Инфодемия вирустан да қауіпті

02 қазан 2020, 10:08

COVID-19 пандемиясы туындатқан дағдарыстың барлық салаға кері әсерін тигізгені мәлім. Оның ішінде, медиакеңістікті қосқанда, ақпарат саласы бар. Індет Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Журналистер қауымы хабар тарату және шынайы ақпарат алуда бұрын-соңды болмаған қиындықты бастан кешірді. Мұны ұғыну осы саладағы түйінді мәселелерді қайта қарауға мәжбүрледі. Қазір бүкіл жұмыс пандемия кезеңіндегі жаңа талаптар және оған ілескен инфодемияны ескере отырып жолға қойылды. Инфодемия мемлекеттерге пандемиядан бетер зиянын тигізді. Оны еңсеру үшін бәріміз бірігіп әрекет етуіміз керек.

Біздің елімізде осы бағытта бірқатар жұмыс атқарылды. 1 шілдеден бастап республикалық коммуникациялық орталықтың жұмысы күшейтілді. Дәл осы араға бүкіл мемлекеттік органдардан жедел ақпарат келіп түседі. Бұл елдегі ақпараттық қызметті барынша үйлестіруге жағдай жасады.

Оған қоса, наурыздың алғашқы күнінен-ақ coronavirus2020.kz сайты жұмыс істеді. Осы кезге дейін оған 40 мыңнан астам азаматтан өтініш-сауал түсті. Мемлекеттік органдар тарапынан барлық өтініш-сауалдарға жауап берілді. Нақтырақ айтсақ, бұл көрсеткіш 99,8 пайызды құрады. Ал дәл қазір 89 өтініш қаралып жатыр.

Бұдан басқа, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерінен құралған жедел мониторинг тобы құрылды. Ол коронавирус тақырыбы бойынша резонанс тудырған жәйттерді дер кезінде анықтап, шара қолдануды көздейді.

Тағы бір назар аударғымыз келген ерекшелік – Қазақстан Орталық Азияда тұңғыш рет фейк-ақпараттарға қарсы арнайы сайттарды іске қосты. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен stopfake.kz сайты жұмыс істейді. Ол БАҚ-та, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратылатын жаңалықтардың шынайылығын анықтауға арналды. Жоба іске қосылған сәттен бастап, жүзден астам материалға талдау жасалды. Соған орай, 37 ақпаратқа түсініктеме беріліп, 90 жалған жарияланым жоққа шығарылды.

Айта кетейік, мамандандырылған American Jornal Of Tropical Medicine and Hygiene кәсіби басылымы «Қазақстанда фейк ақпарат деңгейі төмен» деген баға беріпті. Журналдардың мұндай рейтингіне көзқарас түрліше болатыны түсінікті. Алайда мұның өзі «сырт көз – сыншы» екенін айғақтайды, әрі пандемия кезінде Қазақстандағы ақпарат жұмысының өзіндік көрсеткіші іспетті. Біздіңше, ақпаратты барынша қолжетімді ету – қоғамның билікке деген сенімін арттырады.
Биыл маусым айында Қазақстанның Қылмыстық кодексінен жала жабу туралы бап алып тасталды. Заңға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Бұл ел басшылығының азаматтық қоғам дамуының құрамдас бөлігі саналатын сөз бостандығын әрмен қарай өркендетуге бағыт алғанын паш етеді.

Осы жазда елімізде мемлекеттік БАҚ-тардың бірыңғай порталы мен Мемлекеттік бағдарламалар порталының тұсауы кесілді. Бұл механизм барлық шынайы ақпаратты, бейнелеп айтқанда, «бұлақтың басынан» алуға мүмкіндік береді. Осы портал еліміздің негізгі жұмысынан мағлұмат беретін жаңалықтар агрегаты болып табылады. Материалдарға жасалған контент-талдау қабылданған шараларды оқырманға ғылыми-көпшілік тілмен жеткізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі алмағайып кезеңде орасан ақпараттық жұмыс аймақтарда, яғни 14 облыс және республикалық маңызға ие үш қала әкімдігіндегі ішкі саясат, қоғамдық даму басқармаларында жүріп жатыр.

Қазақстандағы журналист мамандығы туралы айтқанда, ең алдымен тілші қауымның қызметі ел Конституциясымен қорғалатынын атап өткен жөн. Сөз және шығармашылық бостандығына мемлекет тарапынан кепілдік берілген. Сонымен қатар, сала қызметкерлерін қорғайтын «БАҚ туралы» және «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң қолданыста. Журналистер қызметінің әлеуметтік қыры, өзге де мамандықтар сияқты, еңбек туралы заңмен реттеледі.

Оған қоса, Әлеуметтік серіктестік және әлеуметтік, еңбек қатынастарын реттейтін салалық комиссия жұмыс істейді. Оның құрамына бірқатар мемлекеттік және тәуелсіз БАҚ жетекшілері, үш кәсіподақ ұйымы мен ақпарат министрлігінің өкілдері енген.

Осы салада жиырма бес жыл еңбек етіп жүрген журналист ретінде бүгінде пісіп-жетілген БАҚ қызметкерінің дәрежесін анықтау мәселесіне айрықша тоқталғым келеді. Ақпарат министрлігі Қазақстан Медиа қауымдастығы және «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп, БАҚ қызметкерлеріне олардың құқығы мен еркіндігіне нұқсан келген жағдайда, соның ішінде кәсіби қызметіне байланысты сотқа бергенде заң кеңесін алу жағын қарастыруда.

Журналистер өз қызметінде «БАҚ туралы» заңды басшылыққа алып, шынайы және объективті ақпарат таратуы қажет. Біз саланы дамыту және Қазақстандағы журналистердің құқығын қорғау бойынша журналистік қауымдастық тарапынан сындарлы ұсыныстарды қарауға дайынбыз.
Қазір, дипломатия тілімен айтқанда, тараптардың мүддесін ескеру арқылы мақсатты түрде бірлескен жұмыс жүріп жатыр.

Бибігүл Жексенбай,
Бас редакторлар клубының президенті
(Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның онлайн-конференциясында сөйлеген сөзі)

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген