Гүлмира Алтынбаева: Ана мен баланың денсаулығы айрықша қамқорлықты қажет етеді

26 мамыр 2023, 18:48

Медицина саласы зор жауапкершілікті талап етеді. Өмір есігін ашқан сәбиден бастап, еңкейген қарияға дейін ақ халатты абзал жандардың көмегіне зәруміз.
Медицина саласындағы ерекше мамандықтың бірі – неонатология саласы. Нәресте шыр етіп өмірге келген сәттен бастап алғашқы айы неонатолог маманның жіті бақылауында болады. Неонатология дегеніміз не? Бұл саланың негізгі қызметі қандай, көпшілікке осы саланың қыр-сырын таныстыру мақсатында біз Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының неонатология бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Алтынбаевамен арнайы сұхбаттастық.

— Гүлмира Бекназарқызы, неонатолог мамандығының ерекшелігін атап өтсеңіз? Бұл саланы таңдауыңызға не себеп?

— Неонатология мамандығы дегеніміз жалпы Педиатрия ғылымының бір бөлімі, яғни балаларды емдейтін сала. Жаңа туылған нәрестені 28 күнге дейін қарап, патологиясы бар ма, денсаулығында қандай да бір кінәраттар бар ма, сол жағын жіті тексерістен өткіземіз. Мен өзім неонатология саласында 15 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Бұл саланы мамандық етіп таңдауыма ана мен баланың өлім-жітімі себеп болды. Алайда бұл бізді ғана емес, бүкіл әлемді алаңдататын мәселе. Әр мемлекеттің байлығы адамдары десек, соның ішінде ана мен баланың денсаулығы айрықша қамқорлықта болуы керек. Ана мен баланың өміріне араша болып, титтей де болса өз үлесімді қосқым келеді. Өлім-жітімді азайтуға бар күш-жігерімді салғым келетінін түсіндім. Осы себеппен неонатология мамандығын таңдадым. Біздің саланың мақсаты — өмір есігін енді ашқан сәбилердің денсаулығын қадағалау. Мерзімінен бұрын туылған сәбилердің денсаулығын бақылауда ұстау. Әр түрлі себептермен жүктіліктің ерте мерзімінде, мысалы, 28 апталығында кесер тілігі арқылы баласын дүниеге әкелетін жас аналар болады. Міне, олардың денсаулығын қалт жібермей қадағалау керек. Біз ана мен баланың денсаулығын сақтау үшін бар күшімізді саламыз.

— Неонатолог дәрігердің жұмыс күні неден басталады?

— Біздің бөлімде күнделікті тексерілуден өтетін және түрлі патологиямен қарқынды емдеуді қажет ететін балалар жатады. Мен ең алдымен қарқынды емдеуді қажет ететін балаларды бақылаудан бастаймын. Ол бөлімде өлім мен өмір арасында күресіп, өмірі үшін арпалысып жатқан сәбилер бар. Оларды жасанды тыныс алу құралдары арқылы қадағалаймыз. Тіпті өмірін сақтап қалуға арналған ваккумда жататын нәрестелер де бар. Осындай балалар ерекше назар аударуды, ерекше бақылауды талап етеді. Өмірге мерзімінен келген сәбилерден бөлек, мерзімінде туылған, бірақ әр түрлі патологиясы бар балаларға интенсивті ем, диагностика жасалынады.

— Өзіңізге белгілі, «Дені сау ұлт» — әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасында ана мен баланың денсаулығына баса мән беру керектігі айтылған Осы ретте, маман ретінде болашақта сәби сүйгісі келетін қыз-келіншектерге қандай ақыл кеңес берер едіңіз?

— Бүгінде медицина саласы бойынша ұлттық жобалар бекітіліп, қарқынды істер атқарылуда. Сондай-ақ біздің орталық ана мен баланың денсаулығын жіті қадағалау мақсатында медициналық құрал-жабдықтар мен тексеру құрылғыларының ең озық үлгілерін қолданады. Бұл да дәрігердің дер кезінде патологияны анықтап, дер кезінде ем-дом жасауын жеңілдетеді. Ана мен баланың өлімі біздің елде ғана емес, дүние жүзінің демографиялық ахуалына әсер ететін көрсеткіш. Сондықтан болашақта ана атанғысы келетін қыз-келіншектерге маман ретінде кеңесім, қыз бала жүктілікке саналы түрде дайындықпен келсе екен.

Денсаулығында қандай да бір кінәрат болса, алдын ала тексеруден өтіп, мамандарға қаралып, денсаулығына ерте кезден мән берсе екен деймін. Қыз — болашақ ана. Ал болашақ ананың денсаулығы өзі өмірге әкелетін сәбиінің денсаулығына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар баланың денсаулығына әйел ғана емес, ер адам да жауапты. Сол себепті жас отбасылар балалы болмас бұрын, өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарағаны дұрыс. Тәжірибеде көргеніміздей, көп ата-ана өз денсаулығына мән бермейді. Скрининг тексеруден өтпейді. Нәрестенің бойындағы патологиялар ананың құрсағында жатқан кезінде анықталады. Дәрігерлер диагнозды ерте анықтап, ананың денсаулығына байланысты шешім қабылдайды. Қазақтың «Ауырмайын десең, ауырмайтын жол ізде» деген мәтелі бекер айтылған жоқ. Қазір барлық емханларда «Жүктілікті жоспарлау» бөлімдері жұмыс істейді. Арнайы мамандар кеңес береді. Ата-ана атанудың жауапкершілігін түсіндіреді.

— Әңгімеңізге рахмет!

Мақпал Ноғайбаева

19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген
15 қазан, 14:20
Армения - уақыт сынынан өткен жақын серіктес
30 қыркүйек, 23:28
Жұлдыз Сүлейменова: Жайбасарлыққа жол беруге болмайды!
30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс