jasqazaq.kz

Халқының жүрегін әуенмен тербеген

01 сәуiр, 9:38

Бүгін, 1 сәуір – қазақтың біртуар ұлы, күйші, композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің туған күні. Композитордың 100 жылдық мерейтойы бүкіл ел көлемінде атап өтілуде.

Әлі есімде, 1983 жылы «Отырар сазы» оркестрі біздің ауылға келді. Нұрғиса Тілендиевтің дүрілдеп тұрған кезі. Ол кісі туралы теледидардан көріп, газеттен оқитынбыз. «Құстар әнін» білмейтін, шырқамайтын адам жоқ. Мектеп бітірген жылы оқуға түсе алмай, сүмірейіп үйге қайтып келгенде атақты адам құрған оркестрдің ауылымызға ат басын бұрғаны әлдебір жақсылықтың нышанындай көрінген.
Алматыға тым алыс болмаған соң ба, әнші-әртіс біздің жаққа жиі келетін. Бала кезден Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Әлібек Дінішев сияқты жезтаңдай әншілер мен «Гүлдер» ансамблінің өнерін тамашалап өскендіктен, концерт деген біздің ауыл үшін таңсық емес еді. Әйтсе де, Нұрғиса Тілендиев құрған «Отырар сазының» орны бөлек-тұғын. Сол күні шағын ғана Мәдениет үйі күмбірлеген күй мен әнге толды. Концертке тайлы-таяғымен келген ауыл жұрты бір серпіліп қалды.
Кейін студент кезде де Нұрғиса ағамыз туралы әңгімелерді тыңдап, газет-журналдан іздеп жүріп оқыдық. Күй тартқаны қандай, шіркін! Иығын қомдап, айрықша арқаланып, домбыра ішегінде саусағы жорғалағанда бүкіл дүниені ұмыттырып жіберетін. Қазіргідей кез келген уақытта тамашалай алатын «гугл», Ютуб деген жоқ. Теледидардан көріп қалсаң, жолыңның болғаны. Бәрін тастап, көк жәшікке еміне түсіп отыра қаласың.
Көзі тірісінде даңқы жер жарса да, адам өмірден өткеннен кейін іздеушісі болмаса, бірте-бірте ұмытылатыны хақ. Бірақ соңына мол мұра қалдырған Нұрғиса ағамыздың ұмытылуы әсте де мүмкін емес. Болмысы бөлек тұлғаның өткен өмірі мен шығармашылығын шолу арқылы еске аламыз.
Қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бекер айтпаған. Нұрғиса Тілендиевтің әкесі Атабай домбырашы, анасы Салиха да өнерден құралақан емес, ән айтып, сырнайда ойнаған деседі. Әкесі жыр алыбы Жамбылға туыс болып келеді, ал анасы Кенен Әзірбаевтың қарындасы.
Бала Нұрғиса қолды-аяққа тұрмайтын мазасыз болғандықтан, анасы «бір бәлеге ұрынып қалмасын» деп аяғын ағашқа байлап қояды екен. Домбыраға ертерек баулып, алдандырғаны да содан болса керек. Сөйтіп ол бес жасынан домбыра тартуды үйренеді.
Оның Ахмет Жұбановпен кездесуі туралы әңгіме аңызға бергісіз.
Бір күні Ахмет Жұбанов Нұрғиса тұрған үйдің жанынан өтіп бара жатып, домбыраның даусын естиді. Домбырада кімнің ойнап отырғанын білейін деген оймен үйге кіреді. Қараса, алты жасар бала екен. Тағы бір рет домбыра тартып беруін өтінгеннен кейін анасы рұқсат береді. Тек тіл-көз тимесін деп екеуінің ортасына шымылдық іліп қояды.
Кездейсоқ болған бұл кездесу бала Нұрғисаның өмірін саз әлеміне бұрғандай. Жұбанов оған музыка училищесіне баруға кеңес береді. Училищеде Латиф Хамиди оны қайдан білсін, баланы би класына жазып қояды. Ахмет Жұбанов іссапардан келсе, домбыраның құлағында ойнайтын бала балетке барып жүр! Содан оны дереу музыка класына ауыстырады.
1943 жылы Нұрғиса Тілендиев соғысқа өз еркімен аттанады. Курск шайқасынан бастап 1945 жылдың 9 мамырына дейін қан майданның ішінде жүреді. Бірнеше рет жараланады. Соғыс біткеннен кейін «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін» және «Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін» медальдерімен наградталады.
Нұрғиса Тілендиев әскери қызметті жалғастырғысы да келген. Алайда Ахмет Жұбановтың өтінішімен 1945 жылдың қазанында әскерден босап, елге оралады.
1948 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясына оқуға түсіп, ұлт аспаптары бөлімінде екі жыл оқиды. Одан кейін Мәскеу консерваториясына түседі. Консерваторияны бітіріп келген соң Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының бас дирижері лауазымына тағайындалады.


