Хакім аға, батыр аға

24 ақпан 2017, 11:08

М.И.Есенәлиев туралы сөз бола қалғанда екінің бірі: – Детдомда өскен де. Сөйтіп аты-жөні орысша жазылып кеткендер аз ба, – дейді де, білетін «орысшаланған» кісілерін мысалға келтіреді.
«Михаил Иванович Исиналиев» деген соң, жете таныс еместер солай демегенде, не десін? Ал араласып-құраласып жүргендер оның Хакім Тілегенұлы Есенәлиев екенін біледі.

Әу баста оның өзі де, жолдастары да «Кәкім» деп жүріпті. Жазушы Әзілхан Нұршайықов Павлодар облыстық газетінің редакторы болып тұрғанында Мұхтар Әуезовтің шығармашылық сапармен келгенін, үйінде мейман болғанын, Мұхаңа арналған қонақасыға облыс басшыларынан, ішінде облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Михаил Есенәлиев бар, үш жігітті шақырып алған. Мұхаңның бір әредікте Есенәлиевке жымия қарап отырып: «Жә, сендер бұл азаматтың атын бірің «Михаил Иванович», бірің «Кәкім» деп екі түрлі атап отырсыңдар. Сонда мен осы екі есімнің қайсысына жіп тағуым керек?» дегенін, ал «мәселенің» мәнісіне көзі жеткен соң: «қазақша атағыларың келсе, онда «Кәкім» емес, «Хакім» деп айтқандарың жөн. Лұқпан хакімді білесіңдер. Аристотель, Платон, Сократ сияқты хакімдер бар. Абай өзінің жиырма жетінші сөзін сол Сократ хакімге арнаған… «Кәкім» десеңдер, онда ол белсенді, чиновник деу болады. «Хакім» – ғалым адам», дейді.
Сол Хакімнің өмірін қысқаша шолып өтелік. Орал өңірінде дүниеге келген Тілеген жеті жасында жетім қалып, тағдыр қаңғалақтатқан соң не шара, Ресейдің Саратов облысындағы Питер деревнясынан бір-ақ шыққан. Сонда қолбала болып жүрген. Орыстар Тілегенді «Толя» демей, қалайда «Иван» деп атаған. Ол колхоз бастығының атқосшысы «Ваня» болған.
Күндердің бір күнінде деревняға өзге жұрттан Тілегенше тиянақ іздеген бойжеткен келе қалыпты. Қазақ қызы. Ойда жоқта тағдыр қосқан деген сол ғой, екеуі танысып, ақырында, «екі жарты – бір бүтін» болыпты. Тілеген мен Үмітай.

Хакең бірде өмір жолын әңгімелеп отырып: «Құдай менің қаракөз болуымды қалаған ғой, әйтпесе сонау Питерде қу жалғыз қазақ болып жүрген болашақ әкеме өзіндей тұлдыр жетім қазақ қызды – болашақ шешемді апарып бере ме?!» – деп әзілдеген-ді.
Жас отау перзентті болған (1928 жылғы 15 қыркүйекте). Ұл бала. Әкесі «Хакім» деп ат қойған. Той өткен соң Тілекең нәрестесіне туу туралы куәлік алуға барады. Ондағы таныс орыс келіншек: «Ваня ағай, бұл балаңның атын «Михаил» деп қояйық. «Михаил Иванович» болсын. Михаил Иванович Калинин жолдасты білесіз ғой, оны бүкіл дүние жүзі біледі! Сіздің ұлыңыз да Кеңес Одағының сол басшысындай белгілі адам болсын!» – депті. Тілекең ұлының көсемдеріміздің бірі – Калининмен аттас болғанын дұрыс көріп: «Ну, давай, пиши!» десе керек. Сөйтіп, Хакім «Михаил Иванович Исиналиев» болған (бірде Хакеңе: «Аты-жөніңізді қазақшалап алсаңызшы!» дегенім бар. «Түзетер документ тым көп, кейін, пенсияға шыққанда көрермін, қазір уақыт жоқ» деген).
Тілекең мен Үмекең Хакімнің қолында: Питерде, Павлодарда, Алматыда тұрып, бертінде қайтыс болды. Хакеңнің екі қарындасы— Галина мен Роза Алматыда. Ұлы – Тимур Ресейде дипломат еді, әкесінен екі жылдан соң сырқаттанып қайтыс болды
Әйелі Майя Ивановна – аласалау бойлы, дөңгелек жүзді, жылы шырайлы кісі. Хакең екеуі әйгілі тың игеру жылдары Павлодарда кездесіпті. Хакең облыс комсомолының басшысы, Мәкең (Майя Ивановнаны мен кейде «Мәке», кейде «жеңге» деймін) – Ленинградтан комсомолдық жолдамамен келген тың игеруші. Қазақша еркін сөйлей алмайды, ал айтқанды ұғады. Нәсілі орыс болса да, жаны – қазақ. Бір ғана қырын айтсам: Хакім аға қайтыс болғаннан кейінде апта сайын жұма күні жеті шелпек пісіріп, байырғы дос-жолдастарын шақырып, құран өткертіп отырды. Қолын жайып, бетін сипаған сәтте көзінен жас ыршып кеткенін байқап жүрдім. Аяулы ерінің жылын берген соң, үш ай өткенде, телефон шалып: «Габеке, келин ал, уйге кел, сагат еки» деді. Бардық. Етене жақын 4 отбасын шақырған екен. Менен өзгелері – комсомол шақтан бергі достары. Хакеңді еске алысып, өмірлеріндегі қызық-шыжық жәйттерді айтысты. Бір әредікте Майя Ивановна орнынан баяу тұрып, бәрімізге жағалата қарап, көзі жасаурап: «Дорогие друзья!» деп, дауысы дірілдей сөз бастады. Өміріне ризашылығын, бір ғана өкініші – құдай қосқан Мишасынан айырылып қалғаны екенін, дос-жолдастарына алғысы шексіздігін айтып, соңында: «Біздің әулеттің атамекені – Ленинград. Аға, апа-сіңлі туыстарымның бәрі сонда екенін білесіздер, солар мені «көшіп кел» деп шақырып жатыр. Мен көп ойландым… тілдерін алуым жөн сияқты. Ендігі сөз сендерден болсын. Рұхсат етсеңдер – көшейін, ал рұхсат етпесеңдер – осында тұра берейін» деді. Бір минөттей болған үнсіздіктен кейін бәрімізден жасы үлкеніміз, Хакім ағаның ең сыралғы досы Сағындық Кенжебаев: «Майя, кухня жаққа барып келші», деді ақырын ғана. Майя Ивановна шығып кеткен соң Сәкең баршамыздың пікірімізді сұрады. Ойларымыз ортаға салынды. Хакең мен Мәкеңнің жалғыз ұлы – Тимур Мәскеуде дипломатия академиясын бітіріп келгенде мұнда қызметке алынбаған. Хакім ағаның: «Мұндағы бетпақ билік менде кеткен еселерін ұлымнан алу үшін оны Алматыға жолатпады. Неткен арсыздық?! Е, мейілдері. Тимур Ресей Федерациясының сыртқы істер министрлігіне орналасатын болды», – деген-ді. Сонымен, Майя Ивановнаға рұхсат берген дұрыс деп шештік. Бір айдан кейін аттандырдық…


