«Кетемін дегендерді ұстамаймыз. Сіздерден басқа таланттыларды тауып аламыз. Олай бізді қорқытпай-ақ қойыңдар». Ғылым Академиясының президенті Мұрат Жұрынов жас ғалымдар қатысқан этика бойынша кеңестің отырысында осылай деп айтты. YouTube желісінде тараған видеоны еліміздің бірқатар сайттары жариялады. Осы жағдайға байланысты jasqazaq.kz сайтының тілшісі тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжановтың пікірін білген еді.
– Мұрат Жұрыновтың бір жиында «жас ғалымдарға шетелге барсаң бара бер» — деп айтқанын ғаламтордан оқыдым. Ол нақты қай жас ғалымға қатысты айтқанын білмеймін. Бірақ менің ойымша, жас ғалымға «бара бер, шығып кет» — деп айту еліміздің бас ғалымына жараспайды. Үлкен адам айтатын сөз емес. Ақсақалдылықты, қариялылықты, өмірді көргендігін көрсету керек еді. Ол жас ғалым мүмкін грантты бөлуді әділетсіздікке ұшыраған болу керек. «Мен шетелге кетемін» — деп себепсізден себепсіз айтпайды. Жалпы жас ғалымдарымызды шетел шақыртып, жобасына қызығушылық танытып жатса неге жібермеске. Ашу үстінде отырып, айта салуға болмайды. Қазақ баяғыда «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос» — деп айтқан. Тәжірибе көрсеткендей, көптеген ел талай ғалымынан айырылып қалды. Дарындыларымыздың өзге елде таланты ашылып, сол елге пайдасын тигізуі ықтимал. Бір адам бір елге ғылыми жаңалығымен, технологиясымен пайдасын тигізіп отырғанын көріп отырмыз. Мәселен, Билл Гейтс біздің елдің азаматы болса, Америка экономикасына қанша қаржы құйған болар еді. Ондай азаматтар бізден де шығуы мүмкін ғой. Демек, ғылым мен технологияның заманында болашағын бейнелейтін жастарымызды қадірлей алуымыз керек. Ертеңгі күні олар еліміздің мақтанышына айналып, ел экономикасына айтарлықтай пайдасы болуы ықтимал. Уәлибай Өмірбаев деген математигіміз Америкада жұмыс істеп жүр. Ол елімізде күн көре алмағандығынан кеткен жоқ. Талантын шыңдап, білімін жетілдіруде. Ертең сондай азаматтарымыздан айырылып қалсақ не болады? Жастардың шетелге барғанынан қашпаймыз. Бірақ «барсаң бара бер» деген саясат ұстану дұрыс емес.