
Сурет: aikyn. kz
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беруде инженерлік инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында осы мәселеге баса назар аударады. Аймақтарды дамыту мақсатында өз алдына бөлінген Алматы облысында да инженерлік инфрақұрылымды кешенді түрде кезең кезеңімен жақсарту қарқынды жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттің басты байлығы саналатын ел азаматтарына ең алдымен керегі – жайлы орта. Алматы облысы, Талғар қаласының әкімі Арыстанбек Әбілхайырдан мегаполис іргесіндегі қаланың инженерлік инфрақұрылымының ахуалын сұрадық.
Талғар қаласында инженерлік инфрақұрылымды дамыту кезең кезеңімен жүзеге асырылып келетінін айтқан басшы бірқатар жұмыстардың межелі мерзімінде аяқталғанын да атап өтті. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету әлі де өзекті екеніне тоқталды.

«Бүгінгі таңда ауыз су мәселесі бойынша Талғар ауданының «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы» бөлімі тарапынан жобалық институт «Жанекеновпен» бірлесіп, «Талғар қаласының сумен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту» жобасына сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Ауыз су құбырын ауыстыру жобасы төрт кезеңге бөлінген, ал бұл көше төртінші кезеңде жүзеге асырылады, — дейді А. Әбілхайыр.
Биыл Алматы облысында жылумен қамту мәселесін оңтайлы шешу үшін модульдік қазандықтардың да құрылысы басталған болатын. Себебң бірнеше жылдан бері жаңғыртылмаған жылу желілері мен қазандықтарының ескіргеніне тұрғындар жиі шағымданатын. Қала әкімінің мәліметінше, Талғар қаласы бойынша 5 блокты модульдік қазандықты жаңартып жаңғырту жұмысы (БМҚ) осы жылдың соңына дейін жоспарланған. Асан қайғы көшесі, Спартак көшесі, Некрасова, Промышленная көшесі, Сүйінбай көшесі, Павлова көшесінің бойында тартылған жылу желілері жаңарады. Қазіргі уақытта Рысқұлов, Емелева көшелерінде БМҚ салу жұмыстары жүріп жатыр.
Инженерлік инфрақұрылым саласындағы маңызды түйткілдің бірі — жол. Осы орайда біз қала әкіміне Талғар қаласында биыл қанша шақырым жол жөнделгенін және келесі жылға арналған жоспар жайында сауал қойдық.
Арыстанбек Әбілхайыр: «Жыл соңына дейін Талғар қаласындағы Сыргабекова, Жаракова, Казангап, Атиев, Макаренко, Азизбекова көшелеріне асфальттау жұмыстары жоспарлануда. Сонымен қатар 5000 текше метр шұңқырлы жұмыстар жүргізілді. Талғар қаласының Бокин, Балуан Шолақ, Шаяхметова, Казахская, Алатау, МТФ-1 көшелеріне 4,1 шақырым орташа жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Талғар қаласындағы Әтибиева, Алтай , Байсейтов, пер.Рысқұлов (Спиртзовод), Асан қайғы, Суворов, көшелерді асфальттау жұмыстары жоспарлануда. Бұл ауданда ертеден бері күрмеулі мәселеге айналған түйткіл — жер дауы. Тұрғын үй салуға бөлінген аумақтарда әрдайым мәселе туындайды. Қаланың аумағында заңсыз салынған үйлер, сатылған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі әрдайым оңтайлы шешілуі тиіс. А. Әбілхайыр заң аясында жүмыстар жүргізіліп жатқанын алға тартты: «Әкімдік тарапынан заңсыз салынған құрылыс нысандарын анықтау жұмыстары жүргізіліп, сотқа талап-арыздар жолдануда. Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару шаруасы да қолға алынды. Облыс әкімдігі тарапынан ауыл шаруашылығы мақсатындағы тиімсіз пайдаланылып жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару қарқынын жеделдету тапсырылған. Өз тарапымыздан Қазақстан Респуликасының Жер Кодексінің 19 бабының 2 тармағына сәйкес, Жер қатынастары бөліміне өз ұсыныстарымызды енгіземіз».
Жалпы Алматы облысында инженерлік инфрақұрылымды кешенді дамыту жұмысы қарқынды жүзеге асырылып келеді. Әсіресе жылу қазандығын жаңғыртып, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, электр желісін тартып, көгілдір отын табиғи газ жеткізу бағытында кешенді жобалар қолға алынды.
“Біз Талғар қаласына қарайтын Қызылқайрат ауылында 25 жылдан бері тұрамыз. Алғаш көшіп келген жылдары инженерлік инфрақұрылым мүлде сын көтергісіз еді. Алматыдай мегаполистің іргесіндегі ауданда жолдың сапасы нашар, ауыз су желісі тартылмаған еді. Көшелердің жарық желісі де жеткіліксіз болды. Бүгінгі күнде бұл күрмеуі қиын күрделі мәселелер шетінен шешімін тауып келеді. Инженерлік инфрақұрылым да дамуда. Мысалмен айтайын, біздің көшеге асфальт төселмей, ойқы-шойқы еді. Тегістеліп, асфальтталды. Жарық шамдарының жоқтығынан түн қараңғысында жаяу жүру қатерлі болды. Қазір самаладай жап-жарық. Үйіміздің іргесінен аялдама салынуы да халық күткен мәселе еді. Бұрынғыдай алыстағы аялдамаға барып әуреленбейміз. Бірақ әлі де атқарылатын жұмыстар жетерлік. Инженерлік инфрақұрылым дамыса, халықтың да әл ауқаты жақсарады” , — талғарлық Ербол Қасымханұлы.
Өңірде инженерлік инфрақұрылымның дамуы халықтың өмір сүру сапасын да жақсартады.
Алматы облысы Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының мәліметінше өңірде аудан әкімдіктері 127 жобаны жүзеге асыруға кірісті. Оның ішінде: 15 жоба – жылумен қамту, 25 – электрмен жабдықтау, 13 – газдандыру, 54 – сумен жабдықтау сынды ауқымды жобалар бар. Десе де, өңірде инженерлік инфрақұрылымды жақсарту жолында атқарылар шаруа әлі де қыруар.
Қуаныш Көшек,
Алматы облысы