Уақыт талабы талғамды талай електен өткізеді. Сол талғамға сай ебін тапқандар кәсібін дөңгелетеді. Интернеттің иісі мұрнымызға келмеген кезді есіңізге түсіріңізші. Видеотаспа, дискілерді жалға алатын шақтағы қызықтың өзі бір төбе. Ал сол сәттегі сұраныстың тамырын дөп баса алғандар кішкентай бизнесін бүгінде үлкейтіп, миллионерге айналған мысал жетіп артылады. Бірақ қай уақыттың да өз алаяқтары болады. Бұл жолғы әңгімені ауадан ақша жасайтын ғаламтордағы шаң жұқтырмас жылпостар төңірегінде өрбітсем.
Криптовалюта, биткоин секілді терминдердің біздің күнделікті лексиконға кіргеніне көп болмады. Цифрлық ақшаның құны жыл сайын өсіп барады. Интернет желісінде ғана айналымға түсетін валютаға біздің елде де қызығатындар жетіп артылады. Ғаламторда биткоинге кез келген тауарды сатып аласыз. Ең қызығы, әлемде оның жұмысын қадағалайтын бірде-бір мекеме жоқ. Негізгі мәселе осында болып тұр. Ешбір банк бақыламаған қаржылық операция алаяқтық болып шықса ше? Фермасы бар майнерлер туралы естуіңіз бар ма? Ферма дегенде мал ұстайтын шаруашылық ойыңызда жылт еткен шығар. Жоқ, олай емес.
Бертінде Нұр-Сұлтан қаласындағы бір топ тұрғын алаяқтардың құрбаны болғандарын айтып, көмек сұрады. Олар майнингке қажет құрылғыны сатып алған. Майнинг дегеніміз – биткоиннің негізгі құралы. Жүйедегі тұтынушылардың транзакциясын тексереді. Ол операцияны орындаушыларды майнерлер деп атайды. Елордада алданғандар сол құралды біреуге жалға беру арқылы мол пайдаға қарқ боламыз деп үміттенсе керек. Құрылғыға қажет қаржыны елімізде құйғанымен, ол пәле Гонконгта жұмыс істеп тұрған. Ақыр аяғында Mining Farm Astana фирмасының қожайыны Денис Булгаков кенттен ұшты-күйлі жоқ боп кетті. Қайтерін білмей қапа болғандар енді желге ұшқан ақшаны қалай қайтарарын білмей дал. Сондай алданғандардың бірі 57 жастағы Людмила Кангаш жанайқайын баспасөз арқылы жеткізді. Ол бұл фирманың қызметіне ешқандай күдік болмағанын өкінішпен еске алады: «Майнингке ақша құю арқылы пайда табуға болатынын бір танысымнан естідім. Әсірелеп отырып түсіндіргеннен бе, бірден сендім. Ломбард, не болмаса қаржылық пирамида емес екеніне көзім жеткесін ойланбай тәуекелге бардым. Кейін тіпті ол құрылғыны қазіргі құнынан қымбатқа сатармын деп ойладым. Табыс табу үшін оны алдымен жалға беру керек. Фирма біздің майнинг құрылғымызды өзгелерге жалға беруге, былайша айтқанда, ортадағы делдалдың қызметін атқарды. Бізге дивиденд төлейді. Бастапқыда миллион теңге құйдым. Алғашқы үш ай табыс түсіп тұрды. Одан сайын ақшамды еселеу үшін тағы да ірі сома салдым. Дивидендін енді аламын деп жатқанда компания директоры қашып кетті. Сорақысы сол, біз сатып алған құрылғы да жоқ болып шықты».
Бұл фирмаға тіркелген басқа да клиенттер осы кейіпкердің кебін киген. Қолдарында келісімшарт болғанымен, оның құқықтық тұрғыдан ешқандай күші жоқ екенін кейін біліпті. Булгаковпен бұлар соңғы рет былтыр байланысқа шыққан. Ол «Киевтен Қазақстанға ұшайын деп жатырмын» деп әңгімені жылы жапқан. Содан бері хабар жоқ. Біреулер Булгаковты Кавказдан көргенін айтыпты. Алданғандар өздерін тақырға отырғызған азамат сол жақта аты-жөнін өзгертіп тұрып жатуы мүмкін деп топшылайды. Тіпті Шешенстан Республикасының басшысы Рамзан Қадыровтың блогына «көмек қолын созыңыз» деп жазған көрінеді. Жәбірленушілер Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне арызданыпты.