Театрдағы жұмысы кезінде «Ортеке» (1957) балет-поэмасы, «Достық жолымен» (1958) балеті, «Менің Қазақстаным» (1959) кантатасы көрерменнің көңілінен шығады. Осы туындылары үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, Қазақ ССР Еңбек сіңірген өнер қайраткері атағына ие болды.
1961 жылы ол академик Ахмет Жұбанов негізін қалаған қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестріне бас дирижер болады.
1980 жылы Нұрғиса Тілендиев Қазақ филармониясы жанынан «Отырар сазы» ансамблін құрады. Екі жылдан кейін ол оркестрге айналады.
Сазгердің ән жазу стилі туралы айтылатын әңгіме көп. Әуен ойына келгенде күйсандыққа отыра қалып, жазып тастайды екен. Сосын Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әліге тыңдатып, өлең жазуын өтінетін. Әр әннің шығу тарихы бар.
Соның бірі — ел арасында сүйіп айтылатын «Куә бол» әні.
Бірде Нұрғиса Тілендиев зайыбы Дариғамен Алматыда өзен жағасымен қыдырып келе жатады. Бір кезде тастың үстіне шығып, біресе айға, біресе жұлдыздарға қарап: «Куә бол, жұлдыз, Куә бол, айым, Куә бол, Алатауым!» деп әндете жөнеледі. Сөзін Тұманбай Молдағалиевке жаздырады.
Бірде Нұрғиса Тілендиевтің үйіне Мұқағали Мақатаев келеді. Екеуі әңгімелесіп отырғанда композитор: «Даха, домбырамды берші маған» деп, «Аққу» мен «Арман» күйлерін тартып береді. Мұқағали Мақатаев бекерге ақиық ақын атанып па, «Дариға, домбырамды берші маған» деген өлең шығара қояды. Оның да әуені кейін жазылады.


Нұрғиса мен Мұқағали тандемінен 32 ән дүниеге келген. Бірлесе жазған соңғы ән – «Есіңе мені алғайсың».
Композитор «Алтын таулар» операсы (Қ.Қожамияровпен бірге), «Достық жолымен» балеті (Л.Степановпен бірге), «Ортеке» балет-поэмасы, «Менің Қазақстаным» кантатасы, оркестрге арналған «Поэма», «Ата толғауы», «Ақсақ құлан», «Аққу, «Арман», «Махамбет», «Көш керуен» сияқты асыл мұра қалдырды. 400-ге тарта ән мен романс, 50-ден астам драмалық қойылымға, 19 көркем фильмге, 17 мультипликациялық фильмге, 14 деректі-хроникалық фильмге музыка жазған.
«Қазақ өнеріндегі ең күрделісі, ең толғаулысы, ең сырлысы – күй өнері» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, қазақтың күй өнерін шарықтатқаны өз алдына бөлек әңгіме.
Кезінде ақын Мұзафар Әлімбаев:
Күйден алау жақтыратын Нұрғиса,
Ойды көзбен бақтыратын Нұрғиса,
Шабынғалы тұрған долы барысты
Маужыратып сап тыятын Нұрғиса, – деп тебіренген.
Нұрғиса ағамыз көзі тірісінде: «Мен дүниеден өткен соң Жамбыл атамның жанынан топырақ бұйырғанын қалаймын» және «Халқым менің көзім қайтқаннан соң жоқтау айтпасын, оның орнына «Құстар әнімен» шығарып салғанын сұраймын!» — деген екі өсиет айтқан екен.


Екеуі де орындалды.
Жамбыл кесенесінің іргесіне жерленді.
Ал «Құстар әні» мен басқа да әндері, күйлері халқының жүрегін әлі күнге дейін тербеп келеді.

Наргүл Мырзахмет

10 шiлде, 19:27
Түркістан: Мақсат - жаңа өндіріс орындарын іске қосу
09 шiлде, 17:14
Түркістан: Қазығұрттағы әлеуметтік нысандардың құрылысы қадағаланды
08 шiлде, 19:11
Рухани құндылық: Түркістанда домбыраны дәріптеген іс-шаралар өтті
08 шiлде, 17:31
Жыл соңына дейін Бостандық ауданында екі жаңа мектеп ашылып, 10 мектеп пен 5 балабақша жаңартылады
08 шiлде, 14:36
Түркістан: Тоқыма-мата өндірістік базасын салу жөнінде келіссөз жүргізілді
08 шiлде, 14:27
Түркістанда «Ақылды қала» жобасы жүзеге асып жатыр
08 шiлде, 14:14
Түркістан: «Оңтүстік Төртқұдық» уран өңдеу зауыты іске қосылды
08 шiлде, 14:05
Түркістан облысындағы Таскешу ауылында банан өсіреді
08 шiлде, 13:59
Түркістан: Бәйдібекте ынтымақтастық рухын арттыра түскен жастар сайысы өтті