

Жылдар бойы жасырған келінін көпшілікке көрсетіп қана қоймай, актрисалық қырын да танытқан Гүлзира Айдарбекова соңғы күндері Жұлдыз жайлы жиі айтып жүр.
Текті келінінің тәліміне риза болса керек, продюсер құдағиы туралы да сөз етуді ұмытпады. Ол Instagram-дағы жеке парақшасына Жұлдыздың анасымен түскен суретін жариялап, жылы лебізін білдірді. Бұл туралы Stan.kz хабарлады.
«10 жыл бойы құдағиым емес, туған әпкемдей жаныма жақын, тілеуімді тілеп, бір адам жайлы өзі тұрмақ, өзгеге жаман пікір айтқызбай қорғаштап жүретін туған құдағиым Бекзада ханым, Жұлдызымның ақ мамасымен. Мен бұл кісіні періштеге теңеймін. «Анасына қарап, қызын ал» деген сөз бекер емес екен. Еш уақытта ренжісіп көрмеппіз. Түркияда демалған кездерімде үнемі жанымда болды. Әпкем ретінде де, құрбым ретінде де еш бүкпесіз сырласымдай. Жан-жақты, жаны да, өзі де сұлу, теңдесі жоқ құдағиым. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын», – деп жазады Гүлзира Айдарбекова жеке парақшасында.
Өз кезегінде оқырмандары қос құдағидың сыйластығына қызығып, құдалықтарының мың жылдыққа жалғасуын тілесіп жатты. «Жарайсыздар! Бала өсіріп отырған кез-келген ата-анаға үлгі боларлық. Қарым-қатынас дәл осындай болуы керек», – деп пікір білдірді желідегілердің бірі.