Jas qazaq ұлттық апталық басылымының 2011 жылғы 29 шілдедегі санында мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтың анасы Ділдә Матайқызы туралы «Имаштың анасы» атты мақала жарық көрген болатын. Ойға жүйрік, сөзге шешен қарияның қапыда тауып айтатыны, ұлтжандылық қасиеті барша ақжаулықтыларға үлгі боларлықтай еді. Ол кісінің газетке берген сұхбатында «Ең басты байлық – ұлттық мұраң. Соған абай болыңдар» деген бір ауыз сөзі ұрпақ жадында бүгін де, ертең де жүрер қағида. Қазақ әйелдеріне ісімен де, адамгершілігімен де, мінсіз мәдениетімен де үлгі көрсеткен Ділдә әжеміз күні кеше дүниеден өтті.
Jas qazaq ұлттық апталық басылымының ұжымы Иманғали Тасмағамбетовке көңіл айта отырып, оқырман ойынан шыққан сұхбатты назарларыңызға қайталап ұсынып отырмыз.
…Абай ақынның 150 жылдық мерейтойы ақындар айтысынан басталған. Республиканың маңдайына біткен дүлдүлдер додасының салтанатты ашылуы кезінде ресми тұлғалар сөз алды. Кезегі келгенде Иманғали Нұрғалиұлы да сахнаға шығып, өз пікірін ортаға салған. Бірден таң қалдырды. Қолына қағаз ұстамай шығып. Ол кезде кім де болса жазғанын немесе жазып бергенді оқиды. Бүкіл зал назары қағазсыз шыққан сөйлеушіге бұрылды. Төгіп жатыр, төгіліп жатыр. Тереңнен толғайды. Кешегі поэзия… ақындар мұрасы. Сосын негізгі тақырыпқа көшті. Абай әлеміне әбден бойлады. Ойы терең, сөзі шымыр. Абай жеріндегі шешендер де сілтідей тынып, тыңдады. Қол соғылды ма, ол жағы есте қалмапты. Әйтсе де үлкен шенеуніктің ақын Абайды түсінуі біздерді қайран қалдырды. Ақсақалдар дән риза. Біреуі айтып қалды: «Имаштың Абайды білетін жөні бар. Оның анасының аты – Ділдә» – деп. Арада он сегіз жыл өткенде Ділдә Матайқызына сәлем беру үшін Атырауға ат басын бұрдық…
Евдокия Матвеевна
Жайықтың жағасындағы еңселі үйдің табалдырығын аттағанда әр түрлі ой қармады. Сексеннің сеңгіріндегі ананың көңілінен шығатын сауал таба аламыз ба, бірнеше кітаптың авторын таңқалдыру өз алдына, толғандыру қолдан келе ме? Өмірі тілдесіп көрмеген қарияның шешіле салатынын да болжай алмайсыз ғой. Рас, көркем әдебиет пен деректі дүниеге құмар екенін естідік. Дей тұрғанмен, негізгі мамандығы дәрігер. Ал ақ халатты абзал жандар әсіресе тілдесуге келгенде тоқсан сөздің тобықтай түйінін қолыңа ұстата салады. Ойдан аршыла алмай тұрғанда қарияның өзі де көрінді. Амандасып жатырмыз.
– Айналайындар, сонау Алматыдан келдіңдер. Бұйымтай бар ғой, сірә.
– Бар, апа. Сізге сәлем беру, ғибрат есту. Ой түйіп қайту тағы бар.
– Жасы үлкен кісілерді іздегендерің жақсы. Бізден өсиет болатын сөз табылса, тіпті дұрыс. Көңілдеріңнен шығатын әңгіме айтсақ жарадық. Ұрпаққа көмегі тие ме деген ойларды анау үш-төрт кітаптың ішіне сыйдырдық. Төзім дегенді білесіңдер ме? Түрлендіріп айтуға да болады. Мысалы, қиындыққа шыдау, ертеңнен үміт күту. Сол төзімнің айналасынан іздеу керек бақытты. Тонның ішкі бауындай жарасып, өмір кешкендердің болашағы жарқын. Оның негізі – тіл табысу. Қазақ қалай әдемі айтады. Тіл табысу. Ұлтыңның Абайы жазып кетті, «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос».
– Бізге ой салған да Абай ақын. Дәлірек айтқанда, саңлақ мерейтойының салтанатты ашылуы еді.
– Қайдан білейін, жастардың көкейіне қонатын сөз айтсақ дейміз. Заманың мынау, танысу оңай, табысу қиын. Еңсені емес, кеудені тіктеуге құмар. Жас келген сайын кінәмшіл болып бара жатсақ, ол да заңдылық. Әйтеуір кейде мінеп жүреміз жан-жағымызды. Жастарды көрсек, ақыл айтқымыз келіп кетеді. Ерігуден емес шығар. Өз ұлтыңның ұшпаққа шығуын аңсайсың. Қазақ балаларының топ жарғанын, бәйгеден келгенін қалайсың. Қолыңнан келер дәрмен аз. Әйтсе де қол қусырып отыру да әбестік. Санаға сіңіру әркімнің өз шаруасы. Білгенімізді ақыл ретінде ұсынсақ, үлкендігіміздің көрінісі емес пе? Көңіліңе қонды ма, бұйымтайың орындалды ма?
– Табалдырықты аттаған бетте жылы сөз естідік. Ол да аз табыс емес. Бірақ алдын ала әзірлеп келген сауалдар да бар, соған жауап берілсе…
– Мейілдерің, шөлдерің қанғанша әңгіме айтуға бармыз. Содан іліп алар нақыл шықса, шіркін. Қағаздарыңды қамдай бергін, қарағым.
(Ділдә апа жайланып отырды да, сөз тиегін ағыта берді).
