Файзулла Мұстафинұлы: Мақта кластері сыртқы нарыққа тәуелділікті азайтады

Бүгін, 18:31

Еліміздегі мақта өсіретін жалғыз өңір — Түркістан облысы. Соңғы жылдары мұнда мақта өндірісі тұрақты өсім көрсетіп, жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Jas Qazaq тілшісі Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Мұстафинұлымен өңірдегі мақта шаруашылығының қазіргі жағдайы, жаңа технологиялар, мақта кластері және мемлекеттік қолдау шаралары жайында сұхбаттасты.

— Мақта саласы өңір экономикасының негізгі тіректерінің бірі деп айта аламыз. Қазіргі таңда сол мақта шаруашылығының жағдайы қалай?

— Иә, дұрыс айтасыз. Өңірде 25 мың агроқұрылымға біріктірілген 70 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жұмыс істейді. Өткен жылы мақта дақылы 106,4 мың гектар жерге егіліп, орташа өнімділік 28,2 центнерден айналды. Жалпы 301,2 мың тонна өнім жиналды. Биыл бұл көрсеткішті 135 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

— Өңірдегі мақта шаруашылығында қандай заманауи технологиялар қолданылады?

— Соңғы жылдары мақта өндірісіне су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілуде. Өткен жылы инвесторлармен бірлесіп, қытайдың жаңа технологиясы негізінде 1,2 мың гектар жерге мақта егілді. Бұл әдіс суды, энергияны, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарына 60 центнерге дейін өнім алуға мүмкіндік берді. Биыл осы технологияны 50 мың гектарға енгізу жоспарланып отыр.

— Ал диқандарға ұсынылатын жаңа сұрыптар мен агротехникалық әдістер туралы не айтасыз?

— Жалпы өндірісте қолданылатын сұрыптар ішінде отандық мақта шиттерін кеңінен енгізу маңызды. Біздегі «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» әзірлеген Мақтаарал-4011, Мақтаарал-5027 сорттары шетелден әкелінетін тұқымдардан кем түспейді, тіпті кей көрсеткіштері бойынша асып түседі. Сондықтан отандық сұрыптарды қолдау және кеңінен тарату негізгі басымдықтардың бірі болып отыр.

— Жаңа су үнемдеу тенологиялары енгізіліп жатқанын айтып өттіңіз. Осыған кеңірек тоқтала кетсеңіз.

— Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін толық пайдалану қажеттігін атап өтті. Оның ішінде су үнемдеу технологияларына басымдық берілді. Өткен жылы облыс бойынша 55 мың гектар жерге осындай технологиялар енгізілсе, оның ішінде 3 мың гектарға мақта егілді. Биыл бұл көрсеткішті 111 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

— Трансшекаралық суға тәуелділікті төмендету мақсатында қандай шаралар қолға алынуда?

— Бұл бағытта Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарында су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарлануда. Аталған аудандарда 8 мың гектар жерге жаңа әдістер енгізу көзделіп отыр.

— Сіздіңше, мақта кластері жергілікті фермерлер үшін қаншалықты тиімді?

— Мақта шаруашылығын дамыту және кластерлік жүйені қолдау мақсатында 2023 жылы «Мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы» бекітілді. Бұл бағдарлама төрт негізгі бағытты қамтиды:
Егістікті әртараптандыру,
Тұқыммен қамтамасыз ету,
Жаңа технологияларды енгізу,
Мақта кластерін құру.
Бұл жүйе өңірдегі тоқыма-тігін өнеркәсібінің дамуына серпін береді. Мысалы, биржада 1 тонна мақта талшығының бағасы 2 мың АҚШ долларын құраса, ал жергілікті кластерлерде өңделіп шыққан дайын өнімнің бағасы 10-11 мың долларға дейін жетеді.

— Мақта бағасы тұрақты ма, әлде нарықтың әсері байқала ма?

— Өңірде 5 мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары жүргізілуде. Олардың жалпы өңдеу қуаты жылына 193,3 мың тоннаны құрайды. Бұл жергілікті нарықта тұрақтылық қалыптастырып, сыртқы нарыққа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

— Түркістан облысының мақтасы негізінен қай елдерге экспортталады?

— Бұрын біздің мақта талшығымыз Венгрия, Польша, Чехия, Словакия сияқты елдерге экспортталатын. Алайда әлемдік геосаяси жағдайлардың өзгеруіне байланысты қазіргі таңда Қытай, Бангладеш, Сингапур және Таяу Шығыс елдері негізгі импорттаушылар болып отыр.

— Мата өсірумен айналысатын дихандарға мемлекеттен қандай қолдау көрсетіледі?

— Өсімдік шаруашылығын қолдау мақсатында бөлінетін қаржының басым бөлігі мақта шаруашылығына бағытталған. Технологиялық картаға сәйкес, 1 гектар мақта өсіру шығыны 330,5 мың теңге болса, оның 74,1 мың теңгесі мемлекет тарапынан субсидияланады. Биыл мақта шаруашылықтарына 4 бюджеттік бағдарлама бойынша 5,1 млрд теңге бөлінді.

— Алдағы жылдары мақта кластерін дамыту үшін қандай шаралар қабылданбақ?

— Біз бірқатар кешенді шараларды ұсынып отырмыз. Біріншіден, мақта-тоқыма кластерін құрудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдау қажет. Бұл бағдарлама шеңберінде инвестициялық субсидиялау, мақта өңдеу және тоқыма фабрикаларын салу, дайын өнімді экспорттайтын кәсіпорындарға салық жеңілдіктері қарастырылуы тиіс.
Екіншіден, мақта саласын дамытуда тұқым шаруашылығына ерекше көңіл бөлу қажет. Шетелдік мақта тұқымдарын субсидиялау деңгейін 50 пайызға дейін көтеру ұсынылып отыр. Сонымен қатар, жергілікті аграрлық ғылым мекемелерін өңір әкімдігінің құзыретіне беру арқылы оларды тиімді пайдалану көзделуде.

— Әңгімеңізге рахмет! Істеріңізге береке тілейміз.

Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 18:47
Транскаспий дәлізі: Орнықты да оңтайлы
Бүгін, 18:31
Файзулла Мұстафинұлы: Мақта кластері сыртқы нарыққа тәуелділікті азайтады
Бүгін, 14:01
Қыздан туған бала жиен бе әлде немере ме?
05 наурыз, 12:03
Дәулет Дидахметұлы: Әкемнің шығармалары – уақытпен өлшенбейтін құндылық
01 наурыз, 10:08
Президент: Асыл дініміз де, ата дәстүріміз де жұртты жақсылық пен жасампаздыққа үндейді
24 ақпан, 11:57
Жалған психологтар мен коучтардан қалай арыламыз?
19 ақпан, 16:29
Ораза ұстап арақ ішсе, сауабы болмайды
19 ақпан, 14:25
Алмақтың салмағы: танымал тұлғалардың салық төлеуден басқа амалы жоқ
18 ақпан, 12:10
"Б/У" гүлдің саудасы. Шын көңілмен сыйлаған гүлді сату дұрыс па?