Қай-қайсысымыз да Мәкеңнің («Михаил Иванович» болған соң «Мәке» дей бердік қой) қашан, қайда, кім болып қызмет істегенін білеміз. Комсомолда, партияда, сыртқы саясат саламызда басшылық орындарда болды. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мәдениет бөлімінде он үш жылдай меңгеруші болып, республикамыздың рухани жетістіктеріне мол үлес қосты, оны жауы да жоққа шығара алмас. «Жау» демекші, бірде: -Жауыңыз бар ма, шыныңызды айтыңызшы? – деп әзілге сүйей сауал тастағанымда мырс етіп күліп: – Мұқағали айтқандай, «Дұшпаның бар ма дейсің, қайдан білем?». Қазекем жүрген жерде неге болмасын, бар шығар, бірақ көзіме көрінгені жоқ, – деп сәл ойланды да: – Орталық комитетте жүргенде балға мен төстің арасында болдым. Қонаев пен Имашев өздері айтуға тиісті шешімді менің аузыммен айтқызатын. Құрып қалғыр әлгі «партийная этика» деген пәле болды емес пе, сол аузымды да, аяқ-қолымды да буып тастайтын, қиын еді ғой… Кадр мәселесінде бір-екі мәрте кінә арқаладым, артқалатқан соң. Бірақ ол кадрға сол сағатта да, кейін де қолдан келгенінше көмектестім. Көмектескенде: «мен кінәсізбін, маған ренжи көрмеңіз, мені пәленбайлар мәжбүр етті!» демедім… кім білсін, ол оны сезді ме, түсінді ме, әлде: «Есенәлиев сөйтті, оңбаған!» деген сеніммен кетті ме… ал маған қиын тиетін, іштен тынатынмын, – деді.
(Дінмұхаммед Қонаев – Қазақстан КП Орталық комитетінің 1-хатшысы да, Саттар Имашев – Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы.)
Партиялық жүйеде мен 28 жыл қызмет істедім. Жаңағы «партийная этиканың» тысын да, астарын да көп көрдім. Сол себепті Мәкеңді түсіндім. Мәдениет министрлігінің, Жазушылар одағының, әдеби баспалардың кейбір басшылар Мәкеңе сырттай наразы болып, оны-мұны қисық сөз айтып отырғанын көретінмін, бірақ ол кезде Хакім ағамен сырластығым жоқ болса да, «ол өзі сөйтті дейсің бе, сірә, жоғарыдағылар сөйткізген шығар», дей салатынмын.
Кейініректе Хакеңмен табыстым. Сырлас аға-ініге айналдық…
1986 жылғы желтоқсанда М. Горбачевтің алаяқтығымен Алматыда болған қанды оқиғаның себеп-салдарын тексеруді алғаш талап еткен адам – Хакім Тілегенұлы.
1988 жылғы 4 маусымда Қазақстан КП Орталық комитетінің пленумы болды. Күн тәртібінде: СОКП Орталық комитетінің Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы туралы шешімін талқылау. Әрине, алдын ала берілген бағыт бойынша, ол шешім бірауыздан мақұлдануы керек. Баяндамашы да, сөйлеушілер де қия баспады. Ол бас шұлғушылыққа көнбеген Есенәлиев – ОК мүшелігіне кандидат, Сыртқы істер министрі – президиумға жазба жіберіп, сөз сұрады. Бермеді. Сәлден соң орнынан атып тұрып, баршаның көз алдында дауыстап сөз сұрады. Президиум иелері бұлталақтап, сөз бермеуге тырысты: «Жарыссөзді тоқтату туралы ұсыныс түсті» десті. Сол әредікте Қызылорда облыстық партия комитетінің 1-хатшысы, ОК мүшесі Еркін Әуелбеков түрегеліп: «Орталық комитеттің мүшелігіне кандидат, Сыртқы істер министрі Есенәлиев жолдасқа сөз бермеу деген неткен жөнсіздік?! Бейбастық болмасын, Есенәлиев жолдасқа сөз берілсін!» деп талап етті. Сөйтіп, Михаил Иванович мінберге көтерілді. Қысқасы, ол СОКП Орталық комитетінің шешімін сол күйінде қолдамайтынын, «махровый казахский национализм» деу – тұтас бір халықты кемсіту, қорлау екенін ашынып айтты. «Мәскеудің өкілдері екі күн болды да кетті. Оқиғаның мән-жайын білмегендіктен, үстірт қорытынды жасады. Ал сіздерге не болды? Тың игеру басталғаннан бергі 34 жыл ішінде қатардағы агроном мен инженерден Орталық комитеттің мүшесі дәрежесіне жетіп отырсыздар ғой? Мәселенің мән-жайын біліп, ақ сөйлеудің орнына, міне, бір жарым жыл болды, ауыз ашпай жүрсіздер!» деді.
Партиялық қожайындарымыз жыланша жиырылды…
…Партия кеңселерінің тым-тырыс болуы төзімін тауысқан соң, Мәкең Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің кезекті сессиясына мына әйгілі «Депутатский запросын» табыс етті:

