jasqazaq.kz

Халық ақыны Қонысбай Әбіл тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

11 маусым 2025, 19:56

Бүгін Астанада Қазақстанның Халық ақыны, белгілі қоғам қайраткері Қонысбай Әбіл 2012-2022 жылдары тұрған Достық даңғылы, 13-үйде ескерткіш тақта ашылды. Салтанатты рәсімге Парламент Мәжілісі мен Астана қаласы мәслихатының депутаттары, белгілі қаламгерлер Төлен Әбдік, Серік Тұрғынбекұлы, Өріс Яшүкірқызы, Камал Әлпейісова, ақынның отбасы мен шәкірттері қатысты.
Жиынды ашқан Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры, ақын Бауыржан Бабажанұлы Қонысбай Әбіл қазақ әдебиетінің қазынасын, оның ішінде айтыс өнерін барынша байытып кеткенін, сондай-ақ Астанада ұлт мәдениетінің дамуына қосқан үлесінің өлшеусіз екенін атап өтті.


– Қонысбай Әбілдің ұйымдастыруымен Астана қаласында республикалық деңгейде 10 рет ақындар айтысы өткізілді. Жас ұрпақты халық ертегілері кейіпкерлері рухында тәрбиелеу мақсатында «Тазша бала» байқауы қолға алынып, ел ішіндегі көптеген таланттардың танылуына жол ашты, – деді Бауыржан Бабажанұлы.
Алғашқы болып сөз алған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Төлен Әбдік бүгінгі іс-шара Астананың рухани әлемі мен қазақ қоғамындағы үлкен оқиға екенін айтты. Ұлт руханиятын биікке көтерген біртуар азаматтың кісілік келбеті мен тұлғалық қасиетіне тоқталды.
Сонымен бірге Парламент Мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев, Астана қаласы мәслихатының депутаты Қанат Естек сөз сөйлеп, естеліктер айтты. Ақынның туыстары атынан сөз алған Ақторта Іскендірқызы Астана қаласы әкімдігіне, қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына алғысын жеткізді.
Ескерткіш тақтаны жазушы Төлен Әбдік пен ақынның апасы Ақторта Іскендірқызы ашты.


Жиын соңында жары Мүнира дастархан жайып, ақынның рухына дұға бағышталды.
Қонысбай Іскендірұлы Әбіл ұлт руханияты мен мәдениетіне елеулі еңбек сіңірген көрнекті қайраткер, сазгер, сатирик, журналист, Қазақстанның халық ақыны. Өлеңдері мен әндері халық арасында кеңінен таралған.
Қонысбай Әбіл елордада Тілдерді дамыту басқармасын ашып, ана тілімізді өркендету бағытында бел шеше еңбек етті. Сол кездегі Астана қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Мұхамеджановтың басшылығымен басқарма жанынан «Руханият» мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығы ашылып, онда өзге ұлт өкілдері арнайы даярлықтан өтті.
Сол секілді Наурыз мейрамын халықтық мереке ретінде тойлау, Тіл фестивалін қалыптастыру, Абай ескерткіші жанында «Поэзия сағатын» ұйымдастыру, елордада тұратын қаламгерлермен кездесулер өткізу дәстүрге айналды.
Елорда төрінде «Әй-әй ақынға» ескерткіш тақтаның ашылуы халық ақынына арналған игі істердің бастауы болары анық.

Мұхарбек Жәкейұлы

Бүгін, 15:00
Моншадан мектеп ашып, мемлекеттен қаржы алып отырған (Видео)
24 қантар, 15:09
Ержан Жиенбаев: Халық Кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын орындауды жалғастырады
23 қантар, 19:56
Көмірді кәдеге жарату немесе энергетикалық тәуелсіздік
23 қантар, 15:48
Көздегені пайда, білім сапасы қайда!?
22 қантар, 15:22
Қазіргі депутаттар жаңа Құрылтайға қайта сайлана ма?
20 қантар, 14:02
Президент: Неке институтын ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде заңнамалық тұрғыда нығайту қажет
20 қантар, 10:48
Банкомат арқылы қолма-қол ақша алатын азаматтарға қатысты деректер базасы құрылмайды – Ұлттық банк
19 қантар, 13:48
Аида Балаева балаларға арналған кітаптардың жоқ екенін ашып айтты
12 қантар, 13:42
Заңгер: Кінәсі сотпен дәлелденсе ғана - қылмыскер