Газ өндірісі — нақты сектордың локомотиві

26 наурыз, 15:11
Ашық дереккөзден

Фото: Ашық дереккөзден

«Ауада босқа жанғанша, келген жағына қайта жіберу керек». Мұнаймен бірге шығатын ілеспе газды игеруге қол қысқа кезде осылай дейтін. Технология дамып, оның да шешімі табылды. «Қара алтын» құрамындағы көмірсутегіден бүгінде «көгілдір отын» ғана емес, түрлі бұйым жасайтын шикізат та алынады. Таяуда KPI («Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.») газ химиясы кешенінің Алматы мен Астанадағы қоймаларынан 2,7 мың тонна өнім тұтынушыларға жөнелтілді. Айта кеткен жөн, бұл Атыраудағы кәсіпорын жер-жерде өңдеумен айналысатын 70-тен астам компанияны полипропиленмен қамтамасыз етеді. Оған қажет шикізат (пропан) Теңіз кенішінінен жеткізіледі. Қарапайым мысалдың өзі отандық индустрияда газдың құрамындағы көмірсутегінің қаншалықты маңызды екенін көрсетсе керек.

Жалпы, газ пластик бұйымның түр-түрін шығаруда ғана қолданылмайды. Бұл — ең алдымен «көгілдір отын». Энергетика министрлігінің дерегіне жүгінсек, былтыр елімізде тауарлы газдың өндірісі 28,7 млрд текше метрді құрады. Ішкі нарықта пайдалану көрсеткіші 21 млрд текше метрден сәл асады. Негізгі тұтынушылар — өнеркәсіп (40 %), электр стансалары (33 %), тұрғындар (22 %) және коммуналдық кәсіпорындар (5 %). Мамандар енді 10-12 жылдан соң сұраныс көлемі күрт көбейіп, 50 млрд текше метрге жетеді деген пікірде. Бұған өндіріс ошақтары мен көлікте «көгілдір отынды» көптеп пайдалануы, сондай-ақ елдімекендерді газдандыру жобасының қарқын алуы ықпал етері анық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен ұлттық компанияға газ өңдеуді дамыту жөнінде тапсырма берді. Осыған орай, Қашаған және Қарашығанақ кеніштерінде зауыт құрылысы қолға алынады. «Қара алтынымен» танымал кен орындарының таңдалуы тегін емес. Өйткені өндірістің өз ерекшелігі бар. Жер қойнауынан мұнаймен бірге шығатын ілеспе газ өңдеуді қажет етеді. Оның үстіне, елімізде «көгілдір отынға» айналатын шикізаттың басым бөлігі осы екі кеніш пен Теңізге тиесілі.

Қашағанда алғашқы кәсіпорынның құрылысы басталып кетті. Оның жылдық қуаты — 1 млрд текше метр. Мұнымен қабат, кеніште жылдық қуаты 2,5 млрд текше метрді құрайтын тағы бір өндіріс ошағын салу көзделіп отыр. Осы екі жоба QazaqGaz және Қатар мемлекетінің UCC Holding компаниялары арасында жасалған оңтайлы инвестициялық келісімге сәйкес жүзеге асады. Оңтайлы болатыны, аталған уағдаластық аясында қатарлық инвестормен бірге Бейнеу – Бозой — Шымкент құбыржелісі екінші тармағының құрылысы жүргізіледі. Бұған қоса, Қостанай қаласында компрессор стансасы салынып, газ құбыры тартылады. Айта кеткен жөн, UCC Holding компаниясымен қол қойылған төрт келісімнің құны 11 млрд долларды құрайды. Маңызы зор энергетикалық уағдаластық Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар Әмірі шейһ Тәмим бин Хамад Әл Тәни арасында өткен келіссөздің жемісі екенін айтқан абзал. Бұлай дейтініміз, кейінгі жылдары әлемдік көмірсутегі саласына қаржысын құйғысы келетіндер көп емес. Бүгінде қазақы тәмсілге салып, «Қайтқан малда қайыр бар» дейтін инвестор ірі жобада ең алдымен өзіне қолайлы жағдайдың жасалғанын қалайды. Содан болар, нақты секторға инвестиция салған компанияларға түрлі жеңілдіктер ұсынылып отыр.

