«Хайп, лайк, пранк» дейтіндер көбейді

16 қазан 2020, 11:08

Соңғы жылдары тілімізге шет тілден жаңа сөздер мен терминдер көптеп енуде. Ол сөздерді енген тілдегі нұсқасы бойынша айту, жазу сәнге айналды. Соған қарай тіліміз тағы да шұбарлана түсетіні белгілі. Шындығында, кейбір сөздердің баламасы бар. Алайда кірме сөз басымдыққа ие болып тұр. Ендеше, сол сөздерге тілімізден құлаққа жағымды естілетін, көзкөрімге әсерлі, халықаралық мағынасын толық аша алатын жаңа төл сөздер табу да өзекті мәселе болмақ.

Тілдегі сөздер мен терминдердің белгілі бір мағынасы және анықтамасы, дефинициясы болатыны белгілі. Бұл жайында белгілі ғалымдар өз ойларын былайша сабақтайды. Р.Сыздық: «Терминдер негізінен атау сөздер болып келеді. Терминдердің атауыштық қасиеті (белгісі) үшін оның «дефинициялық» түсіндірмесі болу керек, яғни бір нәрсенің, не құбылыстың тек қана өзіне тән ұғымдық анықтамасы ол сөзді термин етіп танытады. Терминдерді керек ететін әр алуан ғылым салалары болғандықтан, сөздің дефинициясы сол ғылымның танымы үшін ұсынылады». Бұл ретте терминге берілген дефиниция арқылы сол ғылым саласын тануға болатынына көз жеткіземіз. Белгілі терминолог-ғалым Ш.Құрманбайұлы терминнің міндетті түрде дефинициясы болатыны туралы былай дейді: «Сөз арқылы ұғым туралы жалпы мағлұмат берілсе, терминнің дефинициясы арқылы сол ұғымды өзге ұғымдардан айыратын оның ең басты белгілері аталып көрсетіледі. Ғылым мен техниканың даму деңгейіне сәйкес терминнің дефинициясы да толығып, өзгеріске ұшырап отырады. Ғылым неғұрлым дамыған сайын сөз бен терминнің арасы алшақтай түседі. Бұл тәсілмен жасалған терминдер жалпы қолданыстағы сөзден өзі қатысты болатын терминнің өріс пен терминге тән дефинициясы арқылы ажыратылуы тиіс».
Тіл біліміне лингвокогнитология, концепт, лингвоконцептосфера, лингвоцит, культурема, модератор, спикер, спичрайтер, т.б. көптеген жаңа сөздер тобы ағындап еніп жатыр. Болашақта тағы да «мұндай сөздерді аударамыз ба, жоқ, әлде тілге икемдеп, сындырып жазамыз ба» деген мәселе туындайды.

Сонымен қатар қазіргі таңда «сәнге» айналған сөздер, жаргонизмдер де (мысалы, вайн, коллаборация, кэш, кэшбек, лайк, месседж, профит, селфи, хайп, фандом (фэндом), фидбек, пранк, рамс және т.б.) сөздік қорымыздан орын алуда. Бұл үрдіс жалғасын таба берсе, болашақта төл атаулар мен терминдеріміздің пайыздық көрсеткіші тағы да азая түсетіні белгілі. Мұндай сөздер жайында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, белгілі тілші-ғалым Анар Фазылжанова былай дейді: «Тілге сөз өздігінен енбейді, өмірімізге келіп жатқан жаңа құбылысқа байланысты айналымға енеді. Мәселен, «ұялы телефон» деген сөздің өзі қазір үйреншікті болғанымен, сол құрылғы біздің өмірге алғаш кірген дәуірде жаңа сөз болып танылған. Оның «қалта телефоны», «қолтелефон» деген түрлі атаулары да болған. Тағы осындай сөздер ағылшын тілінен өзгеріссіз алынса, «селфилету», «банға жіберу», «лайк басу» сияқты сөздер қазақ тілінің емлесіне, жүйесіне, дыбысталуына икемделіп жатыр».

