jasqazaq.kz

Илон Маск. Алып қиял ақиқатқа айналды

05 маусым 2020, 14:00

Тура 60 жыл бұрын Мұхтар Әуезов мұхиттың арғы жағына барды. Сол сапардан «Америка әсерлері» дүниеге келді. «Қырғиқабақ соғыс» жылдары тіпті күшейген кеңестік цензураның қатал сүзгісіне қарамастан, капитализм көшін бастап тұрған елдің ғылымы мен мәдениетіндегі жетістік баяндалды. Қаламгер мұны «Жердің тереңін қазса, түбіне дейін бойлай алатын, бетін жыртса, нелер дәмді өсімдіктер шығара алатын, дәрмені мен пәрмені, ықпалы қатал көбеген мәдениет» деп суреттейді.

Десе де, құр мақтаудан аулақ. Өзі жазғандай, бардың бәрі ауыздың суын құртып, тамсандыра берген жоқ. Тіпті «Көпшілігін көргенде түсінейін десең – дауласасың, сүйсінейін десең – әсірелеген жасандылығын ойлап ызаланасың» дейді. Бір-біріне кереғар екі көріністі көз алдыңа келтірген суреткердің айтпағы «Жақсысын үйрен, жаманынан жирен» болса керек.

Жазушы қазақ баспасөзінде очерк жанрының бағын жандырып қана қоймай, ең бастысы, ұрпағына өркениет келешегі ілім-білімде, өнердің жаңа өрісіне жетелейтін үздіксіз ізденісте деген ой тастап кетті. Әсіресе, өткен ғасырда айтылса да, біз үшін әлі де өзекті, өміршең мәселе – ғылым мен тәжірибені ұштастыру қажеттігіне тоқталады. «Ғылымдарды жалғыз жаттап қоймай, алған білімін іске асыра білсін, мысалы, Америкада әуәл бастағанда іспен араластырып оқытады» деген ғибратты ұсынысын ортаға салады. М. Әуезов «Байлық пен ақшадан басқаны ойламайды» дейтін қасаң түсінік қалыптасқан осы елде білім мен зерденің (интеллект) қайнар көзі кітаптың көптігіне сүйсінеді.

Өткен ғасырдың соңына таман сол Америка кітапты жан азығы етіп қана қоймай, оқығаны мен көңілге тоқығанын іске асыру үшін ағылатын арман мекен – American Dream-ге айналды. Мемлекет мұндай білімді де дарынды азаматтардан ақшаны аямады. Ғылымның көсегесін көгертіп, елдің байлығын еселейді деген есеппен бар жағдайды жасады. Сондай ізденімпаз жігіттің бірі Африканың күнгейінен келген Илон Маск еді. 24 жасында миллионер атанған ол өзінің жетістігімен кітапқа қарыздар екенін айтуды ұмытпайды.

Оның кітапқұмарлығы, оқуға деген обырлығы өзгеде кездесе бермейтін қомағай құштарлық-тұғын. Илон Маск туралы кітап жазған экономикалық шолушы Ешли Венс мынадай дерек келтіреді. Бір күні Илонның шешесі Мей балаларымен көшеге шығады. Үйге қайтып келе жатқанда үлкен ұлының жоқ екенін байқайды. Жанұшырып іздеуге кіріседі. Әлгінде кірген дүкен ішінде жерге отырған күйі бар дүниені ұмытып, кітаптан бас алмай қалған баласын көргенде «уһ» деп демін алады. Бұл Илонның 10-11 жасар кезі. Анасының айтуынша, ол бала кезден ойлау қабілеті ерекше жетілген, өзінің білмейтіні жоқ білгір болып өсті. Тамақ үстінде Жер мен Айдың арасындағы қашықтықты есептеп беру оған түк емес-тұғын. Көп оқығаннан шығар, қиялға беріліп, көңіл сарайындағы өз әлемінде шарлап жүретін. Ондай сәтте біреу атын атап шақырып жатса да, селт етпейтін. Содан «құлағы естімейді» деп дәрігерге де көрсеткен. Ал жеткіншектің өзі оқыған сайын баурап, шырмап алатын, бала қиялды мүлде беймәлім дүниеге жетелейтін таңғажайып оқиғалар мен бітім-болмысы бөлек кейіпкерлердің ортасында жүретін. Ілім-білімге деген көзқарасын «Мен үшінші не төртінші сыныпта мектеп пен аудан кітапханасындағының бәрін оқып тауыстым. Содан кейін кітапханашыны мен үшін кітапқа тапсырыс беруге көндірдім. Сөйтіп Британ энциклопедиясын оқи бастадым. Пайдасы сондай зор болды. Өйткені сен өзіңнің неден хабарсыз екеніңді білмейсің. Оқыған сайын дүниетанымың кеңейе береді» деп білдірді.
Ол компьютерді алғаш рет он жасында көрді. Адамның қалаған нәрсесін орындай алатын ақылды мәшиненің құдыретіне таң қалды. Әкесінің қыр-соңынан қалмай жүріп, ақыры алдырады. Үйде пайдаланатын компьютердің бағдарлама жасауға арналған қосымшасын игеру үшін алты ай қажет. Ал Илон үш күн бойы ұйықтамай, оны тез меңгеріп алады. Бір ерекшелігі, өзге қатарластары сияқты кітапты тәрк етпеді.

