Күні кеше Жаркент қаласында әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы мен жергілікті полиция қызметінің бастығы және патрульдік полицияның екі сержанты пара алды деген күдікке ілінді. Олар бұрын тәркіленген 2 491 дана ондатр терісін қайтару үшін жергілікті тұрғыннан 700 мың теңге пара алған. Күдіктілерді ұстау кезінде мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жедел тергеу тобына үш рет оқ атылған. Тәртіпті талап ететін полицияның бұл әрекеті жұрттың жағасын ұстатты.
Бауыржан Момышұлыдан: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген баталы сөз қалды. Шын мәнінде, қай елде, қай жерде болса да қатаң тәртіп керек. Ал осы ұстаным ұмыт қалған қоғамда береке де, тыныштық та болмайды. Осы секілді мәселелердің шет жағасы күні кеше ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында сөз болды.
Басқосуға Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қатысты. Президент: «Полицияның жұмысы – қоғамның жіті назарында. Сіздердің қызметтеріңіз ел азаматтарының мүдделерімен және қауіпсіздігімен тығыз байланысты. Сондықтан, ішкі істер министрлігінің жұмысы айқын әрі жүйелі болуы керек. Полиция ашық болуы тиіс. Бұл үшін халықпен тығыз байланыс қажет. Осы мақсатта біз құқық қорғау жүйесіндегі реформаны жалғастырамыз. Оның негізгі міндеті – қазақстандықтардың құқықтарын қорғау» екенін ерекше атап көрсетті. Өкінішке қарай, бұл салада сан соқтыратын оқиға көп. Мысалы, полиция мен қоғам арасында өзара тиімді іс-қимылдың жоқтығы көзге бірден түседі. Мал ұрлығы, ұялы телефон мен автомобиль бөлшектерінің қолды болуы, қарақшылық, қалта ұрысының ұяттан безінуі үйреншікті болып барады. Тіпті есірткі бизнесіне қарсы күресте де әлсіз екенбіз.
Айталық жыл басынан бері Ұлттық бюро пара алу фактісі бойынша ішкі істер орындарының 44 қызметкерін әшкерелеген. Бір мысал: Қарағанды қалалық полиция басқармасының қызметкері көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартпауы үшін «Б» деген азаматтан 70 мың теңге пара алған. Бұл аз болса, бірін-бірі сабаған, оққа байлаған, қылмыстық топтарға басшылық жасаған жағалылар да ұшырасады.
Қазір ауылды жерлерде мал ұрлығы үдеп тұр. Қаңырап қалған қорасына малы қайта ораларына күмәнданушылар көп. Өйткені мал іздейтін полицейлердің құжат толтырып, артынан із-түзсіз кететіні жаман ойға жетелейді. Мұндай жағдайлар қалада да қалтарыс қала береді. Шақыртумен ізкесушілер келеді де, түсініктеме алып қайта кетеді. Тіпті ұрлық-қарлық бейнебақылау орнатылған аумақта болса да, еш нәтиже шықпайтын оқиға жетерлік. Әзілкеш Тұрсынбек Қабатов айтпақшы: «керек кезде камера істемей қалады». Ал атақты азаматтардың көлігіне қол сұғылса, ұры да ұсталады.
Қазір әлеуметтік желілерде аз ғана бұзақылықты анықтағандар немесе оқиғаның алдын алғандарды жарнамалау әдетке айналды. Шын мәнінде, қоғамның тыныштығын күзету – олардың басты міндеті. Ең үлкен кемшілік – учаскелік полицейлердің аумақтағы тұрғындармен етене араласпауы. Жұрт іс түскен кісі өзінің шағымданатын тәртіп сақшысын танымайды. Жоғарыдан тапсырма болса ғана пәтер жағалауды әдетке айналдырған полицейлердің керек кезде телефон көтермеуі де үйреншікті құбылыс. Оқиға болған жерге келсе, ең алдымен шақырған кісіден түсініктеме сұрайды.
Президент полицияға қойылатын негізгі талап – тиімді жұмыс екендігін атап көрсетті. Оның тиімділігін бағалайтын – халық сенімі. Қ.Тоқаев: «Тұрғындар полицейлердің дөрекілігі мен біліксіздігіне байланысты жиі шағым айтады. Кейбір жағдайларда полиция қызметкерлерінің өздері заңды бұзады, әсіресе жол ережелерін сақтамайды», – деді.
Мұның арғы жағында ащы шындық жатыр. Әрине, өз өміріне қауіп төнсе де, өзге адамдарға көмек қолын созатын қатардағы полицейлерге айтар алғыс шексіз. Айталық, Тараз қаласында болған лаңкестерді ұстау кезінде қаза болған полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың, Атырау қаласында суға кеткен қызды құтқару кезінде ажал құшқан полиция сержаны Шалқар Ақымғалиевтың әрекетін нағыз ерлік деуге болады. Осындай ерлікті насихаттауға болар. Ал біреуді жолдан жетектеп өткізген, адасып қалған баланы тауып берген жағдайларды желілерде жарнамаламай-ақ қойсақ, дұрыс болар еді. Бізге керегі – сақшылардың әрдайым жаныңнан табылып, тәртіпті қадағалауға септігін тигізіп, кез келген уақытта жаныңнан табылғаны.
Жолдасбек ДУАНАБАЙ