Халқымыздың ғасырлар бойғы билік жүйесі, тұрмыс салты, өмірлік тәжірибесі, өзара қарым-қатынасы негізінде қалыптасып, дамып, кемелденген өнері – шешендік. Оның қоғамдық, әлеуметтік және саяси мән-маңызы, рөлі мен қызметі айрықша. Шешендік өнер – сан алуан саланы қамтитын, көп ғасырлық тарихы бар, ұлттық болмысымызды айшықтайтын ереше өнер. Алайда бүгінгі буын шешен сөйлеуге дағдылану түгілі тіл тазалығын, сөйлеу мәнері мен мәдениетін дұрыс сақтай алмайтын күйге түсті. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында 2018 жылдан бастап Абай атындағы мектеп-интернаты ақын Серік Қалиев басқаратын Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорымен бірлесе отырып, республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауын өткізуді қолға алған болатын. Аталған байқау биыл 3 рет өткізілмек.
Байқаудың мақсаты: оқушыларды бабалар мұрасын білуге, құрметтеуге, кітап оқуға, жан-жақты ізденуге, әсіресе, би-шешен, ақын-жыраулардың шығармашылығын оқып, одан терең ғибрат алып, өмірде қолдануға бағыттау.
Байқаудың міндеттері:
Шешендік өнердің мән-маңызы мен қадір-қасиетін түсіну; би-шешендердің шешендік сөздерінің тәрбиелік-тағылымдық қызметін ұғыну; шешен сөйлеуге, сөйлеу мәдениеті мен тіл тазалығын сақтауға дағдылану, шешендік сөздер мен толғауларды күнделікті өмірде қолдану.
2021 жылдың 25 қараша күні мектеп-интернатта үшінші рет жалпы білім беру ұйымдарының 8-11-сынып (қазақ сыныптары) оқушылары арасында «Ділмар» шешендік өнер байқауы өткізіледі.
Байқау барысы:
І кезеңде ұсынылған тақырыпты нақты мәлімет, дәйекті дерек, мағыналы мысалдармен жан-жақты ашуы керек. Көркем тіркес, шешендік сөз, мақал-мәтел, нақыл сөздер қолдану деңгейі міндетті түрде ескеріледі.
ІІ кезеңде екі қатысушы тақырып аясында бір-біріне кемінде екі нақты әрі ұтымды, өзекті сауал қоюы шарт. Сұрақтың тақырыпқа сай келуі мен өзектілігі, оған берілетін жауаптың қысқа, нақты әрі дәл болуы бағалаудың басты талабы ретінде қарастырылады.
ІІІ кезеңде әр қатысушы 1-кезеңдегі ұстанымына қарсы бағытта пікір айтып, ой қозғап, тақырыпты қорытындылап ұсыныс білдіреді.
ІҮ кезең – қорытынды кезеңде көрерменнің, тыңдарманның, сарапшылардың, сыншы сырт көздің қатысушыларға сұрақ қоюы.
Шешендік сайысының басты ерекшелігі: қатысушы сұрақ түрінде құрылған тақырыптың екі бағытына, жалпы мазмұнына бірдей дайындалады. Бұл оның ізденуі мен білімін арттырады. Әр мәселені екі жағынан да қарастыра отырып, өз ой-пікірін, ұстанымын білдіріп, қорытынды пікір айтуға үйренеді. Көркем де жүйелі сөйлеуге дағдыланады.
ІІI республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауына еліміздің 11 облысы, 3 қаласынан, Абай желілік мектептері мен Республикалық мектеп-интернатынан іріктелген 22 оқушы қатысады. Қазылар алқасының шешімі бойынша оза шапқан от тілді, орақ аузды бала ділмарлар бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Ұйымдастырушы: Абай атындағы РММИ
Басталуы: 10:00
Байланыс: 8775 996 64 85(Жарқын)
Мекен-жайы: Алматы қаласы, Митин көшесі 6