– Келін болып түскенде екі ауыз тіл білмедім, қазақшаға мүлде жоқ едім. Қаланың баласы, қырға келіп қиналдық. Нұрғалидың табалдырығынан аттадық та, шаруаға жегіліп жүре бердік. Шай қоймақшымын. Самаурынды алдым. Бірақ суды қайда құярымда білмеймін. Сорайған мойыны күйе. Енем байқады-ау деймін, ишарамен ұқтырды. Айта берсек, қызық көп. Тіл білмегеннің азабын аз да болса тарттық.
– Қалай тіл білмейсіз, қазақтың қызы емессіз бе?
– Тоқтай тұр, қызықты қазір айтамын. Үш айдан кейін үйреніп алдым. Бәрібір құлаққа сіңісті сөздер ғой. Ауылда орыс емге жоқ. Жан-жағың – қазақ. Дүкенде де қазақша, үйде де қазақша. Аурухана, ол да қазақша. Аттап шықсаң қазақ. Соның да себі тиді. Сөздікті жастанып жатамын. Ынтамен кірісіп, аз уақытта мақалдап сөйлеуге де жарадым. Атам бірде қасына шақырып: «Шырағым, ақшаң бар ма?» – деді. «Бар». «Бар болса, қонақ күтеміз. Шақырылмай жүрген қарттарым бар. Батасын алайық, қамдана бер», – деді. Өзі қара тоқтыны сойды. Мен де шамам келгенше тырыстым, енем бір жағыма шықты. Ақсақалдар да жиналды, балбырап піскен етті ортаға алып, шайға да қанды. Қонақ тарқайтын сәт те алыс емес. Сосын бірі сөз бастады: «Жә, ет желінді. Шай ішілді. Адал асыңа рахмет. Шақыруыңа жол болсын, мұнда не астар бар, соны тарқатсаңшы». Атам сәл ойланды да, жымиып күлді. «Астар деймісің, келін түскелі сендерден келемеж кетпеді. Тіпті «тілін қалай түсінесің»,- деп шымшыдыңдар. «Сонда мүлде ұқпай ма, ең болмаса емге бір ауыз білмей ме», — деген де сендерсіңдер. Бастарыңды әдейі қостым. Айтыңдар арыздарыңды, қойыңдар сауалдарыңды. Шырағым, именбе. Білгеніңді айтып жауап бере ғой», — деп атам маған бұрылды. Сасып қалдым. Қарттар да күтпесе керек. Күйбеңдеп қалды. Кейбірінің аузы ашылып, таң қалғандарын да білдіріп қойды. Ең алдымен ес жинаған Жұмағали ата – комбинаттың директоры. «Апырай, ә. Қызық екен, жарайды. Қызым қазақпысың?» «Қазақпын». «Қазақ болсаң руың кім?» «Алты ата Әлімбіз, оның ішінде Тілеуқабақ. Тілеуқабақтан Саңырық, одан Сексен.. Көтібардың тікелей ұрпағымын». Жеті-сегіз атаны түгендеп барып тоқтадым. Ақсақал жылап жіберді. Шошып кеттім. Атама қаратып айтты. «Ғалымжаным, жалғызым соғысқа Нұрғалимен бірге аттанып еді ғой. Ұлың аман-есен келді. Енді, міне, келінің бар, сен бақыттысың ғой. Біз сорлап қалдық». Атам жұбатып жатыр. «Жүке, олай демеңіз. Бір Алланың жазуы, мен де үшеуін аттандырдым. Екеуі қайда қалды, білесің, менің де жаным жаралы. Үштің бірін көріп отырмын. Амалым қайсы, шарам не? Дегенмен, соған да шүкір». Атам өзі Сұлтекең деп отыратын құрдасы бар еді. Сұлтан ата маған бұрылды. «Шырағым тілді біледі екенсің, бұрын неге сөйлемедің?». «Қайдан сөйлейін, ата, қазақша енді үйрендім. Бұрын реті келмеді». Жөнімді айтып жатырмын, үлкендер басын шұлғып қояды. Оның мәнісі былай еді. Әкеміз Матай ерте хат танып, пәни және діни ғылымды қатар меңгерді. Бұқарада жеті жыл білім алыпты. Әкесі Қоқан Дәрібайұлы мешіт ұстаған, имам болған. Екі ұлының бірі Матайды сыртқа арнайы жіберіп, үлкен қазіреттерден әдейі оқытқан. Жеті жыл білім жинап, елге оралған әкеміз қазы болды. Қара қылды қақ жарып, дауды шешетін. Заңға да, шариғатқа да жетік екен, алдына келгендер риза болып тарасады екен. Өткенде ғана осы үйге Әбдіжәмил аға Нұрпейісов келіп кетті. Біраз әңгіме айтты. Кешегі күндерді айтты. Әкемді әбден біледі. Жанында төрт жыл атқосшы болып жүрген. Сырына да қанық. «Кешегі өткен Матекеңдер кісінің төресі еді ғой. Еліне сыйлы, жұртына жайлы болды. Халқы, «көкте – Құдай, жерде – Матай» деуші еді, сен сол Матекеңнің көзісің», деп тебіренді. Қазақтың «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін», – дегені осындайдан шықса керек. Әбе әкем туралы айтты. Шалқардың қарттары да жақсы білді. Патша заманында тоғыз жыл ел басқарды. Ол кезде «двухклассник» деген бар. Екі жыл орысша оқытады. Өз тұсының білімділері, әкеміз де «двухклассник». Отызыншы жылдарға таман ұсталып, айдалды. Артынан бардық. Сонда пәтер жалдап тұрдық. Менің екіге толмаған кезім. Ес білгендегі аты-жөнім – Евдокия Матвеевна Коканова екен. Кейін түзеп алдық. Азан шақырып қойған атымыз – Ділдә. Ділдә Матайқызы Қоқанова. Оған да шүкір. Әйтпесе жүрер едік, Дуня болып…
Калининге жазылған хат
– Магнитагорск біраз жыл мекеніміз болды. Қаланың өзі емес. Адайлар тұрған Қызылқазақ деген ауыл бар екен, әжем екеуміз сонда келдік. Шешем жұмыс істейді. Мені балабақшаға берді, күні-түні қарайтын болуы керек. Тіл орысша шықты. Әке түрмеде, шешені де көрмейсің, қазақшаны қайдан білесің. Еміс-еміс есімде. Кейде анам құшақтап отырып жылайтын. «Қарғыстың жаманы осы-ау сірә, «өз балаңның тілін түсінбе» деген болар», — деп. Кейін түсінісіп кеттік, ол кісі де орысшаны үйреніп алды. Орта қоя ма. Үйретеді.