ДЕПУТАТСКИЙ ЗАПРОС ПРЕЗИДИУМУ
ВЕРХОВНОГО СОВЕТА КАЗАХСКОЙ ССР
«Прошу на очередной сессии Верховного Совета доложить депутатам о физических и моральных последствиях по результатам «наведения общественного порядка» после известных декабрьских событий 1986 г. Прошло более двух лет, но не только общественность, даже члены ЦК Компартии Казахстана и депутаты Верховного Совета республики в неведении: сколько человек исключены и наказаны в партийном и комсомольском порядке, сколько отчислены из учебных заведений и освобождены от занимаемой должности, сколько осуждено, не говоря уже о точном количестве погибших. Выявляя «белые пятна» 30-х годов, не следует создавать новые в 80-х годах.
На сегодня же о последствиях декабрьских событий информированы только: Г.В.Колбин, В.М.Мирошник, Н.Г.Князев, В.И.Ефимов и, возможно, кто-то из бывших или настоящих членов Бюро ЦК Компартии республики. Поэтому вношу предложение создать авторитетную депутатскую комиссию, в составе которой будут представители общественности. Ей представить необходимые документы и объяснения товарищей, сопричастных к указанным событиям, затем об их заключении доложить сессии Верховного Совета республики и Пленум ЦК Компартии Казахстана. Для чего это нужно? Дело в том, что первые официальные сообщения воспринимаются с большим сомнением сейчас, по истечении времени. Среди интеллигенции и молодежи вузов нарастает волна недоверия к прежней информации. Это может привести к непредсказуемым последствиям. Полагаю, что лучше разобраться сначала самим, чем делать это под давлением общественного мнения. Тогда уже любые честные, справедливые заключения и выводы будут подвергаться еще большим сомнениям, т.е. надо принять меры и снять боль, не превращая ее в нарыв.
Прошу текст данного депутатского запроса срочно передать членам Президиума Верховного Совета республики, поставить в известность Государственно-правовой отдел ЦК КПСС.
С уважением депутат Верховного
Совета Казахской ССР, кандидат
в члены ЦК Компартии Казахстана, Министр иностранных дел республики – М.ИСИНАЛИЕВ.
25 апреля 1989 г.

