Қазіргі қоғамды жегіқұрттай жайлаған бір дерт бар. Ол – масылдық. Тер төгіп еңбек етудің орнына мемлекетке алақан жайып күнелту кейбіреулер үшін қалыпты құбылысқа айналғандай. Осындай патерналистік көңіл күй тамырын терең жаймауы үшін оған қарсы аяусыз күресуден басқа амал жоқ. Атам қазақ айтып кеткен:
«Еңбек деген байлық бар,
Ерінбеген жететін.
Жоқшылық деген жебірді,
Жермен-жексен ететін» деген тағылым үстемдік құруы тиіс.
Ал біз өзгелерге үлгі болсын деп өмір бойы еңбек етіп, мемлекетке емес, маңдай теріне арқа сүйейтін асыл жандардың өмір жолы туралы жазуды мақсат тұттық.
Менің кейіпкерім Фатима Жүнісова — тағдырдың талқысына түссе де мойымаған, өмірден өз орнын тапқан нәзік жаратылыс иесі. Бір кездері оң-солын танымаған үш ұлымен қосып, тағдыр қыспаққа алғанда да жасымады. Өз-өзін қайрап жани түсті. Қырық жылдан бері журналистика саласының қызығы, қиындығымен қатар отбасын да алға сүйреп, «бөріктінің» де орнын басқан кездері аз емес. Шымкентте газет-журналдан көз сүрінетін өтпелі кезеңде «Әйел құпиясы» деген жеке газет ашып, біршама жанды жұмыспен қамтыды. Адал еңбекпен үй салды. Ұлдарын ұясына қондырып, немере сүйді. Соның бәріне ешкімге алақан жаймай, өзінің талпынысы һәм табандылығының арқасында жетті.
– Фатима Забурақызы, сіздің өмірбаяныңызға үңілгенде, өмір жолыңыз да, еңбек жолыңыз да тегіс болмағанына көз жеткіздік. Бүгінгі әңгімеміз адал еңбек, әрбір азаматтың өз өміріне жауапкершілік алуы, әл-ауқатының жақсы болуына деген барлық үмітін негізінен мемлекетке артып қоятын көңіл күй ұстанымы турасында өрбімек. Сіздің сан тараулы еңбек жолыңыз қалай басталды?
– Менің еңбек жолым тақтайдай тегіс бола қойған жоқ. Біз 1989 жылдары оқу бітіріп келгенде Шымкентте тек «Оңтүстік Қазақстан» және «Шымкент келбеті» газеттері бар еді. Үш жыл қатарынан іс-тәжірибеден өтіп, жақсы қырымнан көрінген соң осы газетке жұмысқа тұрамын деген үмітім бар еді. Бас редактор Әмірсейіт Әлиев ағаның өзі мақтаған. Пайыз Кадеев, Жұмамұрат Тұяқбаев, Иса Омар, Төрегелді Байтасов, Слам Нұрмағанбетов ағайлардан үйренгенім көп болды. Жазушы ағамыз Мархабат Байғұт ағамен де «Оңтүстік Қазақстан» редакциясында таныстым.
Студент кезімде алғашқы кітабын алып оқып, сүйікті жазушымды таптым. Ол кезде оқу бітіріп келген қыздарға көзқарас басқаша еді. Мен бесінші курста тұрмысқа шыққанмын. «Жұмысқа жас келіншектер алсақ, олар декреттік демалысқа кетеді, туады, жазу жазып қарқ қылмайды» деген түсініктер менің де алдымнан шықты. Әйтеуір, не керек, «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жұмысқа тұра алмадым.
Ол кезде Шымкентте аудандық газеттер басылып шығатын «Газета» баспасы бар еді. Мені курстасым, марқұм Анар Аспан сол баспаның директоры Кеңес ағаймен сөйлесіп, «Ильич жолы», қазіргі «Төлеби Туы» газетінің жауапты шығарушысы етіп жұмысқа тұрғызды.
Сонда әлі есімде, мені жұмысқа қабылдарда: «Сендер «жас маманмын» деп, ертеңгі күні үй сұрайсыңдар. Ешқашан үкіметтен үй сұрамаймын деп жазып бер!» — деді бастық. Солай деп жазып бердім. Уәдемде тұрып, ешқашан мемлекеттен үй де, жер де алған емеспін.
Сол баспада екі жылдай істедім. Мардымсыз айлық. Екі балалы болдым. Сосын жұмыссыздық. 90-жылдардың елең-алаң шағы, нарықтық экономика.