– Әжеммен бірге келдім дедіңіз..
– Шешемді әже деп атаппын.
– Аты кім еді?
– Қалбибі. Ерінің соңынан еріп, Сібір барды. Анда-санда тамақ тасу үшін. Түрменің қосалқы шаруашылығында жұмыс істеді. Сиырын сауады. Қиындықты белшеден кешті. Жаудың әйелі болып өмір сүру қай бір оңай дейсің, көзге сүйел. Дегенмен бір Аллаға үміт артады. Ертеңіне сенеді. Кебенек кигеннің келетіні тағы бар. Бала болсақ та жан-дүниемізбен түсіндік. Алты жасар, жеті жасар кезіміз. Әке түрмеде, сонда да дәтке қуат, жанға медеу. Айдауда жүргендердің жұмысы нағыз азап. Домна пешіне отын салады. Сілелері қатқанша еңбектенеді. Жазықсыз отырды ғой. Жаламен кеткен. Бір танысы ұстатып жіберген. Оны тексеретін кім бар, арызданатын жерің қайсы? Бірде қасындағылар кеңес беріпті. Кейде серуен кезінде түрме бастығы жанынан өтеді екен, «тіл білесің, сөйлес», – дейді ғой. Сәті түсіп, жақын жерден көрінгенде сәлем беріпті.
«Киргиз, баран, что он хочет?», — депті. Тілмашты керек етпеген әкем сөйлеп берген. Тілге шешен. «Қойға баладыңыз, дәл тауып айттыңыз. Қой қоңыр, жуас және таза мал. Бізді тұқыртатын сол жуастық, маза бермейтін сол тазалық. Нақақ келдім, жалған жаза тартып жатырмын», — депті әкем. Түрме бастығы таңырқап, әрі сөзден жеңілгенін мойындап, «сені жібере салатын билік менде жоқ. Қолымнан келетін бар қайратым, қасыма тілмаш етіп ала аламын, келісемісің?» – дейді. Магнитагорскіден талай жыл дәм бұйырды дедім. Екінші класта оқып жүргенімде әкем нан беріп жіберіпті. Әжем тамақ апарғанда ыдысын қайтармай ма. Ішінде – маған арналған сәлемдеме. Әлгі нан. Жейін десем, ішінде қағаз бар секілді. Алып қарасам, папиростың қағазы көрінеді. Ұсақ жазулар. «Мұқият оқы», — деп басталады. Зер салып, зейін қойып оқыдым. Біреуге арналған хат. Әдірісі бар. Мәскеу, Кремль. Михаил Иванович Калинин жолдасқа. Ақ қағазға шамамның келгенше көшірдім. Сосын поштадан жіберуге болмайтынын ескертіпті. Поштабай пойыздар бар. Сол арқылы салу керек. Әжем екеуміз арнайы барып, салдық. Айтпақшы, соңына өзім де жаздым. Сәбидің тілегі. «Дяденька, помогите, пожалуйста. Мой отец не виноват. Прощу, отпустите его». Не болса да дөкейдің өзіне кетіп бара жатыр. Арманда қалмайын деп, жазып қойдым. Зарымыз Аллаға жетті білемін, күндердің күнінде әкемді бастықтар шақырыпты. «Коканов, сенбісің Мәскеуге хат жазған». «Менмін». «Арыз-талабыңды қарапты, жазықсыз екенсің. Ешкімге өкпелеме. Тағдырың солай. Қазақ жеріне жіберуге болмайды. Бірдеңе бүлдіресің. Ссылка әлі жалғасады. Орта Азияға барасың, Өзбекстанға». Ол да қуаныш. Сурхандария облысы, Термезге кеттік. Шамасы 1938 жыл шығар, Магнитагорскімен қоштастық. Аман-есен жеттік. Орналастық. Әке-шешеме жұмыс тиді. Мен мектепке бардым. Сегізінші класқа дейін оқыдым. Ортада соғыс басталды. Орталау мектепті бітірген тұста әскери комиссариаттан шақыру қағазы келді. Әжем естігенде, талып қалыпты. Қаршадай қыз соғыста не бітіреді дейді ғой. Майдан қызып тұрған жылдарда сегізінші кластың аттестатымен жоғары оқу орындарына ала береді. Тәжікстанға жіберді. Ол кезде Сталинабад қаласы. Сынақсыз түстік. Маман қат. Дәрігер болу үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Жоқ жерден тап болдық. Жиырмаға толғанда толық курсын аяқтадым. Әкем газ бұрғылайтын оператор. Шешем де жұмыста. Мені сол Термезге бөліпті. Әскери госпитальға. Қиыр шығыстағы жағдай ушығып тұрды. Жапонмен соғыс басталды. Термезде карантин жарияланған екен. Жер-жерден әскерлерді қалаға төгіп, қайта даярлап әлгі майданға жібереді. Бірде қазақтың төрт жігіті пайда болды. Төртеуінің де жүзі жылы. Қан жібере ме, тартып тұр. Білемін, қазақтар. Өзім қазақша дым білмеймін. Дегенмен, сөздері таныс. Орыс қыздарына еріп, биге барамыз. Олар да жүреді. Екеуі Атыраудан, біреуі Алматыдан, енді бірі Павлодардан көрінеді. Танысып кетті. Қыр соңымнан қалмайды. Өздері күбір-сыбыр. Сонда айтады екен, баяғы, «қазақтың қызын жат жерде қалдырмаймыз», — деп. Менде күйеуге тиемін деген ой жоқ. Жеңгемнен сөз шықты. «Дуняшка, скоро за тобой приедет, свадьба будет». Қайдағы той? Сөйтсек, бесік құда деген бар емес пе қазақта. Әкемен біреулер сөз алған. Шоршып түстім, шошып та кеттім. Одан