Алғыр баланың болашақта күрделі де көбеген дүниелерді жасауында ғылыми-фантастикалық әдебиеттің орны бөлек. Әсіресе, Айзек Азимов пен Роберт Ханлайнды жата-жастана оқыды. Алғашқысы «Тұғыр» (Foundation) деген ортақ атпен жарияланған кітаптарымен болашақта ғарыш кеңістігін игеретін SpaceX компаниясын құруға ықпал етті. Илон фантастикалық шығармаларды оқып, өзінің адамзат тағдыры үшін жауапты екенін түсінеді. Экологиялық жағынан таза технология немесе адамзатты алыс ғаламшарға жеткізе алатын зымыран жасауды өзіне міндет етіп қойды. Абыроймен орындады. Электр қуатымен жүретін Tesla автокөлігі, зиянды гептил емес, сұйытылған оттегі қосылған кәдімгі керосинмен ұшатын SpaceX мұның айқын дәлелі. Гептил демекші, улы отынның зардабын Ресейдің қартайған зымыраны «Протон» құлаған сайын даласы өртке оранып, киігі қырылатын қазақ жақсы біледі.

Ол SpaceX компаниясына дейін бағдарламашы болып жұмыс істеген. Соған қарамастан, зымыран жасаудың қыр-сырын өз бетінше үйренді. Бұл істе оған көмекке келген кітаптың бірі – ағылшын ғалымы Жеймс Гордонның «Конструкциялар немесе заттар неге сынбайды?» атты еңбегі.

Оқу бар да, көңілге тоқу мүлде басқа. Осы екі қасиет кішкентай Илонның өнертапқыш атануына мүмкіндік берді. 12 жасында компьютерлік ойынға арналған бағдарлама жасады. Оны 500 долларға сатып, ми еңбегімен тәп-тәуір ақша жасай алатынын дәлелдеді. Қара жұмыстан да қашпаған. Бозбала шағында Канадаға барып, орманда ағаш кесумен айналысты. Сонда сағатына алатыны 18 доллар еді.

Ол алдымен Квин университетіне түсті. Сосын Пенсильвания университетіне ауысып, шәкіртақы ала бастады. Керек-жарағына ақша жетпеген соң, өзі жалдап тұратын үйде бар ашты. Тапқан табысымен пәтерақы және өзге шығындарын жауып отырды. Физика мен экономика бойынша бакалавр атанған Илон Стенфорд университетіне барады. Zip2 интернет-стартапты жүзеге асыру үшін оқуды тастайды. Осы жобаға інісі Кимбал екеуі әкесінен алған 28 мың долларды салады. Төрт жылдан кейін Zip2 307 млн долларға сатылады. Енді ол жас миллионерлер қатарында. Кәсіпкер бұдан кейін әлгінде айтылған ғарышта SpaceX, автоиндустрияда Tesla, күн энергетикасында SolarCity компанияларын құрып, алғашқы миллиард долларына қол жеткізеді. Арзан акцияны қымбаттағанда сатып, қалтасын қампайтқан немесе шикізаттың арқасында аяқ астынан шылқып байып шыға келген миллиардер емес. Оған әрбір цент тынымсыз ізденіс, маңдай термен келеді. Еши Венс жазғандай, қарамағындағы қызметкерлермен кейде 3-4 күн бойы фабрикадан шықпай жұмыс істейді. Демалыс алу дегенді білмейді де.

Forbes тізімінде ырғын байлыққа ие мұндай кәсіпкер көп. Әйтсе де, Илон Маск өзгелерден оқ бойы озық тұр. Алпауыт мемлекеттердің шамасы жетпей жүрген алып жобасымен. Сөз жоқ, әңгіме оның төл туындысы SpaceX жөнінде. Өткен сенбіде күллі дүние екі астронавт мінген CrewDragon ғарыш кемесінің сапарға аттанғанын тамашалады. Канаверал мүйісіндегі ғарыш айлағынан ұшырылғанын, SpaceX зымыранының бірінші және екінші бөлігінің сәтті түрде ажырағанын көрді. Сондай-ақ 19 сағаттан соң Халықаралық ғарыш стансасымен қалай түйіскені тікелей эфирде көрсетілді.

Өрелі өнертапқыш бұған дейінгі зымыран бойындағы кемшілікті қайталамауға күш салды. «Протонның» алғашқы бөлігі біздің жерімізге түседі. Қалғаны әуеде жанып кетеді. Үшеуі де жарамсыз болып қалады. Американ Шаттлында екі сатысы жерге оралса, негізгі үлкен бак ауаның жоғары қабатында жанып кетеді. Айналып келгенде, бәрі табиғатқа зиянды.
Ал SpaceX жерге, нақтырақ айтсақ, судағы тұғырына (платформа) қайта оралып қона алады. Қоршаған ортаға ешқандай залалы жоқ. Бұған дейін тек ғарыш кемесін көп мәрте пайдалануға мүмкіндік бар еді. Илонның арқасында енді бір зымыранды қайта-қайта ұшыруға болады. Өзі талай рет сынақтан өтті. 2015 жылдың аяғына таман Жердің 11 жасанды серігін ғарышқа жеткізіп, ақаусыз қайтып келді. SpaceX былтыр көктемде ғарыш кемесін көк кеңістігін шарлатып қайтқан болатын. Міне, енді ғарышкерлерді аттандырды.