Қарашығанаққа келсек, Батыс Қазақстан облысындағы кеніштің отандық газ конденсаты өндірісінде орны бөлек. 1979 ашылған кен орнындағы табиғи газ қоры 1 трлн 35 текше метрді құрайды. 1997 жылғы Өнімді бөлісу келісімшартына сәйкес, кеніштің операторы — Karachaganak Petroleum Operating B.V (КРО). Оның құрамында ағылшынның Shell, итальяндық Eni, американдық Chevron, ресейлік «Лукойл» және «ҚазМұнайГаз» компаниялары бар. Мұнда өндірілген ілеспе газ толығымен іргелес Ресейдегі Орынбор зауытында өңделеді. Дайын өнімнің бір бөлігі (25 %) Еуропаға экспортқа, қалғаны Қазақстандағы тұтынушыға жөнелтіледі. Мұның экономикалық тұрғыдан тиімсіз екені белгілі. Оның үстіне, кен орнында өндірілген ілеспе газдың жартысынан астамы (14,8 млрд текше метр) ауада босқа жанбас үшін жер астына қайта жіберіледі. Өйткені Орынбордағы кәсіпорынның шикізатты өңдеу қуаты шектеулі. Қазіргі шамасы — 9 млрд текше метрге жетер-жетпес. Бұған қоса, осы зауыттағы газды күкірт, сутегі және өзге қоспалардан тазартатын қондырғылар да ескірген.

Міне, сондықтан дайын өнімді алыстан арқаламай, қазба байлықты өзімізде кәдеге жаратып, ішкі сұранысты қамтамасыз ету Үкіметтің көкейкесті міндеті боп тұр. Осы мақсатпен Қарашығанақта газ өңдеу зауытын салу көзделді. Өткен айдың соңында энергетика министрлігінің басшылығы жобаға тапсырыс беруші КРО консорциумы және аталған жобаны жобалап, құрылысын жүргізетін Оңтүстік Кореяның «Hyundai Engineering» компанияларының өкілдерімен кездесті. Министрлік жаңа кәсіпорын тек кен орны ғана емес, еліміздегі тұтас газ саласының өркендеуі, ішкі нарықты тауарлық газбен қамтамасыз ету ісінде маңызды қадам болатынын айрықша атап өтті.

Фото: Ашық дереккөзден

Фото: Ашық дереккөзден

Кеніштегі конденсатты шикізат ретінде пайдаланатын кәсіпорынның жылдық қуаты 4 млрд текше метрге жуықтайды.
Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында тағы бір өңірде газ шикізатын ел игілігіне пайдалану жайы сөз болды. Атап айтқанда, Маңғыстаудағы Жаңаөзен қаласында газ өңдеу зауытын салу көзделіп отыр. Осы салаға жауапты энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов хабарлағандай, жылдық қуаты 750 млн текше метрге жететін кәсіпорын екі жылдан кейін іске қосылады. Бұл зауыт жергілікті тұтынушылар мен өндіріс ошақтарын, соның ішінде жел және «көгілдір отынмен» жұмыс істейтін Жаңаөзен гибридтік электр стансасына сенімді қуат көзі бола алады.
Күні кеше QazaqGaz бен Sinopec (Қытай) Қарағанды көмір кеніштеріндегі газды бірлесе игеру мүмкіндігін зерттеу жөнінде уағдаласты. Мамандар бұл жердегі метан қоры 500 млрд текше метр екенін алға тартады. Шығыстағы көршіміз көмір қабатындағы газ өндіруде әлемде алдыңғы орында. Игі ниет алып жобаға айналып жатса, энергетиканы әртараптандыруда қарышты қадам болары анық.

Срайыл Смайыл,
экономикалық шолушы

Бүгін, 15:45
Астана – даму драйвері
30 наурыз, 12:48
Мұхит Тұрысбеков: Ауыз су мәселесін толық шешу – басты міндеттің бірі
28 наурыз, 17:40
“Жұмысшыларды роботтар алмастырып жатыр”. Кентау трансформатор зауыты инновациялық дамуға көшті
28 наурыз, 15:18
Машина жасау: инновациялық серпіліс
28 наурыз, 14:21
Шұбат өндірісін жолға қойған кәсіпкер келіншек
27 наурыз, 15:56
Астық экспорты қарқын алып келеді
27 наурыз, 14:36
Бескөлдің табиғи сүті: сапа және сенім
27 наурыз, 13:56
Дарбаза – Мақтарал: өңірді дамытатын мегажоба
26 наурыз, 15:11
Газ өндірісі - нақты сектордың локомотиві