Майнингті алаяқтық жүйе деген пікірмен келіспейтіндер де бар. Осыдан пайда көріп жүргендердің уәжі осыған кеп саяды. Сондай майнерлердің бірін әлеуметтік желіден тауып, әңгімеге тарттық. Азамат Жабағин есімді жігіт өз фермасын құрыпты. Алғашында қор биржасында акция сатып алумен және сатумен айналысқан. «Биткоин болашағы одан да зор» деп түйген ол бір күнде майнер болып шыға келді. Ай сайынғы орташа табысы 200 мың теңге төңірегінде. Ол: «Майнинг» деген сөздің өзі ағылшын тілінен аударғанда қазу деген мағына береді. Көмір қазатын кеншінің қызметіне де ұқсатуға болады. Мәселен, мен біреуге бір биткоин жіберсем, оны екінші біреу криптографиялық код арқылы жазады. Ол интернетте жария болады. Сол арқылы майнер ақша табады. Осындай ферманы 5-6 картаға толтыруға мүмкіндік бар. Үйде қоссаңыз, жұмыс істей береді. Баптауын реттегеннен кейін онлайн әмияныңызға виртуалды ақша түсіп тұрады», – дейді.
Алайда Азаматтың айтқанына экономистер күмәнмен қарайды. Бізге мәселенің мән-жайын түсіндіріп берген сарапшы Алмат Тыныкенов бұл салаға ақша (инвестиция) құю қауіпті екенін алға тартады. Оның пікірі мынадай: «Майнинг – қаржылық тәуекел құралы. Ол халықаралық нарықтың тербелісіне тәуелді. Ешқандай инвестициялық компания нақты кіріске кепілдік бере алмайды. Кейбіреулері арнайы сайт ашып, бірнеше пакет ұсынады. «Егер 3 мың доллар салым салсаң, жылдық пайыз 150» деген сыңайда. Көбіне таныс-туысыңыз майнингке инвестиция құюға үгіттейді. Олардың өзі алаяқтардың торына түскеннен кейін осындай қадамға барады».
Биткоин нарығындағы майнингтің қыр-сырын зерттеп жүрген ІТ маманы Абылайхан Наурызбаев та өз ойымен бөлісті. Оның айтуынша, алдаудың екі түрі бар. Көбіне адамдардың бұл мәселеде жеткілікті сауаты болмағандықтан, алданғанына қақпанға түскенде бір-ақ көзі жетеді. Маманның айтуынша, бұлардың алғашқылары фейк-жарнама ақылы өз құрылғысын ұсынады. «Ақша жетпей тұр, ақша салсаң ферма ашып, көп биткион жинап аламыз» деп ақша сұрайды. Пирамида секілді көп адам жинаған соң кеңсені жаба қояды. Енді біреулер «Құрылғыдан мол пайдаға кенелесің» деп өтірік уәдені үйіп-төгеді де, ең кемі бір жылға жалға береді. Бірақ бір жылда уәде етілгендей ақша табу мүмкін емес. «Ары қарай келісімшартты соз» дейді. Ақшаңызды алғыңыз келсе шектеу қояды. Бір жылға бір-ақ биткоин бере алады. Сатылмайтын биткоиндарды беруі мүмкін. Сосын істеп тұрған танымал сайттардың клонын, яғни көшірмесін істеп, мекен-жайын ұқсатып өзгертеді де клиент тартады. Олардың мақсаты – адамдардың ақшасын жинап алып, алдап кету. Қазір телефон арқылы майнинг жасауға арналған қосымшалар бар. Сол арқылы да алдайтындар көбейіп кеткен көрінеді.
Айналып келгенде, майнингке бас сұғып алданған адамдар өздерінен басқа ешкімді кінәлай алмайды. Өйткені оларды ешкім күштеп тіркеп, қаржысын тартып алмады. Бұл жерде оңай олжаға қарқ болсам деген құлқын жарға жығып отыр. Сондықтан осы секілді ақша еселейтін ұйымдарға тіркелмес бұрын, жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн болар.
Асқарбек Қазанғап