да дарияға кеткенім жақсы деймін. Танымайтын біреу. Көңіл-күй жоқ. Әлгі төртеудің ішіндегі еті тірісі – Әбілқайыр. Себебін сұрады. Шынымды айттым. «Ойбуй, сен былай істе. Түрімізді көрдің, бірімізді таңда». Орыс мінездің пайдасын сонда көрдім. «Ұнайтыны Нұрғали», – деп салдым. Анау дейміз. Мынау дейміз. Бәрі бекер. Түптеп келгенде, Алланың қалауы. Әйтпесе жер түбіндегі Атырауға қалай барамын. Әбілқайыр әскери комиссарға айтыпты. «Нұрағаңды екі-үш ай ертерек еліне жіберуге болмас па екен», – деп. Екі-үш күн өтті ғой деймін. Елші келіп тұр, штабқа шақырады. Ол кезде әскери тәртіп. Жүгіріп бардым, бастық қабылдады. Қазақтың төрт жігіті күлімдеп тұр. Түк түсінгем жоқ. Мен ішке енген соң тағы біреулерді шақырды. Қысқасы, ЗАГС өкілдері. Нұрғали екеумізді табан астында некеге тіркеді. Екі солдат куә болды. Бастық құттықтады. Аңырып мен тұрмын. Бар айтқаным, «Мен бүгін шыға алмаймын». «Неге?». «Қалай шығамын, құжаттарым жұмыста. Қисыны келмейді». Военком былай деді. «Оған алаңдама. Мынау билет. Гурьевке дейін. Кейін қайда барасыңдар, өздерің білесіңдер. Құжат жағын маған жүкте. Тұрақты әдірісіңді айтып, хат жолда. Шашау шығармай салып жіберемін». Сөйтіп, аяқ астынан күйеуге тидім. Дәм солай тартты. Ата-анам білмейді. «Атырау, қайдасың?» – деп пойызға отырдық.
– Біреуге айтсаң сенбейтіндей оқиға екен..
– Ол заманның кісі нанғысыз құбылыстары көп болды ғой. Соғыстан кейінгі кезең халыққа ауыр соқты. 1945 пен 1953-тің арасында жұрт әбден жүдеді. Карточкалық жүйе, нанға ауыз жарымайды. Қалай тірлік кештік, ол да адам сенбес, әсіресе, бүгінгі буынның түсіне кіріп шықпайтын көрініс. Сол кездегі қазақтың береке-бірлігі қиындықтардан алып шықты. Келін болып түскен жерім Новобогат. Бұрынғы аты – Қамысқала. Екі рет орден алып, әлеуеті артқан шақта жаңадан байып шықты деп басшылар осылай атай салған. Енді Исатай ауданы, Махамбет ауылы. Жайық қатқан кезде Махамбет Сарытоғайдан атының аяғына киіз байлап өте шыққан екен, қуып келе жатқандар ілесе алмапты. Жылқы мұзда жүре ала ма. Ақтау асып, аман қалады. Жеті жыл жүргеннен кейін жаулары алдап қолға түсіреді. Бірақ оларды қан жібере ме, осы Сарытоғайдың тұсында суға кетіпті. Дәм тартып, Қамысқалаға келдік дедім. Атам бар екен, енем бар екен. Екі қайнағам соғыста өлген, солардың жесірлері, екі абысыным бар. Қайын сіңілім мен қайыным үйде. Және төрт бала. Қайнағалардан қалған. Алды алты-жетіде. Құтты қонысқа еніп, әдірісі нақтыланғаннан кейін Термезге хат жолдадым. Орыс бастық уәдеде тұрды. Нағыз адам екен, құжат біткенді толық жіберді. Ұқыпты ғой, қалған ақшаны да салыпты. Жергілікті ауруханаға орналастым. Өзім акушер, өзім гинеколог. Әйелдерді босандырам. Толғақ уақыт талғай ма, түн шақырады, күн шақырады. Нұрағаңның достары көп, олар да уақыт таңдамайды, сау ете қалады. Нұрағаң саясаткер. Келе мені мақтайды. «Ділдәнің қолы ащық, дастарханға төгіп тастайды. Тамағын да жасап жібереді. Құдай-ау, сондай жомарт жан, енді өздерің де куә боласыңдар». Енем ет салып қояды. Шараң қайсы, шаршап тұрсаң да шайын бересің. Осы күннің келіндері біз тартқан бейнеттің бірін де білмейді. Жақсылықта өмір сүрсін. Алладан жатсақ-тұрсақ осыны тілейміз. Егемендігіміз баянды болсын, бағы жанған ұрпақ өсіп келеді. Жұрт іргесі аман болсын. Шіркін, тыныштыққа не жетеді. Ауыз суды алты шақырым жерден тасимыз. Иінағашты мойынға салып, екі шелек ұстап, қамыс-қоғаның арасымен кетеміз. Өткенде Құрманғалиға көрсеттім. Көзі бақырайып кетті. «Алыстан тасыдыңыздар ма?» – дейді. Тасымағанда. Жақын жерде Боқсақ бар. Бірақ өлі су дейді ғой. Ішуге келмейді, одан да алып қайнатып, балдырын сүзіп тастап, кір жууға пайдаландық. Ауыз суға күніне екі барамыз. Үйреніп кеттік, табанымыздан тоздық, шаршадық деу жоқ. Миға кіріп те шықпайды. Қабақ шыттық па. Әй, білмеймін. Өйткені күнделікті тыныс-тіршілігің. Бірнеше құрсақ көтердік. Онда да жүре бересің, өмірің сол. Қалжырайсың, әрине. Тірі жансың ғой. Әуелі бірде қалғып кетіппін. Қалай екені есімде жоқ, шамасы демалып отырып, ұйықтай салған шығармын. Көрші Мәрзия көрген. Оятуға батпапты. Тынығып алсын деді ме. Үйге барып айтыпты. Өзі адайдың қызы, енем