынша көңіл бөліп, байсалдылық танытқанды құп көреді. Тарихқа деген құрметін осылайша танытса керек.
Учаскелік инспектордың Қамысақты ауылдық округіне қызмет көрсететін көмекшісі Біржан Мукеевке де тұрғындар саны 500-ге жуық Бірлестік ауылындағы жұмыс аса қиындық туғызбайды. Өйткені мұнда да арақ-шарап атаулы мүлдем жоқ. Оның айтуынша, соңғы бірнеше жылдың ішінде мұнда жедел-тергеу тобы бір-ақ рет шақырылыпты. Соның өзінде қылмыс расталмаған: жоғалған мал суға батып кетіп, арам өлген болып шықты.
Екі ауылда да спорт жақсы дамыған. Әсіресе, ұлттық спорт түрлеріне көп көңіл бөлінеді. Той-томалақ ішімдіксіз өтеді. Есесіне, ұлттық ойындар мен қызықты жарыстар тойшыл қауымның делебесін қоздырады. Бие байлап, қымыз баптаушылар саны артқан.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Айдын Қабдұлдинов: «Тұрғындардың ішімдік атаулыдан бас тартқаны – полиция үшін едәуір көмек. Тәжірибеден байқағаным, қылмыстың басым бөлігі арақтың салдарынан жасалады. Ішімдік жоқ жерде – қылмыс та жоқ. Алкогольсіз тыныш өмір сүруге болады. Учаскелік полиция инспекторлары ішімдіктен бас тартқан ауылдардың оң тәжірибесін барынша насихаттап, барынша кеңінен таратуға ат салысуда.
Қазіргі таңда полиция бұрынғы күштеп жұмыс істеуден халықпен өзара тығыз серіктестікке негізделген жұмыс үлгісіне көшуде. Өйткені жергілікті тұрғындардың жәрдемімен ғана қауіпсіздікті қамтамасыз етуге болады. Халықтың, жергілікті атқарушы органдар мен полицияның тығыз қарым-қатынасы құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудың негізгі тетігі болып табылады», – дейді.
Қазір Солтүстік Қазақстан облысында ішімдіктен бас тартқан алты ауыл бар. Олар: Есіл ауданындағы Қарағай ауылы, Тайынша ауданындағы Теңдік және Қарағаш, Айыртау ауданындағы Қарасай мен Бірлестік және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы Ковыльное ауылдары.
Өзге ұлт өкілдері басым Ковыльное ауылында саламатты өмір салтын ұстану бастамасын ақсақалдармен қоса, жергілікті «Ақселеу» ЖШС басшысы Серік Малаев ұсынған. Ол осыдан он жыл бұрын барлық іс-шараларды ішімдіксіз ұйымдастыруды қолға алыпты. Серіктестік директоры Серік Малаев атап өткендей, алкогольден бас тарту – кәсіпорында тәртіпті күрт арттыруға мүмкіндік берді.
«Еңбек тәртібінің өрескел бұзушылық, жанжал атаулы мүлдем жоқ. Біз өз ауылымыздағы адамдардың қалыпты, тыныш өмір сүруін және ертеңгі күнге сенімді болуын қалаймыз», — дейді ол.
Бұл ауылдарда полиция есебінде тұрған бір де бір адам жоқ. Ауыздарына арақ алмайтын тұрғындар өз ауылдарында қылмыс жасалмайтынын мақтанышпен айтады. Балаларын ойнауға жібергенде еш алаңдамайды, түнде көшеде жалғыз жүруге қорықпайды, қымбат заттарын далаға қараусыз қалдыруға да болады. Үйлерінің есігін құлып күзетпеген ауылдар – осындай.
Роза ШӘКЕНОВА,
Солтүстік Қазақстан облысы