Спорт десе ішер асымды жерге қояр басым, ес білгелі оған жанкүйер болып жүйке тоздырған жайым бар. Барым да, бағым да сол болып, қызметті де спортпен ыңғайластырғаныма тәуба деймін.
Енді, міне, сол «сормаңдайым» жемісін беріп, «Қазақ спортының қалтарыстары» атты тақырыпта кандидаттық дессертация қорғап қопаңдап отырмын.
Кандидаттығымда негізінде спортымыздың қалтарыстарын, яғни «әттеген-айларды» талдап таразыға салдым.
Мәселен, біздің күрес пен бокстан нәтижелерге жетіп жеңімпаз болуымызды ата-бабамыздың жауы көп болып, ылғи ат үстінде аттандап өткенімен байланыстырдым. Оған дәлел-деректерім жетіп артылды.
Ал футболдан ойсырап ұтылып, бұл саладан бағымыздың башпайдан өрлемеген себебін тәптіштеп түсіндіруім кандидаттығымның негізгі тарауы болды десем болады. Бір сөзбен айтсам, доп қуудан жолымыздың болмауы – бұл да ата-бабаның екі аяқты жерге тигізбей ылғи ат үстінде салбыратып қоюыменен байланыстырдым. Көшпелі халық, ылғи ат үстінде көшіп қонды. Малын бақты, ылғи да ат үстінде айдақтаумен болды. Қала берді, той-домалақта да атын тақымынан тастамады: көкпар тартты, бәйгеге шапты – баяғы екі аяғы жерге тимей желпілдеумен-ақ болды. Ғасырдан-ғасырға жер иіскемей көбінде ат үстінде салбырап келген «аяқтан» қайбір футболшы шықсын… Ал заман өзгеріп, тыр-тырлап техника келе қалғанда, аттан аунап түсіп техниканың құлағына жармастық… Баяғы үзеңгіде шіренуді ғана білетін екі аяқ, енді газ бен тормозды басумен ғана шектелді. Пай-пай-ай, баяғыдағыдай көршінің үйіне көлікпен бару әдетімізден арылмадық.
Не керек, кандидаттығымның негізгі тарауында аяғымыздың алқа-қотан «тарихын» талдап айтып дәлелдеп бақтым. Бұным көп көңілден шығып, қорғауымның қорғаны бола білді. Тарауымды «2010 жылғы әлемдегі ең әдемі гол түріктердің Қазақ қақпасына соғылған гол болғанын» айтып түйіндедім…
Қорғауым қысқа қайырылмасын деп, спортымыздағы басқа да «әттеген-айларды» да айтып қалдым. Мәселен, көкпарымыздың қырғыздардың қанжығасында кеткенін келтіріп қынжылыс білдірдім… «Қазақша күрестің» бағы ашылмай бақшамыздан әріге бара алмағанын ашына айттым. Бір кездері бүтін бір қой былай тұрсын, тай етін жеген ұрпақ өкілі бола тұрып, осы «спортымызды» алаңға шығара алмағанымызға өкініш білдірдім.
Көпшілік қауым, өз басым кандидаттығымның қорғалғанына аса ризамын! Ал бұнымды, яғни кандидаттығымның мазмұн-мәтінін ортаға тастап одыраңдап отырғаным – қазақ спортының бұдан басқа да сормаңдай себеп-салдарлары барын, сіздер де білесіздер! Сондықтан, сіздер де соларды айтып, пікір білдірсеңіздер, құба-құп болар еді! Бұныңыз қазақ спортына жаны ашығандықтың жарқын көрінісі деп білемін!
Ал сіздерден жинақталған дерек-дәйектердің басын қосып, сараптап-сұрыптап барып, өз басым докторлық қорғап айды аспанға бірақ шығарайын деп отырмын…
Берік САДЫР,
Астана