— Біз Алматыдан келдік, Айтуғанмен аз-кем сөйлессек деп едік.
— Жарайды, Айтуған уйде,-деп дауыстап Айтуғанды шақырды.
Ошақ басында от жағып отырған Айтуғанды бірден таныдым. Бұрынғыдай емес, өңі кіріп, жүзі жадырап қалыпты. Былтыр келгенде жүзінде қан-сөлі жоқ, тұтығып тұрған.
Бізді бірден тани алмай тұрып қалған оның ойын: «Әй, үйге кім келді»-деген ащы дауыс бөліп жіберді. Бұл қамыр илеп отырған анасы Әтихан әжей.
Ораза айтқа жеті шелпек пісіріп жатқанын айтқан кәрия біздің бұйымтайымызды сұрады.
Қамкөңіл ана мұң-зарын бірден ақтарып тастады. Расында, қара жұмысқа қауқарсыз Айтуған түрмеден келгелі үйден шықпайды. Інісі де жұмыссыз. Әтихан әже бір отбасын 20 мың теңге зейнетақысымен асырап отырғанын айтады.
— Ешқандай мал-мүлік, жер деген жоқ. Ана балам өткенде үш ай барып кірпіш шығаратын жерге жұмыс істеп келіп еді, көк тиын бермепті. Содан бері үйде.
Айтуған шешесінің шырылдағанына намыстанды ма, біраз үндемей отырды. Сосын «Алла сабыр берсін»- деп бір күрсінді. Арадағы аздаған үнсіздіктен кейін «Айтуған, денсаулығың қалай?»-деп сөзге тарттым.
Біз бірден Гуантанамоны қозғап, шошытып алмайық дедік. Жұқалап әңгімеге тарттық. Әлі үйленбепті. Былтыр «енді келгенде маған қыз алып келіңдер»- деп қалжыңдап қалып еді. «Қашан үйленесің?- деген сұрағымызға, — Біраз уақыт керек, қыз оқуын бітіріп алсын,- деп қысқа қайырды. Көңілді отырғанын пайдаланып сауалды төтесінен қойдым.
АҚШ сарбаздары Айтуғанды қолына қару алып, Талибан қозғалысын жақтап соғысты деген желеумен тұтқындапты. Атышулы Гуантанамо түрмесінде Қазақстанның төрт азаматы болған. Бір қызығы, солардың үшеуі бір ауылдың жігіттері.
Балалық күндері бірге өтіп, бір мектепте оқыған Долқын, Шухрат және Айтуған Гуантанамо түрмесінде де бірге боламыз деп ешқашан ойламаған. «Ол жігіттердің жағдайын сұрастырып, хабарласып тұрдым. Осылай бірге отырып әңгімелеспесек те, байланысымыз үзілген жоқ. Қазір оның біреуі Алматыда, екіншісі Шонжыда шығар»-дейді ол.
Бес жылдан астам уақытын Кубадағы тас тозақта өткізген Айтуғанды сөзге тарту оңай болмады. Тұйық жігіт, әсіресе, көрген қиындығын, қинау мен азаптың есіне түсіргісі келмейді. Сонда да қоймай, сыр суыртпақтадық. «Мен түрмеде көрген қиыншылықтарды Алланың сынағы деп білемін. Адам өмірі ойыншық емес, дін апиын емес, намаз дене жаттығуы емес. Ол жердің де өзіндік тәртібі бар. Алты-жеті сарбаз келеді де камерадан алып шығып ұрып-соғады. Бармағымен екі көзіңді басады. Термоспен басыңнан ұрады. Тізе батырмайды емес, батырады.
Интернет беттерінен «американдық сарбаздар тергеуге алғанда Құран кітабын таптап, мұсылмандарды қорлайды» деген ақпаратты оқығанбыз. Оқи отырып, еріксіз жаға ұстағанбыз. Осының бәрін өз көзімен көріп келген Айтуған ондай оқиғаның кездесетінін айтты. «Жан-жағына қарамасын деп басымызға қап кигізіп қояды. Сондай-ақ, әркімнің қажыр-қайратына қарап, бір немесе төрт адамды бір камерада қамап ұстайды. Мен бес жыл бойы бір камерада жалғыз отырдым.
Осы кезде Әтихан әже сөзге араласты.
Айтуған бостандыққа шығатынын екі күн бұрын естіпті. Бұл кезде ауруханада емделіп жатыр екен.
Гуантанамо түрмесіндегі үш отандасымыз 2006 жылы арнайы ұшақ сапарымен Алматыға жеткізілді. Ал төртіншісі бір жылдан кейін оралды.
Айтуған Гуантанамода өткен күндеріне өкінбейтінін айтады. Оның пікірінше, бұл кезең — тағдыр тақтасына жазылған дүние.
P.S. АҚШ Президенті Барак Обама сайлау алдында берген уәдесінде Гуантанамо түрмесін жабуға күш салатынын баса айтқан. Ақ үй қожайыны сөзінде тұрып Гуантанамо түрмесін жабу туралы заңға қол қойды. Ақ үйдің ресми өкілі Роберт Гиббстың мәлімдеуінше, осы жылдың аяғына дейін атышулы Гуантанамо жабылатын болады.
Ал Венгрия билігі тар қапаста тұтқында жатқан Палестина азаматын қабылдауға келісім берді. Осы елдің премьер-министрі Гордон Байнаидың пікірінше, мұндай шешім қабылдау Гуантанамо түрмесін жабуға моральдық тұрғыда қолдау көрсету болып табылады.
Диас Нұрақын
Алматы- Қызыл Шарық –Алматы
«Жас қазақ» газетінің мұрағатынан (2009 жыл)