Елдің бәрі тамақ табу үшін ала дорба арқалап кетті.
Біз де сауда жасауға шықтық. Сол кезде қазіргі Орталық мешіттің жанындағы саябақта «Самолет» деген базар болған. Алматыдан аяқ киім әкеліп саттық. Сауда жақсы жүрді. Оның алдында табаға нан-тоқаш пісіріп, жазда балмұздақ саттық. Ташкент қаласынан майда-шүйде заттар әкеліп сатып, күнелткен кездер болды.
Балалар жас, оларға қарайтын адам тауып, күн-түн демей еңбек ете бердік. Екінші ұлымды босанғанда қатты ауырдым. Әкем келіп, дем салып емдеді. Журналист қызының жазудан алыстап кеткеніне әкем қатты алаңдаулы еді сонда. Анам студент кезімде, 21 жасымда қайтыс болып кеткен.
«Қарағым-ау, қарайып қалатын болдың ғой. Бесіктегі балаңды мен-ақ тербетейін, сен жазшы!» дейтін.
Тоқырау жылдарынан жайлап өтіп, ес жинай бастаған тұста 1998 жылы үшінші ұлым дүниеге келді. Оның ортасында қанша жұмыс іздесем де, болмады.
1999 жылы «Ақиқат-Истина» газеті ашылып, Анар Аспан жұмысқа шақырды. Шойбек Орынбай, Ертай Бекқұлов, Серік Сапар, Серік Алданов, т.б. журналистер осы газетте алғашқы нөмірінен бастап еңбек еттік.
Одан кейін тәуелсіз «Замана» газетіне тілші болып кіріп, редакторлыққа көтерілдім. Бұл айрықша ақпараттарға арналған газет болғандықтан, көп іздендік. Басшымыз Иса Омар ағай өте талапшыл басшы болды. Жазуды әбден сағынып барған мен бұл газетте өте өнімді еңбек еттім.
Одан кейін «Ернұр» корпорациясына «Ұстаз жаршысы» деген газеттің бас редакторлығына шақырылдым.
«Махаббат аралы» деген газетінің атын «Алтын босаға» деп өзгертіп, алғашқы нөмірлерінің жақсы шығуына өз үлесімді қостым.
2008 жыл күзде сол жерде істеп жүріп, өзімнің тұңғыш «Әйел құпиясы» деген газетімді аштым.
– Газет ашу, оның шығармашылық жұмысынан бөлек, қызметкерлерді қаржылай қамтамасыз ету, бәрін мойныңызбен көтеріп келесіз. Кейіннен белгілі себептермен газет жабылып қалды. Сонда да ұнжырғаңызды түсірген жоқсыз. Сондай қиындықтар мен кедергілерді қалай жеңіп келесіз?
– Мен газет ашқан кезде Шымкент қаласында 300-ге жуық газет-журнал шығатын. Басқа жақтағылар Шымкентте әрбір үйде газет шығаратын баспахана бар деп күлетін. Алғаш газетімді шығарған кезде менде қорқыныш болған жоқ, тек тәуекел еттім. 16 беттік газетімнің сыртқы беті түрлі-түсті болды. Ең алғашқы нөмірін 7000 тиражбен шығардым.
Сонда «Ернұр» корпорациясының басшысы Ерлан Нұрмаханов «Сіз қалайша еш қорықпай, бірінші нөміріңізді 7000 тиражбен бастырып жатырсыз?» деп сұрады.
«Мен газетті шығарған соң бастықпын, редактормын деп отырмаймын ғой. Газетті барлық жерге өзім таратамын. Менің ойымша, газетім өте сапалы шықты. Оқырманы көп болады» дегенім есімде. Расында, ең алғашқы нөмірі өте жақсы өтті.
Түнде баспаханадан басылған 7000 тираж газетті таксиге артып, қолыма жұмысшы қолғабын киіп алып, үйге төртінші этажға ұлым Рауан екеуміздің тасығанымыз әлі көз алдымда. Залымыздың бір бұрышына жинап қойған газеттің бірінші данасын көршім сатып алған. Таңертең әпкем шашу шашып, елу данасын пакетке салып алып, Серікхан деген газет таратушыға апарып көрсеттім. Ол газетімді көріп «Мынау жақсы газет қой» деп түгел алып қалды.
Ал ертеңіне 500 дана алатынын, Алматыдағы газет таратушылар 500 дана сұрап жатқанын айтты. Не керек, 7000 дана газетті бір аптада таратып тастадық. Қаншама жақсы адамдар шын жүрегімен қуанып, газетімнің сатылуына көмектесті. Мен олардың жақсылығын ешқашан ұмытқан емеспін.