Мұндай ақылды зымыран көп елдің байырғы арманы. Қайбір жылы Байқоңырға барғанымызда бір ұшу алаңын көрсеткен. Сол жерден «Боранның» ұшырылғанын айтты. Сол зымыран бір-ақ рет, оның өзінде автоматты түрде ұшырылды. Осыдан кейін көп мәрте қолданылатын кеңестік зымыран көкке көтерілген емес.

Кәсіпкер өнертапқыштың тағы бір еңбегі – АҚШ-ты ғарыштағы бәсекелесі Ресейге тәуелділіктен құтқаруында. Оның мәнісі мынада. NASA (Америка ұлттық ғарыш агентігі) 2011 жылы «Атлантисті» ұшырған соң Шаттл бағдарламасын тоқтатты. Содан кейін Халықаралық ғарыш стансасына ғарышкерлерді Ресейдің ұшу аппараттары арқылы жөнелте бастады. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, тозып, күні өткен зымырандар апатқа ұшырағанда оннан астам астронавт қаза тапты. Екіншіден, ұшыру құнының тым қымбат болуы. Шаттлдың әр сапары үшін қазынадан 450 млн доллар жұмсалды. Ал орыстың «Союз» кемесіндегі әр орынға күні кешеге дейін 85 млн доллар төлеп келді. Бірақ баға үнемі мұндай емес-тұғын. Бастапқыда «Роскосмос» 25,4 млн доллар сұрайтын. 2018 жылы 81,9 миллонға жеткізді. Бір қызығы, орыстар анда-санда ғарышқа апарған туристен алатын ұшу ақысы бұдан төрт есе кем еді.

Американдықтарды тұқыртқан ақша емес, Дмитрий Рогозиннің ащы кекесіні. Қырым оқиғасынан кейін Вашингтон Мәскеуді ауыр санкциялармен соққыға алған тұста вице-премьер болған «Роскосмостың» қазіргі жетекшісі американдықтарға өз кемесін ғарышқа батутпен жеткізуге кеңес беріп еді. Илон Маск SpaceX ұшырылған соң Рогозиннің сол сөзін есіне салып, орысша «Батут работает» деп жауап берді.

Осылайша ресейліктердің бұл саладағы монополиясы жойылды. SpaceX жекеменшік компаниясы АҚШ-ты көш басына шығарды. Ғарышты игеруге мықтап ден қойған Қытай әлі ешкімнің ұшу аппараты жетпеген Айдың арғы бетіне айдаболын (Луноход. Журналист Қайнар Олжай тілімізге енгізген сәтті атау) қондырып, «Американың басты бәсекелесі менмін» деп тұр.

Алпыс жыл бұрын М.Әуезов Америкада алған білімді іске асыруға ден қояды деп еді. Ұлы қаламгер озық тәжірибе туралы лебізін қазақ жастарына білімсүйерлік леп әкелер, ілгері өрлеуіне септігін тигізер деген ниетпен айтса керек. Расында Байқоңыры «Бәйтеректей» жобасы бар Қазақстанда ғарышты игеретін, Илон Масктың жолын қуар қазақтың дарынды өнертапқыштарына білім көкжиегін кеңейтіп, білек сыбана іске кірісер сәт туды.
Ал Илон Маск ғарыш кемесі адам қолымен адамдар үшін жасалғанын айтады. Ол енді қарапайым адамдардың алыс ғаламшарға саяхаттап баруына мүмкіндік туғызатын жобаны іске асырып, адамзаттың алып қиялын ақиқатқа айналдыруды армандап жүр.

Срайыл Смайыл

06 мамыр, 13:50
Алматыда Tabiğat Labs-тың жаңа маусымы басталды
05 мамыр, 16:31
Телефон алаяқтарының арбауына түскен 25 жастағы жігіттің оқиғасы: “Бәрі бір қоңыраудан басталды…”
04 мамыр, 21:28
Ғибратты ғұмырдың жетпіс жетінші көктемі
02 мамыр, 15:32
“Эстрада 100 пайыз қазақыланды”. Қыдырәлі Болманов эстрададағы құпиясымен бөлісті (Видео)
30 сәуiр, 13:50
Алмасбек Нұғыман: Парламенттің қуатты болуы – халықтың қолдауынан
28 сәуiр, 14:24
Сары атлас көйлек
24 сәуiр, 14:22
Талғат Байеділов: Халық үніне әрдайым құлақ асамыз
24 сәуiр, 11:46
Сүтпен шай – дәстүр ме, әлде денсаулыққа қауіп пе?
16 сәуiр, 12:17
II Орталық Азия медиафорумы - ақпараттық ынтымақтастыққа арналған бірегей алаң