Ғалымның айтуынша, мұндай жаңа сөздер ғылыми-зерттеу жұмыстарына арқау болып, жаңа сөздердің мән-мағынасын дұрыс ашу, жазылуы мен айтылуын бекіту үшін зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда кірме сөздердің сөздікке қайсысын алу қажеттігі, ал қайсысын қазірше алмау мәселелері қарастырылады. Болашақта қазақ тілінің латын графикасы негізіндегі жаңа орфографиялық және орфоэпиялық параллель сөздігі жасалады. Бұл сөздікте қазіргі қолданыстағы сөздер кирилл әліпбиімен беріледі. Жанына жаңа емлемен жазылған латын әліпбиіндегі нұсқасы, сондай-ақ қалай оқылатыны транскрипциясы арқылы беріледі. Жаңа сөздер соңғы рет 2013 жылғы шыққан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне» енген. Онда сол алты жыл бұрынғы жаңа сөздердің барлығы болмаса да, біршамасы берілген еді. Ендігі міндет – бүгінге дейін енген жаңа сөздерді тіркеп, жаңа сөздік шығару. Онда сөздер мысалдармен бірге беріледі.
Кірме неологизмдерге байланысты мынадай ұстанымдарды негізге алғанымыз дұрыс:
1. Ең алдымен, кірме атаулар мен терминдердің білдіретін мағынасын терең түсіну қажет.
2. Кірме сөз мағынасын түсіне отырып, оған сәйкес тілімізден сәтті балама табу.
3. Кірме неологизмдерді тіліміздің фономорфологиялық ерекшелігіне лайықтап, сындырып жазу.
Мұндай сөздер (хайп, фидбэк, фандом, коллабрация, месседж сияқты сөздер) әлеуметтік желіде де сәнге айналып тұр. Алайда бұл сөздер мен олардың мағынасын қазақ тілінің қайсыбір сөздігінен таба алмайсыз. Ғылыми түсінік берілмеген бұл іспетті сөздердің проблемасы қашан шешіледі және оның мағынасын қашан дұрыс түсініп, дұрыс жазатынымыз белгісіз. Өкінішке қарай, кейбір дөрекі, түрме жаргондарын да жастарымыздың тілдесімдерінен естіп қаламыз. Тіпті тілдегі жынды, тема, класс, сындыру, жырту тәрізді сөздерді де басқа, ауыс мағынада қолдану үрдіс алуда. Мысалы: Мен кеше жынды кино көрдім. Оның көлігі тема екен. Мен оны бес мыңға сындырдым. Бүгін біздің команда жыртады. Боксёр жігіт класс көрсетті. Енді жоғарыда келтірілген жаңа сөздердің мағыналарына шолу жасайық.
Бан, банға жіберу. Бан (ағыл. ban, /bæn/ – тыйым салу, заңсыз деп тану) – Интернет пайдаланушылардың әрекетін бақылау тәсілдерінің бірі. Мысалы, қолданушы тарапынан сайт ережесіне қайшы келер әрекет жасалса, сайт админі оны сайттан уақытша шеттетеді (белгілі бір уақытқа).
Вайн (ағыл. «Vine») – әдетте, бұл жиырма секундтан аспайтын өте қысқа ролик. Көбіне өмірдің белгілі сәттерінен көрініс береді. Вайн түсіретіндерді вайнерлер деп атайды.
Дедлайн (ағыл. deadline). 1. Міндет орындалуы тиіс болатын соңғы мерзім, шектік мерзім, күні мен уақыты. 2. Дедлайн (DC Comics)[en] – DC Comics баспасының комикстерге енгізген, ойдан шығарылған кейіпкері. 3. «Deadline. Жобаларды басқару туралы роман» – Том Демарко кітабы. 4. Қалалық бағдарлау.
Кэшбэк (Cash back) – тікелей аудармасы қолма-қол ақшаны қайтару, алайда бұл терминді интернет-сауда саласында, банк ісінде және ойын бизнесінде клиенттерді тарту мен адалдықпен жаулап алу мақсатында ұйымдастырылатын бонус бағдарламасы ретінде түсінген дұрыс. Интернет саудасында кешбэк уақыт өте қайтарылатын жеңілдік болса, банк саласында клиентті банк картасы арқылы сауда жасауға шақыратын бағдарлама.