Оқырман көңілінен шығу үшін күндіз-түні еңбектендім. Сұхбат та алдым, аударма да жасадым. Оқырманға не керек, соның бәрін газетімде қамтуға тырыстым. Бес айға дейін газетімді жалғыз өзім шығардым. Өзім тілші, өзім редактор. Он алты жастағы ұлым Рауан дизайнер. Ол да үнемі ізденіп, газеттің жақсы безендірілуі үшін бар күшін салады. Бастапқы кезде журналистерге айлық төлейтіндей жағдай болған жоқ.
Газет шығып, таратып алғаннан кейін үш күн бойы диванда қимылсыз жатамын. Орнымнан тұруға әл болмайды. Үш күн дегенде бүкіл клеткаларыма жан бітіп, қозғала бастаймын.
Газетімнің тиражы ай сайын көбейіп отырды. Редакцияға телефон соғып, өз жағдайларын, басынан кешкен оқиғаларын айтатындар көбейді. Маман кеңестерін сұрағандар қаншама. Психолог, гинеколог, т.б. мамандардан кеңес алып, бір беттік материалдар дайындадық. Газетімде көбіне еңбек адамдарын насихаттадым. Олардың жүріп өткен жолдарын үлгі еттім.
«Әйел құпиясы» газетінің тиражы 32 мыңға жеткен уақыт та болды. Қасынан қосымша «Әйел денсаулығы», «Немерем», «Менің өмірім» деген газеттер, «Бақытты отбасы», «Керемет әйел», «Дәмді дастархан» деген журналдар аштым. Бәрі де өз оқырманын тапқан газет-журналдар болды.
– Соншалық сұранысы артқан басылымдардың жабылуына сол заманауи медиа өзгерістер себеп болған шығар?
– Әлеуметтік желінің маған пайдасы да, зияны да тиген кезі болды. Зияны сол, газет оқырмандары жылдан-жылға азая бастады. Газет тиражы азайған сайын қызметкерлерді аз айлықпен ұстап тұра алмайсың. Баспахана шығыны қымбаттай бастады. Сол себепті алғашқыда журналдарды, кейін газеттерді жаптым.
Газет шығарып жүргенде кедергілер де болды. Менің газетімнің тиражының ай санап көбейіп жатқандығы біреулерге жақпады. Біреулер «Шыққан күні мен уақыты жазылмапты» деп арыз да жазған. Газетімді жаптырып тастау үшін қаншама әрекеттер жасалғанын сол кезде ішкі саясат басқармасын басқарған бір кісі кейіннен менде тілші болып істеген әйелге айтыпты. Не болса да Алланың көзі түзу болды. Тіпті газетімнің атын ұрлап, менің газетіме жазылғандарды басқа газетке жазып жіберу де орын алған. «Әйелдер құпиясы информ» деген газет шыққан кезде пошташылар да, оқырмандар да әбден шатасқан. Кейіннен мен емес, пошташылар арыз жазып, ол газеттің атын өзгерткен. Бір қызығы, маған кім жамандық істесе де, арты жақсылық болып кетеді. Соған көзім әбден жетті.
«Әйел құпиясы» мен «Әйел денсаулығы» газеттерімді өз еркіммен тоқтаттым. Сондықтан оған бола ұнжырғамды түсіре алмаймын. Қазір, Аллаға шүкір, ұлым Рауан жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Жастайынан менің қасымда жүріп, кәсіп үйренді, адал еңбектің дәмін татты. Оның жарнама агенттігі бар. Біраз адамға жұмыс тауып беріп отыр.
Мен ешқашан қиындыққа қиындық деп қарай алмаймын. Қиындық деген белгілі бір мәселенің шешілмеуінен туындайды. Ең бірінші сол мәселені шешуге тырысамын, сосын қиындық та жоқ болады. Кедергі де ең әуелі адамның ойында болады. Сол ойды дұрыстау керек. Ешқашан негативке бой алдырмай, позитивті болу. Тәуекел, алған беттен қайтпау, мақсат ету. Сосын адалдық. Өзіңе, айналадағы адамдарға, еңбекке деген адалдық. Ешқашан өтірік айтпау. Егер мен кезінде кедергілерді жеңе алсам, осы қасиеттерім көмектесті. Сосын Алла өзі қолдады деп білемін
— Бүгінде немен айналысып жатырсыз?