де адай. Апасы болған соң айтады да. «Бірнеше қатын отырып, аяғы ауыр келінді неге жұмсайсыңдар», –депті. Ибалы дегенді білесің, «бірдеңе ілінгенін» білдіру де ибаға жат. Тіпті енеге де тіс жарып ештеңе демейсің. Әйтпесе екінші қызды көтерген кезім. Келесі күні ертемен суға барайын десем, иінағаш та жоқ, шелектерім де көрінбейді. Енеме бардым. Ұрлап кетті ме, қайдан білейін. Ешкім ұрламапты. Әлде абысын, әлде қайынсіңілі. Соларды жұмсапты. «Айтсаң болмай ма», — деді ақырын ғана. Сол заманда сыйласудың классикалық үлгілері қалыптасқан ғой. Қатыгездік қалыс қалып, тек сыйласым төрге ұмтылады. Бірде енем шақырды. «Ұялып та тұрмын. Дегенмен, айтуға тура келді. Атаң келіндеріне рұқсат беретін секілді. Тағдырға өкпе арта алмайсың, егер қалағандары болса, қыздарындай ұзатады. Балаларды сен алып қаласың, абысындарыңнан сыр тартып көр», – деді. «Мақұл». Әйелі қайтыс болып, үш баламен қалған Бейсенғалиға бір абысыным барды. Екіншісі жас еді. Кеңес атты жігіттің етегінен ұстады. Жаман болған жоқ. Қарым-қатынас үзілмеді. Бірлігіміз ажырамады. Өле-өлгенше араластық. Нұрлыбегім мен Ерғалиым да ер жетті. Балалы-шағалы болды. Аллаға шүкір, солардың да қызығын көрдім. Өз балаларымнан кем көргем жоқ. Олар да шешелері ретінде сыйлады. Өзі қиын-қыстау шақ. Қонақ келеді. Қысылмау үшін тәттілерді тығып қоясың. Ең сенімді сейф – атамның байпағы. Қалтаны байпаққа салып, елеусіз бір тұсқа тастай саламын. Жақсы екен. Балалы үйде құпия көп сақтала ма, бірде байпақты алып қарасам, іші бос. Қалта жатыр, кәмпит жоқ. Имаштан сұраймын. «Құрманғали ғой тауып алған. Сосын бәрімізге таратты», – деп қарап тұр. Нұрлыбек пен Ерғали да жеген, қысқасы тауып алып, тауысқан. Қазір кәмпит шашылып жатыр. Аста-төк заман.
– Қайран біздің аналар…
– Ол кезде отбасылық тәртіп қатаң. Келін болып босаға аттадың ба, әулеттің тәрбиесіне көндігесің, басқа жол жоқ. Рас, пенденің басына әртүрлі ой келеді. Әсіресе Бақшасарай бұрқағынан құмды жерге келген біз сияқты орысша өскендердің сіңіп кетуі қиын. Жазмыш. Жазмыштан қалай озасың. Таңдауың Нұрғали, енді оның ошағына байландың. Атам да, енем де ерекше жандар еді. Кітабымда жаздым, атам – ұстазым еді. Нені оқытты, нені ұқтырды дейсің ғой. Түйгенім көп, ілгенім де мол. Тым болмаса мүшелеп ет асуды да білмейтін едік. Самаурынға шай қою да қолдан келмеген. Ұлттық дәстүрді бойыма сіңірді. Қамбар батыр жырын Имаш пен атам айтып отыратын. Алдында екі қыз, оларға да жанын салды. Ұлдың шоқтығы биік екен. Тізесінен түсірмейді. Манасты айтады, өзге де жырлар төгіліп жатады. Имаш қағып алады. Алғыр. Атасының аузынан түскен сөзді жаттап, артынша өзі жырлап кетеді. Үйге кіріп-шығып жүріп естимін. Мазмұнын ұқтым. Күйбің таусыла ма. Құлақ түрік. Бірде атам ән салып отыр:
Аспанда айнала ұшқан қаз баласы,
Жылқының жайылмайды азғанасы.
Өлеңді айт дегенде қоя береді
Жаппастың жасөспірім бозбаласы- ай, ахау.
Имаш жалғап әкетеді. Шіркін, абыз ақсақалдар еді. Сөздерін ұға алмадық. Батаның өзін он-он бес минут қайыратын. Арабшадан бастайды. Қазір бата беру де қазақтың қолынан келе бермейтін шаруа. Той-томалақта тілек айт дейді. Шамам келгенше айтамын. Төр жақта отырған қуақылар: «Мынау келіндеріңізге тағы бір қайталап жіберсеңіз», – дейді. «Шырақтарым, бір тоқтыны екі қайтара бауыздамайды деген, естігендеріңе риза болыңдар», – деймін. Жым болады. Сөздің құдыреті, қазақи иірімнің қасиеті ғой. Бұлақ теңізге, бала негізге тартады. Өз атасын айттық. Нағашысы – Матекең, сөз ұстаған, билік жүргізген, шешім айтқан. Дәуірінің қазысы. Имаш қайда барады енді. Тек деген алмай қоймайды. Көне кітаптан оқимыз, қасиет ұшып-қонып жүреді екен. Түйгенім мынау, адам баласы бұл жалғанда жақсылық жасаудан жалықпауы керек. Түбі қайырлы болады. Балаңа немесе немереңе, әйтпесе шөбереңе. Мың сан рет дәлелденген тұжырым. Кісінің есесін жеме, бағын қызғанба. Сонда ұзаққа барасың. Ұрпағыңмен ұзайсың. Үрім-бұтағыңмен жетесің. Әлгінде айттым ғой, әкенің қасиеті. Бас-аяғы жиырма жеті жыл айдауда жүрді. Мұқалған жоқ. Сыр бермеді. Марқұм бес уақыт намазын қаза қылмады. Оразасын бұзбады. Әжем де солай. Хат танымады демесеңіз, көкірегі сайрап тұрды.
