jasqazaq.kz

Халық жүрегіндегі қаһарман

25 мамыр, 22:28

Бүгін даңқты қолбасшы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 101 жыл толды. Ол әу бастан тұңғыш болу үшін жаралған жандай. Қазақтан шыққан тұңғыш армия генералы, егемен еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, тұңғыш Халық қаһарманы, БҰҰ-ның биік мінберінен сөз сөйлеген тұңғыш қазақ генералы.
Бала Сағадат сегіз жасында жетім қалып, ағасы Сағит пен жеңгесінің қолында өседі. Кейін Сағит соғысқа аттанып, содан оралған жоқ. Артынша майданға өзі де аттанады. Оның от кешкен майдан жолы Кубаньнан басталып, Донбасс, оңтүстік Украина, батыс Белоруссия, Молдавия, Польша арқылы Берлинде аяқталды.
Міне, сирек кинокадрлар. Уыздай жас қазақ ұланына Кеңес Одағының Батыры атағын 5-ші Екпінді армияның қолбасшысы генерал-лейтенант Н.Е.Берзарин тапсырып тұр. Гитлердің рейхсканцеляриясын алғанда батальон командирі, майор С.Нұрмағамбетов небәрі жиырма бір жаста болатын.
Соғыстан соң әскери өнердің қыр-сырын меңгеріп, небір биіктерге өрледі. Тың игерген жылдары да ел тыныштығын ойлады. Бүкіл саналы ғұмырын Отан қорғауға арнаған азамат ақтық демі қалғанша қасіретті соғыстың қайталанбауын тілеп өтті.
Ол — көзі тірісінде көтерілген өзінің биік тұғырында тұр. Бүгін батырдың туған жері Ақмола облысы Ақкөл елді мекенінде өткен салтанатты шарада халық жүрегіндегі қаһарманның өнегелі өмірі туралы сөз болды. Алқалы жиынға Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев, Қарулы күштердің ардагерлері мен әскери қызметшілер, жергілікті атқарушы билік қатысты. Халықтың батыр ұлына деген шексіз махаббатын еңселі ескерткішіне тағзым етуге келеген елдің толассыз ағылуынан байқауға болатын.


Қарулы күштердің ардагерлерінің бәрі дерлік тұңғыш қорғаныс министрінің шинелінен шыққан, майдангердің тәлімін алып, тәрбиесін көрген офицерлер. Ал бүгінде Қазақстан армиясының жоғары қолбасшылығының басым көпшілігі С.Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының түлектері. Өйткені біздің армиямыздың қай саласы болмасын Сағадат есімімен тығыз байланысты.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті әскери кафедрасының бастығы, генерал-майор Еділ Оразов бізбен әңгімесінде кең пейілді, ең бастысы өте қарапайым батырмен болған кездесулері туралы жылы естеліктерімен бөлісті:
— Қай заманда да халқының бағына туған батырлар болған. «Ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен» зұлмат кезеңде еліне қорған болған да солар. Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов міне, сондай тұлға. Ол өз өмірінде елінің болашағы үшін екі мәрте ерлік жасаған адам. Бірінші рет, он тоғыз жасында майданға аттанып, 20 жасында Кеңес Одағының Батыры атанды — Берлинді алды. Екінші рет, тәуелсіздіктің ақ таңы атқан тұста әскери сапқа қайта тұрып, Қазақстан Қарулы Күштерінің негізін салды — іргетасын қалады. Батырдың қаламынан туған кітаптар кафедра кітапханасы мен оқу аудиторияларының төрінде тұр. Былтыр университетімізде «Сағадат Нұрмағамбетов: Тумысы бөлек тұлға» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізіп, онда қазақтың біртуар перзентінің тарихи орны мен рөлі туралы келелі әңгіме болды.
Бір сөзбен, С.Нұрмағамбетовтің өмірі мен ерлігі болашақ офицерлер үшін үлкен өнеге болып табылады. Соңғы мәлімет бойынша елімізде Сағадат есімін 4 мыңға жуық бала мақтанышпен алып жүр екен. Бұл өте жақсы нышан. Ендеше батыр есімі аңыз болып ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді деген сөз.


Осындай салтанатты шаралардың бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде бөлып өткенін айта кету керек. Алматыда Сағадат Нұрмағамбетов тұрған үйдегі мемориалдық тақта түбінде жиынға ардагерлер, әскери қызметшілер, жоғары әскери оқу орындарының курсанттары мен батырдың ұрпағы Айсұлу Сағадатқызы қатысты.
Жамбыл облысы Гвардейск гарнизонындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы саябақта митинг өтіп, аты аңызға айналған қолбасшының бюстіне гүл шоқтары қойылды

Әбубәкір Смайылов,
әскери журналист

Суреттерді ұсынған автор

30 мамыр, 13:06
Дархан Сатыбалды: Алматының жаңа полиорталықтары адамдар үшін жайлы болуы тиіс
30 мамыр, 11:49
Қазыбек Дәуіталиев: Қоғамдық кеңес – халықтың үніне айналуы тиіс
29 мамыр, 16:03
Түркістан: Нұралхан Көшеров индустриалдық аймақтарды әрмен қарай дамытуды тапсырды
29 мамыр, 14:20
Түркияның жетекші фармацевтикалық компаниясы Түркістанда өндіріс ашады
28 мамыр, 15:03
Түркістан: «Бірліктің бастауы» фотобайқауы өтті
28 мамыр, 14:50
Түркістан: 1069,5 тонна балық өнімдері шет мемлекеттерге экспортталды
28 мамыр, 14:36
Алматыда жол мәселесі қалай шешімін таппақ?
28 мамыр, 14:18
Түркістан: Ерте піскен қауын экспортқа жөнелтіле бастады
28 мамыр, 14:10
Түркістан: Ұлттық рухты асқақтатқан жас өскін