
Алматыда монополияға қарсы орган бәсекелестікті бұзудың жолын кесу бойынша жүргізілген жұмыстың қорытындысы шығарылды. Тергеу нәтижесінде үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланудың тоғыз дерегі бойынша негізгі ықпал ету шаралары қабылданды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Нұржан Нұрланұлы келтірген мәлімет бойынша, үлкен дүрбелең тудырған істің бірі – «Алматы электр станциялары» АҚ-ға қатысты көтерме электр энергиясын өткізу нарығындағы тергеу. Компания Алматы индустриялық аймағында аталған қызметті техникалық тұрғыда көрсету мүмкіндігі болмағанына қарамастан, электр энергиясын жеткізуші ұйымды еншілес компанияның желісі арқылы беріп, қосымша қызметпен бірге сатып алуды міндеттегені анықталды. Бұл аймақта жұмыс істейтін 118 кәсіпорынға, жалпы инвестиция көлемі 400 млрд теңгеден асатын резиденттерге қосымша жүктеме түсірген. «Мұндай шарттар энергия қорына жұмсалатын шығынды азайтуға бағытталған мемлекеттік қолдаудың тиімділігін іс жүзінде жоққа шығарды. Сот департамент қорытындыларын заңды деп танып, түпкілікті шешім қабылданған жағдайда жүзден астам кәсіпкердің құқығы қорғалатын болады», – деп атап өтті спикер.
Сондай-ақ «FlyArystan» әуе компаниясына қатысты да тергеу жүргізіліп жатыр. Департамент тасымалдаушының қол жүгінің артық салмағы үшін нақты артық мөлшеріне қарамастан бірдей ақы алғанын анықтаған. «Нарықта нақты артық салмаққа қарай сараланған төлем тәжірибесі бар екенін көріп отырмыз. Бұл тәсілден бас тарту, біздің ойымызша, тұтынушылардың белгісіз тобының құқықтарын шектейді. Сондықтан әуе компаниясына қатысты тергеу басталды», – деді Нұржан Нұрланұлы.
Тағы бір мысал – «INVIVO Business» ЖШС-не қатысты. Франчайзинг шарттарында келісімшарт бұзылғаннан кейін 24 ай бойы бәсекелестермен ынтымақтастық жасауға шектеу қою нормалары анықталған. Ескерту енгізілгеннен кейін компания тиісті тармақтарды алып тастады. Соның нәтижесінде еліміздің 16 қаласындағы зертханалық қызметтер нарығында жұмыс істейтін 143 субъектінің құқықтары қорғалды.
Жылумен жабдықтау саласында департамент «Алматы жылу жүйесі» ЖШС-нен де заңбұзушылық анықталды: жылу энергиясына қайта қосу кезінде тарифке 10% мөлшерінде пайда қосылған, қолданыстағы қағидалар тек нақты шығындарды өтеуді көздейді. Енді Алматы тұрғындары үшін қызмет құны 10% төмендейді.
JQ-Aqparat
Сурет: rsk.almaty.kz