Құлақта қалған құлқуалла
– Әкем екібастан молда. Имаш туылған жылы ақталды. Мәскеуден құжаты келгенде ауылға тартты. Туған жеріне, Шалқарға. Діни білімі – терең. Он екі жасымда намазға жығылдым. «Кешігіп қалдық, дегенмен шырағым, оқу керек», – деді. «Құлқуалла» құлағымда қалыпты. Ағаң 1997 жылы дүниеден озып, қырқын бергеннен кейін сәждеге бас қойдық. Бес парыздың бірі ғой. Матекең құран аударатын, тәпсірді де білді. Шалқарға оралып, имамдықты ұстады. Бес тілді білетін, арабшасы бар, татарша, өзбекше де сөйлейтін. Кеңес тұсында шешен мен татар ғана құманын тастаған жоқ. 1972 жылы қайтты. Әжем кейін өтті. Бірнеше құрсақ көтерді, бірақ тоқтамады. Шешектен кетті, қызылшадан кетті. Жалғыз қалған ұрпағы менмін. Имаштың атасы мен әжесі де ораза-намазды қаза қылмады. Енді мұсылмандықты нақ мойындадық. Ежіктеп болсын құран оқимын. Біліп қалдым. Айналайын егемендік көзімізді ашты ғой. Әлпештеген әкенің үмітін ақтай алдық па, ол жағы Аллаға аян. Өткенде ой келді. Қоқанның Ырғызда мешіті болыпты. Төңкеріс кезінде тапап тастаған. Ұл өсірдік, қыз өсірдік. Бәрінің басын қосып, ауылға әкеме арнап мешіт салғым келетінін айттым, бәрі де қолдады. Құрылысы жүріп жатыр.
– Сауаптың үлкені жетімге қамқор болу дейді. Келін болып түскеннен кейін қайнағаларыңыздың балаларына қамқор болдыңыз. Нұрлыбек, Ерғалилар ер жетті деп жатырсыз. Ал, Меңдібай кім?
– Ол да балам. Тумасам да туғандай. Сәнияны білесің ба, соның әкесі. Он үш жасында ма екен, ауруханаға түсті. Денесінің қызуы әлі есімде, 39,2. Өкпесі қабынған. Ем-дом жасадық. Құлан таза айығып кетті. Енді үйіне қайтсын дейміз. «Апатай-ау, мен осында жата берейінші», – дейді. «Қалай жатасың, сауықтың, енді кету керек». «Қайда барамын, көрінген жерде жүрмін». Жүрегім ауырып, жаным ашыды. Атама келдім. «Елі жаппас көрінеді. Бір бала пайда болды. Барар тауы, басар жері жоқ сияқты. Асырап алсақ қайтеді?». «Ондай ойың болса мен тек қуанамын. Тілегіңе жет, айналайын», – деп қуанып кетті. Сосын үйге ертіп келдім. Қолым ұзарып, жетістім де қалдым. Владивостокқа әскерге алынғанша жүрді. Сосын азаматтық борышын өтеді. Қиыршығыста біраз уақыт келісіммен еңбек етті. Мәрия келінді әкелді. Өсіп-өнді. Рас, ерте кетті. Жаны жәнната болғай. Балалары қасымда. Сәния мен Әлия, Ерлан мен Мұхтар үбірлі-шүбірлі.
– Сізді тағы да сондай жиырма бір баланың анасы деп естиміз.
– Олардың әке-шеше табуына себепші болдым. Мысалы, үкімет жұмысындағы Әбибаның баласы жоқ еді. Бір күні айттым: «Асырап алшы, артынан ұрпақ ереді», – деп. Сағындықты алды. Артынша Есей мен Демеу келді. Жаман емес. Әбиба қазір тоқсанда. Әлгі үшеуден тараған ұрпақтың арасында шалқып өмір сүріп жатыр. Сағындық суға кетті… Есей мен Демеу аналарын алақанында ұстайды. Жиырма бірдің жиырмасы бар әлі. Бірі – ректор, енді бірі – директор. Алды алпысты алқымдады. Бірде ауырып, Алматыда емделдім. Қайдан естігендерін білмеймін, жиырма бірдің біразы іздеп келіп, көңілімді сұрады. «Не қажет», – деп шыр-пыр болады. Бақыт деген – сол. Бәрі құрмет тұтады. Және жасандылық емес. Елу жыл бұрын, қырық жыл бұрын да иіліп, жастық, жайылып төсек болды, айналайындар. Шетінен ізетті, бәрі де мейірімді. Әке-шешелері ше? Олардың да бақыттан басы айналады. Өсті. Өнді. Енді не керек?
– Бағанадан бері реті келмеді. Қаланың қызы болған соң Нұрағамды «ауылыңда театр, кино жоқ» деп басқа жаққа бастап кетпедіңіз бе?