Желтоқсан жайындағы комиссия осыдан үш айдан кейін, шілденің 27-сі күні құрылды. Республика Жоғарғы Кеңесінің сессиясында. Екі апта өте бере М.И.Есенәлиевке шүйлігу басталды. Шетелге барған ресми іссапардан оралған одан зейнетке шығуына өтініш беруі талап етілді. «Турасын айтқан туғанына жақпайды» деген қазекем-ай!
Иә, комиссия құрылды. Төрағалығына депутат ақын Қадыр Мырзалиев сайланды. Бір ғана мәжіліс өткізілді де, комиссия тарады (сірә, таратылды). Келесі комиссияның төрағасы депутат ақын Мұхтар Шаханов болды. Көп жұмыс істелді, алайда көмбеге жете алмады. Әрине, жеткізбеді. Комиссияның құрамына Желтоқсан мәселесін тұңғыш көтерген М.И.Есенәлиев шақырылмады. Әлде шақыртпады. Себебі, меніңше, Хакеңнің ол ерлігі оның жолына қойылған тағы бір кедергі болды.
…Бір күні Мәкең жайында ғажап жаңалық естідім. 1996 жылдың жазы еді. Өскемен қаласында іссапармен бір апта болып, Алматыға ұшып келе жатқанмын. Ойда жоқта Юрий «Левитанды» көргенім! Ол да тани қойды. Екеуіміз 1978 жылы Риганың іргесіндегі Шығармашылық үйде бір апта бірге болғанбыз. Дауысы әйгілі диктор Юрий Левитанның дауысына ұқсастау болған соң әзілдеп «Юрий Левитан» деп жүріп едім, аты – Юрий, фамилиясын есіме түсіре алмай отырмын. Ол СОКП Орталық комитетінде істейтінін айтқан. Шұрқырасып хал-ахуал біліскен соң: – Қызметің өскен шығар, қазір кім болдың?- десем, ол қолын сілтей күліп: – «Таңбалы бас Михаилдың» (орыстарда: «Перед концом света появится Михаил меченый», – деген бе, әлде: «Придет Михаил меченый и будет конец света», – деген бе, әйтеуір, сондай бір сөз тіркесі бар, Игорьдің кекесінін аңғардым, – Ғ.Қ.) «тазалауына» ұшырап, ол жақтан кеткенмін, бүгінде Ғылым академиясындамын, – деді де: – Бүкілодақтық староста болған Калининмен аттас батыр Михаил Ивановичтерің аман-есен бе? – деп маған ажарлана қарады. Мәкеңді айтып отыр ғой! Сыртқы істер министрлігімізде Төтенше һәм Өкілетті елші екенін айтып, «батыр» деуінің мәнісін сұрадым. Юрий құлшына әңгімелеп, соңын: – Компартия күркіреп тұрғанда Горбачевтің ордасын сендердің обком хатшыларың Кешірім Бозтаев бір дүрліктірген еді, екінші болып тағы да сендердің коммунистерің, министр Есенәлиев дүрліктірді, батырсыңдар! – деп тұжырғаны ғой!..
Арада бірер апта өткенде Хакім ағаны ауруханада ұшыраттым. Палатамыз қатар болып, екі аптадай жаттық. Юрийден естігенімді ақтарып, енді соны өзінен естігім келетінін айтсам, Хакең жымыңдап: «Өтті, кетті, қайтесің, қажеті не?» дейді. Ақырында: «Кремльге жазылған хаттардың көшірмелерін жинайтын әдетім бар еді, сол хатыңыздың бір көшірмесін беріңізші! – деп қолқа салдым. Екі күннен соң үйінен алдыртып берді.
Ол хаты 1988 жылғы қарашаның 25-і күні жазылған екен. СОКП Орталық комитетінің бас хатшысы, КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының төрағасы М.С.Горбачевқа. Биліктің екі дізгін, бір шылбыры қолына тиген «таңбалы бас Михаил» бүкілодақтық партконференцияда: – Одақтас республикалардағы компартиялардың бірінші басшылары әрі республика Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болуға тиіс, – деген «жаңалығын» жария етеді. Онысы – республикаларды бұрынғыдан да сығымдап ұстаудың зымиян жобасы екенін түсіне қойған Хакең дереу қарсылық жасап, хат жазып жібереді (одақта одан өзге ешкім тырп етпеген). Пікірінің тоқетері: Кеңес өкіметі мен компартия билігін бір қолға беру – үлкен қателік! Қазақстан компартиясын орыс (Колбин, – Ғ. Қ.) басқарып отырғаны аздай, енді жергілікті өкіметті соған берсек, ол республиканың құқына нұқсан келтіру емес пе? Бүкілодақтық немесе шетелдерде халықаралық жиында Қазақстан өкіметі атынан орыстың сөйлеп тұрғаны дұрыс бола ма? Жалпы, одақтас республикалардың компартиясын да, өкіметін де, үкіметін де өзінің ұлттық кадрлары басқаруы керек!
Дәп сол кезде бұлайша хат жазу Кремльге бомба тастаумен бірдей емес пе еді?! Республиканың Сыртқы істер министрі коммунист Михаил Иванович Есенәлиевті «Батыр!» демей көр енді!
Мәскеуден дереу өкіл жеткен. Әдеттегіше құпия түрде айтыс-тартыс, қорқыту-үркіту болған. Хакім аға қайыспаған! Горбачевшілдер аяқтарын тартып тынған! Горбачевке де жан керек екен, ол сонау партконференциядағы ойынан қайтты.
Батыр ағаның хаты негізінде мақала жазып, қазақшасын «Қазақ елі» газетінде, орысшасын «Новое поколение» газетінде жарияладым. Әлбетте, Хакеңмен келісіп. Ал келісімін алуым қиын болды. Өзін-өзі не насихаттап, не насихаттатып көрмеген адамға менің өтінішім өрескелдік сияқтанды. «Сен қызық екенсің?!» деп ренжіді. Анау жолы «хат атаулыдан коллекция жасайтыныма» сеніп қалса керек. Әйтсе де, журналшы-жазушылық тілімді ары безеп, бері безеп дегендей, бой бермедім. Менің ойым: – Хакеңнің ерлігін елі білсін. Мұрағатжайда шөгіп қалмасын! – болды.
Мақаланы оқыған қаламдастарымның үлкен-кіші он шақтысы, басқа бес-алты кісі үйіме телефон шалып: «Есенәлиев жүрек жұтқан жан екен ғой?! Ғажап ерлік жасаған екен!» десті. Соны Мәкеңе қуана айтқанымда: «При чем здесь я? Это – твоя заслуга!» дегені ғой. Түуһ!..

Егер Мәкеңнің сол ерлігін елпілдек біреу жасаса, Алматыны көшіріп жібере жаздап жүрер еді, ә?!.

…Шағын ғана шымыр денелі, қараторы өңді, кішірек нұрлы қоңыр көзді, салмақты мінезді, салиқалы сөзді, дос-жолдастары ортасында аңқылдап, әдемі, жарасымды әзіл-қағытпаны төгіп-төгіп отыратын абзал Хакең еліміздің тәуелсіздікке аяқ басуына, демократиялық қоғамды нысана етуіне бүкіл білім-беделін, қажыр-қайратын жұмсады.