– Мен бүгінде шығармашылықпен айналысамын. Жеті немерем бар. Соларға жақсы тәрбие беруге, бар мейірімді беруге күш саламын. Саяхатқа шығуға, ел, жер көруге танымымды арттыруға тырысамын.
Әлеуметтік желінің пайдасы, мен өте көп дос, шығармашылық орта таптым. Өлең, не әңгіме жазсам да ең бірінші Фейсбук желісіне саламын. Достарым пікір жазады, талқылайды, шабыт береді, ауырсам, жылы сөздерімен емдейді. Бұрын қаншама жыл газет басқарсам да, ел-жұрт менің газетімді білсе де, өзімді танымайтын еді. Қазір танымалдық артты. Көптеген өлеңдеріме композиторлар ән жазып жатыр.
Мен өте еркін адаммын. Өзімнің ойыма, қиялыма ешқашан тұсау қойған емеспін. Ешкімге жалтақтап, жағымпаздана алмаймын. Жаным не қалайды, соны істеймін. Қазір де, бұрын да менің жаным жазуды қалайтын. Өзімді жазу үшін жаралған жанмын деп есептеймін. Биылғы, келесі жылдары әңгімелер жинағымды, өлеңдер жинағымды шығарсам деп жүрмін. Алда роман жазу ойда бар. Жалпы шшығармашылықпен айналыса беремін. Әйелдерге арналған орталық ашу да ойымда бар. Алла қаласа, бәрі де болады.
– Қарап отырсам, сіздің өміріңіз адал еңбектен тұрады. Бүгінде өзі еңбектенгеннен гөрі мемлекет берсе дейтін, тегін алсам дейтін үрдіс белең алғаны жасырын емес. «Не берем» деп емес, «не алам» деп жүргендерге қатысты не айтасыз?
— Патернализм азаматтық қоғамның дұрыс, жан-жақты дамуына, өркендеуіне кесірін тигізеді деген ойдамын. Жалпы өзім әлеуметтік масылдыққа қарсы адаммын. Егер Алла адамның он екі мүшесін сау етіп жаратса, мемлекет он бір жыл тегін оқытса, ары қарай әркім жақсы өмір сүруі үшін өзі әрекет жасауы керек. Диванда жатып алып, мемлекет бізді асырауы керек деп, тегін ақша алып жата бергісі келетін адамдар өмірде ешқандай жетістікке жете алмайды.
Белгілі бір жетістікке жетпек түгілі, бұл пиғылдағы адамдар жатыпішер, жалқау, ұяты жоқ жандарға айналады. Сондықтан «Аш адамға балық берме, қармақ бер» деген қағиданы ұстану керек.
Өзім қанша қиналсам да, жаны нәзік болса да мемлекет мені асырауы тиіс деген ойда болмаппын. Өз еңбегімен адал табыс таптым, үш ұлымды да адал еңбек етуге үйреттім. Ешқашан біреудің ала жібін аттамауға, ел қазынасына қол салуға болмайтынын жастайынан ұғындырдым.
«Ел маған не береді» деп емес, «елге мен не берем» деген ұстанымда жүретін азаматтар көп болса ғана ел көркейеді, экономикасы артады. Ашкөздік, масылдық адамды құрдымға жібереді. Ойлантпайды, алға ұмтылдырмайды. Ерік-жігері жоқ, арман-мақсатсыз адамнан қоғамға қандай пайда болмақ?
Сондықтан мемлекет үнемі алақан жайып отыратындардың әуелі санасын көтеруі керек.
Ал туғаннан мүгедек, еңбек етуге қауқарсыз жандардға мемлекет тарапынан көмек көрсету керек. Өзім қанша мүмкіндігі шектеулі жандардың сау адамдардан қалыспай, еңбек етіп жүргенін көріп жүрмін. Оларда масылдық психологиясы мүлдем жоқ. Сана-сезімдері жоғары. Бар бақытын еңбектен тауып отыр.
Өзім еңбек еткенді сүйетін, қарап отырғанды ұнатпайтын адаммын. Қазақстан азаматы болсам да, тегін жер, тегін үй алсам деген ниет болмапты. Егер беріп жатса, алған дұрыс та шығар. Менің басты ұстанымым — еңбек ету, өзімді-өзім дамыту, елге пайдамды тигізу. Бір адамға зиянымды тигізбеу. Адамға сөзбен болса да жақсылық жасау.
— Арнайы уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! Еңбегіңіз жана берсін!
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,
Шымкент қаласы