– Қайда барасың, қарттарды тастап. Және үлкен жауапкершілік бірден артылды. Мойынға салмақ түсті. Қайнағалардан қалған қарғаларды кім бағады. Адамгершілік қайда. «Еңсені тіктейік, экономиканы арттырайық», – деп жүрсіңдер. Мейілдерің, бірақ бірінші кезекте адамгершілікті нығайту керек. Абай атаң айтпақшы, «өңшең келісім сылдырап ақсын». Қалғанын түзеу қиын емес. Пейілге беремін дейді. Қалып дұрыс болсын, жүрек жылы болсын, адамдардан мейірім төгілсін, сонда аспан ашық. Жер бетін бұлт торламайды. Тәйірі, бала бағу да қиын болып па. Сексеннен астық, көріп жүрміз. Кейбір ене келіннен жерінеді. Немеренің жаялығын жууға жиіркенеді. Не, ол?. Жетістік пе. Жоқ, адамгершіліктің азайып бара жатқаны. Біз секілді келін болмай-ақ қойсын, бола алмайды да. Бірақ әдеп шеңберінен аспау керек қой. «Не бопты. Келіні кетіп қалыпты». «Ата-ене қалыпты. Байы еріп кетіпті». Кетірген кім, кеткен кім? Неге тіл табыса алмайды? Адаммен адам тіл табыса алмай ма сонда. Саған ұрсып отырғам жоқ, заманыңа да кейімеймін. Кейде запыран төгіледі. Сондай кез деп түсін қарағым. Әйтпесе оларға да Алла берген шығар, несібесі сондай, оған қалай қарсы тұрайын. Әйтеуір адам біткен жақсылықтың жалына жабысып қалса дейді, кәрі көңіл. Кино деп пе едің?.
– Кино дегенде, Бақшарасай бұрқағынан құмға келген қыз қаланы аңсамады ма дегеніміз, апа?
– Оны түсініп отырмын. Кино дегенде құлағым елең ете қалғаны, бір күні біздің ауылға «Ганга» келді. Үлкені де, кішісі де көріпті. Керемет дейді, барғың келеді. Кешкі көрсетілімге өлсең шыға аласың ба, шаруаң шаш етектен. Енең не дейді? Бірақ қатты қызықтым. Сосын балаларға арнап күндіз қояды екен, соған билет алып, кіріп кеттім. Көрдік, мықты. Енді ауылда көрген жалғыз кино болған соң да әсер ететін шығар. Сол «Ганга» есімде.
– Балаларыңызды бесікке бөледіңіз бе?
– Анасымын ғой, емшек береміз. Қалғаны ата-ененің мойынында. Өздері бөлейді, өздері тербетеді. Бізге бала қайда? Күнсұлу мектепте оқып жүргенде сабағын қадағалағым келді. Сауал қойғаным мұң екен, бақырып қоя берді. Әжесі естіп, кіріп келді. Тап мен бір қылмыс жасағандай қабағын түйіп, қатуланып алыпты. Түсіне қойдық. Есіме түсті. Екеуі қыз еді. Сосын ұл тудық. Нұрағаң қолына алмайды, айналып-толғану қайда, мойын бұрып қарамайды. Орысшадан қалған мінез жасырынып жатады екен. Бұртиып қалдым. Себебін сұрады. Айтып салдым, «ана екеуін қыз деп бауырыңа тартпадың. Ұлға неге еміренбейсің?». «Жарқыным-ау әлі де түсінбейсің бе. Екі қартың тұрғанда бұларға қалай жақындайсың, әйтпесе мен де ет-жүрегі елжіреген әкемін, иіскегім келеді, бірақ біліп жүр. Енең Жәниба – тумаса да туғанымнан артық анам. Еміренгенімді көрсе ренжиді, ұқтың ба?». Үндегем жоқ. Өз енеміз Тәкім екен, ерте қайтыпты. Атам алты баламен қалған. Содан бір жаппас қайтыс болады, екі әйелі бар екен. Біреуі тіпті жас көрінеді. Атам жеңгесінің алдынан өтіпті. Кілең ақылдылар өмір кешеді ме, жеңгесі: «Сені күтіп жүр едім, кішіні аласың, өзім тойыңды жасап беремін», –деп бір лағын сойып, ырымын істеп, атама кіші әйелді қосыпты. Нұрағаңның сөзіне Құрманғали туғанда көзім жетті. Имашты иіскей алмаған соң, әкесі Құрмашты құшағына басып жатса енем көріп қойыпты. «Жә, білдік, кімнен туғанын, біліп қойдық», – деп бұрыла жөнелгені. Мың қайтара кешірім сұрап, әрең жанымыз қалды. Ырысты туғанда кенже екенін білді ме, ұстауға да, иіскеуге де рұқсат берілді.
– Балаларыңыз шетінен әнші. Әкелерінің дауысы қандай еді?
– Жақсы болатын, ашық. Тынысты тереңнен алады. «Япурайды» білесің ғой. Оны екінің бірі сала алмайды. Самаурын қойып жатқанда ағаңның дауысын естимін. Сондай тұнық. Сарайы кең. Нақышына келтіріп айтады. Асылы, әнді жүректен шырқайтындардың тыңдарманы көп. Ырысты мен Құрманғалида бар, әкелерінен қонған. Атам Имашты алдына алып отырғанда: «Сөзге ұста болады, ақылы бар, ақындық та бойынан табылады», – дейтін. Бәлкім бірдеңе жазып жүрген де шығар.
– Нұрғали аға қаржы саласында жүрді ме?
– Соғыз кезінде тоғызыншы кластан әрі оқи алмай қалды. Майданға шақырылды. Кейін біз қосылғанда Семейден оқып келді. Қаржы техникумында. Саратов қаласындағы экономикалық институтты аяқтады. Аудандық қаржы бөлімін басқарды. Халықтық бақылауда да жүрді. Кейін зейнетке шықты. Біраз уақыт өткенде мүлде өзгеріп кетті. Өзін қоярға жер таппайды. «Үйде қатын отырады деуші еді, біздің кім болғанымыз», – дей береді. «Еңбегің сіңді, енді демалу керек», – дейміз. «Қайнаған өмірдің артта қалғанын-ай», – деп қынжылады. Ақыры жұмысқа шығып кетті. Өмірінің соңына шейін шаруаның бір пұшпағында жүрді.