Демократиялық «Азат» қозғалысының, «Азат» партиясының құрылуына сіңірген еңбегі ерекше мол. Ол партияның біржылдығында жасаған баяндамасынан анық танылды. Ал «Блок оппозиции против бесчестия и развала страны» атты мақаласы елдегі саяси ахуалды талдау ғана емес, өзінің қалған ғұмырының бағдарламасы іспеттес те еді (Хакең 1999 жылы тамыз айының 18-і күні кенеттен қайтыс болды).
Қайраткер өмірі қашанда қым-қуыт жәйттерге толы. Мәкең көзі тірісінде «Штрихи к портретам», «На грани… эпох», «Записки дипломата», «Ақиқатын айтқанда» деп аталған кітаптарын шығарды да, өнегелі өмір белестерінен бізге біраз мағлұмат берді. Айта алмай, жаза алмай кеткен жәйттері қаншама?!.
Ол аса білімдар еді. Үйіндегі кітапханасында әлемдік мәдениет пен өнердің, көркем әдебиет пен саясаттың, ғылым мен сәулеттің… небір құнды да сирек жинақ-еңбектері болатын. Ұзақ жылдардағы тым қарбалас күндерінде соның бәрін оқуға, әрқайсысынан қажетін алып жүруге уақытты қалай табатынына таңдана сұрақ қойғанымда қадірлі аға жылы жымиып: «Бәйбішем мен бала-немерелерімнен кейінгі серіктерім, сырластарым – осы мүлкім», дегені бар. Бірде маған телефонмен: «Ничто человеческое мне не чуждо» дегенді кім айтып еді?» деді. Үнінен қуақылық нышаны сезілді. «Е, баяғыдан білеміз ғой, Карл Маркс айтқан!» дедім. Ол балаша мәз бола күліп: «Оқу керек, жолдас, оқу керек. Оны көне Римнің драматургі Терренцидің бір кейіпкері айтыпты, онда Карлды қойып, Маркстың да бабасы тумаған!» деді. Енді бірде әлдебір бұйымтайым болып хабарласқанымда: «Мен бір кітап оқып отырмын, осы әлгі «Өмір адамға бір-ақ рет беріледі» деп басталатын өсиетті кім айтып еді, есіңде ме?» дегені. Тағы бір «қақпан құрғанын» сездім де, қалай құрсаң да тұтылмаспын деген сеніммен: «Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықтысын» мен де жаттап өскенмін, Хаке!» дедім. Ол тағы күліп жіберіп: «Островский оны орыстың мықты сыншысы Писаревтен алыпты, оқу керек қой, жолдас сатирик!» деді. Осындай өнегелі әзілге де бай еді.
Аяулы Мәке-Хакеңнің сүйікті жары, сенімді серігі, парасатты, ардақты жеңгеміз Майя Ивановна естелік кітап шығаруды қолға алуыма өтініш білдірген соң марқұм ағамыздың қат-қабат қағаздарын ақтарып жүргенімде оқыған кітаптарынан көшіріп сақтап қойған бірер шумақ өлең, бірер сөйлем қарасөз үзінділерді көрдім. Мәселен:
«Аз халықпыз, алайда намысты халықпыз. Бауыржан Момышұлы» (айтпақшы, Баукең бұл інісін өте жақсы көрді, атын атамай, «Медвежонок» дейтін. Екі Наркескеннің табыса білгендері!).
«Благо народа – вот высший закон. Цицерон».
«Истина – солнце разума. Вовенарт».
«Жить – это бороться; бороться – это жить. Бомарше» («Жизнь – борьба» деген бе еді К.Маркс?).
«Жүрегім менің қырық жамау
Қиянатшыл дүниеден.
Қайтіп аман қалсын сау,
Қайтқаннан соң әрнеден. Абай».
Ұлы ақынымыздың осы бір жаралы жан сыры беріде қаншама Хакең-Мәкеңнің тағдырынан тіл қатпады?!.

Хакім ағамен алғаш әңгімелескенім 1984 жылдың жазында (егер жаңылыспасам, шілде айының аяқ шені). Бұрын Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің пленумдарында, ол өткізген о жиын мен бұ жиында, Жазушылар одағында кездесіп, ресми ғана сәлемдесіп жүргеніміз болмаса, оңаша сөйлесіп көрмегенбіз. Бір күні, сағат 11-де, қабылдау бөлмедегі хатшы келіншек кіріп:
– Ағай, телефон тұтқасын көтеріңізші, Есенәлиевпін дейді, – деді.
– Қабышев тыңдап отыр, – дедім, тұтқаны алып.
– Әскери шеніңіз қайсысы? – дейді қуақы қоңыр дауыс.
– Сіз кімсіз? – дедім, тосын сауалына еріксіз таңданып, хатшы келіншек айтқан ныспысына ой жүгіртіп те үлгірмей.
– Есенәлиевпін ғой, Михаил Иванович, Сыртқы істер министрлігінен.
– Ә, Мәке, ассалаумағалейкүм!
– Уағалейкүмәссалам! «Қабышев тыңдап отыр» дегеніңізге қарағанда, ең бері қойғанда не капитан, не майор шеніңіз бар әскери адам болған шығарсыз деп қалдым, қателескен жоқпын ба? – дейді, жылы сөйлеп. «Оңбай қателестіңіз» дей жаздап қалып, тілімді тежеп үлгіріп:
– Әжептәуір қателестіңіз, Мәке. Мен әскердің маңына жоламаған жанмын, тым құрыса, Гитлердей ефрейтор да болып көрмедім, дедім. Ол рахаттана күлді де:
– Республикалық «Ара-Шмель» сатира журналының Бас редакторында тура телефон жоқ па еді, цеканың служебный справочнигінен таба алмадым, – деді.
– Бар ғой. Біреу-міреуге керек болған соң алып қалған да, – деп едім, ол тағы күлді де:
– Ендеше, Ғабеке, сол нөміріңізді алып, маған келіп шығыңызшы, бір әңгіме бар. Орныңыз, бойыңыз үлкен болғанмен жасыңыз кіші ғой, тіл аларсыз, ә? – деп әзіл тастады.
– Мәке-ау, аға шақырғанда ініде табандар дәт бола ма, қай сағатта барайын?
– Түстен кейін қалаған уақытыңызда келе қалыңыз!..
Сағат 3-те (15-те) бардым. «Мир» көшесіндегі бір қабат ағаш үйдің кеңдеу бөлмесі. Министр емес, шірегенде министрліктің бөлім бастығы отырар жұпыны кабинет. Мәкең орнынан домалана тұрып, үстелінен қолын ұсына шығып қарсы алды. Сәлемдестік, хал-ахуал сұрастық. Сәл қиыстау тұрған дөңгелек үстелше басына жайғастық. Шай алдырды.
– Кабинеттің кескіні осы, Сіздерде мұндай жоқ шығар? – деп жымиды.
– Мәке, айырбастайықшы, бізде қыста салқын, ал жазда ыстық, түстен кейін күн шақырайғанда төбемнен табаныма дейін терлеп есім шығады, – дедім. Журнал редакциясы Алматының әйгілі көкбазары маңындағы шыны-бетон 12 қабат ғимараттың ең үстіндегісінде еді. Мәкең күліп:
– Айырбастайық, – деді де, орнынан тұрып барып, бір ғимараттың шағын макетін алып келіп: – Міне, бұл – болашақ кеңсеміздің макеті, өзім айтып отырып жасаттым, келесі жылы осында отыратын боламыз, – деп, оның неше бөлме екенін, ішкі-сыртқы бейнесі қандай болатынын, төңірегіне тағы бірер ғимарат салынатынын, қазіргі отырған үйлерінің сақталатынын, себебі оның тарихи құрылыс екенін құдды сәулетшіше ғажап ықыластана әңгімеледі.
Біз жақсылап таныстық. Министрлігінің бүгіні мен ертеңі туралы ой толғады. Әдебиетке, өнерге, баспасөзге, біздің сатиралық журналға қатысты пікірлерін айтты. Әңгімеміздің аясы кең болды. Партияның Орталық комитетінде мәдениет бөлімін он екі жылдан астам басқарған Мәкең жайында көбінесе мақтау сөз естігенмін. Керісінше айтатындар да кездеседі, бірақ ондайлар аз-ды.
– Мәке, мына кездесуіміз мен үшін бір қымбат сәт болды, кілегей қатқан күрең шайыңыз қандай, шіркін! Көп-көп рахмет! Көп ұзамас келесі жолы әңгімелесерімізге шейін Сізге бүгінгі соңғы бір сұрағымды қояйын ба? – дедім. Ол кішкене көзі күлімдей қарап, басын изеді.
– Орталық комитеттегі жұмыстарыңызға ризасыз ба? Өкінішіңіз жоқ па? – дедім.
– Ризамын да… өкінішім де жоқ емес… – Мәкең сәл жымиып алды да, байсалды қалпына көше баяу сөйледі: – Заңгердің дипломымен дипломат міндетін атқардым. Басқасын айтпағанда, Орталық комитеттің мәдениет бөлімін он үш жылдай басқарғаным – сонша жыл дипломат болғаным. Әдебиет, өнер адамдарын өзің білесің, ортасында жүрсің, олардың қай-қайсысымен болсын дипломат тілімен сөйлеспесең, ол сүрінгенің ғой. Бір-екі сүрінген соң жығыласың, жатасың. Мәселен, егер жазушыларды айтсам: пікір таласынан жалықпайтын Ілияс Есенберлинмен, әншейінде студент сияқтанып жүрсе де, ой қақтығысында қайраулы қанжар болып кететін Әнуар Әлімжановпен, күндей күркірей қалатын Жұбан аға Молдағалиевпен, өзін-өзі биіктетіп сөйлеуге құмар Олжас Сүлейменовпен… қайсыбірін айтасың, кезкелгенімен даулы бір мәселені шешу дегенің – қып-қызыл от кешкендей қиындық. Тағы бір жазушымызға қалжыңдап айтқаным бар: сенімен түсінісуден гөрі мемлекетті басқарған оңай шығар деп. Шыны солай ғой, қалай, рас па?
– Білмеймін, мемлекет басқарып көрген жоқпын, – деп әзіл жауап қайтардым.
– Уәй, сатирик… Айтпақшы, осы сендермен, сатириктермен, істес болған емеспін, сендер, былайда шатақтау тәрізденгендеріңмен, дауласуға жоқсыңдар, а? – деді ол, қулана сөйлеп.

– Иә, біз дауға жоқпыз, жоғары-төменге арыз жазғанша әзіл-сықақ әңгіме-өлеңімізді жазып тыныш жүргенді ұнатамыз.