Лайфха́к. неол. («life» және «hack» – «өмірді бұзу) – уақыт үнемдеуге көмектесетін пайдалы, қолайлы кеңес немесе қулық. Лайфха́к өте ықшам мәтінде немесе графика, түсіндірме сурет арқылы болуы мүмкін.
Пранк (ағыл. рrank) – телефон бұзақылығы, телефондық әзіл әрекет. Пранк қолданушыны пранкер деп атайды. Пранкер өз құрбандарына телефонмен қоңырау (әдетте анонимдік) шалады және арандату не әзілдеу жолымен құрбанын жедел жауап беруге мәжбүр етеді. Кейде әзіл әрекет барысындағы тілдесімдер жазылып алынады.
Репост (repost) – бұл әлеуметтік желіде өз парақшасына жазба көшіру актісі, сондай-ақ көшірілген жазба немесе жаңалықтың өзі. Сіз белгілі бір жаңалықтың репостын жасасаңыз, оны достарыңыз бен таныстарыңыз оқи алады.
Синкве́йн (фр. cinquains, ағыл. cinquain) – XX ғасырда АҚШ-та жапон поэзиясы ықпалымен пайда болған бес тармақты өлең үлгісі. Одан кейін (соңғы уақытта, 1997 жылдан Ресейде де) ауызша тілді дамытудың тиімді тәсілі ретінде, оны жылдам алуға мүмкіндік беретін дидактикалық мақсаттарда пайдаланыла бастады.
Синерги́я (грек. συνεργία «ынтымақтастық, ықпал ету, көмек, қатысу, сыбайластық» грекше σύν «бірге» + έργον «іс, еңбек, жұмыс, ықпал») факторлардың бірлескен әрекеті, сол әрбір факторлар әрекетінің қарапайым сомасынан асып кететіні сипатталатын екі не одан көп фактордың өзара әрекеттерінің күшейген әсері, эмердженттілік.
Спичрайтер (ағыл. speechwriter) – мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғалары, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері немесе бизнесмендер үшін баяндама мәтінін құрушы.
Фандом немесе фэндом (ағыл. fandom – «әсіре жанкүйерлік») – «фанаттар қауымдастығы» деген мағынаны білдіреді. Бұл негізінен мүдделері ортақ адамдардың қандай да бір танымал адамдарға, шығармаларға, топтарға бірігіп серіктестік пен ықылас танытуын бейнелейтін жанкүйерлерден (фанаттардан) тұратын субкультура. Алғашында бұл сөз «ғылыми фантастикамен әуестенетін адамдардың тобы» мағынасын білдіретін, бірақ кейіннен мағынасы бұдан да кеңейе түсті. Батыс фэндомдарындағы жағдайға ұқсас, алғашқы және ең ірі орыс фэндомдарының шығу тарихы фонтастикамен байланысты.
Фейк – бұрмалау. Бұл сөздің бірнеше мағынасы бар: 1. Фейк жаңалықтар (ағыл. fake news) – ақпараттық әдейі адастырушылық немесе әлеуметтік медиа не дәстүрлі БАҚ-тарда жалған мәліметтерді қасақана тарату. 2. Флог-блогті теріс хабарлайтын (фейк), ғаламтордағы тапсырыстық жарияланымдар. Фейк (сөз) – жалған (ағыл. fake, сондай-ақ – фэйк). 3. Фото-фейк (сурет құрбақа) – фотомонтаждың (графикалық редактордағы) бір түрі.
Хайп (ағыл. һуре). Жастардың көптеген сленг сөздері арасынан жақын арада пайда болған «Хайп» жаргонизмін бөліп атауға болады. «Хайп» термині ағылшын тілінен (һуре) енген және «алдау, «қозу, ояну», «мазасыз жарнама» ретінде аударылады. Алайда бұл сөздің көптеген мағыналық реңктері бар. Оны француз тілінен енген «ажиотаж» көнерген сөзімен немесе орыстың «шумиха» сөзімен де салыстыруға болады. Көптеген бейнеблогерлер өз ауызша жаргонында «хайп» сөзін жиі қолданады.
Хайп – дәл осы сәттегі сәндік, мәндік, назар саларлық нәрсе. «Хайп (хайповый)» ел аузында «тақырыптағы, күн тәртібіндегі сәнді, келелі мәселе» дегенді білдіреді. Хайп жасаудамыз (хайпим) – «сайран салудамыз, қыздырудамыз, басқаша айтсақ, бастаңғы жасаудамыз».
Ел алдында арзан атаққа құмарлықты да «хайп» десек қате емес. Жастардың ағылшын тіліндегі (һуре) сөзін «атың шықпаса жер өрте» мағынасымен түсіндіруге болады. Ендеше, хайп – медиадағы шу мен қызу әңгіме.
Ха́кер (ағыл. hacker, to hack – жону, кертік жасау) – есептеуіш техника мен бағдарламалау саласындағы көп мағыналы термин.
Алғашында хакерлер деп бағдарламалық қамтудағы қателіктерді әлдебір жылдам және сыпайы түрде түзететін бағдарламашыларды атайтын; hack сөзі хиппи лексиконынан енген, орыс тілінде осыған ұқсас «врубаться» (жарып кіру) немесе «рубить (жару)…» жаргон сөзі бар.
ХХ ғасырдан бастап бұқаралық мәдениетте жаңа мағынасы – «компьютерлік қарақшы», қауіпсіздік жүйесін қасақана айналып өтуші бағдарламашы пайда болды.
«Хейтер» ұғымы өмірімізде жақында ғана пайда болды және өз уақытын, күші мен жүйкесін бөтен өмірлік жетістіктерді, қасиеттер мен кемшіліктерді талқылауға кетіретін адамдар дегенді білдіреді.
«Хейтер» ағылшыннның hater сөзінен шыққан, аудармасында өшпенділік мағынасын береді. Хейтерлер – басты өмірлік сезімі минимум ретінде жақтырмау, максимум әдемілер мен көріксіздер соғысы, жек көру болып табылатын адамдар тобы.
Хеште́г (белгі) (ағыл. Hashtag, hash сөзінен – «тор» белгісі + tag – белгі) – микроблогтар мен әлеуметтік желідегі тақырып немесе мазмұн бойынша және тор белгісімен басталған хабарламаны іздеуді жеңілдететін тірек сөз немесе хабарламалардың бірнеше сөзі.
Хостел (ағыл. hostel «жатақхана») – өз тұрғындарына қысқа немесе ұзақ мерзімге, әдетте бөлмедегі қосымша жайлылықсыз жатын орын ұсынумен көрініс табатын тұрғын үй ұсынатын орналастыру жүйесі.
Хостинг – (ағыл. hosting) желіде тұрақты болатын (әдетте интернетте) серверде ақпараттар орнату үшін ресурстар ұсыну жөніндегі қызмет. Әдетте Хостинг сайтқа қызмет ету пакетіне енеді және кемінде сайт файлдарын БҚ қосылған серверде орналастырудың қызметін қарастырады.
Хэндмейд (ағыл. hand-made) – өз қолымен жасалған туынды. Хэнд-мейд сөзі сөзбе-сөз «қолдан жасалған» деп аударылады әрі адам (бірнеше адам) өз қолымен жекелеген данада немесе аздаған көлемде шығарған нәрсені, мейлі ол әшекей, кесте, қол бұйымы болсын, осылай атау қалыптасқан.
Чат – (ағыл. Chat. «әңгіме», «мылжың») хабарламалар алмасу құралы. «Чат» термині екі не одан көп адамның ақпарат алмасуына арналған виртуалды кеңістікті атайды. Қарапайым айтқанда, чат – бұл компьютер, планшет пен мобильді телефон арқылы топтық байланысқа арналған сервис.
Эйчар («эйчар» сөзі ағылшынның «HR – Human Resources» қысқарған сөзінен шыққан) неол. жарг. – қызметкерлерді іріктеу және дамытумен айналысатын, қызметкер құрамы жөніндегі менеджер.
Экшен (ағыл. action. – «әрекет») – ойыншының физикалық мүмкіндіктерін, оның ішінде көз бен қол және жауап жылдамдығын пайдалануға көңіл аударылатын компьютерлік ойындар жанры.
Ю́зер. Бұл сөз компьютерлік жаргонда жиі қолданылады. Аталған сөз (user) ағылшын тілінен «пайдаланушы» ретінде аударылған. Әрине, ғажайып жоғары каста хакерлермен салыстырғанда бұлар төменгі қоғамдық топ, алайда юзерлер де – өздерінің кез келген қажеттіліктеріне керек әрекеттерді оңай жүзеге асыра алатын тәжірибелі пайдаланушы.
Ютюб (YouTube. [‘ju:tju:b], «ютьюб» не «ютюб», кейде (америкалық мәнерде) «ютуб») – пайдаланушыларға сақтау, жеткізу және бейне көрсету қызметін көрсететін бейнехостинг. YouTube танымал бейнехостинг және әлемде кірушілер саны бойынша екінші сайт болды.
Қорыта айтқанда, қоғамымыздың әр саласына күн сайын жаңа, кірме сөздер ағындап еніп жатыр. Енді оларды тілде тұрақтандыру, икемдеу мәселесі туары айтпаса да белгілі. Сондықтан тілімізде неологизмдердің түсіндірме, аударма сөздігін жасау бүгінгі таңдағы ең өзекті жұмыстың бірі болмақ. Әрі мұндай сөздіктерді жаңа емле ережелері даяр болғанда, латын негізді жаңа, қазақ ұлттық әліпбиі негізінде шығару және оларды латын графикасында дұрыс транскрипциялау мен транслитерциялау қажет деп білеміз. Мүмкін, олардың мағынасын толық түсінгенде ғана тілімізден сәтті балама сөздер бере алармыз. Ендеше, тілімізге ендеп келген шет сөздерді есепке алып, оларды және оларға берілген балама сөздерді газет-журналдарда жиі жариялап отыру қажет.
Бұл келтірілген сөздер қазір тілімізге еніп жатқан жаңа сөздердің бір парасы ғана. Ал күн өткен сайын осындай жүздеген жаңа сөз келіп жатады. Оларды осындай қарқынмен өзгертпей қабылдай беретін болсақ, тіліміз болашақта қойыртпақ тілге айналып кету қаупі туары сөзсіз. Онда қайтпек керек?
Жаңа, кірме сөздерді де қабылдауда да салалық терминдерді қабылдағандай қатаң принцип ұстану қажет. Ол принциптер мыналар:
1. Жаңа сөздерге тілімізден дыбыстауға ыңғайлы, көзкөрімге жайлы, түсінуге жеңіл балама сөзді жылдам табу, яғни қазақшаға сәтті аударып беру. Бұл ретте бұрынғы көнерген сөздеріміздің де мағынасын кеңейте отырып, қайта қолданысқа шығаруға болады. Бұл аудармашының ана тілді терең білуін қажет етеді.
2. Кірме сөзді аударудағы басқа түркі халықтарының тәжірибесіне сүйену, яғни туыс тілдерден сөз алу.
3. Кірме сөздерді тіліміздің фономорфологиялық ерекшелігіне сүйене отырып өзгертіп, яғни сындырып, икемдеп жазу. Алайда бұл тәсіл әрқашан сәтті бола бермейді. Кейбір кірме сөздер халық құлағына сіңіп, мағынасы түсінікті болып қалды әрі оларды өзгертіп жазсақ, халық мағынасын түсіне алады. Ал кейбір жаңа еніп жатқан сөздерді қазақтың дыбыстық ерекшелігіне ыңғайлап жазсақ, сөз де өзгереді, оның мағынасын да ешкім түсінбей қалуы мүмкін.

Нұрлан Шүленбаев,
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты терминология бөлімінің ғылыми қызметкері

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген