jasqazaq.kz

Ілияс Қазиев: Алматы тұрғындарына сапалы ауыз су жеткізу – басты міндет

Бүгін, 13:05

Алматы қаласының 2 миллионнан аса тұрғынын ауыз сумен қамтып отырған «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны – еліміздегі ең ірі әрі күрделі инфрақұрылымы бар жүйе. Сондай-ақ ол – қоғамдық қауіпсіздік, экология және адами капиталдың денсаулығы үшін жауап беретін стратегиялық бағыт. «Алматы Су» мекемесі тек инженерлік міндеттерді орындап қоймай, қоғаммен ашық байланыс орнатып, болашақ үшін жауапкершілікпен жұмыс істеп келеді.

Jas Qazaq тілшісі осы саланың бүгінгі тынысы мен болашақ міндеттері туралы аталған кәсіпорынның бас директоры Ілияс Қазиевпен сұхбаттасты.

— Ілияс мырза, ең әуелі Алматы қаласында берілетін ауыз судың сапасы туралы айтып берсеңіз. Қандай көздерден алынады және қалай тексеріледі?

— Алматы қаласына тәулігіне орта есеппен 700 мың текше метр, ал жазғы маусымда 800 мың текше метргедейін су жеткізіледі. Бұл көлемнің 70 пайызы – тереңдігі 150-ден 500 метрге дейін жететін 386 артезиан ұңғымадан алынатын жер асты суларынан тұрады. Қалған бөлігі Үлкен және Кіші Алматы, Ақсай, Қарағайлы өзендерінен алынатын таулы жер үсті суларынан құралады.

Біз таудан келетін суды бірнеше кезеңнен тұратын күрделі тазарту жүйесі арқылы өткіземіз: алдымен тұндырылып, бірнеше сатылы сүзуден өтеді. Содан соң натрий гипохлоритімен, яғни қарапайым ас тұзынан алынатын қауіпсіз реагентпен залалсыздандырылады. Бұл тәсіл хлордан әлдеқайда қауіпсіз әрі экологиялық жағынан зиянсыз. Соның нәтижесінде, тұрғындарға қауіпсіз әрі дәмі табиғи таза су жеткізіледі.

Алматы қаласындағы су сапасы барлық санитарлық нормаларға сәйкес келеді. Бактериологиялық және химиялық көрсеткіштер бойынша су қауіпсіз. Оның құрамында ауыр металдар, фенолдар мен мұнай өнімдері мүлдем жоқ. Құрамында ағзаға қажетті минералдар мен микроэлементтер сақталған. Біз аптасына бірнеше рет тәуелсіз зертханалық сараптамалар жүргіземіз. Соңғы бір жылда ешқандай ауытқушылық тіркелген жоқ.

— Тұрғындарға судың қауіпсіздігі мен суды үнемдеу мәдениеті туралы қандай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде?

— Қазіргідей экологиялық теңгерім бұзылып жатқан кезеңде суды тиімді тұтыну мәдениетін қалыптастыру аса маңызды. Біз ақпараттық жұмыстарды бірнеше бағытта жүргіземіз. Білім беру мекемелерінде (мектептер, колледждер) интерактивті сабақтар өткіземіз. БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы жүйелі хабарламалар таратылады. Аула жиналыстары мен кездесулерде тұрғындармен бетпе-бет ақпарат алмасамыз.

Өздеріңізге белгілі, биылғы жылдың маусымынан бастап жаңа Су кодексі күшіне енеді. Бұл заң суды үнемдеу мен тиімді пайдалануға ерекше екпін түсіреді. Сол себепті біз тұрғындарды осы өзгерістерге алдын ала дайындап, саналы тұтынуға ынталандырудамыз.

Негізгі мақсатты аудиториямыз — мектеп оқушылары, зейнеткерлер, кәсіпкерлер. Суды үнемдеу – бұл экология ғана емес, экономикалық тиімділік мәселесі де. Сол себепті әрбір азаматтың бұл іске атсалысуы маңызды.

— Тұрғындарды суды үнемдеуге ынталандыру үшін қандай нақты қадамдар жасалды?

— Біз «әлеуметтік нормалар» жүйесін енгіздік. Оған сәйкес, су тұтыну көрсеткіші артық немесе су есептегіші жоқ тұтынушыларға жоғары тариф белгіленеді. Бұл әдіс өз нәтижесін беруде:

* 2024 жылы 45 мыңнан астам тұтынушы су есептегіш құралдарын орнатты.

* Есептегішпен қамтылған тұрғындар үлесі 63%-дан 77%-ға өсті.

* Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 90%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Айта кетейік, бұл – 1989 жылдан бері тұтыну нормалары алғаш рет қайта қаралған маңызды өзгеріс. Тұрғындардың тарапынан түсіністік бар. Біз оларға ақпаратты ашық жеткізіп келеміз.

— Қаланың су жүйесіндегі инфрақұрылым қандай күйде? Тозған құбырларды жаңартуға қанша қаражат бөлінді?

— Алматы қаласының шекарасы соңғы онжылдықта екі есеге кеңейді. Бұрын совхоздарға, саяжайларға тиесілі болған аумақтар қала құрамына енді. Бұл өңірлерде су желісі болмаған. Осы мәселені шешу үшін біз соңғы жылдары ауқымды құрылыс пен қайта жаңғырту жобаларын жүзеге асырып жатырмыз.

2024 жылы:

* 543 шақырым жаңа су және кәріз желілері тартылды;

* «Алматы Су» мекемесі 32 шақырым тозығы жеткен желіні өз қаражатымен ауыстырды;

* Қаланың су құбыры желісінің тозу деңгейі 52,76%-ға дейін, кәріз жүйесі 51,86%-ға дейін төмендеді.

2025 жылы:

* 18 млрд теңге инвестиция бөлініп отыр;

* 70 шақырым су және кәріз желісі жаңартылады;

* 4 насос станциясы, 200 насос құрылғысы, 444 арматура, 4 трансформаторлық подстанция, 2 резервуар жаңартылады немесе қайта салынады.

Басты мақсат – бұл жұмыстарды жүргізу барысында су беру тоқтамай, қаланың көлік қозғалысы тежелмейтіндей ұйымдастыру. Біз үшін мегаполистегі тіршілік қарқыны мен халықтың күнделікті қажеттіліктері бірінші орында.

— Дұрыс екен. Ал экологиялық тепе-теңдікті сақтау мен су ресурстарын тиімді пайдалануда қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?

— Жаңа Су кодексіне сәйкес, еліміз суды екінші рет пайдалану, жаңбыр суларын жинау, өндірістік және тұрмыстық суды қайта айналымға жіберу секілді әдістерге біртіндеп көшуі керек. Бұл әсіресе:

* автокөлік жуу орталықтарына,

* өнеркәсіптік кәсіпорындарға қатысты.

Алматыда біз қайта пайдалану технологиясын енгізуге дайындық үстіндеміз. Сонымен қатар жеке тұтынушыларды да осыған бейімдеу маңызды. Қазіргі кезеңде су тапшылығы тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде өзекті мәселеге айналды. Сол себепті біз тек бүгінді ғана емес, болашақты да ойлап қимыл жасауымыз керек.

Суды сақтау – өмірді сақтау. Алматының әрбір тұрғыны қауіпсіз, таза, үнемделген су ішуге құқылы. Бұл – біздің ортақ мақсатымыз.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық

 

 

 

 

Бүгін, 13:05
Ілияс Қазиев: Алматы тұрғындарына сапалы ауыз су жеткізу – басты міндет
20 маусым, 13:08
Түркістан: Бос орындар жәрмеңкесі мен форум өтті
20 маусым, 12:52
Түркістан: Балалар суицидіне түрткі болатын жағымсыз факторларға қарсы күрес жалғасады
20 маусым, 11:59
Түркістан: Жеті жылда тұрғын үй құрылысы үш есе өсті
20 маусым, 11:34
Кибербуллингтің алдын алу – суицидке жол бермеу
19 маусым, 16:05
Түркістан: Жеті жылда индустриалдық аймақтардың жұмысы өрледі
19 маусым, 15:22
Рухани құндылық: «Дәстүрін дәріптеген әз Түркістан» өнер фестивалі өтті
19 маусым, 14:41
Түркістан: Жеті жылда жалпы өңірлік өнім көлемі 4, трлн теңгеге жетті
18 маусым, 16:26
Шара Әбдірахманова: Бала ештеңе айтпаса да, іштей көмек сұрап тұруы мүмкін