Қазақстанның демократияға аяқ басуына аса мол еңбек сіңірген кісі Хакім аға деп білемін. «Азат» қозғалысын ұйымдастырған үшеудің бірі. Қол ұстасып шыққан екі жолдасы басқа қозғалысқа әлдебір есеппен «қоныс аударып» кеткенде қыңқ етпей, игі ісін жалғастыра берді. «Азат» партиясын құрысып, төрағалығына сайланды. Алайда екі-үш жылдан соң ол жақпен қоштасып, ешбір қозғалыс, партия атаулыға ресми мүше болмай, сырттай кеңесшілікті жөн көріп, жазба жұмысқа кірісті. Қазақстанның дербес, тәуелсіз ел болуы, демократиялық, құқықтық мемлекеттер санатына қосылуы керектігі хақында көркемсөздік жалынмен көп мақала жазып, ойды батыл, ашық айтудың үлгісін көрсетіп жүрді. Бірде, Сыртқы істер министрлігімізде Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші кезінде, Айтеке би көшесіндегі жаңа кеңселерінің дәлізінде, шағын да жасылтым түсті диванда әңгімелесіп отырғанымызда (Мәкең кабинетінде емес, сол диванда отырып сөйлескенді қалайда ұнататын. Кейін екінші рет іздеп барғанымда да: – Тар кабинетті қайтеміз, кең диванымызға барайық, – деп әзілдегені әлі есімде) сөзіміз саясатқа сайды да (шындығында көбінесе саясат жайында әңгімелесетінбіз):
– Мәке, оппозициясыз ел толыққанды ел бола алмайды дейсіз, бізде оппозиция бар да сияқты, жоқ та сияқты, ол қалай? – дедім. Мәкең басын изеді де, сауалыма жауапты сырттан іздегісі келгендей-ақ бұрыла бірқырындап, терезеден далаға көз тастай ойлана сөйледі:
– Ол кең түсіндіруді талап етеді, бірақ саған қысқаша айтып көрейін. Орыста бір мәтел бар, қазақшалағанда: «Шортан шабақтың бейқам жүрмеуі үшін жаратылған» делінетін шығар, оппозицияның рөлі де – сол. Ол елдің, халықтың мүддесі үшін үкіметтің сыншысы, кеңесшісі болуға тиіс. Біздің өкіметті де, үкіметті де кешегі коммунистер – оппозицияның атын өшіріп жібергендердің шәкірттері басқарып отыр. Оппозицияны құра бастап едік, сырттан бақылап, іштен шалып, іріткі салды. Оның үстіне біздің зиялы дейтіндеріміздің көбі билікқұмар емес пе, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарудың» орнына әрқайсысы бір-бір қозғалыс ашып, бір-бір партия құрып алуды көксеп, іріткі салушылардың жетегіне еріп кетті. Атамыз қазақ не деп еді, «қойшы көп болса, қой арам өледі» деп пе еді, біздің жігіттер соның аяғын құшты, демократияны шындап керек етпеді, тақты, портфельді керек етті, көпірме құр сөзбен әуестенді, бірін-бірі мүйіздеді. Әлі де солай! Осымен кетеді, қашан ес жиятындарын бір құдай білсін. Олардың осал жерін біліп алған билік астыртын іріткілігіне қоса ашық төкпештеуге кіріскен жоқ па? Өзің де көріп жүрсің: бірін алдап-сулап айнытып, бірін қорқытып-үркітіп, бірін сабап, бірін соттап, тоздырып жіберді ғой?! Соны көре тұра, біздің «серкелер» ойланбайды, дізе қоспайды, Абай айтқан: «Бет-бетіне би болған өңкей қиқымның» кері баяғы. Алған бетінен қайта қоймас кім бар десек, меніңше, ол – Серікболсын Әбділдин. «Мықтылар» оның партиясын да жұлмалай бастады, арғы жағын көре жатармыз. Демократия қолжаулыққа айналған жерде, биліктің шенеуніктері қожаңдайды, зиялылары бейтарап болған елде қоғам рухани дағдарысқа ұшырайды, авторитаризм күш алады, көсеулер «көсемге» айналады, халық қағаберісте қалады. Солай, жолдас Ғабеке…

– Мәке, енді жайлауыңыз да өзіңіздікі, қыстауыңыз да өзіңіздікі болды, аузыңызды, адымыңызды да аңдып отыратын албасты жүйеден құтылып, баршамен «тең құқықты» зейнеткерге айналдыңыз. Соның «құрметіне» сізге бір өтініш жасағым келеді, – дедім Хакім ағаға, Бөгенбай батыр көшесіндегі кітап дүкенінен шыққанымызда. Ол орайшап әзілімді іліп алып:
– Орыстар «на ногах правды нет» дейді, жүріп келе жатып берген жауабыма сенсең, құлағым өзіңде, – деді ойнақы үнмен.
– Сіздің Сыртқы істер министрлігіне жылжытылғаныңыздың, одан сатылап төмендетіліп, бәйбішеңіздің «штатына көшірілгеніңіздің» нақ себебін айтып бересіз бе? Елу процентке жуығын білемін, қалған елу проценттен астамын білмеймін, шіркін, жүз процент білгенге не жетсін! – дедім, әзілімді үзбей. Мәкең әзілді жақсы көретін еді ғой, жымиып тыңдап, жұмсақ күле сөйлеп үстей түсетін. Ол жолы да лекіте күліп:
– Ол тым ұзақ әңгіме, Гогольдің қара сөзбен жазған поэмасындай. Знаешь, дәл қазір менің уақытым тығыз, – ол қолсағатына қарап алды, -тура қырық минуттан кейін Майя Ивановна екеуіміз бір жолдастың үйінде болуға тиіспіз. Екеуіміз былай етейік: ертең осы мезгілде Шоқан ескерткіші жанында кездесейік, мен саған бір кітап беремін, іздеген жүз процентті содан табасың, келістік пе? – деді.
– Кімнің кітабы?
– Өзімнің кітабым.
– Сыйлайсыз ба, сатасыз ба?
– Ну, сатирик! Саспа, бір тиының да шықпайды, сыйлаймын! – деп күлді.
– Мен де құр қол келмеспін.
– Ендеше, келістік!..

Алматыда 1986 жылдың желтоқсанында болған оқиға тарихымызға бір тарау болып әлі жазылып жатыр. 1996 жылы онжылдығын атап өттік. Біреу риза, біреу наразы дегендей. Мәкең екеуіміз Шоқан Уәлиханов ескерткіші жанында ұшырастық. Мен сол маңдағы бір шеберханаға бара жатқанмын.

– Мәке, Кәрішал Асановты білесіз, ол екеуіміз құрдаспыз, сырласпыз, сол кеше Кремльдің съездер сарайы мінберінен сөйлеген Мұхтар Шаханов сөзінің тезисін жазып бергенін айтты, соның мән-жайын айтасыз ба? – дедім.
– Знаешь, Ғабеке, мұны кейін кеңірек әңгімелерміз, әзірше тоқетерін айтайын, өйтпесем, қазір осында шалдарым келеді, қыдырыстауға, үлгірмейміз. Комиссия құруды бірінші болып талап еткенім рас, шыдап жүре беруге болмады. Бүгінде желтоқсанды жалау етуші «қаһармандар» ол кезде ұйқылы-ояу болатын. Комиссия менің депутаттық талабымнан кейін үш ай өткен соң ғана, әдейі кешіктіріліп құрылды, әуелгісіне Қадыр Мырзалиев төраға болды – ештеңе өнбеді, содан кейін Мұхтар Шаханов болды – оған кедергі жасалып, шындықты толық ашуына мүмкіндік бермеді. Мені шеттетіп тастаған болатын.
– Қызық екен! – деп қалдым, еріксіз елең етіп.
– Еркін Әуелбеков, «Алаш» партиясының бір лидері Рашид Нұтышев, тағы бір-екі жігіт Желтоқсан оқиғасын СССР Халық депутаттарының сьезіне жеткізуді ойластырады да, Еркін Рашидті белгілі диссидент Кәрішал Асановқа барып, ақылдасып келуге жұмсайды. Әділдік іздеп Қонаевпен шайқасқан, дізе бүкпеген Кәрішал ғой! Ол: Мен тезисін жазып берейін, ал оны Одаққа мәлім адамдарымыздың бірі оқитын болсын, сонда ғана әсерлі болады, деп кеңес беріпті. Солай істеліпті. Бірінші болып қол қойған Еркін Әуелбеков сьезде текст негізінде сөйлеуді депутат ақын Олжас Сүлейменовтен өтінген, ал Олжас ат-тонын ала қашқан. Еркін содан кейін депутат ақын Мұхтар Шахановпен сөйлескен екен, ол тәуекелге бел буыпты. Сьезде сөйлеу үшін Горбачевтен рұхсат алу керек еді, советтік «демократия» солай болды ғой. Ол міндетті Еркін мойнына алыпты, Горбачев екеуі ертеден таныс болатын, Мәскеуде парткурста бірге оқыған. Сөйтіп, Шаханов съезд трибунасына шығып, батыл сөйледі ғой! Ә, әне, менің серіктерім келе жатыр, ал пока, сау бол! – деді Мәкең қолын ұсынып. Көшені өрлеп жақындай берген екі ақсақалға қарады. Мен шеберханаға беттедім…

Хакеңнің айтыла бермеген бір еңбегі – «Азат» қозғалысын, «Азат» партиясын ұйымдастырысып жүрген жылдарында Семейдегі ядролық сынақ полигонын жабу мәселесін көтеріп сөйлегені, «Азат» бағдарламасына полигоннан құтылу үшін күрес жүргізу мәселесін енгізгені. Бұл туралы естісем де, өзінен қалайда сұраған емеспін. Көрнекті қоғам қайраткері, жорналшы, саясаткер Батырхан Дәрімбет бірде «Азат» қозғалысы» деп аталған кітабын сыйлаған еді, соны оқып отырғанымда мына жолдарды оқыдым: «…1991 жылдың жаз айларында біз Семей облысына бірнеше шеру ұйымдастырдық. Мен ол өлкеде екі рет болып қайттым. Шілде-тамыз айларында республиканың он облысынан жиналған «Азат» жасағы ядролық полигонды қоршауға алды. Бұл әрекетті М. Есенәлиев өзі басқарды…». Соңғы сөйлемнің салмағын аңғардыңыздар ма? «Бұл әрекетті М. Есенәлиев өзі басқарды». Тәжірибелі, адал жорналшы «өзі» деген сөзді әдейі қолданып, полигонды қоршауды кімнің әрі ұйымдастырғанын, әрі басшылық еткенін анық көрсетіп берген!

Республикамыздың Сыртқы істер министрі болып тұрғанында КСРО делегациясының құрамында Нью-Йоркке, Біріккен Ұлттар Ұйымының кезекті сессиясына барып, оның биік мінберінен сөйлеген бірінші қазақ, КСРО-ның 1-дәрежелі дипломаты, мемлекет және қоғам қайраткері Хакең кейінде, оппозицияда жүргенінде саяси, қоғамдық тақырыптарға ондаған мақала жазды, кітап та шығарды. Бір әңгіме сәтінде өзі кейіп айтқандай, билікке жалтақтағыш баспалар мен гәзет-жорналдар жазғанын бөгеп, «түзеп-күзеп», қиянат жасай берген.
Біз – дос-жолдастары, інілері Хакеңнің туғанына 75 жыл толуына (2003 жыл) таңдамалы еңбектерінің төрт томын шығаруды қолға алған болатынбыз (мұрағатындағы материалдарды іріктеу маған жүктелген), бірақ күтпеген кедергілерге кездесіп, мақсатымызға толық жете алмадық, «Естеліктер жинағын» («Тарихи тұлға. Хакім. Михаил Иванович. Мәке». Алматы. «Нұрлы әлем» баспасы, 2001 ж. Мен құрастырдым) және «Қазығұрт» баспасынан алғашқы екі томын ғана шығарумен тындық. Алайда күдер үзбей, демеуші, баспа іздей жүргенбіз. Біздің әрекетіміз Қазақстанның репрессияға ұшыраған зиялыларының мұрасын зерттеп, жинақтап шығаратын «Арыс» қорының басшысы, білікті ғалым Ғарифолла Әнес мырзаның құлағына шалынған екен, ол: «Мәкең халқымыздың біртуар ұлы болды ғой?! Аяулы ағамыздың еңбектерін бағалай білмесек, кім болғанымыз? Мен шығарып беремін!» деп сәлем айтып, бұрынғы шыққан екі томды 1-нші кітап, шықпай қалған екітомдық қолжазбаны 2-нші кітап етіп (әрқайсысы 500 бет шамасында), көлемді де көркем қос томдыққа айналдырып берді. Төбеміз көкке жетті!..
Елі, атамекен жері, халқы үшін өмір сүрген қайран Хакім аға!..

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала