Жуырда Мемлекет басшысының қолдауымен «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы» заң қабылданғаны есімізде шығар. Еліміздің құқық қорғау саласында 17 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Бекбаева Гүлсін Балқыбекқызының да осы заңның қабылдануына тамшыдай болса да үлесі болса керек. Гүлсін сияқты құқық қорғау саласында жүрген мамандар отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларына қатысып, осы саладағы көрсеткіштердің титтей болса да төмендеуіне аянбай қызмет етіп жүр. Өйткені олар әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау арқылы олардың қауіпсіз қоғамда өмір сүруіне ықпал етіп келеді. Гүлсін Балқыбекқызы осы саладағы жұмысын абыройлы аяқтап, қазір Ордабасы аудандық полиция бөлімі көші-қон қызметі тобының қызмет инспекторы болып жұмыс істейді. Осы орайда біз Гүлсін ханымды әігімеге тартқан едік.
— Гүлсін Балқыбекқызы, полиция қызметінде жұмыс істеп жүргеніңізге біраз болыпты. Осы ретте алдымен жеке тәжірибеңізбен бөліссеңіз.
— Мен 2007 жылдан бері ішкі істер органында қызмет етіп келемін. Алғашқы қызметімді жол полициясы басқармасында рота инспекторы болып бастағанмын. Қазіргі таңда Ордабасы аудандық полиция бөлімі көші-қон қызметі тобының қызмет инспекторымын. Жалпы еліміздің ішкі істер саласында қызмет атқарғаныма он жеті жылға жуық уақыт болыпты. Осы аралықта түрлі сатыдан өтіп, түрлі қиындықты да, қызықты да басымыздан өткердік. Ұйқысыз таң атырып, отбасымды апталап көрмеген кезеңдерден де өттік. Одан бөлек, қаншама тағдырдың тосын жайттары, адам өмірі, қылмыс пен құқық бұзушылықтың, қауіп пен қатердің арасында жүріп, кейде жеке өмірге көңіл бөлуге уақыт болмай жататыны жасырын емес.
— Сіз бұған дейін әйелдермен жұмыс істегенсіз. Бұл саладағы жұмыстардың ауыртпашылығы қандай еді?
— Иә, ол рас. Менің жеке еңбек тәжірибемде осы саладағы жұмысым бір төбе болып қалатыны сөзсіз. Ордабасы ауданы құт дарып, Қыдыр қонған қасиетті мекен ғой. Осы ауданға отбасылық жағдайыма байланысты ауысып келгеніме 3 жылға жуықтады. Ордабасы аудандық полиция бөлімінде қызметімді әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы лауазымынан бастап, 1,5 жыл ішінде 1300-ге жуық әйел адамға құқықтық кеңес беріп, жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірге әлеуметтік және психологиялық көмек көрсеттік. Аудан көлемінде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстардан бөлек, әсер етуші факторларды сараладық. Яғни, отбасындағы тұрмыстық жағдайдың төмендігі, жұмыссыздық, ішімдік пен есірткіге тәуелділік, туыстық қарым-қатынастың дұрыс қалыптаспауы салдарынан орын алатын зорлық-зомбылық оқиғасының соңы отбасы тыныштығының бұзылуына алып келеді. Ал кей жағдайда соңы қайғылы оқиғалармен аяқталып жатады. Осы факторларды негізге ала отырып, жұмыспен қамту бойынша «Мансап» орталығы мамандарымен бірлесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде 50-ден астам жұмыссыз әрі аз қамтамасыз етілген отбасы мүшелері қоғамдық негізде жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, әйел азаматшаларын «Дағдарыс» орталықтарына орналастыру жұмыстарын атқардық. Жалпы менің жұмыс тәжірибемде әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау олардың қауіпсіз қоғамда өмір сүруіне ықпал ету болып табылады.
— Сіздіңше, әйел адамға полицияда қызмет ету қиындық тудырмайды ма?
— Полиция қатарында ер азаматтармен қатар қызмет атқарып жүрген қаракөздер аз емес. Олар қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, азаматтардың тыныштығын күзетудің маңызын терең ұғынып, өз қызметін жауапкершілікпен атқарады. Соның ішінде сабырлылық пен сақтықты, төзімділік пен табандылықты, темірдей тәртіпті талап ететін құқық қорғау саласын таңдаған арулардың қоғамда орны ерекше деп білемін. Себебі өзім де отбасы мен қызметті қатар алып жүрген анамын. Жалпы полиция қызметкері болып форма киіп, погон тағу бала кездегі арманым болатын. Адамды арман алға жетелейді демекші, алға қойған арман-мақсатым мені осы салаға жетеледі. Жаны мен жүрегі нәзік әйел затына құқық қорғау саласында қызмет атқару оңай емес. Десек те, еліміздің құқық қорғау саласында еңбегімен талай жетістікке жеткен және аналық борышын ақтап жүрген әйелдер қауымы жетерлік.
— Ордабасы ауданында биыл көші-қон заңнамасын бұзған қанша дерек тіркелді? Былтырғы көрсеткіш қандай?
— Ордабасы ауданында көші-қон заңнамасын бұзу деректері былтырға қарағанда едәуір азайды. Әрине, мұның бәріне ақпараттық, түсіндіру жұмыстарының мерзімінде жүргізілгені де себеп болып отыр. Яғни, биыл көші-қон заңнамасын бұзу деректері 112 болған.
— Ауданға көбінесе қай елден мигранттар көп келеді? Оларға түсіндіру жұмыстары жүргізіле ме?
— Оңтүстік өңірге көбінесе Өзбекстан азаматтары жұмыс істеуге келетіні бұрыннан белгілі. Өйткені көктем, жаз, күз мезгілінде көрші елдің азаматтары көп уақыт тұрақтайды. Сондықтан мигранттар ең алдымен ауданға келген сәттен бастап көші-қон полициясына хабарлап, уақытша тіркеуге тұруы қажет.
— Көші қон саясатының негізгі тәртібі қандай? Мигранттар ел аумағына келгенде нені ескеру керек?
— Ел аумағына келген мигранттар ең алдымен еліміздің көші-қон саласындағы заңына бағынуы тиіс. Қазақстанның көші-қон саясаты негізінен нормативтік-құқықтық құжаттар жиынтығы, бірінші кезекте бұл Қазақстан Республикасының Конституциясы, сондай-ақ «Халықтың көші-қон туралы» және «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңдар. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы», «Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға саяси баспана беру тәртібі туралы» Жарлықтары мен басқа да нормативтік-құқықтық актілер негізінде қалыптастырылады.
Көші-қон процестерін реттеу үшін Қазақстан Республикасы ТМД елдерімен де, басқа мемлекеттермен де белсенді өзара іс-қимыл жүргізеді. Қазақстанның көші-қон саясаты көшіп-қонушылардың құқықтарын сақтау және қорғау, кемсітушіліктің кез келген нысандарына жол бермеу; көшіп-қонушылардың да, ел азаматтарының да құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету; ұлттық заңнама ережелері мен халықаралық міндеттемелерді орындау қағидаттарын іске асырады.
— Биыл «Профилактика жылы», бұл ретте қандай іс-шаралар ұйымдастырылмақ?
— Биыл Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генералы Мұрат Қабденов мырзаның бұйрығымен 2024 жыл – «Профилактика жылы» деп жарияланды. Осы тұста полиция бөлімінде көптеген профилактикалық іс-шаралар атқарылуда.
Өз салама қатысты айтар болсам, ең алдымен шетел азаматтарына көші-қон заңнамасын түсіндіру жұмыстарымен қатар, «Мигрант», «Заңсыз келуші» жедел іс-шарасын өткізудеміз. Сонымен қатар, халық көп шоғырланатын орындар мен халыққа қызмет көрсету орталықтарында Қазақстан және шетел азаматтарын дактилоскопиялық тіркеуден өтудің маңыздылығын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
— Дактилоскопиялық тіркеу қандай іс-шара екенін толығырақ айтып өтсеңіз.
— Нақтырақ айтқанда, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке басты куәландыратын құжат беру кезінде міндетті дактилоскопиялық тіркеу қолданылады. Деректер қорына саусақ ізі дактосканерлер арқылы енгізіледі. Азамат келесі рет өтінім жасағанда оның кім екені саусақ ізі арқылы анықталады. Сондықтан міндетті дактилоскопиялық тіркеуден өтпеу әкімшілік құқық бұзушылық болып есептеледі. Мұндай заңсыздықтың соңы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 443-1-бабына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады. Тағы бір айта кетерлігі, дактилоскопиялық тіркеуден 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалар ерікті түрде өтеді. Ал 16 жасқа толған азаматтар міндетті түрде дактилоскопиялық тіркеуден өту қажет. Сонымен қатар, дактотіркеуден өту кезінде шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдарда жеке басын куәландыратын құжат, ол болмаған кезде растау және дактотіркеуге жіберу туралы анықтама болуы тиіс екенін мәлімдейді. Сонымен қатар, бұл рәсімдер көші-қон қызметінің бөлімшелерінде жүргізіледі. Бұл жоба азаматтарға уақыт үнемдеп, құжаттарын өз бетінше рәсімдеуге мүмкіндік береді. Ең басты ерекшелігі – суретке түсірген кезде адамның бет-бейнесін таниды. Бұл заңсыз құжат рәсімдеу фактілерін болдырмайды
— Әңгімеңізге рахмет! Жұмысыңызға сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан Раушан Қаныбек,
Түркістан облысы