Әлемдегі ірі инвесторлар Қазақстанды инвестиция мен сауда-саттық өрісін кеңейтуге тартымды әрі ыңғайлы деп есептейді. Бұған түрлі компаниялардың елімізге айрықша ықылас танытуы дәлел бола алады. Солардың бірі – Біріккен Араб Әмірліктерінің «Al Badie Group for Trading and Investment» (ABG) инфрақұрылым саласында ірі жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Премьер-Министр Әлихан Смайылов өткен бейсенбіде осы компанияның бас директоры Халид Мұхаммед Әл Бадимен кездесіп, автожол құрылысы бойынша ынтымақтастық жайын талқылады. ABG елімізде аса ірі автожол жобаларын қаржыландырып, жүзеге асыруға ниет білдірді. Араб компаниясы, сондай-ақ қазіргі қолданыстағы республикалық маңызы бар кейбір жолдарды жаңғыртуға дайын екенін жеткізді.
1. Сауд Арабиясымен сындарлы байланыс
Үкімет басшысы жүздесуде бүгінде араб инвесторларының елімізге айрықша назар аударып отырғанын атап өтті. Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда Таяу Шығыс елдеріне жасаған сапары ықпал еткені анық. Мемлекет басшысы өткен айдың соңына таман Жидда қаласында Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Салманмен және осы елдегі аса ірі компаниялардың жетекшілерімен кездесті. Осы сапардың қорытындысы бойынша бірқатар келісім мен меморандумға қол қойылды.
Қол қою рәсімінен кейін көп өтпей, Саудияның «Ajlan&Bros Holding Group» компаниясының Қазақстанда бөтелкеге құйылатын тәтті сусын және төрт түлік малға құнарлы жем-шөп өндіретін кәсіпорындар салуды жоспарлағаны мәлім болды. Инвестор аталған жобаларға 200 млн доллар көлемінде қаржы құймақшы.
«AKWA Power» – осы елдегі бүкіл әлемге танымал іргелі компаниялардың бірі. Электр энергиясы мен тұщы су өндірісіне маманданған. 13 мемлекетте ауқымды жобаларды қолға алған компанияның инвестициялық қоржыны 66,5 млрд долларды құрайды. Инвестор елімізде қуаты 1 ГВт-қа жететін жел электр стансасы мен энергия жинақтауға арналған батарея өндіретін зауыт салуға ниет білдіріп отыр. Компанияның бас инвестициялық директоры Клайв Тертон өткен жетіде сыртқы істер министрлігі инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев және «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповпен өткен кездесуде жаңғыртпалы қуат көздері бойынша еліміздің әлеуеті орасан зор екенін атап өтті. «AKWA Power» әлгі жобаны іске асырудағы алғаш қадам ретінде Қазақстанда өз офисін ашатынын хабарлады.
«KAZAKH INVEST» өкілдері келешекте саудиялық инвесторлармен бірге ауыл шаруашылығы, қазба байлық өндірісі, энергетика, мұнай-газ химиясы, ғарыш, туризм және инфрақұрылым салалары бойынша іскерлік ынтымақтастық орнауы мүмкін екенін айтады. Айта кеткен жөн, осы елдің кәсіпкерлері бұған дейін де елімізге инвестиция әкелген. Соның ішінде Nimir Petroleum компаниясының Маңғыстау өңіріндегі Солтүстік Бозашы кенішінде көмірсутегі өндіру үшін лицензия алғаны белгілі. Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы іскерлік тобының өкілдерімен жүздесуде корольдіктің қолдауымен елімізде жалпы көлемі 120 млн долларды құрайтын бірнеше жобаның жүзеге асқанын атап өтті. Бұған қоса, корольдіктің қайтарымсыз грант есебінде әкімшілік пен емдеу орталығы ғимараттары мен Ақмола мен Қарағанды облыстарын бір-біріне жалғайтын жол құрылысы (құны 12 млн доллар) жобасы іске асқанын айта кетейік.
Екі жақты сауда-саттық көлемін ұлғайтудың да көкжиегі кең. Мемлекет басшысы Саудия инвесторларымен кездесуде еліміздің корольдікке құны 400 млн долларлық шикізатқа жатпайтын дайын өнімнің 100-ден астам түрін ұсына алатынын мәлімдеді. Бұдан бөлек, бүгінде өзекті мәселеге айналған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласы бойынша ынтымақтастықтың әлеуеті мол. Қазақстан күллі әлемде сұранысқа ие бидай, ұн, ет және майлы дақылды тұрақты түрде жеткізе алады. Экспорт көлемін ұлғайту үшін көлік-логистика жүйесін жетілдіру қолға алынды. Бұл ретте Үкімет қазіргі геосаяси ахуалға орай тасымалды жетілдіру мақсатында Транскаспий бағытына айрықша мән беріп отыр. «Орта дәліз» деп те аталатын осы күретамыр тауарды Парсы Шығанағы елдеріне қысқа мерзімде жеткізуге септігін тигізеді. Сондай-ақ еліміздің транзиттік әлеуеті Саудия компанияларының Ресей, Қытай және Оңтүстік Азияның алып нарығына шығуға мүмкіндік береді.
Әлемдегі ең көп мұнай қорымен ОПЕК ұйымында сөз иесі болып табылатын Сауд Арабиясымен сауда-инвестициялық қарым-қатынасты дамыту еліміз үшін тиімді.
2. Әмірліктермен әріптестік
Араб мемлекеттерімен экономикалық байланыс туралы сөз қозғағанда, әңгіме басында айтылған Біріккен Араб Әмірліктеріне (БАӘ) де айрықша тоқталған жөн. Қазақ елінде Әмірліктер капиталының қатысуымен 276 бірлескен кәсіпорын жұмысын жүргізіп отыр. Нұр-Сұлтан қаласында аса ірі «Әбу Даби Плаза» кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Құны 1,6 млрд долларды құрайтын осы жоба екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастың жарқын үлгісі болып табылады. Статистикалық деректерге жүгінсек, 2005-20021 жылдар арасында БАӘ компанияларының Қазақстанға әкелген тікелей инвестициясы 2,6 млрд долларға жеткен.
3. Қатармен тиімді қарым-қатынас
«Біз сапар барысында (Қазақстандағы) «Жер қойнауы туралы» жаңа кодекс туралы жан-жақты мағлұмат алдық. Бұл инвесторлар үшін өте тиімді. Өйткені әлемдік талапқа сай осы заңнама инвесторлар мен Үкіметтің құқықтары мен міндеттемелерін нақты айқындап берген. Бізге мұндағы логистика мәселесі мен инвесторға қойылатын талапты тәптіштеп түсіндірді. Кейбір тау-кен компанияларына қатысты деректерге қанықтық. Өзара тиімді жобаларды іске асырғымыз келеді». Бұл әлемдік тау-кен өндірісінде танымал «Qatar Mining» компаниясының жетекшісі Халид Ахмад Әл Обайдлидің еліміздегі инвестициялық ахуалға байланысты айтқан пікірі. Іскерлік байланыс орнату үшін Нұр-Сұлтанға келген осы компанияның өкілдері біздегі тау-кен өндірісіне ықылас танытып, 50 млн долларға дейін қаржы құя алатынын жеткізді. «Тау-Кен Алтын» зауытына барған араб кәсіпкерлерімен ынтымақтастық орнату, соның ішінде аффинаж өндірісін шикізатпен қамтамасыз ету жайы талқыланды.
«Көгілдір отынға» бай Парсы Шығанағындағы Қатар мемлекетімен сауда-экономикалық қарым-қатынасты өркендету де маңызды бағыттың бірі болып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы маусымда осы елге жасаған сапары барысында осы мемлекеттің әмірі шейх Тәмим бин Хамад Әл Танимен іскерлік байланысты жандандыру жайын талқылады. Мемлекет басшысы «Біздің бірқатар инвестициялық жобаларымыз бар. Қазақстан компаниялары бұл бағытта Қатар бизнесімен белсенді түрде жұмыс істегісі келеді» деген еді. Қатар әмірі мұндай ұсынысты құптайтынын айта келе, өз елінің Қазақстанмен, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі екенін, ортақ жобаларды бірлесе талқылау үшін мамандарын бізге жіберетінін мәлімдеді.
Экономикасын әртараптандыруды (диверсификация) жемісті түрде іске асырып жатқан араб мемлекеттері Қазақстанды сенімді серіктестік деп біледі. Қатар мемлекетінің кеңесшісі Ричард Гриффитстің сөзімен айтқанда, еліміз өзінің инвестициялық мүмкіндігі мен әлемге танытуда орасан зор шаруа атқарды. Енді ғаламдық компаниялардың өз қаржысын әкелетін күн алыс емес.
Срайыл Смайыл,
экономикалық шолушы