Бізді өсірген – кітапхана
– Ол кезде жұрт жаппай кітап оқиды. Тіпті бас алмайды. Жаңа шығарма оқысақ, талқылаймыз. Жиһаз жинайтындар ілеуде біреу. Жақсы кітапты табу оңайға соқпайды. Әйтеуір кітапхана құтқарады. Сұранысқа ие авторлар шығармасына кезекке тұрасың. Үйге әкеліп оқисың, оған уақыт табу да қиын. Қолың қалт ететін кездер өте сирек. Балалар да құмар. «Мына кітапты енді екі-үш күн оқуға бола ма?» – деп өтінеді. Өз басым жас кезімнен оқыдым. Лев Толстой, Федор Достаевский. Лермонтов пен Пушкин. Өзбекстанда қазақ кітаптары қайдан болсын. Қамысқалаға келіп, тіл меңгерген соң Абайдан бастадық. Мұхит десеңші, тереңіне бойлай бересің. «Абай жолын» бірнеше рет қолға алдық. Оқыған сайын тамсанып, керемет бір әсерде жүресің. Қазір ешкім оқымайды. Сайт дей ме бір бәлені айтады, соған үңіледі де отырады. Кішілерге ұрсамын: «Қалай адам боласыңдар?» – деп. Менде керемет кітапхана бар еді. Өзім жинағам, кейін Иманғали бөлек шыққанда тарту еттім.
– Ұрпаққа мұра болсын дедіңіз ғой..
– Бір керегіне жарайды да. Әке-шешені іздеп барғаным есіме түсті. Осы балалардың біреуі емшекте. Шалқарға көшіп келгеннен кейін. Үйде отыр едім, үлкен кісі келді. Сәлем беріп, төрге озды. Әңгімелесіп отырды. Сосын әкем қонаққа қарап былай деді. «Төке, дұрыс келдің. Мен сыртта жүргелі отыз жылдай уақыт болыпты. Елден кеткенде артымда іші дүниеге толы алты қанат ақ орда қалды. Желіде екі бота, өрісте екі ақ інген жүрді. Дүние мүлкім саған бұйырыпты. Өсімінің керегі жоқ. Түйем мен ботамды және алты қанат ақ үйімді қайтар». Ана кісі сасып қалды. Біздер де селк ете қалдық. Әкем тағы айтып жатыр. «Алғаның рас қой, егер қайтармасаң екі дүниеде қарызсың». Төкең боп-боз. «Матеке-ай алғаным рас. Бірақ дәл қазір бір ғана боталы түйем бар. Соны ал, алты қанат ақ ордаң баяғыда тозды. Дегенмен, шама келгенше қайтарайын». Әкем орнынан ұшып тұрды. «Әй, Төкем-ай, жігіттің сұлтаны едің, қасиетің тарқамаған екен, арада көп жылдар, не зауалдар өтті. Өзгерді ме десем, қалпыңда қалыпсың. Қазір сен мойынға алмасаң не істер едім. Азаматым-ай, келші құшағыма, әрине, еш қарызың жоқ. Тіпті сен қайтардың мен алдым, осыған тоқтаймыз. Баяғы бір заманды аңсап отырғанда сынап көрмек едім, сынымнан өттің сабазым», — деп құшағына қысты. Бәсе, біздің әке біреуді өз дастарханында тұқырта қоймаушы еді. Ескі досты сынағаны екен. Матекең бір әкеден екеу, Өтебай, Матай. Өтебайдың баласы – Рахманқұл. Рекеңнің әйелі – Ақзира. Әлгі Термезде күйеуге беремін дейтін сол, Ақзира.
– Термезге қайта соққымыз келеді. Ата-ананың рұқсатын алмай кеттіңіз. Кейін қалай табыстыңыз?
– Басында жылапты. Сосын ризашылықтарын беріп, Алладан бақытты болуымды тілепті. Үсті-үстіне хат жазамын. Жауап анда-санда келеді. Ақзира жеңгемнің сауаты аз. Бәлкім, содан кейін де хат сирек. Бірақ амандықтарын біліп тұрдық. Әкемнің тағы бір ерекшелігін айтып берейін. Термезге келіп, Өтебайдың баласы Рахманқұлды қасына шақырды. Кейін өзі аяқтандырды. Екіқабақ деген жерде бұрын әкеммен араласқан кісілер тұратын, солардың біріне қонақ болып, Ақзира жеңгемді ағайға алып берді. Бұрыннан сырлас адамдар, Маткеңнің жайын әбден біледі. Осы қызды Рекең ұнатқан, шамасы. Бірнеше балалары бар. Тұңғышы Мәрзия, артынша Рәзия дүниеге келеді. Қоқаннан көп тұқым қалған жоқ. Матекеңнен жалғыз мен. Ақзира келіні үшінші қызын босанғанда әкем келіп: «Мұның аты – Ендіқой», – деп азан шақырыпты. Алланың құдыреті, жеңешем қыз туғанда қойып, Жалғасбайды дүниеге әкелді. Жалғасбай жалғасуы керек қой. Кенжесі Молдабай туады. Үлкендерде қасиет бар екенін осыдан білуге болатын шығар, ә.
– Әрине. Аузы дуалы дейміз ғой. Болмысы жақсы кешегілер ертеңнің де іргетасы іспетті. Сол екі буын арасындағы алтын көпір секілденген Сіздердің де қазақы болмысымыздың сақталуына сіңірген еңбектеріңіз мол. Әңгімеңізге рахмет, апа. Көп жасаңыз!
– Кәрінің сөзін дәріге балап келдім дедің, қадамдарыңа нұр бітсін, қарақтарым! Ең басты байлық – ұлттық мұраң. Соған абай болыңдар!
Сұхбаттасқан Аманкелді Сейтханов